Шыңғыс ханның өз еліне оралуы
12.07.2019
1044
0

«Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаланың аясында біз туған жеріміздің тұмса табиғатын да, жұмбақ сырларын да, жанкешті батырларын да, сол батырларға жан серік болған тұлпарларды да үздіксіз сөз етіп келеміз. Бүгін аты әлемді тітіренткен Шыңғыс хан жайлы аз-кем ой қозғадық.


Біздің даңқты батырларымыз, ойшылдарымыз бен ел билеушілеріміз – тек Қазақстан ғана емес, сондай-ақ бүкіл әлем бойынша еліктеуге лайық тұлғалар.
Нұрсұлтан Назарбаев


Халқымыздың тарихына байланысты жағдай жаңаша қалыптасып келеді. Елге танымал азаматтардың: «Шыңғыс ханға тиіспейік, оған моңғолдар иелік етіп отыр ғой», – дейтін басалқы сөздері мән-маңызын жоғалта бастады. Көзі қарақты ғалымдар мен жазушылар Шыңғыстың шыққан тегіне байланысты ғасырлар бойы елдің санасына құйылған деректердің негізсіздігін, оның бізге бөтен емес екенін дәйектей бастады. Мен де өзімді сол шоғырдың қатарына жатқызамын. «Тайпаның тағдыр талайы», «Ұлтшыл болсақ, қанеки», «Деректерді құбылту кімге керек?» атты орталық газеттерде жарияланған мақалаларымда скептиктердің көзқарасымен келіспейтінімді, Шыңғыс ханның қазақ екенін, оның «Алаша хан» кесенесінде жерленуі мүмкін екендігі туралы болжамымды жарияладым. Бұл болжамның тиянақтылығына былтыр жазда бір топ жерлестеріммен бірге «Алаша хан», «Жошы хан» кесенелеріне зиярат ету барысында тағы да көз жеткіздім. «Сан ғасырлар бойы мұрты бұзылмай сақталған бұл ғимараттар әкелі-балалы хандарға тән», – деген пікірімді «Ұлытау өңірі» газетінде жарияланған мақалам арқылы жергілікті жұрттың назарына ұсындым.
Бұндай қорытынды жасау үшін қандай деректерге сүйендім. Соны тарқатып айтып берейін. Шыңғыс ханның өз өмірінің ақырына таман, ширек ғасырға созылған әскери жорықтары нәтижесінде бағынған ұлыстарды төрт ұлына еншілеп беріп, Ұлытауға келуі Әбілғазы шежіресінің «Шыңғыс ханның өз еліне оралуы» деген тарауында хатталыпты. Бұқарадан шығып, Самарқанд арқылы Ұлытауға бағыт ала тұрып, «Сүйікті балам, мен келе жатырмын», – деп, Жошыға хабар береді. Бұл сөздерде қағанның тұңғыш ұлына деген ыстық ықыласы сезіледі. Осы жерде Жошының тегі туралы өріп жүрген лақаптар алдымыздан көлденеңдейді. Ол Шыңғыс пен Бөрте қосылған алғашқы жылдардағы дүрбелеңге байланысты шыққан қаңқу сөздер. Рашид ад-дин былай деп түсіндіреді: «Шыңғыс хан меркіт руымен соғысып жатып, олар үстем келген кезінде Бөрте Жошыға жүкті еді. Меркіт руы оны тұтқындап алып кетті. Ол заманда меркіт пен Оң ханның арасында бітімгершілік қарым-қатынастар болғандықтан, олар Бөртені Оң ханға беріп жіберді. Оң хан оны аялап, құрметтеп ұстады. Оң хан Шыңғысты «балам», – деп айтатын.
Шыңғыс хан Оң ханға жалайыр Сартақ ноянның әкесі Спаны жіберіп, әйелін сұратады. Оң хан Бөртені Спаға тапсырып, олар жолда келе жатқанда Бөрте босанады. Жолда туғандықтан нәрестеге Жошы (Жолшы) деген ат беріледі». Рашид ад-диннің бұл дерегіне күмәнмен қарауға негіз жоқ. Олай дейтініміз, шежіреші бұл шығармасын Иран елінде отырып жазған. Ол – Шағатайдың, Хұлағудың қарамағындағы ел, Жошы әулетіне тәуелді емес. Ар-ұяты бар адам ретінде шындықты бұрмаламай жазып қалдырған.
Шыңғыс ханның Ұлытауға келуі Жошы хан үшін кездейсоқтық емес, әке мен бала арасындағы келісілген шара екенін оның тартуларынан байқаймыз. Шежіреші былай дейді: «Жошы жүз мың ат тарту етті, оның жиырма мыңы-көк, жиырма мыңы – торы, жиырма мыңы – қара, жиырма мыңы – шұбар, жиырма мыңы – боз болатын». Бұл тарту Шыңғыс ханның алдынан Ұлытауда өткізілсе керек деп түйдік. Шыңғыс хан да өз кезегінде Жошыға сый-сияпат жасапты. Бұл шараға әулеттің түгел қатынасқанын «Жошы хан інілерін бауырына тартып, ағалық сезімін білдірді», – деген шежіре дерегі айқындап тұр.
Шыңғыс ханның ұлдары мен әулетіне айтқан өсиеттері де осы тараудан орын алған. Өсиеттерінің ішіндегі «…балалары – әкесіне, інілері ағасына бағынуды қатаң ережеге айналдырды» деген қағиданың астын сызамыз. Бұл жерде әулет ішіндегі қарым-қатынас аясында Шыңғыс ханнан кейін Жошы тұрғаны анық. Демек, ол – мұрагер ханзада.
Батысқа қарай жорыққа дайындық жүріп жатқан шақта күтпеген жағдай болады. Саятшылық кезінде Жошы мерт болады. Ол оқиғаның мән-жайы қазақ арасында кеңінен мәлім. Жошының әскери қолбасшыларының бірі, үзеңгілес жолдасы Кет Бұға өз көзімен көрген оқиғаны қағанның алдында «Ақсақ құлан – Жошы хан» тарихи күйі әуенімен жеткізеді.
Шежіреде күй туралы әңгіме жоқ. Тек қысқа ғана былай делінеді: «Жошы хан мажар, баш­құрт, орыс, кәрел және неміс жұрттарына аттанбақ болып, жеті жылдық сапар жорығының қамын жеп жатқанда ауырып, қайтыс болды. Шыңғыс хан немересі Бату ханға «әкең қай жерге барамын деп дайындалса, сен сол жерге бас салып барасың», – деп хүкім қылды. Сайын хан әскерін жиыстырып жүргенде Шыңғыс хан өлді».
Шыңғыс ханның Жошы өлімінен кейін көп ұзамай, жылға жетпей, 1227 жылы 65 жасында қайтыс болғаны мәлім. Шежіреде былай делінеді: « Үш ай бойы жан-жақтан халық келіп, аза тұтып, ханзадалардың қайғысына ортақтасты. Аза тұту аяқталған соң, әркім өз жұртына кетті. Мемлекеттің жаңа құрылысы жайлы ешкім ештеңе ойлаған жоқ».
Шыңғыс ханның үкімімен Бату Жошы ұлысының ханы болып тағайындалды. Ұлыс атауы «Алтын Орда» атын алды. «Алтын Орда» деген не? Рашид ад-диннің жазуынша, ол – уықтары алтыннан жасалған, айнала мата тұтылған, ішіне мың адам сиятын үлкен үй. Бату билеген хандықтың «Алтын Орда» атануы осы хан шатырына байланысты дүниеге келгені анық. Бұл атау Шыңғыс ханның өмірінің ақыры Ұлытауда өткенінен дерек береді. Шыңғыстың өзге ұлдары билеген ұлыстардың бұл атауға қатысы жоқ.
Тарихшы В.Л.Егоров «Алтын Орданың мемлекеттік және әкімшілік құрылымы» деген еңбегінде Жошы әулеті мемлекеттігін білдіретін бұл атаудың әуелде Шыңғыс хан ордасының атауынан пайда болғанын, кейін келе саяси терминге айналғанын жазады. Орыс жылнамаларында «Великая Орда Золотая», «Золотая Орда» атаулары Бату билеген ұлысты білдіреді. Оның түп негізі Шыңғыс ханның немересіне қалдырған ордасынан келіп шыққаны белгілі болып отыр.
Бұл атырапқа 1245 жылы келген тарихшы Плано Карпини былай деп жазады: «…там на одной прекрасной равнине, возле некоего ручья между горами, был шатер, называемый у них « Золотой Ордой». Бұнда Сарыарқа даласы да, Ұлытау да, Қаракеңгір өзені де көрініс тапқан. Жиһанкез тарихшының айтуынша, бұл үйге, яғни хан шатырына қағанның әйелдерінің бірі иелік етіп отырған. Өйткені Бату хан бұл кезде Еділ бойында Сарай Бату қаласын салдырып, сонда қоныс аударған. Иелік етіп отырған Шыңғыстың Бөртеден кейінгі екінші әйелі – Құлан ханым. Құлан осында қайтыс болып, Ұлытауда жерленді. Оған арналған кесене Қаракеңгір, Сарыкеңгір өзендерінің түйіскен жерінде, Жошының қызы Болған ана бейітінің тап іргесінде тұр. Бұл – Шыңғыс ханның Ұлытауда о дүниелік болғанын айғақтайтын нақты деректердің бірі.
Алтын Ордасы Ұлытауда тұрғанда Шыңғыс хан басқа жаққа барып өлмейді де, жасырын көмілмейді де. «Оның қазасын үш ай бойы азалады», – деп шежіреде ашық жазылып тұр емес пе? Ендеше оның тәні Ұлытауда. Жошы ханға кесене салдырған Бату атасына кесене салдырмады дегенге кім сенеді. Алаша хан кесенесі деген тамаша кесене Шыңғыс ханға арналғаны анық. Кесенеде үш бейіт қатар жатыр. Ортадағы ұзын бейіт Шыңғыс ханға, одан кейінгі Бөртеге, кіші бейіт Шыңғыс ханның немересіне тән деп ойладық. Шыңғыс ханның сүйікті немерелерінің бірі жорықта қаза болғаны шежірелерде айтылады. Екінші әйелі Құланнан басқа әйелдеріне енші берілгені тарихтан мәлім.
Жиһанкез П.Карпини аталмыш кесенелерді көрген соң «Бұл халықтың өткен ата-бабаларына құрметі таң қалдырады», – деп жазыпты.
Қазақ тарихынан хабардар адам ретінде айтарым, Қазақ хандығы құрылғанға дейін де, одан кейін де Алаша хан кесенесіне жатқызылатын Шыңғыстан өзге ханның ретін таба алмадық.

Оңғар Нақыпұлы,
Түркістан облысы
Мақтаарал ауданы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір