Ағысқа қарсы жүзуге…
12.07.2019
265
0

Аманғазы Кәріпжанәулеті

Мен арқылы барады өмiр өтiп…

Тағдырымды таптаған небiр етiк
Тарихты да жаншыды еңiретiп.
Әдiлеттi сыйдырмай маңдайына
Мен арқылы барады өмiр өтiп.

Пәни маған парызын өтемедi,
Ойым да ендi өзiме бөтен едi.
Көзсiздерге көзiмнен сығалаған
Көкейдегi қылмысым жөтеледi.

Бейкүнәнi қорлауға сұрқы өтiмдi –
Тозақтан да қираттым қыл көпiрдi.
Ғаламатын жанымның оқи алмай
Миығымда мыжылып күлкi отырды.

Қиянатқа пәни де кептеледi.
– Ғұмырына сол үшiн өкпелi едi.
Әдiлетсiз жаралған жаратылыс
Теңсiздiктер тепкiсiн жеп келедi.

Бiр-бiрiне өң мен түс құлаш ұрып,
Арасында жүйткiп жүр мұң асығып.
Сыйдыра алмай менi де бара жатты
Пәни менен бақидың жiгi ашылып.

Парасат пен қылмыстың тағында едiм,
Аңғалдығым ағытты жан iлгегiн.
Некесiнен туды да бар мен жоқтың,
Қиялымнан адасты бағым менiң…

Ми да мықты – миықта ой ұстаған,
Болмысым да адасып ойысты оған.
Шексiздiктi қылғылтқан қиялымның,
Мен де мықты, мысына майыспаған.

Түн талаған байғыздың жағы тынды,
Кiрпiгiмнен түймелер ағытылды.
О дүниеде тағы өлiп,
Қай дүниеден
Табарымды бiлмедiм бағытымды.

«Ғайып» деген тәуелсiз, байтақ алап
Менi түзеп қойса да, қайта қалап,
Тайғанақтап қиялдың қиясынан
Жете алмадым өзiме ой тағалап.

Сол қиялдан таба алмай қонысымды,
Көмейiнен тектi ажал төр ұсынды.
Мәңгiлiктiң амалсыз құлы болдым –
Пәни менен бақидың добы сынды.

Денис Тенге

Сүрiнбеген еңiстен,
Айрылмаған жеңiстен,
Келбетi де келiскен,
Жаны таза перштең –
Жұмбақ болып Денис Тен
Оралмады өрiстен…
Ал қылмыскер пайдаға –
Көлiктегi айнаға
Құнықты деп ойлама!
Қылмыс деген – қайда да
Уақыт деген айнаға
Көрiнбейтiн қаймана! –
Болғандықтан, отандық
Чемпионды – жаһандық
Өлтiрдiк те,
«Қаталдық
Қаһарманы!» атандық!


Ғазиза Әбілда

АҢСАУ…

Қайтемін,
Бұлдап бекер қыз күнімді,
Сезімнен селкеу тартқан сыз білінді.
Болғанмен, басым – алтын,
Көңіл салқын,
Сарғайған жапырақтай күздігүнгі.

Қалғандай қыр астында,
Қыз қылығы,
Арқаның шарпыған ба, ызғырығы?..
Талайыма жазылған
Тағдырымның,
Таңдайыма татиды тұздылығы.

Аңдап басып,
Әр адым, әр ізімді,
Шыдамның шиеленген бауы үзілді.
Жалт етіп,
Жасын ғұмыр, бәйшешектей
Қайтадан жарсам, шіркін, қауызымды.

Кіршіксіз,
Жүрегімде аппақ үміт,
Мен сонда саялар ем баққа кіріп.
Дерт те жоқ,
Қайғы да жоқ,
Достарыммен
Сырласып, ағыл-тегіл ақтарылып.

Жасқанбай,
Жауап қатып сұрағанға,
Жұбатушы ем дем беріп жылағанға.
Құрақ ұшып,
Қолтығын сүйер едім,
Досым түгіл,
Дұшпаным құлағанда.

Мен солай,
Адалдықпен үндесемін,
Табиғатпен тап-таза тілдесемін.
Жалаң аяқ қалсам да жапан түзде,
Жаратқан,
Жабырқауды білмес едім!..

СЕЗІМ

Санамды билеп жатты мұң,
Сезімге бір сәт оранып.
Шарқ ұрып жеткен шаттығым
Жарқ етіп өшті жоғалып.

Жазылған тағдыр екен деп,
Жарымай сусап жан қалды.
«Ақ жауын» құйды нөсерлеп,
Аяздай қарып арқамды.

«Бейкүнәліктен» безуге
Біржола енді бекінгем.
Өзеккке түскен сезімге
Өртеніп кетсем, өкінбен.

Үздігіп, үнсіз тығылып,
Үлбіреп жатып көз ілдім.
Тұсауы кетті-ау үзіліп
Темірдей мықты төзімнің.

Талма бір шақта жолыққан,
Тәңірдің сыйын құп алып.
Тағдырға мына болып таң,
Қамкөңіл қалды жұбанып…

ҮМІТТІ ЖАЛҒАП ҮЗІЛГЕН

Үмітті жалғап үзілген,
Ілгері басып бір адым, –
Ағысқа қарсы жүзуге
Аңсарым ауып тұрамын.

Іркіліп іште айтар ән,
Тарқамай көңіл құмары.
Тұнығын сырдың шайқаған –
Сезімнің кәусар бұлағы.

Таба алмай жанның дауасын,
Тыншымай талай түн өтті.
Сағымдай алыс – жан асыл,
Сағыныш мені жүдетті.

Қиялға көзсіз шарпылып,
Қиядан талай құладым.
Аңсайды жүрек шарқ ұрып
Адасып қалған сыңарын…


Қазыбек МЫҢЖАН

Жыр маржаны

Бойжеткеннің өргендей боп бұрымын,
Қызықтаймын кербез жырдың қылығын.
Аңшыдаймын қансонарда із кескен,
Өлең сөздің іздеймін кеп ұрынын.

Құсбегідей қыран құсты баптаған,
Топқа салдым тұлпар жырды ақтабан.
Санатына қоспасын ел адамның
Кезім болса адалдықтан аттаған.

Қайда болсын өз ойымды айта алам,
Көкірегім күбідей май шайқаған.
Көңілімнің елегінен өткізем,
Оғаш қылық, оқыс жайды байқаған.

Қолдап жүрген рухы сөз пірінің,
Жыр маржанын терген жанның бірімін.
Жалынына шарпылып бір өледі,
Іздегендер байлық, мансап ілігін.

Тең ұстаған каламы мен құрығын,
Құс ұйқылы шаруаның ұлымын.
Ақиқаттың айбары деп білемін,
Отан деген ұлы сөздің ұғымын!

ЖАРАЛЫ БӨКЕН

Жыртқыштың арсыз араны,
Салды ма, жанға жараны?!
Ақсаңдай басып бір бөкен,
Кезіп жүр байтақ даланы.

Тағдырдың тартып күйігін,
Қорқыныш қысып бүйірін.
Жаутаңдап кейде қарайды,
Іздей ме босқын үйірін?!

Діттеген қорқау құлқынын,
Бермейді оған бір тыным.
Қасқырдан қашса ауылға,
Кезейді аңшы мылтығын…

Бұғалық түссе еркіне,
Кім шипа болар дертіне?!
Тосса да ажал алдынан,
Жол кесу – бөкен серті ме?!

Перзент қой ол да далама,
Саяқ боп солай қала ма?!
Тоқтықтан базбір адамдар,
Қатыгез болып бара ма?!

Кей кезде тағдыр қатты екен,
Момынға зәбір шарт па екен?!.
Мүйізі үшін бағалы, –
Мерт болды-ау қанша ақбөкен?..

Қиясың қалай өлімге?!!
Наласы қалар көңілде…
Жазықсыз жапа шеккендер,
Аз емес мынау өмірде…

Есте сол жылдар ақтаңдақ
Озбырлық жүрген қақпан сап…
Ұлтымның асыл ұлдарын
Түрмеге қамап атқан шақ…

Жыртқыштың арсыз араны,
Салып жүр әлі жараны…
Ақсаңдай басып бір бөкен
Кезіп жүр байтақ даланы…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован.

Пікір