«Шпион» сиыр
25.05.2024
179
0

Бiздiң ауылға бүгiн асыл тұқымды, шетелдiк сиыр әкелмекшi дейдi. Сиыр бол­ғанда көп емес, бiреу ғана. Көбірек сатып алуға жағдай жоқ көрiнедi. Себебi шетелдiк сиырлардың бағасы удай қымбат болады екен. Бiздiң ауылдағы бар сиырды базарға салсаң, бұның бiреуiнiң құнына жетпейді деп отыр білетіндер. Өткенде ауылға жоғарыдан адамдар келiп, мемлекет бюджетiнен жүздеген миллион доллар жұмсап, бiздiң ауданға осындай он бес сиыр әкелiнгенiн айт­қан. Сол сиырларды қазiр әр ауылға бiр-бiрден таратып берiп жатқан көрiнедi. Бiздiң «Жыраққалған» ауылына да сондай бiр шетелдiк сиыр тиесiлi болыпты.
Ауыл әкiмi Әңгiрбай бүгін халықты жинап алып, осы мәселе жөнiнде мәжiлiс өткiздi.
– Жолдастар, бұл аудан әкiмiнiң, қала бердi президен­тiмiз бен үкiметiмiздiң бiзге деген үлкен сенiмi, сондықтан осы сиырды көздiң қарашығындай аман сақтау – бәрiмiздiң мiндетiмiз! Ше­телдiң сиыры болғасын, бiлесiздер, оған кәдiмгi адамша күтiм керек. Әр сағат сайын қан қысымын, дене қызуын өлшеп отыру қажет. Тезегiн аптасына бiр мәрте аудан орталығына анализге апарып отырамыз. Сиырдың денсаулығы толықтай сенiң мойныңда, – деп ауылдың мал дәрiгерi Маңқашқа қарады.
Кеңес уағында техникумда сырт­тай оқып, дипломды сатып алған Маңқаш мықты ауылдағы бар малға бiр-ақ диагноз қоятынын бiлетiнбiз. Ендi оған қараған шетелдiк сиырдың тағдыры не болар екен деп отырмыз. Осыны Маңқаш өзi де сезсе керек, мыж-мыж кепкiсiн көзiне түсiрiп, көпшiлiктiң арасына тығыла түстi.
– Бұл сиыр бiздiң малдардың жейтiн шөбiн жемейдi екен. Сондықтан оны немен асырайтынымызды ақылдасып алайық әуелi, – деп Әңгiрбай көпшiлiкке қарады.
– Шөп жемейтiн де сиыр болады екен! – деп бiр әйел ернiн сылп еткiздi.
– Әй, өзi «самопал» iшпей ме екен, ақшасын берсеңдер өзiм-ақ асырар едiм, – деп мына жақтан Жартыбай жынды сөзге араласты.
– Сен, …кiм, қалжыңға бұр­ма олай! – дедi Әңгiрбай қабағын шытып.
– Әдiрем қалғыр, бiр сиырға бола сонша ақша шығындағанша, өзiмiз жақтың сиырынан жүзiн неге сатып алмайды, сонда бар ауылға береке болар едi ғой! – деп бiздiң Мықтыгүл де өз пiкiрiн бiлдiрiп қалды.
– Жеңгей, мына сөзiңiз – нағыз саяси «отсталый» адамның сөзi, бұл деген – мемлекет­тiк бағдарлама, түсiнесiз бе?! Жүздеген миллион қаржы жұмсалып отыр! Мүмкiн, елiмiздiң тағдыры осыған қарап тұрған шығар, қайдан бiлесiз?! – дедi Әңгiрбай күйiп-пiсiп.
– Күнiмiз шетелдiң шөп жемейтiн сиырына қараса, жетiскен екенбiз! – деп Мықтыгүл де берiсер емес. «Қойсаңшы!» – деп санынан бiр мытып алдым.
Манадан берi насыбайын атып, өз-өзiмен отырған Көсеу ағам сөзге араласты. Бұл кiсi – әлемдiк саясат­тан хабары бар, ауылдағы бiрден-бiр көзi ашық адам.
– Әй, слушай, қарағым, осы сиырларың случайно «шпион» емес пе? Әйтпесе, өздерiң ойлаңдаршы, шөп жемейтiн сиыр бола ма? Менiңше, оның iшiнде арнаулы бiр ап­парат бар сияқты. Вот, соны ашып көрсе…
Мынаны естiген Әңгiрбайдың екi көзi тас төбесiне шықты.
– Кiм… Көсеке, сiз ендi … байқап дегендей… Бiрақ кiм бiледi… қазiр бәрi мүмкiн…
О заман да бұ заман, сиырдың «шпион» болғанын кiм көрген! Бiрақ оның iшiнде ап­парат түгiлi, атом бомбасы болса да, қабылдап алуымыз керек. Жоғарыдан түскен нұсқау солай!
– Менiң ұсынысым былай, – дедi Әңгiрбай, – бұл сиыр бiздiң сасып жатқан мал қораларға өлсе де кiрмейдi. Осы ауылдағы отыз шақты үй бiр-бiр күннен кезектесiп асыраймыз, және… және… ол қорада емес, үйдiң iшiнде тұруы керек…
– Көтек, сонда жататын төсегiмiздiң басына байлап қоя­мыз ба?! – деп қатын бiткен шу ете қалды.
– Ендi мемлекетiмiздiң абыройы үшiн бәрiне де көнуiмiз керек. Кiм бiледi, мүмкiн, ұзақ тұрмас, бiздiң жақтың ауа-райы жақпай.., нетiп қалуы да ғажап емес.., – деп Әңгiрбай сөзiнiң аяғын екiұшты қылып бiтiрдi.
Сонымен әрi-берi тәжiкелесiп, алфавит бойынша алғанда, «шпион» сиыр ең бiрiншi бiздiң үйге «түсетiн» болды.
Мықтыгүл екеумiз басымыз қатып, үйге қайтып келемiз.
– Жарайды, бiр күнге балалардың бөлмесiн босатып берермiз. Ал тамағын не iстеймiз? – деймiн абыржып әйелiме қарап.
– Бiлмеймiн, үйдегi жалғыз әтештi сойып берсек қайтедi, жеңiл тамақ қой, мүмкiн, сорпасын iшер, ә? – дейдi Мықтыгүл дүдәмәл пiшiнмен.
– Өзiң бiлесiң, Мықташ, – деймiн әйелiмдi шынымен аяп кетіп, – Тек әйтеуiр шетелдiк сиырдың алдында қарабет боп қалмасақ болды. Өзiмiздiң емес, мемлекетi­мiздiң абыройын ойлайық! – дедiм сосын бойымды намыс билеп.

«Асқазаныңыз ауырмай ма?»

Түнiмен iшiм бүрiп, көз iле алмай шыққан соң, таңертең Мықтыгүлдiң ақылымен сүйретiлiп емханаға келдiм. Арқанша созылған ұзыннан-ұзақ кезектiң соңынан iлiгiп, әйтеуiр түс ауа дәрiгердiң де төбесiн көрдiм-ау. Менiң ұсқыныма көңiлi толмады-ау деймiн, көзәйнектiң үстiнен сүзiле қараған дәрiгер мырза тiл қатуға да ерiнiп, не ғып жүрген адамсың дегендей, жай ғана иек қақты.
– Мен… не, ептеп асқазаным ауырып… – деп бастадым батылсыздау.
– Так, асқазан, значит. Не жеп едiңiз?
– Қара шай, содан кейiн аздап қара нан…
– Мынаның сөзiн қара, – дедi дәрiгер жанындағы медбикеге бұрылып, – «қара шай, қара нан» дейдi. Сiз ерiгiп жүрген адамсыз ғой деймiн, ә? Қара шай, қара нан… Ұялсаңызшы айтуға! Бiзде қандай адамдар жатқанын бiлесiз бе өзiңiз?
– Жоқ, бiлмедiм…
– Әрине бiлмейсiз, бiлсеңiз келмес едiңiз мұнда! Жүрiңiз, көрсетейiн.
Амалсыздан дәрiгердiң соңынан ердiм. Шеткерірек бiр палатаның есiгiн ашып едi, қарны шеңбiрек атып кеткен, денесi көгала қойдай сiлейiп жатқан бiреудi көрдiм.
– Мына адамның да асқазаны ауырады, бiлесiз бе не жегенiн? – дедi дәрiгер науқасты қолымен нұсқап.
– Жоқ, бiлмедiм…
– Әрине, бiлмейсiз. Бұл ақша жеген. Жегенде анау-мынау емес, миллиондап, миллиардтап жеген. Және бiздiң де ақша емес, шетел валютасы, доллар, еуро, тағы сондай. Шетел ақшасын жегендердi емдеу өте қиын. Жатыр мiне ес-түссiз.
– Сұмдық екен!
– Бұл ештеңе емес, жүрiңiз басқасын көрсетем.
Келесi палатаға кiрсек, денесi қарақошқылданып кеткен бiреу кереует­те әрi-берi аунап, сандырақтап жатыр екен. Денесiнiң әр жерiне кәдiмгiдей шөп шығып кетiптi. Ғұмырымда денесiне шөп өскен адамды бiрiншi көруiм, зәрем ұшты.
– Ал айтыңызшы, бұл адам не жеген деп ойлайсыз? – дедi дәрiгер масат­танған кейiп­пен.
– Бi-білмедiм…
– Бұл мықтымыз жер жеп қойған. Жер болғанда бiрнеше жүз гектар, және даланың да жерi емес, Астана мен Алматының қақ ортасынан жеген. Оның қорытылуы қиын болады. Жатыр мiне, өлейiн деп ендi…
– Астапыралла!
– Жүрiңiз келесi палатаға.
Келесi палатаның босағасын ат­тауымыз мұң екен, жермай иiсi алып кет­тi. Денесi қап-қара болған бiреу тынымсыз дөңбекшiп жатыр. Тiптi астына төсеген ақжаймасына дейiн қап-қара болып кетiптi.
– Ал мынаны не жеген деп ойлайсыз? – дедi дәрiгер салтанат­ты түрде. Мен үн-түнсiз басымды шайқадым. – Солай ма?! – дедi менiң сасқаныма әбден риза болған дәрiгер. – Бұл адам асфальт жеген.
– Асфальт?..
– Иә, кәдiмгi жолға төсейтiн асфальт бар ғой, соны жеген.
– Құдай сақтасын! Қанша жеген сонда?
– Әй, айтшы, қанша жедiң? – дедi дәрiгер ыңырсып жатқан сырқатқа бұрылып.
– Жүз елу шақырымдай болады ғой деймiн… – дедi әлгi дауысы қырылдап.
Шынында да, асфальт жеген жаман болады ғой деймiн, әлгi байғұс мертiккен сиыр құсап ыңқылдай бередi.
– Так, ендi келесi палатаға барайық, – дедi өзiне-өзi әбден риза болған дәрiгер.
– Жо-жоқ, рақмет, мен кетем, үйге барам, қазiр асқазаным тiптi ауырып тұрған жоқ…
– Болмайды, көрiп кетiңiз, – деген дәрiгер менi ерiкке қоймай жетелеп келесi палатаға ала жөнелдi.
Кiрсек, темiр тордың ар жағында екi көзi алақ-жұлақ еткен бiреу отыр. Терезенi ашып қойғанымен, жанармайдың иiсiнен бас айналады. Бiздi көрген сырқат жалма-жан тордан басын шығарып:
– Айналайын дәрiгер, бiр стақан бензин бершi, басым ауырып өлiп барам, сексенiншi маркалы болса да жарайды, – деп жалынғанда, әлгi байғұс­ты жаман аяп кет­тiм.
– Бұл не жеген? – деймiн ақырын дәрiгердi түртiп.
– Бұл ма, бұл мұнай жеген, анығырақ айт­қанда, iшiп қойған. Жүздеген тонна! Былайша айт­қанда, мұнайдың алқашы. Қазiр емделiп жатыр. Күнiне 10-15 литр бензин iшпесе, ұйықтай алмайды. Бiз бұны жеке қамап ұстаймыз. Әйтпесе бiреу-мiреу бұл жерде байқамай шырпы жақса бiт­тi, бүкiл емханамыздың күлi көкке ұшады.
Шынымды айтсам, жаным бақайымның ұшына барды:
– Дәрiгержан, айналайын, Құдай үшiн кетейiкшi! Ендi бұл араға өлсем де келмеймiн!
– Ә, солай ма?! Көзiңiз жет­тi ғой ендi кiмдер емделiп жатқанына?
– Жет­тi, жет­тi…
– Емделуге қалмайсыз ба?
– Атамаңыз, құрысын!
Емханадан қалай атып шыққанымды бiлмеймiн. Есiмдi үйiме жеткенде бiр-ақ жинадым. Маңдайымның терiн сүртiп, iшiмдi әрi-берi сипап байқасам, ешқандай ауырғаны да бiлiнбейдi, тiптi тап-тамаша. Қара шай мен қара нанның арқасы шығар, «тәубә» дедiм iштей сосын.

 

Сайлау БАЙБОСЫН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір