Ұлы ақынды ұғына алдық па?
21.08.2019
2386
2

Достық, қастық,
бар қызық — жүрек ісі,
Ар, ұяттың бір ақыл — күзетшісі.
Абай Құнанбай


(Басы өткен санда)
…Рас, тірлікте асығып, аптығудың немесе жанталасып, жарға ұрынудың еш жөні жоқ, «адамдық парызды әрқашан есте ұста», – дейді Абай. Тіпті, бағзы замандарда-ақ небір ғұламалар адам бала­сын ерекше ардақ тұтады және оның бақыты үшін жүрек­тері сыздайды. Соған орай, өнер атаулы, соның ішінде сөз патшасы – поэзия да бақытты өмірдің жаршысы болып табылады. Абай адамзат данышпандарының, оның ішінде шығыс ойшылдарының бірталайын оқыған: «Физули, Шәмси, Сәйхали,/ Науаи, Сағди, Фирдауси,/ Хожа Хафиз – бу һәммәси/ Мәдәт бер я шағири фарияд» (1/36). Тумысынан таза, жаны жарық Ибраһим Құнанбайұлы үшін де адам және оның өз бақыты жолындағы қам-қарекеті ерекше қымбат. «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,/ Еңбегің мен ақылың екі жақтап… Жүрегіңе сүңгі де, түбін көзде,/ Сонан тапқан – шын асыл, тастай көрме» (2/13).


Болат Жүнісбеков,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Ал адамзаттық білім мен мәдениеттің Аристотельден кейінгі екінші ұстазы Әбу Насыр әл-Фараби (870-950 жж.) адам бақытын «теориялық жағынан кемелдікке жету» деген тұжырым жасаған. Ол бақыт ұғымын әрбір адамның «өмірде алға қойған мақсаты» ретінде түсіндіреді және «адам осы дүниеге бақытты болу үшін келген», – деп дәріптейді. Абай қырықтан асар-аспас шағында «қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек… қайрат қайтты, ұлғайды арман», – деп толғанады. Бұл да – қартайған жанның емес, адам бақыты жолындағы майданға білек түре араласқан біртуар қайраткердің берік байламы еді.
Барша ұлы тұлғалар секілді Абай Құнанбайұлы да адам бақытын ерекше ардақ тұтып, оған жетудің, яғни азамат ретінде қалыптасудың жолын талмай іздеп, тарата көрсетеді. Егер бақыт өз өміріңе қанағаттану болса, соның бірі… тірлікте «Бір тәуір дос/ Тым-ақ керек,/ Ойы мен тілі бөлінбес» (2/55). Бұдан әрі ойшыл «Біздің қазақтың достығы, дұшпандығы, мақтаны, мықтылығы, мал іздеуі, жұрт тануы ешбір халыққа ұқсамайды», – деп өкініш білдіреді. «Дос алады, бермесең бұлт берем деп,/ Жауыңа қосылуға серт берем деп» (1/46), «Пайда үшін біреу жолдас бүгін таңда,/ Ол тұрмас бастан жыға қисайғанда. Мұнан менің қай жерім аяулы деп,/Бірге тұрып қалады кім майданда» (1/50).
Бірақ басқаша болуы мүмкін бе еді? Әттең, «Сәлем – борыш, сөз – қулық болғаннан соң,/ Қандай жан сырттан сөз боп, сыналмай жүр?» (1/51), «Досын келіп досына жамандайды,/ Шіркінде ес болсайшы сезед деген» (1/65). Демек, «Бүгінгі дос – ертең жау,/ Мен не қылдым, япырмау?!» (1/80) – деп, сан соғып қалмауың үшін «Сөзіне қарап кісіні ал,/ Кісіге қарап сөз алма. Шын сөз қайсы біле алмай,/ Әр нәрседен құр қалма» (1/62). Нағыз дос табудың пендеңе қаншалықты сын екені ұлы ақынның да «жүрегіндегі жалынды көзден жас қып ағызады»: «Сеніскен досым да жоқ, асығым да,../ Құдай берген бұл достық – кәннің бірі,../ Сол досты сая таппай іздейді жан» (1/66).
Ақын бұдан әрі өмір шындығын ашына отырып жайып салады: «Бір сөз үшін жау болып,/ Бір күн үшін дос,/ Жүз құбылған салт шықты (1/67), «Жау көп болса басыңда,/ Бірі қалмас қасыңда» (1/69) немесе «Әркімде-ақ бар ғой туысқан,/ Қайсысы жауды қуысқан? Күн жауғанда қойныңда,/ Күн ашықта мойныңда» (170). Өйткені, «Малға достың мұңы жоқ, малдан басқа,/ Аларында шара жоқ, алдамасқа… Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті – Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» (2/3), «Қызығы зор қайран дос, қайран тату,/Сендер өлдің, мен дағы өлсем керек!» (2/49), «Досты қайдан табасың,/Кеңесерге адам жоқ» (2/50), «Достық, қастық, бар қызық – жүрек ісі,/ Ар, ұяттың бір ақыл – күзетшісі» (2/59).
Жүрегі адамға деген сүйіспеншілікке бөленіп, оны өлең сөзбен жырлап өткен дана ақын өмір сүрудің – өнер екенін па­йымдатып, оның қалтарыстарына көзіңді аша түседі: «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы,/ Қиыннан қиыстырар ер данасы…» (1/72), «Сылдырап өңкей келісім/ Тас бұлақтың суындай… Қуатты ойдан бас құрап,/ Еркеленіп шығар сөз». Тыңдар құлақ болса, «Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса, денелеп білмесе, адамдықпен орны болмайды. Оны білмеген соң, ол жан адам жаны болмай, хайуан жаны болады, – деп ой салады хәкім. Олай болса, Абайдың ақындық асыл мұрасы – адамзат ілім-білімінің сан қырын терең саралай отырып, қайран қазағының өркениет көшінде өзге жұртпен терезесі тең болуына жол көрсетер Жарық сәуле.

2. Жалпыға арнап жазды, жалқыға емес

Ұлы Абайдың өлеңдері мен ғақлия сөздері қай тақырыпқа арналса да, жаңа айтқанымыздай, олардың баршасының арқауы – Адам мен оның мұң-мұқтажы, яғни Адам бақыты. Ол жақсылыққа сүйіне, жамандыққа күйіне отырып ой толғайды. Білім мен өнерді, адал еңбек пен адамға деген сүйіспеншілікті дәріптеп, қараңғылық пен надандыққа найза ұшын кезейді. Бірақ ақынның «Бір кісі емес жазғаным, жалпақ жұрт қой,/ Шамданбай-ақ, шырақтар, ұқсаң жарар» деген ескертпе сөзін құлаққа ілмейтін кейбіреу Абай «қазақты өлтіре сынайды», – деп ділмарсиды. Бұл да, амал қайсы, қазақты жұрттың бұ дүниедегі ең қоры етіп көрсетуге жанталасқан қызыл диктатура апиынымен уланғандардың сыбағасы еді.
Шындығында, Абай «қазаққа емес, қараңғылыққа қапалы» (Қ.Ә», 30 наурыз 2018 ж.) болатын. Ол, сондай-ақ, «қайран сөзім қор болды» немесе «көп пысыққа молықты», – десе, бұл жерде де ақынның нақты Тобықтының, яғни жалқының емес, жалпы жұрттың ортақ мінін көрсетіп отырғанын түйсінеміз. Хәкім, сондай-ақ айналасындағыларға арнау өлеңдерінде де аты аталған қарындастарына ғана емес, қалың қазағына және барша адам баласына тән кемшілікті сын тезіне алады. «Ей, жүрегімнің қуаты, перзентілерім! Сіздерге адам ұғылының мінездері туралы біраз сөз жазып ядкар (парсыша – ескерткіш) қалдырайын… Әуелі адамның адамдығы ақыл, ғылым деген нәрселерменен».
Абай, тіпті басқаға қарата айтқанымен, туған жұртының тағдырына алаңдаған өз уайымын да улана жайып салады. Мысалы, «Сорлы Көкбай жылайды,/ Жылайды да жырлайды… Мынау азған қу заман/ Қалыбында тұрмайды», – деген өлең туралы ақын шәкірті Көкбай: «… мен қылып қойып, (Абай) өзін айтып еді», – дейді (1/205). Сол сияқты «Ойға түстім, толғандым,/ Өз мінімді қолға алдым», – деп, «ғаділетті жүректің әділетін бұзған» замандастарымен сырласа отырып-ақ барша адам санасына сәуле түсіреді: «Базарға, қарап тұрсам, әркім барар…/ Әркімнің өз іздеген нәрсесі бар… Біреу ұқпас бұл сөзді, біреу ұғар,../ Cөзді ұғар осы күнде кісі бар ма? – деп іштей булығады ақын. «Демеймін жалпақ жұртқа бірдей жағар… Бір кісі емес жазғаным жалпақ жұрт қой…/ Сәулесі бар жігіттер бір ойланар»(1/58).
Ұлы тұлғалар адам бақытын ойлап жандары ауырса, заманынан әлдеқайда озып туған Абай да қараңғылық қапасындағы еліне сардар сөзі арқылы өсиет айтады. Хакім, әсіресе, өз тұрғыластарынан бұрын келешекпен тілдескенге көбірек бейіл. Ақынның жас ұрпаққа тағылымы өмір мен өнерді, білім мен ғылымды, еңбек пен табысты, достық пен адалдықты, жүрек билеген ақыл мен қайратты бақыт қайнарлары ретінде тануға көмектеседі. Ақын «Көкірегі сезімді, тілі орамды,/ Жаздым үлгі жастарға бермек үшін», – деп, өз келешегімен сырласады, егер түйсігің болса, бақытқа кенелуің үшін «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,/ Сонда толық боласың елден бөлек».
Зерттеушілер әл-Фарабидің «Қайы­рым­ды қала тұрғындарының көзқарасы» және басқа трактаттарында ғұламаның бақытты кемелдікке теңей отырып, сол бақытқа білім арқылы жетуге болатынын атап көрсететініне назар аударады. Олай болса, ең алдымен, адам баласының көзін ашу, надандықтың құрқұдығына жарық түсіріп, пендеңді қараңғылық құрсауынан құтқару керек еді. «Ержеткен соң түспеді уысыма,/ Қолымды мезгілінен кеш сермедім», – деп қамығады ақын: «Бұл маһрұм қалмағыма кім жазалы,/ Қолымды дөп сермесем, өстер ме едім?» (1/45-б.) Алай­да кінәлі жалғыз өзі ғана ма еді?! Өкі­нішке қарай, «замандасы болмады сөзді ұғарлық» (Шәкәрім).
Адам болған соң «өрістетіп, өрісімізді ұзартып, құмарланып жиған қазынамызды көбейтсек керек, бұл жанның тамағы еді, – деп күрсінеді одан әрі Абай. – Көкіректе сәуле жоқ, көңілде сенім жоқ. Құр көзбенен көрген біздің хайуан малдан неміз артық? Қайта, бала күнімізде жақсы екенбіз. Білсек те, білмесек те, білсек екен деген адамның баласы екенбіз» (жетінші сөзінен). Алайда «Білгеніңді кімге үйретерсің, білмегеніңді кімнен сұрарсың?.. Мұңдасып шер тарқатысар кісі болмаған соң, ғылым өзі – бір тез қартайтатұғын күйік» ( бірінші сөзден).Тағы да сол надандық етектен тартып, қол байлайды «Ағайын табылмаса, ой саларлық… Түбінде тартқызбай ма ол бір зарлық?» (54), себебі «Бір ғылымнан басқаның,/ Бәрі де кесел асқанға» (2/62).

(Жалғасы бар)

ПІКІРЛЕР2
Аноним 12.12.2019 | 18:54

Оф в этом случае, если не секрет то что я не знаю как это было бы здорово если вы хотите закачать нужный момент нет отзывов для печати

Аноним 24.07.2021 | 14:17

Бұл үш

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір