СҰЛУДЫҢ, БӘЛКІМ, ТӨГІЛГЕН КӨЛДЕ ЖАСЫ БАР
12.07.2019
1572
0

Есенгелді СҮЙІНОВ

АЛМАТЫҒА БАРҒАНДА

Қандай ғажап, күннің көзі күлімдеп,
Аймалайды Алматыны «гүлім» деп.
Бақшаларда құстар әнін салады,
Естимін мен бозторғайдың үнін тек.

Алатаудан самал лебі еседі,
Думан, тойлар еске түсер кешегі.
Көкжиектен ұясына күн қонып,
Маужыраған, неткен әйбат кеш еді…

Құлағымды өткен күндер шулатты,
Дүрсілдетіп, жүрегімді тулатты.
Мен келгенде Алматыға қар еріп,
Сай-саладан, арықтардан су ақты.

Қала-сылқым көктем келіп тазарған,
Айырылмай қалған кескін, ажардан.
Көктөбеден көз саламын қиялдап,
Болмас, сірә, көкірегімде аз арман.

ҚОС ШЫНАР

Сырағаң жоқ, хал-жайымды сұрайтын,
Өр тұлғасы көз алдымда тұр айқын.
Ғафаң да жоқ, кездескенде әзілдеп,
Суырып сап, лезде өлең құрайтын.

Сырағаң жоқ, қабағыма қарайтын,
Жақын тартып, інісіне балайтын.
Ғафаң да жоқ, қоңыр майда даусымен
Әңгіме айтар жолсапарда талай түн.

Сырағаң жоқ тіл қатқанда гүрілдер,
Жыр оқыса, жан-дүниең дірілдер.
Ғафаң да жоқ, арқамыздан қағатын,
Екеуінің жоқтығы өте білінер.

«Абыройыңды Тәңір көкке көтерсін,
Жарыңменен бақытты боп өтерсің», –
Осылай деп ақтарылса, Сырағаң,
Ғафаң айтты: «Жақсы бала екенсің».

Ағалар-ай, сөздері нық, жүйелі,
Орақ тілді, от ауызды, киелі.
Дамыл таппай, қызмет еткен ұлтына
Екеуіңді ел қадірлеп, сүйеді.

Өтті дәурен, сол шақтарды көксейсің,
Сағыныш қой, санамнан сен өшпейсің.
Дараланып жырдың төккен сәулесін,
Екеуі де көзін жұмды, не істейсің?

Жақұт шашқан жырдан елге қос шынар,
Еске алғанда ағайын, жұрт, дос жылар.
Екеуінсіз өлеңімен тербеткен,
Өтіп жатқан күндеріміз – бос шығар…

* * *

Сынаптай боп заман сусып, өзгерді,
Мың құбылған пенделерді көз көрді.
Ұйқысынан оянғандай пысықтар,
Төге берді жалындаған сөздерді.

Шаршы топта өзеурейді көпіріп,
Дес бермейтін, «Елім-айлап» өтірік.
Көрсетпейтін жоғарыға ғайбаттап,
Жақсылардың есімдерін өшіріп.

Кейпі қалмай қастерлейтін адамдық,
Ойлайтыны – жайсаңдарға жамандық.
Қарға еді, қыран болып көрінер,
Үстем еткен – бағаламау, надандық.

Жағымпаздар үлкендерді жағалап,
Мүләйімсіп күн кешеді «ағалап».
Есектерді қадірлесе, не істейсің,
Жатқан кезде «тұлпар ғой», – деп бағалап.

Қайда әділдік, ішің удай ашиды,
Жігерің құм, қайратың пәс, жасиды.
Тау секілді қозғалмайтын шыдамың,
Төзбес, сірә, сел боп ағып, тасиды.

Әділдіктің қасқа жолы, безбенді,
Елемеспін сасық кеуде, ездерді.
Есек деген тұлпар болмас ешқашан,
Солар жайлы айтатұғын кез келді.

Биік таулар көрінеді манаурап,
Арман оты шақырады алаулап.
Білетінім, көкте ұшар – қырандар,
Ал тұлпарлар мына өмірде – санаулы-ақ.

ПЕРІШТЕ

О, ғажайып! Бір міні жоқ бойында,
Сары алтыннан алқа таққан мойнына.
Қапияда періште қыз кездесті,
Алыс жолда, дәнеңе жоқ ойымда.

Көзі қандай, айдын көлдей тұп-тұнық,
Қарақаттай мөлдірейді сыр тұнып.
Айдай сұлу, күндей сұлу ақ жүзі,
Амандастым аузымды ашып, ұмтылып.

Қызығамын көріп тұрып мүсінін,
Келеді ғой періштені түсінгім.
Қиғаш қасты, кірпіктері жебедей,
Жүрегіме дөп түскендей, күрсіндім.

Ерні қандай, піскен қызыл шиедей,
Сүйсе, шіркін…келісе ме, сүйе ме, ей?
Құшақтаса, аймаласа… аңсайсың,
Періште қыз өз еншіңе тие ме, ей?

Оймақ ауыз, ақ тамағы, таңданам,
Бақыттымын періштені таңдаған.
Аңқылдаған мінезімен тартады,
Көрінгенмен тәкаппарлау, паң маған.

Қолаң шашы, ақ маңдайы ұнайды,
Қарай берем кескініне шырайлы.
Нәзік дене, аяқтары түп-түзу,
Сөз сөйлейді мағыналы ұдайы.

Киім киген –тал бойына жарасып,
Ақ көңілі, кір шалмаған таза, ашық.
Мейірбанды, ақылды да білімді,
Жүгіреді маған қарап, жаны ашып.

Нұр сыйлаған, жыр сыйлаған жаныма,
Айналды ғой арайланған таңыма.
Періште қыз ойда-жоқта жолықты,
Тағдырым боп Бурабайдың маңында.


Оңталап БАЗАРӘЛИЕВ

АЛА ЖІП

Жолымды ашып ала жіп,
Қияға қанат сермегем.
Адам боп Хақтан жаралып,
Дүние, саған төрлегем.

Ананың тыңдап ақылын,
Атаның алдым батасын.
Бастым да аңдап, ақырын,
Кездім мен өмір жотасын.

Ұмыт боп кездер құлаған,
Жасқа да жеттік ағалық.
Өмірден осы сыбағам –
Аттамай жүрсем ала жіп.

Әкемді ап екі жасымда,
Көрсетті тағдыр – дара сын.
Қамқор боп жүрген қасымда,
Он төртте кетті Анашым.

Осылай, тағдыр, сынадың,
Ішімде жанып жатты алау.
Адам боп қалу – ұраным –
Ала жіптен еш аттамау.

Сәл ерік беріп көңілге,
Сырымды жайдым таралып.
Ендігі қалған өмірде
Алдымнан шықпа, ала жіп.

«АҚҚА ҚҰДАЙ ЖАҚ» ДЕЙМІЗ…

Салмақ салып әр кезде санаға мың,
Толғаныс,талайымды шамаладым.
Өлеңнен іздеп ылғи өмірімді,
Талайын ақ қағаздың қараладым.

Десек те, бар жақсыны үлгі етеміз,
Масығып, мансапты да жүлде етеміз.
Аспаннан көбелекше аунап түскен
Аппақ қарды табанда кірлетеміз.

Болса да ақеділ жан айналамыз,
Бірімізге-біріміз – қайманамыз.
Анадан періште боп туғанменен,
Жүре келе пендеге айналамыз.

Қашан ақтың – ақтығын саралаймыз,
Аппақ тәнге жабысқан жарадаймыз.
Тұсымыздан бір сүйем алға шықса,
Ақ пейілді жанды да қаралаймыз.

Десек те, жан – Алладан, қиял – бастан,
Өмір бұл, ақ пен қара жиі алмасқан.
Барлығын жаралап ап, қаралап ап,
«Аққа Құдай жақ» дейміз ұялмастан.

АУЫЛ

Күрең күзден мезгіл, міне, қысқа ауды,
Біз бетке алдық жылдағыдай қыстауды.
Ешбір пенде бұлжытпаған ежелден,
Жасағанның жарлығындай нұсқауды.

Қора бүтін, ергенегі жөнделген,
Жер бастырма жабдықталған шеңгелмен.
Қи басылып, қыстық отын дайын тұр,
Күзде аршылған қорадағы көңдерден.

Қой, жылқылар, сиыр, түйе аулада,
Өз ісіне мығым бұл кез әр бала.
Науа – анау шығындамас тамшыны,
Құдық толы, дайын және қауға да.

Енді аңсайтын кез емес бұл жаз үнін,
Төрт түліктің тең бөлер шақ азығын.
Бүгежектеп қария жүр дайындап,
Құлын-тайдың желісі мен қазығын.

Жем де дайын, жем елегіш елек те,
Шөп қаруы – айыр, тырма сенекте.
Қара қазан, ошақ дайын көсеу мен
Арғы түбі сиыр сауар шелек те.

Ауыл, сенің, жүрегімде сан үлгің,
Алабөтен құдіретіңе табындым.
Бұның бәрі – өткен күнім оралмас,
Ауыл, сені жан-тәніммен сағындым.

БӨРІ ЖЕП ЖАТСА ДА…

Бас имес тірлікке жұптасып,
Содан жүр осы елден құт қашып.
Еңбекке енжардың құлқы жоқ,
Әйтеуір «тік қасық».

Кеудесін кергізген «жат» табыс,
Деуші жоқ «асыңды ақтап іш».
Бұтарлап бөрі жеп жатса да,
Руы – мақтаныш.

Дәл қазір жоқ біздің әр істе – өң,
Жұтатын ауаң да – «таныспен».
Бәсеке байлаған сананы,
Барлығы – жарыспен…

Татаусыз тағдыр жоқ, мың құрақ,
Пейілміз кетсе де шын құлап.
Ортайсын қазына-қазаны,
Барлығы білгір-ақ.

Малы жоқ өргізер өріске,
Шыққанмен, оң ісі теріске.
Сауатсыз, сауапсыз жандардың
Барлығы – «періште».

Құлақ сал, сөзіме шошымай,
Біз елміз, замана көші бай.
Дегенім емес бұл адамның
Барлығы осылай…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір