Алакөл туралы бірер аңыз…
05.07.2019
5847
7

Жангелді НЕМЕРЕБАЙ

«Аққардан» бастау алып арындаған,
Ағысы тосқауылға бағынбаған.

Күш алып жол-жөнекей тас бұлақтан,
«Ағынықатты» өзені тас құлатқан.

Таласқан «Қарашоқы» зәулім көкпен,
Қос бұрымы – қос өзен«Шәугімкеткен»

Шыңына «Суықтының» асқар биік,
Қойғандай қадау-қадау тастар жиып.

Жақпарлы Жамантастың сұлабасы,
Сияқты Египеттің мұнарасы.

Шоқысы үшкіріндей найзалардың,
Байырғы «Көкшұқыры Байназардың»

«Асу» мен «Алтынқазған», «Шұбартөбе»,
Сағымы өркеш-өркеш мұнар төбе.

Жайқалтқан рауғаш пенен қымыздығын,
Самалы үнін салған сыбызғының.

Әр тасы аңыз толы далам қандай,
Құдірет құрылысымен қаланғандай.

Қиясы «Аршалы» мен «Қайрақтының»
Санамда бәрі жатыр сайрап бүгін.

* * *

Жасыл көл тау басында киесі бар, –
Дейді жұрт: жұмбақ көлдің иесі бар.

Ботагөз, бөкен қабақ, сұрғыл түсі,
Сол көлде болған екен су жылқысы.

Биесі бір малшының шыңдарды асқан,
Деседі сол айғырмен будандасқан.

Туыпты ерек құлын нағыз пырақ,
Қанатты тұлпарлардай қамыс құлақ.

Ол да сол асау қалпы ерттелмеген,
Сүңгіпті жұмбақ көлге зерттелмеген.

* * *

Даусымен дүйім жұртты таңқалдырған,
Тарихқа «Ойжайлау» деп ән қалдырған.

Құшқан жер Қарғалдақтай гүл керімін,
Мекені – кешегі өткен Құл серінің.
Қажыға бара жатып Құнанбай да,
Осынау көшін бұрып құнаржайға.

«Дәл мұндай сұлу жерге келмей жүрген,
Шын соқыр екенмін мен көрмей
жүрген», –

Деп солай бар сезімін баяндапты,
Лепсіге ат шалдырып, аялдапты…

* * *

Нәр беріп талай дәуір тәмам елге,
Қосылған өзендері Алакөлге.

Малға жәй беткейлері өрісі кең,
Жеген жан қуат алар жемісінен.

Аңқыған жұпар исі самалында,
«Үйгентас» – аңыз толы табанында.

Құлыншақ, бұзау мен лақ бағыланы,
Сияқты таудың ерке тағылары.

Күні-түн бұла күшпен серпінді ағар,
«Тентекке» бір сүңгісең, дертіңді алар.

* * *

Сол тастарда ғасырлар мұңы жатыр,
Сол тастарда бабалар үні жатыр.

Сол тастарда ақынның жыры жатыр.
Сол тастарда батырдың құны жатыр.

Сол тастарда қалмақтың қаны жатыр,
Сол тастарда қазақтың жаны жатыр…

ПІКІРЛЕР7
Қайдауыл 03.08.2019 | 09:16

Өте керемет өлең екен.
Жалпы Жангелді Немеребайдың өлеңдері мықты.Қай өлеңі болсада жүрекке жетеді.Өзіндік бір қолтаңбасы бар ақын. Шығармашылығына табыс тілеймін!

Аноним 29.10.2019 | 01:21

Өлең ғой, Сері аға!

Аноним 23.01.2020 | 23:30

Бізге аңыз керек.Аға.

Аноним 09.03.2021 | 10:56

Беу!

Аноним 13.04.2021 | 10:18

аңыз керек

Аноним 21.12.2023 | 10:48

Пах,шіркін! Төгілдірген екен.

Аноним 22.01.2024 | 11:30

Түсінбедім

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір