СЕН ДЕ ҚҰССЫҢ, СЕН ТУҒАН ХАЛЫҚ ТА – ҚҰС…
09.08.2019
1060
2

Серік АҚСҰҢҚАР

«КЕНТАВР» КАРТИНАСЫ АЛДЫНДАҒЫ ОЙ

Құлагермен қақы бар сөйлесуге,
Мұң кешуге, сырласып, ой кешуге, –
Қазақтыкі – басы осы Кентаврдың,
Қалған жағы –
Жылқының бейнесінде.

Құпиясы Құдайдың – бәрі осында,
Құлыншағы – көзінің қарасында.
Майдан жүріп жатады кескілескен,
Махаббат пен ғазауат арасында.

Кентавр-Жұрт жылқымен қатар өсіп,
Кең далада қанатын жатады есіп!
Тәңірі одан арғымақ жаратам деп,
Адам жасап алды ма қателесіп?!.

Жылқы менен қазақта пейіл – біреу,
Ол басқадан біздерге бейімділеу;
Қазақ еді басында оның басы.
…Реставрация жасады кейін біреу.

Шырқау көкке самғатып шыбын жанды,
Қаншама, ай-хой, соңында, дүбір қалды.
Қазақ атқа қамшы сілтегенде,
Жаяу-жалпы шаң жұтып, шұбырған-ды…

Кентаврдың кеудесі қайнаған кек.
Соны айтам деп Ақан боп сайрағам кеп.
Кеудесінен жоғары – Махамбет те,
Төмен қарай, әрине, – Баймағамбет…

Қазыққа кеп, қайтейін, байланғасын,
Сезем енді көңілдін жайланбасын.
Қайда келіп, кісінеп лағып тұрмын,
Лай судан ішпейтін қайран басым?!

***

Бұ қазақтай сері жұртты көргем жоқ,
Шәйірлері қиыр-қиыр белден кеп:
«Сүйем сені!..» – дейді, сонда жымиып,
Соған-дағы отырады сенген боп…

Үндемейді, тек ішінен тынады ол.
Қазынаның үсті, тау-тас, құба жол.
Ғасырлардың көмбесінен, керексе,
Қазтуғанын суырып ап шығады ол!

Алаш кең ғой, кесапатты не түрлі,
Керек қылмай, кешіп өтіп, жетілді;
(Кесірінен кешірімі көп, сонсоң,
Қасымынан халтурщигі өтімді…)

АҚСҰҢҚАР МЕН ҺАЛИФА

Өңім бе деп, – түсім бе,
Сан қиянда сандалған, –
Зар заманның запыраны ішінде,
Ақсұңқар мен Һалифа да өтті-ау, жалғаннан?

Жер де – жатта, ел – жатта.
Көзге – қара, кие – жоқ.
Иен далада мыңды айдаған бекзатқа
Иісалмас кіл құл менен күң ие боп!

Күннің көзін көргеніңді бұлдаған,
Не дейсің бұ мекерге?
Қарғасың ба, қырансың ба, мүлде, оған
Қарау заман қарамайды екен де.

Сұрқылтайдай жау да кетті, дау кетті,
Ер-тұрманын алтынменен жалатып, –
Құла дүзде құс ұстаған әулетті,
Қайдағы бір қара құсқа талатып?!.

Еділді алып, – елді алды,
Жайықты алып – жанды алды;
Қараша түгіл – ханды алды!
Қайта содан шыбын жаның тірі қалған-ды…

Сонан шығып, ал, мен қайда шырқаппын,
Ұлысынан ұзай алмай бір елі?
Сол заманның шетін көрген ұрпақтың,
Шер мен шемен – жұдырықтай жүрегі!

Ағып біткен қалмай көздің жасы түк,
Шарапты да шаттансам деп іштім мен.
Социализм миды әбден ашытып,
Капитализм қарсы алып тұр мысқылмен!

Көкті көзбен шолған ем,
Қайдағы бір жаман ұстап жағаңды-ай?!
Түбім – құста болғанмен,
Арсы менен гүрсіге қанат қаға алмай!

Өлең жазам жаным кейде егілсе,
(Кеше гөрші ақымақ бұл баланы!)
Ақсұңқар мен Һалифаның, меніңше,
О дүниеде жай тапқан жоқ жаны әлі!

Қарап жүрмей, қан лапылдап, жан ұшып,
Соңына еріп елге жат бір елестің, –
Өлеңші мен өлерменмен жарысып,
Өлең жазған… (өзім де оңған емеспін).

Бәйтеректің мен-дағы бір бүртігі,
Бұтақ болып өсіп, бұлтқа жетпеген.
…Ақсұңқар мен Һалифаның бір күні
Шыбын жаны бір тыншыса деп келем…

«АУАДАҒЫ ЖАЗУ» ЖИНАҒЫНА РЕЦЕНЗИЯ

«Мен туғанда өлім жазасына кесілгем…» (Б.Б.)
Судан қайтпай, – шешінген.
Жүзіп өтіп Шелек, Лепсі, Есілмен; –
Бір жампоздың жазып шыққан жыры бұл,
«Туғанда өлім жазасына кесілген…»

Тәңірден тез келгенінше ол енді,
Құрық тимей, құрақ ұша жөнелді.
Кесілмесе осынша ауыр жазаға,
Жаза алмайды адам мұндай өлеңді…

***

МЕЙІРХАН АҚДӘУЛЕТКЕ

Тәңірімен түйіспей қойып жолдары,
Дарвин түгілі, Карл Маркс те оңбады.
Маймылдан адам шығарды, бірақ, ол-дағы
Исан-и-камил* болмады.

Ал, онда, бірақ қақысы қанша қазақтың?
Өзі де ғажап, өзге де оған ғажап тым.
Туасы сенгіш әулие-әмбиелерге,
Азасы ұмыт… аспаннан түсіп азат күн.

Әлі де асқақ өр үні.
Алаң болмағандай,
Бодан болмағандай өмірі.
Атырау-Арқа-Алатау-Алтай арасы,
Көзіне түссе, көңірсіп көктем-көңілі.

Алаштан небір арландай асқақ ұл туды.
«Тап солай біз де сүйеміз, – деген, – ұлтымды…» –
Ұлдары суайт, санасыз – өзі, панасыз,–
Әлемде біздей ел де бар ма екен біртүрлі?

Егемен болды, алған жоқ, бірақ, ел есе,
Ер бола ма екен елінің қамын жемесе?
Елу миллион қазақ жүру керек-ті бұ жерде,
Елу мың тұлға туу керек-ті немесе?!

…ал, біз не істеп жүрміз…

ҚАЗАҚ ИНТЕЛЛИГЕНЦИЯСЫ

Ақ, қызыл алма-кезек алмасқан шақ,
Теңіздей, – белден келген қан басқан шақ;
…Әлихан*-бекзаттықты жығып кетті,
Жанділдин**-елтайлығың*** жамбасқа сап!

Түсінде қайрап жанын – алмас қылып,
Бодандық өңінде оны алмастырып;
Төріне қазағының, әйтеуір, бұл,
Отыра алмай қойды малдас құрып?

Әлихан еккен келіп құдіретті, –
Егін-ді, жайпап сан бір дүбір өтті;
32-нің аштығы аузын жауып,
37-нің сүргіні қырып өтті!

Ащы, сонсоң, ас үйде үні, тіпті-ақ,
(Жұбайлары жүреді мұны құптап);
Елбасының алдында отырады,
Ел-жұртының атын да ұмытып қап…

Ояздардан сан мәрте мақтау алған,
«Орыс болсақ» дейтұғын шақ та болған:
Өз ұлдарын өздері ұстап беріп,
Кейін, сонсоң, өздері-ақ ақтап алған…

Құрып оның алдына талай қақпан,
Заман оны артына қарайлатқан:
Димекеңнің тілін де тапты дейді,
Ал, Колбиннің тілін бұл қалай тапқан?!

Ол-дағы алаң елінің ертеңіне,
Ерке еліне, соның ез еркегіне;
Есіл-дерті, бірақ та, «Әй, Аяз би!
Әліңді біл!»* – дейтұғын ертегіде, –
Сонысы бір түрлі…

*Ә.Бөкейхан.**Н.Жанділдин – совет шенеунігі.
***Е.Ерназаров.****»Аяз би» – халық ертегісі.

***

«…Ай да Пушкин! Ай да сукин сын!» (Пушкин).

Сен де құссың, сен туған халық та – құс,
Ай-хой, Ақсұңқарұлы, шарықтап ұш!
Көз алдыңда көгілдір, түпсіз әлем,
Көк бұлттардың үстінде қалықтап ұш!

Жер де, көк те сенімен бір түлесін,
Қаңғалақтап сен неден іркілесің?
Қағып-қағып жіберсең қанатыңды,
Қара бұлттың көз жасы сіркіресін.

Қанатыңды қиянға салып көрдің,
Найзағай мен нөсерге қарқ болдың.
Ата-бабаң аруағы ырза болғай,
Ең әуелі Алтайға барып қонғын!

Көкте жүргін түннен Күн бөлінгенде,
Алтын шапақ Шығыстан өрілгенде;
Алып ұшқан жүрегің абдырасын,
Анадайдан Ақсораң көрінгенде.

Саған болмас талтайып, жол қарауға,
Көрінгеннен жасқанып, қорғалауға.
Сорғалауға туғансың көктен төмен,
Бауырыңмен қақың жоқ жорғалауға!

Сен де құссың, сен туған халық та – құс,
Ай-хой, Ақсұңқарұлы, шарықтап ұш!
Көз алдыңда көгілдір, түпсіз әлем,
Көк бұлттардың үстінде қалықтап ұш!

ӨФЕДЕГІ* БАЛА

1975 жыл.
Өфе шаһарының вокзалы.
Ару қыздар әнге салып, боздады.
Армияға келе жатқан баланың,
Қайдағы мен жайдағысын қозғады…

«Сақинадай таңдап алған саңлағым,
Топ ішінде дара тұрар ардағым.
Еске түссең, Ғалиябану, қайтейін,
Қозады-ай кеп, запыранды зарларым*…»

Белге түскен бұрымдары өріліп,
Көздерінен бейіш нұры көрініп;
Гаремінен шыға келген сылқымдай,
Гармонынан мұңды әуендер төгіліп…

Арулар-ай, әні де әсем, жамалы!
Өзінше боп жүрген сол бір баланы,
Әлі де ойға салады.

Алшысынан түспесе де асығы,
Арнасынан асып, талай тасыды.
Ғалиябану қалды Өфеде, мұнда да
Ғалия ару болды кейін ғашығы…

Өфе мүлде алыста.
Біреулермен түскенмен тай жарысқа;
Кете де алмай Қасымдайын Оралға,
Жете де алмай Мағжандайын ғарышқа, –

Қанаты әбден талады.
Думан мен той, – мұның тағдыр-таланы:
Көкесіндей көресінін көрген жоқ,
Ақындығы… (о да, әрине, шамалы);
…Анда-санда атасының қаны ойнап,
«Ғалиябану» деген әнге салады…

*Уфа – Башқұрстан шаһары.
**Татардың халық әні.

БАЯЗИТ КІТАПХАНАСЫНДА

Он адамның жазушы ғой сегізі,
Кернеген кеудесін ой теңізі.
Құдай жазған Құран деген Кітап бар.
…Кітап сондай болу керек негізі.

Қараормандай, – қарасы, –
Қаптап тұрған кітаптарға қарашы:
Аспан менен жердей болды,
Алла мен
Адам жазған кітаптардың арасы.

Кітапта бар, ашып қалсаң, не түрлі,
Көктің нұры аймалайтын бетіңді:
Міне, Абайдың екі томы, ішіне –
Екі дүние сыйып кеткен секілді…

Қарсы алдыңнан Қасым шығып, егілсе, –
(Қара томы қалай оның, сеніңше?);
Құлағына, – телміргенде қағазға,
Оған Құдай сыбырлаған, меніңше.

«Алла-ай!» – деймін, Ақтамберді толғаса,
(Ақылыма сыймайтын жан ол да аса);
Айта алмайды мұндай сөзді Алашқа,
Жұмыр басты пенде, – Құдай болмаса!

Он адамның жазушы ғой сегізі,
Кернеген кеудесін ой теңізі.
Құдай жазған Құран деген Кітап бар.
…Кітап сондай болу керек негізі.

ПІКІРЛЕР2
Аноним 15.08.2019 | 02:54

Тест

Аноним 15.08.2019 | 02:54

тест2

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір