АЗИЯ ЖАЗУШЫЛАРЫНЫҢ АЛТЫН ШОҒЫРЫ
19.08.2019
1524
0

4-6 қыркүйек күндері Нұр-Сұлтан қаласында өтетін «Азия жазушыларының І форумына» Азия елдерінен және осы құрлықтың байырғы тұрғындары саналатын ұлт өкілдерінен шыққан әйгілі қаламгерлер келеді. Шараны ұйымдастырушы Жазушылар одағы жылға жуық уақыт ішінде әр елдің әдеби әлемін барлап, ең танымал тұлғаларды іріктеп, шығармаларымен танысып, ақын-жазушылардың өздерімен сұхбаттасып, форумға арнайы шақырып отыр. 100-ге жуық қаламгер елорда төріне жиналып, әлемдік әдебиеттің бүгіні мен болашағын, Азия әдебиетінің өркен жаяр түп негізін іздестірмек. «Қазақ әдебиеті» газеті осы форумға келетін бір топ қаламгерді оқырман қауымға қысқаша таныстырып, ұсынуды бастады. Зерделі оқырман ғаламтор арқылы осы есім-сойларды іздестіріп, шығармаларын зерттеп, аударар болса, қазақ мәдениетінің мәйегі майлана түсері даусыз.

 

МҰХАММЕД САЛЫҚТЫҢ ЖҰЛДЫЗЫ

Мұхаммед Салық есімі – бүгінде поэзия әлемінде шоқ жұлдыздай жарқыраған тосын есім. Бөтен сой. Бөлек тұрпат.
Мұхаммед Салық кім?
Мұхаммед Салық – 1949 жылы 20 желтоқсанда Өзбекстан Республикасы, Хорезм облысы, Үргеніш ауданында туған. Хорезмнің ақсүйек бектерінен тараған зәузәтті зерек бала 1966 жылы орта мектепті бітіреді. 1968 жылы әскер қатарына алынып, азаматтық борышын өтейді. 1970 жылы, яғни 21 жасында Ташкент Ұлттық университетіне журналистика мамандығы бойынша оқуға түседі. 1977 жылы алғашқы өлең жинағы басылып шығып, жинақ ақынға біршама танымалдылық әкелді. Оның поэзиясының басты ерекшелігі – Батыстың авангардтық, мистикалық, сюреалистік поэзиясының Шығыстық суфизммен біте қайнасуында еді. Суфизмдегі негізгі тірегі өзі ұстаз тұтқан Мәулана Руми болатын. Ол поэзия мен эсседен құралған 20 шақты кітаптың авторы. Ақын өзбек тіліне жазушы Франц Кафканың және жиырмасыншы ғасырдағы француз ақындарын аударды. Оның өлеңдері әлемнің көптеген тілдеріне тәржімаланған.
Ақынның азаматтық көзқарастары өзі өмір сүрген қоғаммен қабыса қоймады.
1984 жылы желтоқсан айында алғашқы саяси манифесін жазды. Бұл манифест – билікті ащы сынға алған пікір еді. Мұнан соң, ақын «Бірлік» партиясының жетекшісі болды. 1989 жылы «Ерік» партиясын құрды. 1990 жылы Жоғарғы Өзбекстан Советіне депутат болып сайланды. Кейін Өзбекстанның бұрынғы Президенті Ислам Каримов режимімен сыйыспай, Түркияға қоныс аударды. Оның көптеген жақтастары мен туыстары Өзбек билігінің қуғынына ұшырады. Ақын қазір Түркияда тұрады.
Мұхаммед Салық – жаңа поэзияның негізін қалаушы, бірегей өкіл. Ол жасаған образдар, бейнелер, құрылымдар бүгінде көптеген жас ақынның поэзия жолындағы темірқазығы іспеттес. Оның жұлдызы – биік, жоғары. Назарларыңызға ақынның қазақ тіліне аударылған бір топ өлеңдерін ұсынамыз.


СЕНІҢ ҮЙІҢ

Жазмыш әлі білмейді
белгісіз бір мемлекеттің,
белгісіз бір қаланың маңында
салынған кішкентай үйінің бар екенін.
Жазмыш ол қараша үйдің
әдемі бөлмесіне қойылған
айнаның да бар екенін білмейді.
Жазмыш сөзсіз хабарсыз,
өз бейнесінің
өзінен ұзақта, ол айнада
дірілдеп тұрғанын да білмейді.

БАЛАЛАР МЕН АТАЛАР

Балалар әлемді басқаша көреді
аяғын ауаға тіреп,
қолымен жүреді тіпті
әлемге басқаша қарау үшін.
Әлемді басқаша ұғады кәрілер,
ақшам уақыты, көшеде
жүріп өткендерге еш назар салмайды олар,
өздерінше пікір түйеді,
газетті теріс ұстап.
Әлемді басқаша көреді балалар.
кәрілер де өздерінше оқиды оны.

АЙ СӘУЛЕСІНДЕ

Әйелге ұқсайды анау аппақ бұлт.
Кезінде сүйілген,
сүйген әйелге,
көңілі дегеніне жетіп
тағдырына риза әйелге ұқсайды.
Дәл осы әйелге ұқсаса – бұлт,
дәл осы әйелге ұқсаса, егер,
онда, ай,
бұлттың астында жатқан ай,
лақтырып тасталған айна.
ол – әйелдің лақтырған айнасы.

ҮРЕЙ

…ол тағы жарықты жақты,
қарады,
үстелде тып-тыныш пышақ жатыр.
Жарықты қайтадан сөндіріп жатты.
«Әлі де ол үстелде ме екен?» – деп
жарықты жақты,
қарады,
әлгі пышақ әлі үстелде жатты…
Өлеңдерді Түрік тілінен аударған
жас ақын Файзулла Төлтай


ГҮН СОЙЛЫ ГУНААЖАВЫН АЮУРЗАНА

Моңғолияның танымал ақыны, жазушы, аудармашы Гунаажавын Аюурзана әлеміне үңілсеңіз, моңғол әдебиетінің тұтас дәуірі көз алдыңызға келеді. Өйткені, оның шығармашылық жолы – мағынаға толы, бай әрі жан-жақты. 1970 жылы дүниеге келген ол 1988-1994 жылдары Мәскеу қаласында М.Горький атындағы Әдебиет институтын тәмамдаған. 5 жыр жинағының, 10-ға тарта романның авторы. Шығармалары көптеген тілдерге аударылған.
Әдебиетте әлем классиктерімен қоса, В.В.Набоковты қадір тұтқан Аюурзананың әйгілі жазушыны іздеп, бір кезігу үшін Еуропаға, Швейцарияға барғаны аңызға айналып кеткен.
Әлемді шарлап, жазушылықты кәсіп еткен жазушы екі мыңыншы жыл басталғалы тек қана әдебиетпен айналысады. Жыл сайын өтімді, оқылымды кітаптарын шығарып, оларын өзге тілдерге аудартып, өзі де орыс, ағылшын тілдерінен аударма жасап, моңғол оқырмандарын әлем әдебиетімен сусындатады. Философиялық-көркем ойлау желісінде «Жаңа заман кітапханасы» топтамаларын қолға алып, «2х2=6 немесе Әйгілі алпыс ойшыл», «Қазіргі күннің ұлы ойшылдары», «Дзэн-буддизм: Тірліктен босану» қатарлы 10 томдық кітабы басылды. Оның жары Л.Өлзийтөгс те – қазіргі таңдағы моңғолдың оқырманы көп ақындарының бірі. Ілгерідегі ұлы ойшылдар мен жазба тарландарының жолын бек ұстанған ерлі-зайыптылар дала әдебиетін әлемге танытуда тынымсыз еңбек етуде. Туындылары ағылшын, швед, испан, француз, қытай, орыс, кәріс тілдерінде аударылып, жыл сайын өтетін кітап көрмелерінде үздік бағаға ие болып келеді. Біз қаламгердің бірнеше өлеңін ақын Жүкел Хамайдың тәржімасында ұсынып отырмыз.

Шығармалары:
Гунаажавын Аюурзана поэзия жанрында: «Сәби өлеңдер» (1995), «Сұрғылт сыңар жапырақ» (1995), «Уақыт тыныққан сәтте» (1998), «Ер көңіл» (2001), «Философиялық өлеңдер» (2001), «Толғау» (2013) жинақ­тарын; проза жанрында: «Қар романы» повесть, «Сиқырлы сағым», «Үш таған» желілі үш роман (2008), «Бақсы аңызы» (2010), «Шүгдэн » (2012), «Ақ, қара, қызыл» (2014, 2017), «Тамыр тынысы» (2015), «Тәңір сутра шежіресі» (2016), «Киелі адыр құпиясы» (2017)… қатарлы романдар мен «Махаббат құрастырушы» әңгімелер жинағын жарыққа шығарған. Әлем поэзиясының антологиясын аударып, қадым дәуірден бүгінге дейінгі моңғол поэзиясы мен таңдаулы әңгімелер жинағын құрастырған. Моңғолия Жазушылар одағы сыйлығының, көптеген халықаралық сыйлықтардың иегері, заманауи жазушы.

МЕНЕН ЖЫРАҚТАҒЫ АДАМДАР

Менен жырақтағы адамдар
Қасымда отыр.
Жүздеген жас үлкен адамдар
Жақын өмір сүреді.
Олар әнтек балғын
аяғын баспаған қызым сияқты!
Бірақ, құшақтауға келмейді,
Аяқтарынан тұрады.
Сондай жат, ұғынықсыз.
Соларға тесіле қарап
Төзімімді тексерем, мен
Мүйіз тос көтеріп
Қайран бір жылды
Түзге қуып шарап ішем
Күйіп тұрған денемнен
Мұзданған қан жүгіреді.
Шарапқа жасырынған Шындық –
Қолға алған әрбір тосты
Есік ұрғандай соғып көріп,
(Халайықтар, Халайықтар!)
Қайран, менің замандастарымның
Қайда да жоғын жария етеді.

ЕРТЕҢ ДЕГЕН…

Ертең деген – суық, бұлыңғыр, қайғылы,
Бұлттай жұмсақ талшықты, суық.
Тұман арасында бір ат желгенінше,
Бүгін мені сүйіп, ертең ұмыт!
Сөйтесің бе!

ІШІП КӨРГЕН, ДӘМІН ҰМЫТҚАН ШАРАП …

Ішіп көрген, дәмін ұмытқан шарап.
Өбіп көрген, дәмін ұмытқан ерін.
Оқып көрген, мәнін ұмытқан өлең –
Түйіні бір нәрсе екенін
Түсініп көргем.
Түсінген түйсігімнің дәмін ұмытқам.
Тұманды таң сияқты, бірақ бүгінгі емес,
таң сияқты,
Тұманы дәл тұман емес, тау сияқты,
Ұмытқан дүниелердің өшкіндеу әсемдігі
Су бояумен салған жаңбырдың исі сияқты,
Мына қыс біткенше менен
қалмайтын сияқты, –
Мына өмірім біткенше маған еріп.
Бабалардың аруағы, жалған елес сияқты,
Мына өмірімде кезіккен де,
кезікпеген сияқты,
Дәмін ұмытқан еріннің дәмі қандай екенін
Қайта бір есіме алайын дегенше,
түсім бітіп қалыпты.
Жаңбырдың исі көкірегімнен аңқығанымен,
жаз да бітіп,
Ойланбай оқыған өмір парағы –
Ана-ау ертеде өтіп кетіпті.


ШЕКАРАНЫ ЕЛЕСКЕ ТЕҢЕГЕН ҚАЛАМГЕР

Амар Митра – 1951 жылы Үндістанның Бенгал өңірінде дүниеге келген қаламгер. Мамандығы – химик. Ол – қазіргі Үнді әдебиетіндегі көрнекті тұлға. «Дурбапутра» («Дурбаның ұлы») романы үшін 2006 жылы Сахития академиясының арнаулы әдеби сыйлығын иелеген. Ол шығармашылыққа ерте ден қойып, 1978 жылдан қазірге дейін 30 шақты роман, балаларға арнап 4 кітап, 10 әңгімелер жинағын баспадан шығарған.

Оның шығармаларының басты мақсаты – қарапайым адамдардың өмірін, олардың арманы мен үмітін, бақытқа жету жолындағы күресін, қуанышын түсіну, түсіндіру. А.Мит­раның «Дурбапутра» атты романы 2000 жыл бұ­рынғы Ужвайн атты ежелгі қаланың тарихын сөз етеді.
«Сіздің «Дурбапутраңыз» көлемді тари­хи роман. Құрылымдық жағынан басқа ро­ман­дарыңыздан мүлдем өзгеше. Осы шығарманы жазуға не түрткі болды?» – де­ген тілші сұрағына ол: «Жоқ, «Дурбапут­ра» – тарихи роман емес. Бұл – менің қиялымда, көкірегімде пісіп-жетілген, ой қазанымда қайнаған, арнаулы сюжеті бар 2000 жылдық тарихқа ие Ужвайнның тағдырын, тарихын, мәдениетін арқау етіп жазған әдеби шығарма. Шығармада қала халқының жұтқа ұшырауы, онымен кү­ресуі айқын бейнеленген. Былай­ша айт­қанда, табиғи апат сол кездегі пат­ша­лық­та тұрақсыздық тудырады. Сол үшін бұл шығарманы жалпы апат туралы әңгіме деуге әбден болады», – деп жауап қайтарған.
Ал оның шығармашылықпен қатар саясатқа араласуын өзі туып-өскен өңірді сүйетіні, Отанына деген перзенттік парызы деп ұғуға болар. Осы туралы да Асар Митра сұхбат барысында ашық айтады. «Сіздің кейіп­керлеріңіздің көбісі басқа «Бенгалда» тұрады. Олар бөлінгеннің қиындықтарын елемей, жаңа қатынастарды дамытуға үнемі ұмтылады. Сіз балалық шағыңызда сөйлеген ана тіліңізге қайта оралғыңыз келе ме?» – де­ген тілші сұрағына: «Бұл азаптың жалғаса беруі мүмкін бе? Мен қазіргі Бангладештің Дулихар ауылында дүниеге келдім, бірақ ол жерде көп тұрмадым. Мен анамнан Капотакша өзені туралы, ол кісінің ата-анасы және оның туыстарының отбасылары туралы көп естідім… әрі сол әңгімелер арқылы бір тарихтың сырын түсінгендей болдым. Шекара – бұл менің бала кезімнен бері соңымнан қалмай қуып келе жатқан елес секілді сезіле береді. Сатхира – Дулихарға жақын әрі өмірі өзгеше мифтік қала. Менің ата-бабаларым өмірден өткеннен кейін Ду­лихарға ораларын сеземін; олардың жо­­ғал­ған елі мен уақыты – бәрі өздеріне қай­тарылады. Мен оған өз әңгімелерім мен романдарым арқылы жауап беруге құлшынамын», – дейді жазушы. Бұл шағын ойдан қаламгердің әдеби дүниетанымы үнділік мифология мен дүниетанымнан мейлінше тамыр тартқанын білу қиын емес. Оның қаламынан арман, үміт, сағыныш, елге, жерге деген риясыз таза сезімдер төгіледі деген дұрысырақ болар.


АУЫЛ ФИЛОСОФЫ АТАНҒАН ЖАЗУШЫ

Лю Лияң Чың – 1962 жылы Шыңжаңның Сауан ауданында өмірге келген қаламгер. Қазір Шыңжаң Жазушылар одағының орынбасары болып қызмет атқарады. Ол бүгінге дейін «Сары құм сәулесіндегі күн» өлеңдер жинағын, «Жалғыз адамның ауылы», «Шыңжаңда», «Жапырақ саясындағы өмір», «Сары құм жағасында», «Алыстағы ауыл», «Жалған жер», «Ауаны кесіп өту» сияқты әңгіме-эсселер жинағын баспадан шығарған.

Қаламгер көп өмірін ауылда өткізіп, тұр­мыс­тың ауыртпалығын да, бақытты күндерді де көріп өскен. Толассыз соғатын соқыр жел, маңдайдан төнген күн сәулесі, ұшы-қиырсыз аптап дала, байтақ шөлдің қойнында жапырағын жайқалтып, сая болған нән дарақтар оған шабыт сыйлаудан тынған емес. Лю Лияң Чың барлық шығармасын аядай ғана ауылда жазып, күллі оқырманға ұсынды. Себебі, ол табиғатпен етене өмір сүріп, оның әрбір құ­былысын қағаз бетіне түсіруді басты міндеті санады. Оның шоқтығы биік шығармасының бірі – «Жалғыз адамның ауы­лы» атты туындысы жарыққа шыққаннан кейін әдеби қауымның да, қарапайым оқырмандардың да ыстық ықыласына бөленіп, бірнеше әдеби журналдар мен газеттерде жарияланды. Сол әңгімесі арқылы ол «ХХ ғасырдағы шалқыма жанрында қалам тербейтін жазушы», «Ауыл философы» деген атқа ие болған.
Лю Лиян Чың – әдебиет есігін поэзиямен ашқан қаламгер. Ол әуелде ауыл, жалғыздық, шөл тақырыбындағы жырларымен оқырманын жалт қаратты.
Көп заман өткен соң,
айналам мен де бір ауылға,
Қайсарлық танытам аптап пен дауылға.
Мың жылдар үн-түнсіз сөйлеген шөлдердің,
Жаны да, тәні де, бәрі де – мен, – дермін.
Уақыт алыстап, басымнан бақ ұшқан,
Оянам әлі мен, табиғат сыйлаған дауыстан.
Аққан су, асқар шың, оралар жаңбыр да,
Ешқашан өкініш айтпаспын тағдырға.
Ажалдың түсіндей ымыртты жамылып,
Бір бейбақ қарауыл болып тұр ауылға.

Шөп басқан жолдардың бойымен жорғалап,
Қартайған шағымды күтемін, арман-ақ.
Сен қайда жоғалдың, жалғыз үй – әлі үнсіз,
Зулаған уақыт, жазылған парақтай,
Адамдай – сабырсыз, ағаштай – тамырсыз.
Өлкеден шалқыған өзіңсіз өте алмай,
Алыстап кете алмай, қасыңа жете алмай, –
Екеумізге тәуелді екі өмірдің сызығы,
Менің асқақ қиялымның құшағында тұнады.
Лю Лияң Чыңның осы тектес отты жырларынан бөлек, тілі көркем, ойы бай прозалық шығармаларына да әдебиет сыншылары мен оқырман қауым жақсы баға беріп келеді.
«Жазушы не істейді? – деп сұрайтындар көп. Жазушы ештеңе істемейді. Олар қиялдың, ойдың қызметін атқарады. Басқа адамдар дене еңбегімен әбігер болып жүргенде, жазушылар ойдың тұңғиығына батады. Тек тамаша ой ойлай алса, болғаны. Сол үшін де жазушының қолынан келетіні – армандау деген дұрыс».
Лю Лияң Чың осылай дейді. Қаламгердің осы көзқарасынан-ақ оның өмірдің өзегіне үңіліп, шығармашылықпен айналысуды құлай сүйетінін аңдаймыз.

Бетті әзірлегендер Д.ӘЛІМАҚЫН,
Б.СӘРСЕНХАН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір