БІР КҮНІМ – ТҰТАС ҒҰМЫР…
05.07.2019
1463
1

Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ

Табынар пірім өзіңсің….

Жүрегімдегі жалынсың,
Білегімдегі қарымсың.
Көңілімдегі таңымсың,
Өмірімдегі барымсың.
Бойдағы ұят, арымсың,
Ойдағы мият – сарынсың.
Тамырымдағы қанымсың,
Кеудеде шыбын жанымсың.

Көгімде күлген күнімсің,
Белімде жүрген жұлынсың.
Ақиқатымсың, шынымсың,
Ақтара қалсам, сырымсың.
Ұйыған мақпал түнімсің,
Құдайға жетер үнімсің.
Шыбын жандағы шырылсың,
Кермек те, у да, шырынсың…

Атойлап шықсам, ұрансың,
Шырқатып салсам, жыр-әнсің.
Самғасаң, көкте қырансың.
Зауласаң, жерде бұлансың.
Бабамнан қалған мұрамсың,
Ұлы даламсың, Тұрансың…

Көкейде тұнған сезімсің,
Таңдайға біткен сөзімсің.
Маңдайда жанған көзімсің.
Бай, бақытты кезімсің.
Қайыса қалсам, төзімсің,
Майыса қалсам, тезімсің.

Табынар пірім өзіңсің –
О, ұлы, мәртебелі ПОЭЗИЯ!

Құла айғырдың үйірі
Шәріптің әңгімесі

Дос-дұшпанды иісінен айырып,
Тік тұрады «алғы шепте» күн,
ай, жыл.
Бір үйірді қабағымен қайырып,
Қос құлағын қайшылайды
құла айғыр.

Қиқулаған иесі ме, ұры ма…
Қалт жібермей қадағалау міндеті.
Көкжалдар да қарап алсын сұрына,
Құла айғырмен ойнамасын
кім де кім.

Мал болғанмен, қақпан,
құрық баспайды,
Арқырап бір атты адамға шабады.
Дойырыңнан, сойылыңнан
саспайды,
Тұяқты да, азуды да салады…

Ұлыққа да, ұрыға да жан керек,
Шыбын жанын олжалайды
амалдап.
Құла айғырды күнә болар «мал»
демек,
Тірлігі оның малға қалай саналмақ?!

Көкжалдарың күндік жерден безеді,
Құла айғырдың көрінгенде қылаңы.
Құлын тұр ғой, қыл бермесін сезеді,
Сосын басын өзге жаққа бұрады.

Ірілікті ұлылық деп сүйеді ел,
Күтеді оны көбіне-көп еркектен.
Құлын мүсін байталдар мен биелер,
Құла айғырға адалдыққа
серт еткен…

«Әттең!» дейсің!
Әттең, қазақ жұртының,
Тамырынан айырылғаны сор екен.
Өзге түгіл, тек бір ғана жылқының
Ер жігітке үйретері көп екен…

«Бір ауылды қабағымен қайырған,
Туған елін бермейтұғын дауылға.
Қара қылды қақ екіге айырған,
Құла айғырдай бір жігіт жоқ
ауылда», –
Деп күрсінді Шәріп жездем
толғанып,
Ұшатұғын қыран құстай қомданып.
Сосын үнсіз Сүгірменен сырласты,
Домбырасын жәймен ғана қолға алып….

КӨКПАР

Даланың төсін шаң басып,
Адырдың жоны қайысты.
Балдырған-қыздан сән қашып,
Тобылғы-жігіт майысты.

Тітіреп маңай дүбірден,
Ойылды жердің қыртысы.
Жазылып белдер бүгілген,
Жыртылды намыс жыртысы.

Ұлар шу, айғай… атырап,
Ұран бар, кейде бар «Аттан!».
Жендердің бәрі қақырап,
Балақ жоқ аман балақтан.

Сөз бе екен балақ, тәйірі,
Көз кетер, кейде құлақ пен.
Шатыңды тастар айырып,
Кергілеп бірге лақпен.

Бұзаутіс ойнап жонында,
Аттардың көзі жанады.
Осынау дүбір жолында
Олар да жанын салады.

Нән серке болып қақпақыл,
Қолдардан-қолға ұшады.
Жұлынған жүні, тап-тақыр,
Байқалмас ешкі нышаны.

Іліп ап құрыш шеңгелдер,
Жіберер илеп, тақымдап….
Білекке ғана сенгендер
Барады оған жақындап.

Қақпақыл-тағдыр сайқалдай,
Көшеді өзге құшаққа.
Осындай кезде сайтандай,
Жылтыңдап қалар пышақ та…

Төрт сирақ төртке керіліп,
Бір сәтке қалар ырғасып.
Үш білек сосын беріліп,
Біреуі кетер қырды асып…

Көкпардан босап көк белдер,
Сойылған сойдақ із қалды.
Көкпарды қуып кетті ерлер,
Ұмытып қымыз, қыздарды.

Үйірілген үркіп, жақындап,
Ешкіге толды қыраттар.
Жылады сосын бақылдап,
Бауырын іздеп лақтар.
Әй, көкпар-тағдыр-ай!

Қыс

Сары аяз, қара жел, үскірік,
Ақ сүңгі, боз қырау… бәрі бар.
Аспан тұр бозарып, түшкіріп,
Қалбақтап ұшады кәрі қар.

Күнгейлер есінеп, буланып,
Мұз емшек бұлақтар қызарған.
Қолтығы сәл тершіп, суланып,
Таулардың бойлары ұзарған.

Ақжорға тайпалып даламен,
Тізгінін ойпаңға іркеді.
Бүрісіп, құрысып бар әлем,
Күн көзін тұманмен сүртеді.

Аяз да өзінше күш қылып,
Өмірді өкпеден қысады.
Шақырар қайың-тал ысқырып,
Жарқырап жалаңаш құшағы.

Ескі жүрт секілді қысқы бақ,
Тірліктен, үміттен жоқ белгі.
Мен келем қолымды ысқылап,
Қиялмен қызықтап көктемді…

(Толық нұсқасын газеттің №27 (3661) санынан оқи аласыздар)

ПІКІРЛЕР1
Тәкен Құрман 10.07.2019 | 23:25

Қазақы танымдардың сан саласын қамтыған қанатты жырлар екен. Толық ңұсқасын оқып шығайын.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір