Сыңар мүйіз сиыр және «Өгей шеше» хикаясы
24.10.2015
2641
0
68330_1339334542_minbay_aga_20114Мыңбай РӘШ
Қарағайды біз тұмсығымен тоқылдатып ұя жасаған тоқылдақтай редакция еденін тоқылдата келген Мыңбай ағамыз екен.
– Қолыңызға сабау ұстағансыз ба. Кімді тықпыртайын деп тұрсыз? – деп әзіл айтып ек.
– Ә… ә… бұл үшінші аяғым – таяғым ғой. Алдымнан тұмандана көрінген тоқсанның тауы ғой қолға таяқ ұстатқан, хе-хе, – деп миығынан күлді.
– Анау бүйірі теңкиген қоржыныңызда біздің «қалжыңқалтаға» деген сарқытыңыз бар шығар?
– Бар болғанда қандай, – деп Мәкең
«Сыңар мүйіз сиырын мөңіретіп, «өгей шешесін» өкіреңдетіп «өкірткен» туындысын суырып алды…
Бүк түсіп жата бермей басыңды көтер, ойың­дағыңды опырып, жазбағыңды жапырып үлгергенге не жетсін деп «шимайымның» шабыты түрткілегендей болды. Саусақтарым­ды күстеген сайқымазақ қаламсабыма жармаса кеттім. Кәлләмді кеулеп, тастаяқтай қағысқан тақырыптар «Менмұндалап» шыға келісті. Қайсысын қайқайтсам екен деп ойым онға бөлінді. «Әу, жазғышым, том-том кітап туындатқанда тебіндей шыққан мүйізің қай­сы? Шимайламаған шығармаң, қақтықпа­ған қараң қалды ма? «Ашаршылықта татқан құйқаның дәмі ауыздан кетпес» дегендей, ме­ні мүлдем есіңнен шығарғансың ба? – деп көз алдымда сыңар мүйіз сиыр мөңіреп тұра қалғандай болды. О, жарықтық-ай, жан тәсі­лім еткеніне жетпіс жылдан асса да, иелерін есі­не сақтағанын қарашы!
Жалма-жан жазуға кірістім. «Сынық» деп бастаған сөзімді сызып тастадым да, «сыңар мүйіз сиыр» деп тақырыбын тарс еткіздім. Сиыр екеш сиыр да «саналы» келетініне сонау сұрапыл соғыс жылдарында қаныққанмын. Төрт аяқты көкала сиыр көз алдымда мөңіреп тұра қалысымен-ақ, «Жүгірмек, мені де ұмыт­па» деп, өгей шешем шыға келсін. Ал керек болса! Тақырыпты тебіндетіп «сыңар мүйіз сиыр және өгей шеше» деп өкірттім.
…Өгей шеше! Яғни іштен тумаған, өзгеден туған деген мағынада болса керек. Туған шешемнен алты жасымда айрылған сорлы басым титтейімнен «өгей шешеге» кезіктім.
«Жетім» тіркесіне және келіп қосылған сөз – «өгей». Қабырғам қатаймай жатып екі иығым­нан жаныштаған жексұрын сөздерге тап болам деп ойламаған едім. Амал қайсы? Болары солай болды.
Әкем марқұм соғысқа аттанып бара жатып:
– Міңкен, мынау сенің ендігі шешең… тату тұруға тырыс… деген-ді.
– Құп болады, әке, – дегем…
Қарсы алдымда бойы сырықтай ұзын, түйеқұстың сирағындай арық қара сирақтары садақтай қисық иілген, бет-әлпеті сұп-сұр, әлденеден шошынғандай кішірек мойыл көз­дері ойнақши шатынап тұрған жас келіншек тұрды.
«Мына шіркіннің қай жеріне қызыққан әкем» деп, іштей күйзеліп мен тұрмын.
«Сұлу, сұлу емес, сүйген сұлу» сөзі сопаң етіп ойыма түсті де, мейлі солай шығар деп топ­шыладым.
…Құдай аманат әкемнің «қосағы» қарап­тан-қарап мені жек көретін.
– Кәні, тезек теріп әкел!
– Суға бар…
– Бұзауды емізіп қойсаң таяқ жейсің!
Бір күні қасқа бұзау қапылыста қазықтан босап кетіп енесін тауып алыпты.
Сондағы ашуланғанын көрсең:
– Өй, қарғыс атқыр, қара басты ма, қара сорпаңды ішсем ғой сенің… (Осы кезге дейін естімеген сөзім) мә, сүт қатқан шәй саған деп, қос саусағының арасынан қайыстай қатқан қара бармағын көрсетіп, оқ жыландай ысылдап кетті.
Кейінірек кекесіндеп:
– Әй, жүгірмек дейтінді шығарды.
– Диірмен тартпапсың ғой, шошқа тағала­дың ба! – деп шаңқылдады.
– Сабаққа әзірленген едім…
– Сабақ қайда қашар дейсің, су мұрын!.. деп жандыра тартқанда жағым дуылдап кетті.
– Өй, өгей неме, өкіреңдеме! – деп кең­кіл­дей жылап, өксігімді тыя алмадым.
– Шешеңді жер жастырған мен дейсің бе, не оттап тұрсың? Өгейшілін мұның, табанда тарт тіліңді? – деп тағы да тап берді.
– Тартсаң өзің тарт! – деп кішкентай жұды­рығыммен мен де ұмтылдым.
Мінез «майданы» осылай жалғасып, барған сайын өрши түсті.
Көп ұзамай балалар үйіне араласып, бағым ашылды.

***

…Арада отыз жылдан астам уақыт зымырап өте шықты. Алматыдамын. Жоғары білімдімін. Баспана қиындығын бастан ке­ші­ріп жүргем.
«Ара» журналында бірге істейтін әріптесім, сатирик Шона Смаханұлы маған жаны ашып:
– Әй, көп сандалмай бізбен бірге тұратын бол. Калинин көшесінің бойынан бір үй алдық. Бір бөлмесін босатып қойдық, – деді.
Сондағы қуанғанымда шек жоқ еді. Мар­құм Шона ағамыздың жұбайы Өмирә жеңгей құрсақ көтермеген. Құрал, Тұран аталатын екі бірдей баланы бауырларына басып алыпты. Екеуін шыттай киіндіріп, тамақтандырып, мектептеріне шығарып салу күндегі әдет­тері.
Өмирә жеңгей қолы ашық, өте балажанды еді. Шөкең де солай. Екеуі де әлгі асырап алған балаларының атына «жан сөзін» жалғап айтатын. Тұранжан! Құралжан!.. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген сол болар… Екі бала ер­жетті. – Құралды кім білсін, Тұранжан құла­ғы қалқиып менің аузымнан түс­кен­дей дейтін Шөкең. Құралы оқыс бақиға озғанда әке-шешелері, Шөкең мен Өмирәнің көз жастарын көлдет­кені сай-сүйегімді сырқыратқан-ды. Тұ­ра­ны жауапты әскери қызметте бол­­ған. Қазір Астанада деп ести­міз.
…Менің «жүгірмек» сөзі аузынан түс­пейтін өгей шешем мен «жан» сө­зін жүрегімен айтатын Өмирә жең­гей­­дің арасы жер мен көктей екенін күні бүгінге дейін ой-түйсігіммен сезінемін…

***

Сол жақ мүйіз түбінен кесіл­ген сыңар сиырға қайтып ора­л­айық­шы. Емшегі төңкерілген тайқазан­дай қомақты, қабыр­ға­сы тыртиған көкала сиыр күні бү­гінге дейін елестей береді. Сұрапыл соғыс кезінде қатарынан үш жыл бойы бір үйлі жанымызды (мен, інім, өгей шешем және оның шешесі) асыраған еді-ау, жарық­тық.
Ауыл сиырларымен бірге өрістен оралады. Үй қорасын жаңылмай табады. Неге десеңіз, «баласы» – бұзауы бар.
– Мө… Мө… Мө-леп баритон даусына са­лып айналаны басына көтергендей ұлтарақтай тілін жалақтатып өзінен аумай қалған көкала бұзауын иіскеп, көзі мөлтілдеп иігенде бір сауғанда орта шелек сүт береді. Оны өгей ше­шем саумайды. Оның туған шешесі Дина әжей сауады.
Дина әжей облыс орталығынан кіші қызы, менің өгей шешем тұрмысқа шыққаннан бері әкем майданға кеткеннен кейін дүниеге келген бөбекті бағып-қағып, үйдің түтінін түтетіп отырған иманжүзді адам еді, жарықтық. Өгей шешеммен «шекісіп» қалғанда:
– Тек-әй, кәні, доғарыңдар! – деп зекіп, маған аянышпен іштартып отыратын.
Қырық екінші жылдың ақпан айы аяқтала бергенде сиырымыздың азығы да ада болды. Қылтанақ көрінбейді. Оның да жас бұзауы бар. Емізу керек. Мал сүті – жемінен дегендей. Азықтанбаса тамшы тамбайтыны бел­гілі.
…Таң алдында таңқы танауын делбитіп бір шақырымдай жердегі айналасы шарбақпен қоршалған «Заготскот» қорасына түсіп, тө­бе­дей теңкиген маяларға бүйідей тиіп бүйірін томпайтып қайтуды әдетке айналдырып алған-тұғын. Жалғыз көкала сиыр емес, өзге көр­шілердің ашқұрсақтары да солай етуге мәжбүр болған алапат кез.
Бір күні күзетші ұры сиырлардың сора­қы­лы­ғына төзбей, ұстап алсын. «Ұрлық» жасаған төрт сиырдың шеттерінен бір мүйізін кесіп тастайды. Солардың ішінде біздің сиырымыз да бар. Таң рауандап атқанда там сыртынан:
– Мө… Мө… Мө-сіне басқан көкала сиыр бізді ұйқыдан оятып жіберді. Оның үстіне майлыаяғымыз шабалана үріп, төңірек азан-қазан болды. Күпімді асығыс жамыла сала сыртқа шықсам, қаны тізесіне дейін шашырап, үрейлі көзі алара шатынап көкала сиыр тұр.
Мұңын бізге шаққандай.
– Мө… Мө… Мө-сін қайталай береді.
– Ой, байғұс-ай! – деп Дина әжей аянышпен қарап тұр.
– «О, не болдылап» өгей шешем де ұйқылы көзін уқалай тесірейе қалды.
– Көрмейсіңдер ме, сиырдың сол жақ мүйі­зін кесіп тастапты! – дедім мен де кем­сеңдеп. Аяныштан көз жасым ыршып кетті.
– Ой, қатыгездер! Найсаптар! Өздерінің де құлақтарын осылай кесіп тастаса ғой! – деп Дина әжем сиырдың басын сипап ашуынан айыға алар емес.

***

Қыста торпағын соғымдап, жазда сүтін шәйға қатып, қаймағын жасап, айран ұйытып, талшық еткен сыңар мүйіз сиырымыз соғыс­тың үшінші жылы бұзауламай қысыр қалды.
Көршінің бұқасына ақшасын төлеп қа­шыр­ған қарекетіміз далаға кеткендей болды.
– Әй, жүгірмек, көршіден шәйға қататын сүт сұрап кел! – дейтінді шығарды өгей ше­шеміз.
Көршінің де тасып төгіліп жатқан байлығы шамалы, балалы-шағалы дегендей.
– Әкел, ыдысыңды, – деп ауыздан жыр­ғандай амалсыздан құйып береді.
«Сүт жоқ!» – деп жаратпай, ажырая қарап кесіп тастайды кейде.

***

…Дина әжей мені қасына ертіп алды. Заготскот мекемесінің бастығына зіркілдей жөнелді:
– Бұл не сұмдық? Сендерде бас бар ма, (әрмия семиесі) сиырдың мүйізін неге кесе­сіңдер, – деп ашуға булыққан еді.
Бастық столын жұдырығымен тоқ ет­кі­зіп:
– Төрт аяқты бандиттеріңе неге ие бол­май­сыңдар. Өкіметтің шөбін талан-таражға түсіре алмаймыз, сиырларыңа сақ болма­саң­дар келесіде сотқа береміз, – деп сұрлана сес көрсетті.
Ұнжырғамыз түсіп кері оралдық. Қайран, көкала сиыр. Барған сайын қабырғасы тыртыя, жүдеп, үлкен тегенедей емшегі шағын тостағандай қушиды да қалды. Қысыр атан­ған жарықтықты кешікпей етке өткізуге тура келді. Жалғыз біз ғана емес, қысыр сиырларын етке өткізетін өзгелер де бар екен. Ет ком­бинатына қарай ентелей айдап бара жатқан малшының айқай-ұйқайына қарамай, топ сиырдан суырыла шығып көкала сиыр көкіректегі шерін айтқандай сыңар мүйізін шайқақтап мөңіреп жіберді. Көзі үйренген қора-қопсыға қарағыштап оқыс қайғыға тап болғандай. Көзі жасаурап:
– Мө…Мө… Мө…-сіне басты-ай келіп.
Өк-шулеп малшы бишігімен шықпыртпаса бізбен «қоштасқандай» қайғылы мөңіреуін жалғастыра беретін сыңайы байқалды.
Сыңар мүйіз сиыр «баритон» даусына басып танауын таңқита қутыңдайтын бұзауын елес­те­ткендей.
Кішкентай бұзауы ол да:
– Мө… Мө… Мө-леп тұрғандай.
…Қайран зеңгі баба әулеті-ай, десейші! Ет комбинатындағы күйің қандай болды екен?
Жон теріңді сыпырып, етіңнен шұжық консерві жасап, сыңар мүйізің мен айыр тұяғыңнан шақша мүсіндеп әбден әурелеген шығар-ау. Аласа там мен көзің үйренген көне қора-қопсыңды қимай: «Әу, неге етке өткіз­дің­дер? Ақ сүтімді ауыздарыңа тосып, торпа­ғым­ды бордақылап, терісінен тон тігуші едің­дер ғой. Соншалықты не жаздым, күнәм не?», – деп көз жасын көлдетіп кеткенде аза бойымды қаза қылады.
Отбасымыздан шыққан «Ойран» отын сөн­діруге, өгей шешемен «шайқасқан» сәттерді жұмсартуға қолұшын беріп күйбең қағатын Дина әжем де ғайып болған. «Құлағымды ы­ғыр қылған «жүгірмек» сөзі естелікке ай­нал­ған.
Бәріңнің де жатқан жерлерің жайлы бол­ғай. Әлдеқандай кінәм болса, кешіргейсіңдер, әумин!..

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір