«Су мәселесінің ғасыры» келе жатыр!..
09.08.2019
954
0

Әлемде қазір 2 миллиардтан астам адам су тапшылығынан зардап шегіп отыр. Бұл жағдай халық санының көбеюі, жаһандық жылыну, атмосфералық жауын-шашын көлемінің өзгеруі мен мұздықтардың деградациялануы барысында жылдан-жылға күрделене түсуде. Су табиғаттың ең тапшы ресурсына айналып бара жатқанын ескерер болсақ, алдағы жүзжылдықты «Су мәселесінің ғасыры» деп еш күмәнсіз атауымызға әбден болады.

Еліміздегі шектеулі су рес­урс­­тарының аумақтарға әр ал­уан деңгейде таралуы, уақыт ағымындағы климаттық өз­ге­ріс­тер, мемлекетаралық су қа­ты­настары келісімінің ала-құла­лығы және суды реттеу мен су­ды үлестіретін техникалық құрыл­ғылардың жеткіліксіздігі, сонымен қоса су ресурстарының мөлшерден тыс ластануға ұшырауы халықты ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін жылдан-жылға шиеленістіре түсуде.
Бұл түйткілдерді ертерек ескерген Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2008 жылдың көктемінде берген тапсырмасына сәйкес География институтында «Климаттық және антропогендік өзгерістер әсері жағдайында Қазақ­стан­ның табиғи су ресурстарын бағалау және болжау» тақырыбында арнайы ғылыми-техникалық бағдарлама дайындалып, еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі бойынша ТМД аумағында кең ауқымды ғылыми зерттеулер жүргізілген.
Су шаруашылығының жетекші ғалымдары мен арнаулы мамандары халықты сумен қамтамасыз ету туралы Қазақстан тарихында тұңғыш рет тұжырымдамалық негіздеме дайындады, сонымен қатар Қазақстанның су ресурстары бағаланып, болжанып, оны басқару саласы жетілдіріліп, енді мемлекетаралық су бөлісуді жүйелеп, су шаруашылығы инф­рақұрылымын дамытуға, табиғи су нысандарын сақтау жобала­рын жүзеге асыруға қатысты ұзақ­ мерзімді бағдарламалар ұсынылған.
Ғылыми зерттеулердің нәтижелері Елбасы­ның қатысуымен өткізілген Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында талқыла­нып, мақұлданды. Әрі осы зерттеу нәтижелері су ресурстарын тұрақты түрде бақылай отырып, басқару ісін мемлекеттік бағ­дар­ламаға бағындыруға жол ашқан болатын.
Сондағы басты жетістік – жүр­гізіл­ген зерттеу жұмыстарының нәтижесі ретінде «Қазақстанның су ресурстары: бағалау, болжау және басқару» атты 30 томдық моно­графияның жарыққа шы­ғуын айтуға болады. Бұл ғылыми еңбектер топтамасы – көз алдымызда жасалған тәжірибенің жемісі. Және бұл еңбек 500-ден аса су қауіпсіздігі мәселелерінің жеке-жеке ас­пектілері бойынша жасалған зерттеу­лермен, халы­қа­ралық рейтингі жоғары басы­лым­дар­да жарияланған ғылыми мақала­лармен барынша толықтырылған.
Ел Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың 12 маусымында ұлықтау салтанатында сөйлеген сөзінде алдағы шешілетін өзекті мәселелер қата­рына қоршаған ортаның қазіргі мүшкіл халі мен халықты ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі енгізілгенін шегелеп айтты.
Алға койған осы мақсаттарды шешу барысында Қазақстанмен қатар әлемдегі трансшекаралық су мәселелерінің өзекті­лігі айғақтала түсті. Себебі, аймақтық және ғаламдық гидрологиялық циклдарды құрайтын өзен жүйелерінде шекара болмайды: әлемде 261 су алабы – трансшекаралық өзендері, олар халықтың 40 %-ы өмір сүретін жер бетінің 45 %-ын алып жатыр. Соңғы 50 жыл ішінде трансшекаралық алаптарда 500-ден аса еларалық қақтығыстар орын алып, оның кейбіреулері әскери іс-қимылдар арқылы шешілгенін тілге тиек ету артықтық жасай қоймас.

Болашақта іргелес мемле­кет­­терден келетін өзен ағын­дыла­рының азаюына, климаттық өзгерістер әсерінен жергілікті су ресурстарының кемуіне байланысты республика өңірінде ауыз сумен қамтамасыз ету жайы қиындай түсетінін де жасыруға болмайды.
Халықты сумен толықтай қам­та­масыз ету қауіпсіздігі елі­міздегі ұлт қауіпсіздігін, сон­дай-ақ экологиялық және азық-түліктік қауіпсіздікті сақ­тау факторларының бірі екені рас. Себебі, тұщы су – көпфункционалды табиғи ресурс, ол қоршаған ортаны әр алуан зардаптағы апаттарға да ұрындыруы мүм­кін. Республиканың түкпір-түкпіріндегі климаттық ер­ек­шеліктер мен өзгерістер нәти­жесінде қоғам дамуына да кері ық­палын тигізетін тұстар кездесуі ықтимал.
Су қауіпсіздігі (су шаруашылығы қауіп­сіздігі) ұғымы – қоғамдағы бас­ты мүдделерді (адамдар денсаулығы, тір­ші­лік ортасы, өндіріс) гидрологиялық қауіп-қатерден, яғни су салдарынан болатын табиғи және антропогендік құбы­лыстардан, сонымен қатар су нысандарының белгілі бір жағдайларда қоғамға тигізетін зиянынан дер кезінде қорғауға түрткі болады.
Су шаруашылығы – (ауа, нан) өмір сүрудің басты нысаны. Бұлардан келетін қатерден қаншама жылдар бұрын қор­ғану жайын ертерек ескеруді ұмытпауымыз керек.
Су қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін гидрологиялық қауіптерді сәйкестендіру, гирологиялық қатерлерден қорғау мен профилак­ти­калық іс-шараларды жүзеге асыру сияқты үштіктен тұратын міндеттерді шешу қажет.
Республикадағы тұщы су ресурстары тапшылығын жою және су ресурстарына деген жүктемені азайтудың қазіргі таңда екі жолы анықталған. Бірінші жолы – суды үнемдеу; экономикалық тұрғыдан суды ысырапсыз пайдалану нә­ти­жесін арттыру барысында өзен ағындыларының экологиялық шығындарын жеке адамдардан бастап, өндіріс, өнеркәсіптің барлық буындарында орнықтыру. Екінші жолы – балама су көздерін игеру, яғни өзен суларын түрлі әдіс-тәсілдермен тазарту іргелес мемлекеттерден су ресурс­тарын тарту арқылы қолда бар су ресурстарын ұлғайту.
Қазақстанның бүкіл табиғи-шаруашылық жүйелерін сумен қамтама­сыз ету үшін мемлекеттік, мем­леке­т­аралық көптеген страте­гия­лық іс-шараларды жүзеге асыру қажет болады. Ол үшін ұзақ уақыт ымырашылдықта тер төгу, келісім жасау мәселелері талап етіледі. Жобалау, құрылыс және жүйелі нысандардың экс­пл­уатацияға берілуі 10-15 жылға дейін уақыт алады. Яғни, стратегиялық іс-шараларды ғылыми тұрғыдан қамтамасыз ету үшін кемінде 25 жыл уақыт керек екенін ұмытпауға тиіспіз. Бұл жайларды алдын-ала ескермеу – қоғамды экономикалық залалға ұрындырып қана қоймай, ұлт болашағына, ұрпақтар өсіміне кері әсер етуі әбден мүмкін. Осы жайларды ертерек тиянақтаған Елбасы «2050 жылға қарай Қазақстанды сумен қамтамасыз ету мәселелерін біржолата шешу» мәселесін басты міндеттердің бірі ретінде алға қойды.
Қазақстан Республикасы су қауіпсіздігінің аса маңызды мәселесі – таза ауыз судың тапшылығын шешу жолында География институтының бастамасымен бірқатар ғалымдардың (авторлар ұжымы: А.Р.Медеу – ғылыми жетекші, Т.И. Есполов, С.Қ. Әлімқұлов, Ж.Д. Достай, И.М. Мальковский, И.В.Северский, Л.С. Төлеубаева, А.А. Тұрсынова) «Қазақстан Республикасы табиғи-шаруашылық жүйелерін ұлттық қауіпсіздік тұрғысында сумен тұрақты қамтамасыз ету саласындағы ғылыми жұмыстар циклы» әл-Фараби атындағы ғылым және техника ғылымдары саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына лайық деп санауға болады.

Еркiн Жаппасұлы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір