Мені сонда өлеңімнен іздегін…
09.08.2019
1219
0

Бұл мақаланың желісі ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Ұлағат», «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Қазақ тілі мен әдебиеті орыс мектептерінде» деген үш журналдың Бас редакторы Зернебек Шілдебайұлы туралы өрбімек.


Сансызбай Мәдиев,
филология ғылымдарының кандидаты,
А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі
институты директорының орынбасары

Жалпы, ақындық өнер – қолдан жасалатын дүние емес. Ол – Құдайдың сыйы. Оны тек сол дертке шалдыққандар ғана түсіне алады. Бұл дертке жастайынан Зернебек ақын да шалдыққанға ұқсайды. Ол «Шабыт» деген бір өлеңінде:
Кернеп кейде бойымды, сезім күші билейді.
Шашыраңқы ойымды ақ қағазға сүйрейді.
Түр-түсін де, мекенін, көре алмайсың жақыннан.
Шабыттың не екенін сұрау керек ақыннан, –
дейді.
Міне, бұл – ақындар ғана ұғатын, ақын­дар ғана тылсымын тыңдай алатын ұлы күш. Ақындыққа бой алдырған жандар түнімен дөңбекшіп, көз ілмейтіні де рас. Өйткені халқының қасіреті мен мұңы түсір­ген ауыр ойлар мен ертеңгі өмір жан­ға маза бермесе керек. Мұны Зернебек ақын да растайды:
Қалтыраған далада мен де шимін,
Болашақты ойласам күнде өксимін.
Жас ұрпақтың тағдыры алаңдатып,
Ұйықтай алмай түнімен дөңбекшимін.
Зернебек Шілдебайұлының өлеңдері том-том болмаса да, шағын бір-екі кітап­тың көлеміне жүк болатын дүниелер. Бірақ тақырыптары әралуан, мазмұндары да өзгеше. Кей өлеңдерінде ұйқас селкеулік­тері кездескенімен, іші қуатты, қызуы мол шығармалар. Ірілі-ұсақты ақын-жазушы­лар шамасы жеткенше еңбек етіп, әдебие­тімізге азды-кем үлесін қосып отырады. Сол секілді Зекең шығармалары да теле­гей-теңіз қазақ поэзиясына қосылған бір тамшы іспетті. Мұхит суының да дәмін бір тамшы арқылы айыруға болады емеспе? Ендеше, сол үлкен айдынға қосылған он­ың шығармаларының құнарлы тұстарына көңіл аударып өткенді жөн санадық….
Ол поэзияны жанындай сүйді. Барынша өз қолтаңбасын қалдыруға тырысты. Өлеңмен сырласып, қайғырған кезде мұңын шақты, ешкімге айта алмаған сырларын айтып, шерін тарқатты. Ақын жаны қашан да нәзік, ол өзгелер ұға алмаған тыл­сым дүниені өз пайымында басқаша таныды. Өзгелер түсінбегенді өлеңімен түсіндіруге тырысты, ар алдындағы әді­лет­ті қазы – өлең музасына жүгінді. Әділ­дік таппай қатуланған дұшпанына да қаруы – сөз екенін ұқты…
Алу үшін кегімді,
Қару жырға сүйендім.
Аттым оқ қып сөзімді,
Жауар бұлттай түнердім, –
деп қаһарланды. Енді бірде, пәк жүректегі үнді кейінгі ұрпағына сол қалпында бұз­бай жеткізетін күш – өлеңдері ғана деп біліп, соған ғана құпиясын ашты. Бапта­ған бәйге атындай теңеуден өмілдірік сал­ды, шабытынан үкі тақты, әйтеуір ер­те­лі-кеш жарысқа шығар алдындағы де­лебесі қозған шабандоздай жыр-тұлпарын айналшықтаумен болды. Міне, мұндай құбылыс Мұқағали, Жұмекен, Қасым, Төлеген сияқты қазақтың ірі ақында­ры­ның да бастарында болған. Зернебек ақын­ның:
Саған бүгін сырым көп ақтаратын,
Әркім қосқан жүйрігімен мақтанады,
немесе
Арғымақ жырым шіркін-ай, оқ бойы озып,
Бәйгеден келсе, армансыз өтер едім, –
деп, өлеңді тірі организм ретінде көруі – сөзіміздің айғағы. Ол оны жанды дүние санаумен қатар, оған өз аманаты мен жүректегі асыл мұраттарын да тапсырады.
Өмір қайта оралмас – түсінікті,
Ертеңге алаң ақынның іші күпті.
Мен де өтермін, бірақ та артқыларға,
Мұра етіп қалдырам кісілікті, –
дейді ақын.
Жыл мезгіліне байланысты Абайдан бастап қалам тартпаған ақын кем де кем. Міне, бұл тақырыпта Зернебек ақын да өзін сынап көрген жан. Оның «Көктем күйлері», «Жаз шыққанда», «Күз боларда», «Қыс түскенде» деген сияқты бірнеше өлеңдері бар.
Көктем, көктем, көктемі жас шағымның,
Жатсың ба ойнап құмында Тасшағылдың?
Өзің баста, өзгеге ұқсамайтын
Толқын жырды жалындат, басқа ағынмен, –
деп шалқыса, енді бір тұста:
Қайсар қысты сәбидей өкпелетіп,
Келді көктем төбесі көкке жетіп.
Жіберсе ғой, шіркін-ай, бар ызғарын
Өмірдің көктемі етіп, – дейді.
Ақын қыстың өзін жылы жүрегімен жылытып, қыс секілді өмірдің бар ызға­рын да көңілінің көктеміндей етіп құл­пыр­тып жібереді. Бұл жерде өлең шума­ғының соңғы жолының келте қайырылып, басқа арнаға кілт бұрылып кетуі де тегін болмаса керек. Өйткені, ол – ақын көңілі, ақын табиғаты.
Талайдың тағдыры талқыға түскен не­бір зұлмат замандарды жер бетіндегі халықтар басынан жиі өткеріп жатады. Соғыс, дүрбелең, тағы да басқа апаттарда әділет­сіздіктер қаптай жөнеледі. Әлбетте, ауыр жағдай, ауыр хал. Бірақ бәрі – өт­кінші. Ақындар шындық пен ар алдын­дағы отқа түседі, күйеді, қорланады. Өзін жегі құрт­тай іштей мүжиді. Сондай ары алдындағы жауапты өлеңдерінің бірі – 1990 жылдары республикалық «Лениншіл жас» газетінде жарияланған «Жанымды жеген дерт немесе Қайрат Рысқұлбек­ұлына» деген өлеңі. Бұл туралы Зернебек ақын шығар­ма­шылығына шолу жасаған қазақтың белгілі ақындары К.Ахметова мен Қ.Аса­нов жақсы байқап, құнды пікір айтқан болатын. Осы шолуларында сөз қадірін білетін қос ақын ақын поэзиясымен таныс екендіктерін айта келіп, былай түйіндейді: «Көз алдыңызға сөзбен салын­ған сұлу сурет келе қалып, көңіліңізді өзіне магниттей еріксіз тартып әкетеді. Тағы да салыстыра теңеу тәсілін шебер пайдалана білген ақын жүрегі Сізді ға­жайып дүние ішіне енгізіп жібереді. Одан қайта шыққыңыз келмейді. Бақыт құша­ғында тербеліп тұрғандай керемет күй кешесіз».
Зернебек ақынның кейбір өлеңдері бұрынғы жыршы, жыраулар шығармала­рындай эпосқа тән мінез-қарекетімен көз­ге түседі. Өйткені ол бала кезінен қазақтың шалқар көліндей тұнық та нәрлі ауыз әдебиетінен қанып сусындап, ержеткен. Батырлар жырын, жыраулардың өсиет-шығармаларын отырған ортада жатқа соғатын. Ақын туындыларында та­рих қалтарыстарында қалған халық мұраларын кейінгі шындықтың қара топырағына қайта отырғызып, қопсытып, қайта көктеткен дүниелер көп. Мәселен, сонау ғасыр қойнауындағы талай ақын­ның жыр арқауы болған Айша бибі мен Қарахан туралы аңызды ол қайта сөйле­теді.
Қарахан, Айша бибі, Баба әженің
Мазары жұмбақ күйін шертті маған, –
деп өткенмен сырласады, ақындық бақ­сылығын шақырады. Ұмытыла бастаған олардың үнін қалың жұртқа тағы бір жеткізеді.
Түзеп ап алдын-ала жыр көшімді,
Шабытқа мінген ақын, ал, көсілді.
Айқожа, лақап аты – Зеңгі баба,
Болыпты соның қызы Айша есімді, –
деп ежелгі ақын-жырауларша әріден толғай келе:
Ерекше жаратылған жөргекте әні,
Нұр шашқан ғажайып бір келбетті әрі,
Ақылы көркіне сай, заманында,
Ондай қыз дүниеге келмепті әлі, –
дейді ақын («Ұлылар Ұлағаты», 18-бет). Жыр бойында сардаланың жотасынан төменге төгілген жезкиік легіндей түйдек-түйдек лекілдеген өлең ырғағымен қоса ой легі де жарыса жөнеледі.
Зернебек Шілдебайұлының өзегіне өрт болып түскен дертінің бірі – өзгені зор, өз тілін қор санаған, тілін шайнаған­дардың мазағына айналған ұлт тілінің тағдыры болатын. Зекең өмірінің соңына дейін осы майданның нағыз күрескер сарбазы болып өтті. Шыққыр көзіміз көрген соң айтамыз-дағы. Талай даулы жиналыстарда отырып-отырып, соңғы жағында Зекең өре тұратын. Көтерілгенде жәй көтерілмейтін, момақан, монтиып қана отыратын Зекең ана тіліне келгенде арқаланып сөйлеп, азбан айғырша жер тарпып кететін. Кейде тіпті бет-жүзіне қарамай, ана тілінен хабарсыздың жағын айырардай айбат жасап, бұрқ-сарқ қайнап барып басылатын. Орыстілділерге:
Орыс тілін меңгеру –
Бүгінгі күн талабы.
Өз тіліңді кем көру –
Басқа тебу ананы.
Орыс тілі – құралың
Қиындықта дос табар.
Ана тілі – ұраның
Маңдайдағы қос жанар, –
деп сыпайылап жеткізетін.
«Жомартты құртқан жоқтық» демек­ші, өзінің жоқтықта өсіп, ержетіп, тұр­мыстың тауқыметіне көп шырмалға­нын әңгіме етіп отырушы еді, жарықтық… Әкесі Шілдебай – ауылдағы қарапайым колхоз қарауылшысы болса да, балаларын маңдай терімен асыраған ар мен ұяттан жаралған жан болыпты. «Мен осы бір әке салған сара жолмен өсіп, жетілдім. Жетімдіктің зарын тартпасам да, жоқ­шы­лық­тың мұңын бір кісідей бастан кешір­дім. Өйткені әке-шешем қалт-құлт етіп тіршілік еткен кедей кісілер еді», – дейді ол өзінің кітапқа жазған өмірбаянында («Кеудемдегі кептерім» Алматы, баспасы; 20 жыл). «Артыма көз салсам, әкем жа­рық­тық, бұл өмірден түк көрмей өткен екен-ау! Ондай жандар біздің ауылда қаншама?» – деп мұңайып отыратын Зекең кейде. Даусынан ауыр күрсініс байқалатын. Кедейлігіне кейде ызасы ке­ліп, жігерін жанитын. Оны лепті өлеңде­рінен де байқау қиын емес. «Кедейлік» деген өлеңінде:
Тірлікте қысымдықты көп көріппін,
Басымнан талай жайды өткеріппін.
Шалсаң да аяғымнан, жанды қинап,
Өзіңе өршелене кектеніппін.

Ұғындым сен арқылы маңайымды,
Екеуміз сияқтымыз ағайынды.
Қусаң да, ұстаймын деп қыр соңымнан,
Жігерім қақпаныңды қақ айырды, –
дейді ызалы ақын (101-бет).
Зернебек Шілдебайұлы ақындықпен біржола кәсіби тұрғыда шұғылданса, қала­мынан талай құнды дүниелердің туары даусыз еді. Оның өлеңдеріне талдау жасап, шығармаларының нәрлі де құнды екендігі жайлы әр кезеңдерде жоғарыда айтқан ақындар Күләш Ахметова мен Қайырбек Асановтан өзге белгілі қалам­гер Дүкенбай Досжанов, баспагер, журналист Ерғали Сағат, ұстаз, ғалым, профессорлар Жанғара Дәдебаев пен Бақтияр Сманов, Қайсар Қадырқұловтар жақсы лебіз-пікірлерін білдірген болатын. Зекең­­нің тапжылмай отырып, шығарма­шылық­пен айналысуына, біріншіден, қолының қысқалығы кедергі болды десек, екінші­ден үш журналдың қым-қуыт шаруасы, жыртығымды жамаймын деген бала-шаға қамы араласқан тұрмыс тауқіметі де қолбайлау болды деп ойлаймын. Оны өз өлеңдерінде де талай айтқан.
Уайым-қайғыдан жүрекке дерт алға­лы, ол бір түрлі күйге түсумен жүретін, ішіне бүгіп, сыртқа сыр бермеуге тырысатын. Бірақ оның ол сырын өлең өсекші жұртқа шашып қоятын:
Бірқалыпты соқпайды
Бұрынғыдай жүрегім.
Бәлкім, ерте тоқтайды,
Соны ойлап жүдедім.

Қанша өмірім қалды екен,
Мынау нұрлы тірлікте?
Армансыз жан бар ма екен,
Боламыз-ау бір нүкте…
(«Кеудемдегі кептерім», 102-бет).
Иә, бір нүктедей болып ақын денесі зиялылар мәңгілік қоныс тепкен Кеңсай­дың бір жотасында жатыр. Оның елім деп соққан алып жүрегі жер-Анамен бірге қосылып, дүрсілдеп соғып жатқандай елес береді, кейде. Бірақ ол – елес қой.
Дос-жарандар, күдеріңді үзбегін,
Сезгендеймін көңілдегі күз лебін.
Жадыратам жазды жайсаң жырыммен
Мені сонда өлеңімнен іздегін.
(«Кеудемдегі кептерім», 86-бет), – деп өзі жазғандай, біз тірілер оның іздерін жырларынан іздейміз.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір