1916 ЖЫЛҒЫ ҚАРҚАРА КӨТЕРІЛІСІ ЖӘНЕ «ҚИЛЫ ЗАМАН»
06.08.2019
1667
0

Тұрдақын ЖЕКСЕНБАЙ,
жазушы, публицист, Халықаралық
«Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

Басы өткен санда

ПОВЕСІ

* * *

Түркістан өлкесінде көтерілісті аяусыз қанға бояп басып, осы стратегиялық жоспарды жүзеге асыру ісі 1916 жылдың шілде айынан Түркістан өлкесінің генерал-губернаторы әрі Түркістан әскери округінің қолбасшысы болып тағайындалған, «Қилы заманда» «кәрі жандарал» аталған 68 жастағы А.Н.Куропаткинге жүктелді. Ал бұл қанды жоспарды Жетісу облысында жүзеге асыру Жетісу казак-орыс әскерінің атаманы, Жетісу облысының генерал-губернаторы И.А.Фольбаумға тапсырылды.
Орталықтың басшылығымен өлке, облыс, уездердегі патша билігі стратегиялық жоспарды жүзеге асыруға жандарын сала жан-жақты дайындалды. Тамыздың 14-інде Жетісу облысында, 24-інде бүкіл Түркістан өлкесінде төтенше әскери жағдай жарияланды. Тамыздың 17-сі күні Ресей Ішкі істер министрлігі өлке басшыларына көтеріліске қатысқандарды қатаң жазалау шараларын алдын ала ұйымдастыру туралы: «Ерекше құқылы әскери сот ұйымдастырылсын… Жауап­ты адамдар дереу сотқа берілсін… Ерекше сот тек қана саптағы офицерлерден жасақталатын болсын», – деген нұсқау жіберді.
Бұл нұсқауды Жетісу облысының губернаторы Фольбаум дереу іліп әкетіп, тамыздың 20-сы күні қарауындағы әскер басшыларына барлық уездерде, жазалаушы отрядтарда дала сотын құру туралы, олардың шешімі бойынша, үкімді дереу орындау турасында тапсырма берді. Ол дала сотының шешімі қайта қаралмауы, ол туралы арыз-шағым қабылданбауы керек. Қысқасы, олардың ақ дегені – алғыс, қара дегені қарғыс болатын болды.
Түркістан өлкелік әскери штаб бастығы генерал Ерофеев барлық облыс губернаторларына жеделхат жолдап: «…Үкіметтің жарлығына қарсы шыққан бұратана халықтардың санасына үрей тудыру үшін «әскери серуендер» жасалсын!» – деді.
Ал Жетісу облысының губернаторы Фольбаум ол «әскери серуеннің» қызметін нақтылап: «бүлікшілікті жылдам басып, тәубесіне келтіру тек бір ғана жолмен іске асады. Ол үшін тәжірибе ретінде ең бүлікшіл болыстың тас-талқанын шығарып, бірнеше жүз адамын қырып салу арқылы өзгелерге үлгі сабақ беру керек», – деді.
Міне, осындай-осындай дайындық­тармен қатар өлке орталығы Ташкентте, облыс орталығы Алматыда, уезд орталығы Жаркентте және Әулиеата, Самарқан, тағы басқа жерлерде көп пулемет, көк зеңбірекпен қаруланған «жазалаушы» сары әскер жасақталып жатты. Батыс майданға жіберуге дайындаған әскерден де көтеріліске қарсы едәуір күш бөлінді. Тіпті Қытайдың Құлжа қаласында тұрған жүздіктердің де біреуі шақырылды. Осылардың бәрін 2010 жылы шыққан «Қазақстан тарихының» мәліметі бойынша, жинақтап айтсақ: «Көтерілісті басып-жаншу үшін патша үкімет орындары Жетісуға 8750 найзалы мылтығы бар 95 рота, 3900 қылышы бар 24 жүздік, 16 зеңбірек, 47 пулемет жіберді» (3-том, 648-бет). Бұған және Жетісудың өзінде мобилизацияланған 14190 казак-орыс пен мұжықтарды қосыңыз. Кей деректерде «Жетісудағы ұлт-азаттық көтерілісті басуға адам саны 30 мыңдай қарулы күш жұмылдырылды», – деп те айтылады.
Өлкенің генерал-губернаторы әрі әскери қолбасшысы Куропаткин осы қарулы күшке: «Бұзақыларға қарсы шешуші және ешқандай жас, жыныс ерекшелігіне қарамай, аяусыз жазалау жүргізілсін!» – деген қанды бұйрық берді. Мұнысы көтеріліске шыққан бұратаналарды еңбектеген баласынан еңкейген кәрісіне дейін ештеңесін қалдырмай қырып-жой деген геноцидтік бұйрық еді.
Сонымен, 1916 жылғы қыркүйек айының басына дейін Жетісу көтерілісіне қарсы шаралар әбден дайындалып, Жетісудағы ұлт-азаттық көтеріліске қарсы соғыс майданы құрылды. Әр бағытта, әр өңірде әрекет жасайтын «жазалаушы» күштер жасақталып жіберілді. Облыс қоршауға алынды. Сөйтіп, аяусыз «жазалау» шараларын кең көлемде жүргізетін, Куропаткиннің қанды бұйрығын асыра орындайтын уақыт та келіп жетті.
Кең көлемде болмаса да, Қарқара көтерілісін «жазалау» ісі бұдан едәуір бұрын басталған болатын. Яғни Қарқараға алғашқы жіберілген «жазалаушы» күш «дәрменсіз» деген Подпороковтың (Ақжелке) орнына Пржевальскіден (Қарақол) арнайы жіберілген Кравченконың отряды болды. Оның 14(15) тамызда жәрмеңкені тастап, Қарақолға қашып кеткенге дейінгі «жазалау» іс-әрекеті Мұхаңның «Қилы заман» повесінде егжей-тегжейлі бейнеленген.
Одан кейінгі және бір «жазалаушы» күш Алматыдан жасақталып шығып, Асыдан ауа көшкен Қызылбөрік болысының ізіне түскен Волков пен Чадовтың отрядтары болды. Олар Жалаңашқа келген соң, біріктіріліп, «Жалаңаш отряды» деген атпен Волковқа бағындырылды. Ол 23 тамыз күні Қызылбөрік ауылдары отыр деген Кеңсу-Меркеге шабуыл жасады. Бұл кезде ол ауылдар киіз үй, мал-мүліктерін тастап, Қытай шекарасына қарай кетіп қалған еді. Волковтың отряды 600-дей иесіз қалған киіз үйді өртеп, мал-мүлікті тонап, қарақшылық жасаудан басқа түк бітіре алған жоқ. Қарқара Жәрмеңкесінен Кравченконы қуып, Қарақолды қоршап алған көтерілісшілердің айбынынан қорқып, олар еркін өрістеп, «серуен» де жасай алмады. Қоршауда қалған Қарақолға көмекке баруға бұйрық алып, солай бара жатқан жолында Талдыбұлақтағы 500-дей қазақ жасағына тап болып, бірталай шығынға ұшырап, әупірімдеп Қарақолға жетті.
Сонымен, Қарқара-Албан көтерілісіне қарсы кең көлемдегі қатыгез «жазалау» шаралары ерекше жасақталған қарулы күштер әр жақтан түгел келіп жеткеннен кейін басталды.
Өлке губернаторы Куропаткин страте­гиялық маңызы зор уезд орталығы Пржевальск пен Қытайға тиіп тұрған Қарқара өңіріне ерекше мән берген екен. Осы бағытқа жіберу үшін Самарқан-Ташкент жақта полковник Гейцигтің ерекше күшті отрядын жасақтады. Пржевальскінің түрмесі мен айналасы талқандалып, өзі қоршауда қалғанда, оны қайткенде де қолдан шығармауға жанталасып, Қарқара Жәрмеңкесінен қашқан Кравченконың да, Алматыдан шығып, Кеңсу-Меркеде тонаушылықпен, қарақшылықпен айналысқан Волков, Чадовтың отрядтарын да, Ташқарасудан Кравченкоға көмекке аттанған Ургенниковтың жүздігін де Пржевальскіге көмекке жұмылдырды. Бірақ бұлар көтерілісшілердің бетін қайтара алмады.
Қыркүйектің 6-сы күні Пржевальскіге құрамында бірнеше пулемет тобы, зеңбірек дивизионы бар Гейцигтің дружинасы келіп жетті. Ол қаланы қоршаудан босатып, ішке де енді. Міне, осы кезден бастап, саны болғанымен жөнді қаруы, әскери дайындығы, басқаратын орталығы жоқ көтерілісшілер шегінуге мәжбүр болды. Ол өңірдегі қазақ, қырғыз, дүнгендер Қытайға қарай үрікті, қалғандары тау-тауды паналап кетті.
Гейциг Пржевальскіге бұрын көмекке келген әскерлерден 1500 адамы бар ерекше құрама отряд құрды, оны Кравченкоға бағындырып, қыркүйектің 9-ы күні Қарқара-Нарынқол-Шәлкөде бағытына аттандырды. Оған осы өңірлердегі қазақтарды аяусыз «жазалау» шарасы тапсырылды. Сөйтіп, Кравченкоға Қарқара жәрмеңкесінде кеткен кегін қайтарудың орайы келді.
Гейцигтің негізгі күші Кравченко аттанып кеткеннен кейін Пржевальск жақта бір аптадай «жазалау» шараларымен айналысып, одан кейін өзі де Кравченконың соңынан Қарқара-Нарынқол бағытына жорыққа шықты. Ол өңірдегі казак-орыстар мен мұжықтардың кенттерін босатып, оларға қару-жарақ, оқ-дәрі үлестірді.
Кетпен тауының солтүстікке қараған екінші жағында Іледен өтіп келіп, Қалжат бағытына жорыққа аттанған полковник Ветлициннің полкі бар еді. Енді сол Подгорное-Қалжат бағытына Алматыда жасақталған Бычковтың отряды жіберілді. 1500 адамы бар бұл отряд қыркүйектің орта шенінде Сарытоғай, Қоңырбөрік, Бөдеті, тағы басқа болыстарға қарайтын қазақтарға қарсы «жазалауға» шықты. Бұл өңірде Жаркенттен жіберілген басқа да «жазалаушы» отрядтар әрекет етті.
Осылайша қыркүйектің ортасынан былай қарай жөнді қаруы, әскери дайындығы жоқ бытыраңқы көтерілісшілер шегінуге мәжбүр болды да, көп пулемет көтеріп, көк зеңбірек сүйреткен патша әскері басымдыққа ие болды. Көтерілісшілер шағын топтарға бөлініп, тау-тасты қалқан етіп, шегіне жүріп ұрысу тәсіліне көшті. Үріккен елді қорғап, шекарадан өткізді. Ал «жазалаушы» әскерлер болса, көбінесе қарапайым бейбіт халыққа, тау ішін паналаған бала-шағаға шабуыл жасап, соларды Куропаткин айтқандай, «ешқандай жас, жыныс ерекшелігіне қарамай аяусыз жазалап» қырып-жойды, мал-мүлкін тонап қарақшылықпен айналысты. Олары тіпті саналы орыс генералдары мен офицерлерінің де намысын келтіріп, наразылығын тудырды.
Ерекше жасақталған осыншама қару­лы күштің сол уақыттағы осы өңірге жасаған жорықтары мен соғыстары туралы мұрағат мәліметтері тым аз екен. Оның басты бір себебі, бұл жерлердегі жоғарымен жалғастыратын почта-телеграф станцияларының көтеріліс кезінде істен шығып қалғаны болу керек.
Осы арада дерек ретінде бұрынғы Кеген ауданы, Жаңа Тоған колхозының мүшесі Жазылбек Серібайұлының 1936 жылы жазған «1916 жылғы көтеріліс туралы» деген естелігінен үзінді келтіре кетейік: «…Тау Шелектен бері қарай Албан руы Қытай шегіне қарай үрікті. Нарынқол, Сүмбе шектеріне барғанда шек баққан Қытай әскері үріккен елді Қытайға өткізбей тоқтатты… Нарынқол шегінде Албанның үстіне Қарақол уезінен қырғыздың Бұғы руы үркіп келіп қосылды… Үріккен ел екі ай шамасында Нарынқол, Сүмбе шектерінде қамалып отырды… Бір күні «үш-төрт жүз әскерімен, бірнеше әскер бастығымен Кравченко келіпті», – деген сөз шықты… Қақпақтың ауызы мен Текес суының жағасында аздап атыс болды… Күн кеш кіріп, түн болған соң, Кравченко әскері Қақпаққа келіп қонды… Таң атқан соң, Кравченко Қақпақтан шығып, зеңбіректі гүрілдетіп Нарынқолға келді… Қырғыздан көп адам шығын болды… Зеңбіректің жалындаған оғын көрген соң, Қытайдың шек әскерлерін тыңдамай, құмырсқаша басып, Албан, Бұғы Қытай шегінен өте шықты…».
Бұл естелікті Қытай деректері де растайды. 1916 жылдың 22 қазаны күні Текес өзені бойындағы Қытай заставасының бастығы Го Ибао Іле қорғаныс комиссары Яң Фишаға мына жағдайды мәлімдепті: «19 қазан күні таң азанда Ресейдің 500-ден астам әскері Ресей қазақтарына зеңбіректен оқ жаудырды, көп ер-әйел, үлкен-кіші, ұл-қыздар қырылды… Ресей қазақтары еліміздің ішкі жағына тым-тырақай жанталаса қашты. Біздің әскерлер оқ атып тоқтатпақ болып еді, олар өлген-тірілгеніне қарамай, шекараның ішкі жағына өтіп кетті…»
Міне, осылайша Қарқара көтерілісін басуға аттандырған қарулы күштер бейбіт халықты қырып, қалың елді Қытайға өтіп кетуге мәжбүр етті. Олар қазан-қараша айларындағы жоғарыға жіберген баяндамаларында Қарақол, Қарқара өңірлерінде қарсылық көрсететін жау қалмай, «жазалаушы» отрядтар «әскери серуен» жасады дегенді айтыпты.
Қысқа қарай алыстан келген Гейцигтің дружинасы сияқтылар кейін қайтты. Облыс­тық үкімет өз қарауындағы казак-орыстар мен солдаттардан жер-жерде тұрақты «жазалаушы» отрядтар құрды. Олар Қытайға өтпей немесе өте алмай қалған бейбіт халықты қырып, мал-мүлкін тонап қарақшылықпен айналысты. Сәйдәлім Тәнекеев ағамыздың жоғарыда аталған кітабында көрсетілген қазіргі Ұйғыр ауданының Жондан жайлауындағы 43 адам­ның, Райымбек ауданының Ақтас деген жеріндегі 50 шақты адамның бейіті, Тұзкөлдің маңында өлтіріп, көмбей тастап кеткен 26 адам және басқалар – солардың сайрап жатқан қанды іздері.
Осыған тағы бір мысал келтіре кетелік. «Егемен Қазақстан» газетінің 2010 жылғы 8 қазандағы санында заңгер, тарихшы Сайлау Ағыбаевтың 1916 жылғы ұлт-азаттық көтіріліске қатысты бір мақаласы жарияланды. Сонда Коробин дегеннің мынадай сөзі беріліпті: «…Өткен айдың аяғында Шәлкөде постысында Иван Пшеничныйдың бұйрығымен Ылайлы қыстауына бардық. Онда 42 ер адам, 62 әйел, 56 бала болды. Оларда 45 жылқы, 43 сиыр, 50 шақты қой бар екен. 29 желтоқсан күні еркектерді Охотничийға (Нарынқол) айдадық. …Қараңғы түсе Савенков, Черкашин үшеуіміз олардың бәрін қырып тастадық. Қазақтарға 200 оқ жұмсадық. Тірі қалғандарды қылышпен шаптық».
Бұл – 1916 жылдың 29 желтоқсанында болған оқиға. Мұндай қолына түскен қазақты қырып кету 1917 жылғы царизмді құлатқан Ақ­пан төңкерісіне дейін жалғасты. Ол төңкеріс болмағанда одан да әрі жалғаса беруі мүмкін еді.
1916 жылдың 10-11 шілдесінде Қабанқа­рағай мен Айтөбеде (Ереуілтөбеде) болған тарихи жиындарда туған жерде тұруға мүмкіндік болмаған жағдайда Қытайға ауып кету мәселесі де меңзелген болатын. Ерекше жасақталған қарулы күштер жаппай «жазалауға» шығып, көтерілісшілер шегініп, халық басына сондай қауіп төнгенде, олар іргелес жатқан Қытай жерінен пана іздеуге мәжбүр болды.
Жетісудан үріккен халықтың басым көпшілігі Іле аймағына, бір бөлігі (негізінен қырғыз, дүнгендер) Тянь-Шаньннің Бедел асуын асып, Ақсу, Қашқар, Үштұрпан өңірлеріне барды. Ол кезде Іле аймағының орталығы Құлжа қаласы мен Оңтүстік Шинжаңдағы Қашқар қаласында Ресей елшілігі болыпты. Солардың мәліметі бойынша, Іле аймағына өткендер саны 300 мыңнан, Қашқар, Ақсу, Үштұрпан өңіріне барғандар саны 120 мыңнан асыпты. Сөйтіп, Жетісу облысының 420 мыңдай тұрғылықты халқы Қытайға ауып кетуге мәжбүр болыпты.

(Жалғасы бар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір