АҚЫН СҮЙГЕН АҚМАҢДАЙ АРУЛАР
06.08.2019
1252
0

Бақыт МЕРЕКЕНОВА

Жастайынан өлең танып өскен Ілияс тым ерте ержетеді. Он сегіз жасында бала махаббатымен – ауылдың ең сұлу қызы Жәмішпен бас қо­сады. Алайда, өзі жазғанындай, әке-шеше­ле­рінің араздасып, жас­тар­дың жеке өміріне араласуының кесірінен алғашқы қосағымен аз уақыт қана бірге тұрып, айырылысып кетеді.

Жан дүниесі сұлулыққа құмар ақын төрт рет үй­лен­ген, өмір жолында кезіккен төрт аруға ғашық болған. Ең алғашқысы – жоғарыда айтып кеткен Жәміш.
Ілияс 1921 жылы жазда Ташкендегі оқытушылар даярлайтын курсты бітіріп келген соң, Талдықорған уезіндегі Белтоған ауылында оқытушылық қызметке кіріседі. Сол жылы ұйымдастырылған кедейлердің «Қосшы» ұйымына мүше болып кіріп, қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. «Жемір болыс» пьесасын жазған ол сахналық қойылымда болыстың басты рөлін өзі орындаған. Ал болыс әйелінің рөлінде Аман Берентайқызы ойнапты. Әке-шешесі Аманды еркелетіп Аман­ша деп атаған. Ақылына көркі сай, талантты қыз Аманшаны талантты ақын жан-тәнімен сүйген. Екеуі жеті жыл бір шаңырақ астында өмір сүреді.
1923-1925 жылдары Ілияс Алматы қаласындағы Қазақ-қырғыз ағарту институтында алғашында қазақ тілі мен әде­биетінен сабақ беріп, кейіннен инс­титуттың директоры болып, соған қоса «Тілші» газетінде қызмет жасайды.
1925 жылы 31 жасында жоғары білім алу үшін Мәскеудегі мемлекеттік журналистер институтына оқуға барады. Ал, 1927 жылы
ауылда қалған Аманша тұңғыш баласын босана алмай қайтыс болады. Қаралы хабарды Мәскеуде оқуда жүрген Ілиясқа батылы ба­рып ешкім естірте алмайды. Сөйтіп, Іл­ияс оқуын бітіріп, ауылға алып-ұшып асы­­ғып келгенде ғана қимас жарының қай­ғылы қазасын естіп, есеңгіреп қалады. Жү­регі тілім-тілім болған аяулы ақын сай-сү­йек­ті егілтер жоқтау жазады:
Жан жолдас, жатырмысың жер қойнында,
Жер үйшік, топырақ төсек өз бойында.
Аямай ақ денеңді жерге тыққан
Туғаның, туысқандық өз мойнында.

Томпайып топырағың үйіліпті,
Күреңсе күн қуартқан күйігіпті.
Күрекпен нар өркеште таптау тауып,
Күн қағып, жауын жауып, жел үріпті.

Өзіңмен айырылғанда алысып қол,
Кетіп ем «келемін», – деп, жүріп аз жол.
«Тостым», – деп, қол алысып
қалмап па едің,
Мынау не, топырағыңда тұрғаным бұл?

Келді ме, сені мұнда түйеге артып,
Жапты ма, кілем шапан тым қызартып.
«Күн аумай бейсенбіге қояйық», – деп,
Көмуге асықты ма молда тантық?

Жапырлап алысты ма, сені шешіп,
Қазды ма терең құдық, жерді тесіп.
Қабыршы қамыспенен тұрқыңды өлшеп,
Қайқайып тұрды ма екен – «міне» десіп,
Орап па ақ денеңе ақтан кебін,
Қондырмай кигізді ме етек, жеңін?
Ақын сүйген жарының қайғылы тағды­ры­на қатты қамығып, мұң-зарға толы лири­ка­лық өлеңдер арнайды. Ол өлеңдердің бірі қа­зіргі уақытқа дейін жетсе, енді бірі алма­ға­йып заманда жоғалып кеткені белгілі. Аман­ша салт-дәстүрге берік, үлкенге ізетті, кішіге қамқор, сыпайы мінезді сырбаз жан болыпты. Ауылдастары қыстыгүні Ілияс­тың Аманшаны жас баладай қолшанаға са­лып, көрпеге орап, серуендеп жүрген шақ­тарын көріп, әйеліне деген шексіз махаббатына таңғалған екен.
Қайтыс боларда Аманша: «…Ілияс, мы­на түйіншекті саған қалдырдым, сақта. Мен осы жарық дүниеде жалпылдаған май шамдай лапылдап жандым да, жалп етіп сөндім. Өмірден өшер кезімде сен жанымда болма­дың, соңғы рет сені көре алмадым… Қош, жаным. Бақұл бол, Ілиясым, қимай-қимай ке­тіп барам. Тағдырдың басқа салғаны осы болар. Күйдім, жандым. Майшамдай бір сәтте өштім…», – деп хат қалдырып, екеуінің жүзіктерін түйін­шекке орап, аманат қылып тастап ке­теді. Осы қысқа хаттан-ақ Аман­ша­ның ақыл­ды, парасатты жан екенін аңғара­мыз.
1930-32 жылдары Ілияс Жансүгіров Қазақ драма театрының әдеби редакторы болса, 1932-35 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы болып қызмет атқарады.

Үшінші рет ақын әрі сұлу, әрі әнші, ақы­лына көркі сай Фатима Төребаеваға үйленеді. Фатима сұлу ақынның жүрегін сазды әнімен жаулап алған көрінеді. Кейде жора-жолдастары бас қосқанда Фатима сопрано даусымен, Ілияс баритон даусымен қосыла ән салып, көрші-қолаң, дос-жаран­дары сүй­сіне тыңдап қалады екен.

Ілиястың әкесі Жан­­сүгір ақсақал да өлеңнен құралақан кісі бол­мапты. Өзі де ара-арасында суырып салып өлең шығарып, ұлы Ілиясқа бала кезінен бұрынғы майталман ақын-жазушылардың кітаптарын оқытып, өнерге баулып тәр­бие­ле­ген. Ілияс Жансүгіров бірнеше жыл Фатимамен жұбы жазылмай, жарасымды өмір сүреді. Саида деген қызы, Саят деген ұлы дү­ниеге келеді.
Бүгінде Ілиястың ұлы Саят – көпті көр­ген ақсақал. Саят ағамен әкесі мен анасы жайлы әңгімелесіп отырып, жанарынан айық­­пас мұң байқадым. Қария ауыр күр­сініп:
– Мен әкемнен сегіз жасымда тірідей айырылдым, – деп әңгімесін бастады. Анам Фатима Төребаева «Социалистік Қазақстан» газетінде корректор болатын. Ол кезде журналистер, корректорлар күні-түні көз ілмей жұмыс істейді. Бір күні бірін­ші беттегі «Ұлы Сталин» деген сөз «Улы Сталин» болып, қате кетіпті. Содан бастап НКВД анамның соңына шырақ алып түсті. «Сен күйе­уің Ілияс пен екінші күйеуің Ибади Тәуе­келов «Халық жаулары» болған соң, өш алу үшін әдейі қате жібердің», – деп, есін шы­ғарады. Анам Ілияс басқа Фатимаға үйле­ніп кеткен соң, Ибади Тәуекелов деген кісіге екінші рет тұрмысқа шық­қан болатын. Көп ұзамай өгей әкемді де «халық жауы» деген желеумен ұстап әкетті. Ақыры анам өкпе ауруының ашық түрімен ауруханада жатып, қайтыс болды. Ең соңғы күні ауру­ханаға келіп, шешеммен сөйлестім. Бұл ме­нің анамды соңғы рет көруім екен. Анам шарасы үлкен бота көзі жасқа толып: «Құдайым-ай, Айша қайда, Айша кел­меді ғой? – дегенде, мен: «Тәте, Айша майданда ғой», – деп жауап бердім. «Сен қа­­рындасың Саидаға бас-көз бол, қош бо­лың­дар», – деп, бақұлдасты. Сөзінің соңын айта алмай, көз жасына булығып, «сау бол» дегендей қолын бұлғап, теріс айналды. Сөйтіп, мына жарық дүниеде қайран анамыздан айырылып, панасыз қос жетімек жалғыз қалдық. Тәтеміз Айша Сиқымбаева ол кезде өз еркімен соғысқа кеткен еді. Жеңіс күндері аман-есен туған елге оралды.
Анам Фатиманы Ташкент көшесінің бойына жерлеген едік. Кеңес өкіметі тұсында анамның зираты мен өзге де зираттардың орындарын тегістеп, автобекет салып қойды. Ең бол­ма­ғанда, анамның басына барып, гүл шоғын қоя алмаймын, Кеңес өкіметінің қыңыр сая­са­тының салдарынан анамның өзі де, тіпті, моласы да жермен-жексен болды. Анамның өмірі тым аянышты өтті…

Сұлулыққа құштар ақын төртінші рет өзінің досы, оқу-ағарту саласының қай­раткері Біләл Сүлеевтің әйелі, кербез сұлу Фатима Ғабитоваға ғашық болады.

Ол кезде Біләл мен Фатиманың Фарида деген қызы мен Жәнібек деген ұлы бар еді. Ал, Ілияс Жан­сүгіровтің бұл кезде Саят, Саида есімді екі баласы болған. Соған қарамастан, Ілияс өзінің Фатимасынан айырылып, бұрыннан ғашық болып, талай өлең арнаған Фатима Ғабитоваға үйленуге бел буады. Алғашында Ілиястың ғашықтық өлеңдерін достық көңілмен жазылған деп ойлап, Фатима күйеуі Біләлмен бірге оқып жүреді де, махаббаттың отына күйіп-жанған ақынның отты өлең­дерін кейін жасырын оқитын болады.
Фатимадай бекзат әйелге қазақтың бетке ұстар азаматтары: оқу-ағарту саласының қайраткері Біләл Сүлеев, дауылпаз ақын Ілияс Жансүгіров, заманымыздың заңғар жазу­шысы Мұхтар Әуезов сынды алыптар­дың ғашық болуы, үшеуі де одан бала сүюі тегін емес шығар. Фатима сол замандағы озық ойлы, оқыған, бірнеше тілді меңгерген зиялы әйел болған.
Саят Жансүгіров тәтесі Айша Сиқымбае­ваның қолында өсіп, Мәскеудегі түсті металлургия жоғары оқу орнына оқуға түседі. Кезінде әкесі Ілияс қол ұшын берген жандар Саяттың Мәскеуде оқуына ықпал етіпті. Сол студент кезде Ілиястың үшінші әйелі, Саяттың өгей шешесі Фатима Ғабитова ұлы Азат арқылы Саятты үйіне шақырып, хат жазады. Желтоқсан көшесіндегі бау-бақшалы үйге іздеп келіп: «Тәте, мен – Саятпын», – деген студент жігітті Фатима аналық мейі­рім­мен құшағына қысып: «Сен тірі екенсің ғой, жаным!» – деп, көзіне жас алады. Кейіні­­рек өгей шешесі Фатима Фарида деген қызбен таныстырып, Саяттың үйленуіне себепші болады.
Жақында Ілиястың тұңғыш ұлы, әке­сінен аумайтын Саят ағаға жолығып:
– Саят аға, әкеңіз жайлы әңгімелеп бер­сеңіз. Бала кезіңіздегі қандай оқиғалар есі­ңіз­де қалды? – деп, өтініш қылдым.
– Ең алдымен айтарым, «Ілиястану» деген зерттеулердің тек шетін ғана біліп келеміз. Ол туралы мұрағатта жатқан дүниелер көп, – деді Саят аға. – Мен өзім Қазақстан Респу­бли­касының Орталық мұрағатын ақтарып отырып, бір қолжазба таптым. Онда Ілиясты зерттеуші замандасым: «Бұл қоймада Ілияс ағамыздың «көптеген балалары» «бізді жарыққа шығарыңдар» дегендей жылап жатыр. Жүрегіңді ауыртады», – деп жазыпты.
Расында, Ілиястың (әкемнің) өмірінде көп зерттеушілер біле бермейтін қараңғы тұстар, әлі ашылмаған жаңа парақтар бар. Шынымды айтайын, әкем төрт әйелінің қайсысын көбірек жақсы көрді, кімді жан-тәнімен сүйді, ол жағын білмеймін. Мүмкін, сұлулыққа жаны құмар ақын шетінен кербез сұлу Жәміш, Аманша, Фатима Төребаева, Фатима Ғабитова сынды төрт әйелді де кезінде күйіп-жанып сүйген болар. Менің бұл ойым­ды Азат Сүлеев (Біләл Сүлеевтің ұлы) те қоштайтын. Бірде екеуміз бір-бірімізге әзілдеп былай дегенбіз: «Егер әкеміз жақсы көрсе, біз, балалары да төрт анамызды бірдей жақсы көреміз…». Ақын әкелерін шын жақсы көрген балалардың шын сөзі еді бұл. Өйткені біз, балалары, әкеміздің таңдауын құрмет­тей­міз, сыйлаймыз. Әкем әйелдері мен балаларын ғана емес, бүкіл қазақ елін жан-тә­німен сүйген азамат еді.
1934-35 жылдары шешем Фатима Төре­бае­ва екеуміз Ілиястың шақыруымен Оңтүс­тік­тегі Түркістан, Келес, Сарыағаш жақтан Ал­ма­тыға келдік. Әкеммен кездесуім әлі күнге дейін есімде. Бізді көргенде көңілі тасып, мені «Балам, балапаным!» – деп, айналып-толғанып, қос қолымен жоғары көтерді. Менің атымды Саят деп өзі қойыпты, ондай есім ол кезде, тіпті, кездес­пей­тін. Әкем Ілияс аң аулауды, саятшылықты ұнататын. Маған Саят деп ат қоюы­ның сыры саятшылықты жақсы көргендігінен болар деп ойлаймын. Менің есімім кейін қазақ балаларына көп қойылатын болды.
Есімде қалған сол кездесуде анам мен әкем екеуі сағынысқан жандардай жылы сөйлесті, оған мен куәмін. Олар неге ажырас­ты, бұл – мен үшін әлі күнге дейін жұмбақ…
Бұдан кейін де әкеммен жиі кездесіп жүр­дік. Анам сол кездегі Қазақ мемлекеттік филармониясында әнші болып қызмет істеді. Шешемді іздеп жұмысына барғанымда белгілі әншілер: Кү­ләш Байсейітова, Жамал Омарова секілді әріптестерін көрдім. Сол кезде анам Ибади Тәуекелов деген артиске күйеуге шықты. Бі­рақ НКВД оны да ұстап, «халық жауы» ретінде «келмес сапарға» аттандырды. Қазір әке-шешемді ойлап, өмірлерінің қиын, өте аянышты жағдайда өткеніне қамығып жылаймын. Бірақ маған, менің ұрпақтарыма жарқын өмірді мирас еткендеріне рақмет айтамын.
Әкем Ілияс Алматы қаласында Төлебаев көшесінің бойында орналасқан шағын үйді сатып алып, сол үйде анам Фатима, қарын­да­сым Саида – бәріміз бірге тұрдық. Жансүгір атам анамды өте жақсы көретін. Сол кездегі жұмысшы мектебі оқу орнын бітірген анамыз өнерден де құралақан емес болатын. Жан­ға жайлы жағымды даусымен ән сал­ғанда көпшілік сүйсіне қол соғатын. Заман­дастарының айтуынша, Жансүгір атам: «Менің келінім әдепті, өнерлі адам», – деп, риза болып отырады екен. Кейін әкем анаммен ажырасқан соң, ауылына қайтып барыпты. Қанша шақырса да, басқа отбасын құрған ұлының үйіне оралмапты.
– Әкем Ілияс зор тұлғалы, балуан денелі кісі болатын, – деп жалғастырды әңгімесін Саят аға. – Отбасында кішігірім отырыстар болғанда, қонақтар келгенде әкем домбыра шертіп, қоңыр даусымен ән салатын. Сегіз қыр­лы, бір сырлы адам еді. Қазір «халық әні» деп жүрген «Елім-ай» әнінің өлеңін де, әуенін де өзі шығарған. Осы әнді нақышына келтіріп шырқағанда, жиылған жұрт сілтідей тына қалатын. Қалың жұрт әкемнің ақын­дық өнерін білгенмен, сазгерлік, әншілік, күйшілік өнерін біле бермейді. Бала күнімде әкем «Шилі өзен» әнін айтқанда, бала болсам да сүйсіне тыңдайтынмын. Өкінішке қарай, әкемнің шығарған әнін көпшілік «халық әні» деп жаңсақ айтып жүр. «Байтал түгіл – бас қайғы» заманда әкемнің тек ақындық өнермен ғана емес, сазгерлік өнермен де айна­лыс­қанына таңғалам, тегі менің әкем бар жағынан аса талантты адам болса керек.

Әкем сол кездері Қазақ Кеңестік социалис­тік республикасының Жазушылар одағы­ның төрағасы болып қызмет ететін. Күні бойы жұмыста болады, қызмет бабымен іссапарға жиі шығады. Сол уақыттары әкем досы Біләл Сүлеевтің әйелі Фатима Ғабитоваға ғашық болып қалғанын айтып, анам Фатимамен сөйлеседі. Басқа әйел болса, бар айласын қолданып, күйеуін басқа әйелге жібермеуге тырысар еді. Ал табиғатынан тура мінезді анам:
– Егер басқа әйелді ұнатып қалсаң, жо­лыңа бөгет болмаймын. Қайтейін, тағдырдың басқа салғанына көнермін, – деп, сабырлы мінез танытады.

Әкем Ілияс 1894 жылы туған, анам Фатима Төребаева 1912 жылы туыпты. Демек, анам әкемнен 18 жас кіші болған. Мүмкін, анамыз жас болғандықтан, жасы үлкен әкемнің айтқанына көне берген шығар. Сөйтіп, тағ­дырдың талқысы­мен мен әкемнен сегіз жасымда тірідей айырылдым. Сол кездегі солақай саясаттың кесірінен әкем Ілияс Жансүгіровтен, анам Фатима Төребаевадан тым ерте айырылып, жетімдіктің тауқыметін көп тарттым. Бірақ бағыма орай, жақ­сы адамдар жолығып, жоғары білімді азамат болып, халқыма қызмет етуіме мүмкін­дік туды. Орта мектептің соңғы сыныптарында оқып жүргенімде шешемнің жиені, Тұрғыт Османұлы дейтін ағайынымыз талантты күйші-композитор Нұрғиса Тілендиев басқаратын «Отырар сазы» ұлттық аспаптар оркестріне жұмысқа орналастырған болатын. Сабақтан шыға сала оркестрге барып, жұмыс істеп жүрдім. Бірде сол кездегі «Лениншіл жас» газетіне сөзжұмбақ дайындап, соңына Жансүгіров Саят Ілиясұлы деген аты-жөнім жарияланды. Мұны көріп: «Ойбай, Ілияс ағамның артынан ерген Саятым тірі екенсің ғой!» – деп, әкемнің жиені Болат Ешмұхамедұлы Тәшенов ағам (ол кісі Дінмұ­хамед Қонаевпен бірге оқыған) мені қапсыра құшақтап, шашымнан аялай сипап, бетімнен сүйген.
– Кезінде Ілияс ағам бізге қамқор болып, оқытып еді, сол жақсылығын қайтарып, мен сені Мәскеудегі Түсті металдар және алтын кені институ­тына оқуға жіберейін. Бірақ әкең туралы ештеңе айтушы болма, «халық жауының баласы» деп есіңді шығарар, – деген ақылын айтты. Сөйтіп, мен Мәскеудегі сол институтты бітіріп, елге жоғары білімді тау-кен инженері болып оралып, еңбек жолымды бастағам. Ұзақ жылдар еңбек етіп, зейнеткерлік демалысқа шықтым. Қазір мұражайдағы әкемнің өлең, поэмаларын орыс тіліне тәржімалап, балалық парызымды өтеп, еңбек етудемін.
Бұл күндері сексен жастан асқан, зор денелі, құс мұрынды, ақ шашты Саят Жансүгіров ақса­қал бізге осылайша сыр ақтарды.


Аламан

ІЛИЯС – 125

Қазақтың әйгілі ақыны, жазушы, фольклортанушы, этнографиялық танымдық материалдар мен әңгімелердің авторы, кәсіби журналист Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдық мерейтойына орай Қазақстан Жазушылар одағы, «Қазақ әдебиеті» апталығы, Ілияс атындағы қор және Алматы облысы Ақсу ауданының әкімдігі шығармашылық ортаға арналған Бәйге жариялайды.
Бәйгеге Ілияс Жансүгіровтің өмірі мен шығармашылығына қатысты тың деректер мен танымдық тұрғыда жазылған материалдар, телеарналарда жарық көрген көрсетілімдер (бағдарламалар, хабарлар, деректі фильмдер), интернет-басылымдарда жарияланған мақалалар қабылданады.
Бәйгеден үмітті шығармалар aqsu2019@gmail.com электронды поштасына 2019 жылдың 30 қыркүйегіне дейін келіп түсуі керек.
Қосымша мәліметтер алу үшін мына телефондарға хабарласа аласыздар:
8 701 555 4576
8 705 214 5050
Шығармаларды қазылар алқасы сараптайды.
Жүлде қоры – 1 000 000 (бір миллион) теңге.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір