Дағжан БЕЛДЕУБАЙ: Ескерткішті тамашалап ұзақ тұра алмадым…
06.08.2019
1115
0

– Дағжан мырза, бірден айтайын, әңгімеңізді оқып шығу қиынға соқты, өйткені бұл – өмір шындығы, «Қарғыс атқыр аштықтың көзі» (Ғ.Мүсірепов). Аштық тақырыбын қазақ қаламгерлері қазір ашық жаза бастады. Соның бәрі оқып отырсаң, жаныңды түршіктіреді, көрінде өкіргір Сталин мен Голощекинге лағнет айттырады. Сіздің шығармаңыз да бізді осылай бір ширықтырды. Сұрағым: әңгімедегі оқиға желісін қайдан алдыңыз? Естігеніңіз бе, әлде оқып, ойға тоқығаныңыз ба?
– Құдайшылығымды айтайын, электронды почтама жіберілген осы сауалдарға жауап жазбай-ақ қойсам ба деп, біраз бөгелдім. Өйткені мен – қаламгер өзін-өзі жарнамалап емес, шығармасымен танылуы тиіс деген ұстанымдағы адаммын. Ал қолыма қалам алуым, Дәурен бастаған жігіттердің ізденістері ұнайды. «Қазақ әдебиеті» газеті пікірі, салмағы бар газетке айналып келеді қайтадан. Сондай-ақ, редакция тарапынан «тағы бір суретіңізді берсеңіз», – деген тілек білдірілді. Алайда мен «менің екінші суретімнің орнына ашаршылыққа қойылған ескерткіштің суретін жарияласаңыздар», – деген өтініш жолдауды жөн көрдім.
«Атың өшкір ашаршылыққа» Алматыда қойылған ескерткішті биыл көктемде барып көрдім. Ескерткіштің ашылғанына (2017 жылы) бірнеше жыл болғанын білесіздер. Жолым түспей жүрген. Баруын барсам да, тамашалап ұзақ тұра алмадым. Қараған сайын, тамағыма өксік тығылды. Қайтып үйге келдім де осы әңгімені жазуға отырдым. Бірақ ескерткішті кімнен, неден жасырып қойғанымызды түсінбедім. Бақтың іші, әрі аласа. «Оны бір биіктеу тұғырға қоюға болмады ма? Аштық. Ол біздің ең қаралы тарихымыз. Тарихтан сабақ алу үшін ескерткішті көрнекі жерге қоймаушы ма еді?» – деген сұрақтарға жауап іздеп қиналдым.
Ал мұндай әңгімені жазуға мен баяғыдан дайын едім. Ескерткіш – кілт соны ашты. Әкеміз марқұм айтыскер ақын, әңгімешіл кісі еді. Ашаршылықты көргенін жыр қылып айтатын. Тау сарымсағын (Алтайда) ыстық күлге көміп жеп, аман қалған адамдарды білетін.
Мен, жалпы, осы тақырыпты інде­тіп зерттеген ғалымдардың еңбегіне көбірек ден қойып жүремін. Бәрін түгендемей-ақ қояйын, осы әңгімені жазардың алдында ғана белгілі ғалым Талас Омарбековтың «1929-1931 жыл­дардағы халық көтерілістері» атты кіта­бын ақтарып шыққам. Кітапта Қарақал­пақстандағы Тақтакөпір қазақ­тарынан бастап Шұбартауға дейінгі аралықтағы байларды тәркілеуге, зорлап отырықшыландыруға, ұжымдастыруға қарсы қаншама көтерілістер қамтылған. Оларға қатысқан адамдардың тізімдеріне дейін берілген. Деректерді білу – шығар­маның шынайылығын арттырады. Автор сенімді сөйлейді. Деректерді қанша­лықты пайдаланады, ол басқа мәселе.

– Ғаламат жұт, алапат аштық туралы жазушының қиналмай, күңіренбей жазуы мүмкін бе? Аштықтан азған адамдардың бір-бірін жеуге ұмтылған сәттерін қалай жаздыңыз? Жаза алмай орныңыздан тұрып кеткен немесе жанарыңызға жас үйірілген сәттер болды ма?
– Марқұм Қадыр Мырза-Әли ағамыз, Мұстафа Шоқайға арнаған поэмасын жылап отырып жаздым дегені есімде. Проза жазуға отырсам, міндетті түрде өзімді салқын ұстауға тырысам. Біз сияқты бұрын өлең жазғандардың прозасында кейде эмоция басым болады. Шығармадағы оқиғаға өзің емес, оқырманың тебіренуі керек. Оны бір сәт ұмытпауға тиіссің.

– «Ең аяғы қайнағасының алдынан кесіп өтпек түгіл, сыртынан атын атамай тергейтін келіні, қасқыр ішігін жылылығына қызығып киіп алуы – заманның шынымен өзгергендігі шығар. Осылай ойлаған Күнікей: «Кешіріңіз, қайнаға!» – деп күбірледі», – деп жазасыз. Осы жолдарға берген комментарийіңіз маған артықтау көрінді. Қасқыр ішікке оранған Күнікейден оқырман басқа бірдеңе күтетін сияқты. Сіз кейіпкеріңізді аядыңыз ба әлде әңгіменің ауаны солай болды ма: «Кешіріңіз, қайнаға!» – деп қайырыпсыз. Неге?
– «Кешіріңіз, қайнағаға» келсек, Қазақ ашыққаннан ақыл сұрамаған. Қайтсем аман қаламын деп, есі кіресілі-шығасылы жүрген адамнан бір ақылды нәрсе күту – ақымақтық болмақ. Келіннің қайнағасының киімін киюі – ашаршылық секілді алапаттың бәлен жүз жыл қалыптасқан әдет-ғұрпыңды да тас-талқан ететініне дәлел. Мен солай түсінемін. Қазақтың біртұтас ұлт деңгейіне көтерілер сәтін көп жылға тежеген – тек ашаршылық.

– «Кенет есік ашылып, домаланған бейтаныс еркек кіріп келе жатты. Күнікейдің көзіне ол майлы ет болып көрінген. Шыңғырып тұра ұмтылды. («Езуінен қан аққан, шашы қобыраған албасты ма, не?» – деп ойлаған, зәресі ұшқан тоқ адам).» Осы жолдар Ғабиттің аштықты көзбен көріп айтқан естелігіне ұқсап кетті. Мен мұныңызды қате демеймін, қайта тауып кеткенсіз деймін. Шамалауымша, «Майлы еттің» жазылуына Мүсіреповтің сол естелік-әңгімесі әсер еткен сияқты. Солай ма?
– Иә, Мүсіреповтің естелігін, жаңылмасам, сонау 90-жылдарда оқыдым. Әкемнің айтқандарымен сол естелік арқылы ашаршылық туралы түсінік, бейнелер қалыптасты ойымда. Жоғарыда айтылған мұрағаттардан түзілген ғалымдардың кітаптарында естеліктер тым аз. Бұл осы тақырыпта жазғысы келетін барша қаламгерлердің басында бар мәселе деп білемін. Мүсіреповтің естелігінің кей тұсын көркем бейнелеуде пайдалансам, ол әбестік емес. Классиктің жазғаны әңгіме емес, көзімен көргені, естелігі. Жалпы сол нәубет қазақты қазаққа айдап салу арқылы жасалғанын айтқым келді. Бізге ұлттың бірлігі бәрінен биік тұру керек қашанда.

– Алдағы уақытта аштық тақыры­бына оралып жазуыңыз мүмкін бе?
– Ілгеріде жазған әңгіме, повестерімде де ашаршылық туралы жазғандарым бар. Біреуін айтайын. Осы «Қазақ әдебиеті» газетіне қамқор болып жүретін мен білетін азаматтың бірі – қазіргі Алматы облысы Кербұлақ ауданының әкімі Махаббат Бигелдиев. Оның әкесі белгілі журналист Сәдуақас Бигелдиевпен біраз жыл аудандық газетте қызметтес болдым. Сәдуақастың әкесі Бигелді республикаға танымал ұста болыпты. Сол кісі туралы әңгімемде баласын «Бұрған» ауылына жеткізіп, өзі өліп кететін әйел туралы айтылады. Ашаршылық қазақтың ең үлкен қасіреті. Оны жазу жыл өткен сайын өзінен-өзі үдей түсуі мүмкін.

М.РАЙЫМБЕК

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір