«МЕН ЖАСТАРҒА СЕНЕМІН!»
28.06.2019
12909
2

Алматы қаласы Шоқан Уәлиханов атындағы
№12 гимназияның 9-сынып бітірген оқушысы
Керей Сұлтанұлы жазған емтихандық шығарма

Біздің мемлекет осыдан 28 жыл бұрын тәуелсіздік алды. Осы жылдары Қазақстанды тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев басқарып, әлем елдері мойындаған жеке мемлекет қалыптасты. Қазақстан жер көлемі жағынан дүниежүзінде тоғызыншы орын алады. Ал жер асты байлықтары жағынан әлемдегі ең бай мемлекеттер қатарында. Қазір түрлі ұлт пен ұлыс тоғысқан Қазақстанда он сегіз миллионнан аса адам тұрады. Олардың бәрі Қазақстанды өз Отаны деп санайды. Елімізде биылғы жыл «Жастар жылы» деп жарияланды. Себебі, еліміздің дамуы мен болашағы жастардың қолында. «Жастар жылында» елімізде жастарға көп жақсылықтар жасалып жатыр. Оларға арнап жалдамалы және шағын отбасылық пәтерлер көптеп салынуда. Ал студенттерге арнап жатақханалар салуды Елбасының өзі Үкіметке арнайы тапсырды. Егер жастарға осындай көмектер берілсе, онда олар сабақтарын жақсы оқып, болашақта жақсы маман иелері болып шығады. Сөйтіп, олардың әрқайсысы үздік маман атанып, еліміздің дамуына үлкен үлес қоса алатын болады.
Қазақ халқында жастар туралы мақал-мәтелдер өте көп. Солардың бірі – «Алыс­тан алты жасар бала келсе, алпыстағы ақсақал сәлем береді» дейді. Бұл мақалдан қазақ халқының әр баланы болашақ ел тұтқасы ретінде санап, балаға жас кезден құрмет көрсететінін көреміз. Осындай қалыптасқан тәртіптің арқасында қазақ халқы бірлігін сақтап, талай соғыстарда бірігіп, елін, жерін жаудан қорғады.
Одан өзге «Бала өспей ме, көкейіңді теспей ме?» деген мақал да ел жадында. Мұнда да қазақтың балаға деген құрметі айқын көрсетілген. Әр балаға осылай қарау арқылы, баланың жігерін қайрайды. Намысын оятады. Бала да ел үмітін ақтау үшін өз ісіне жауапты бола бастайды. Сөйтіп, еліне пайдалы үлкен азамат болып өсіп шығады.
Қазақ жастары отаншыл болып өседі. Өйткені, үлкендер олардың санасына кішкентай кезінен «Атаңның ұлы болма, адамның ұлы бол» деген сөзді сіңіріп өсіреді. Сондықтан, халыққа қызмет ету – жастар үшін ата сөзін орындау, батасын қабылдау болып табылады. Ата сөзіне, тәрбиесіне адал болуға талпынады.
Адамның жас кезінде қайратты болатыны анық. «Жас келсе іске» деген сөздің төркіні де осыған негізделген. Мемлекет жастардың қайратын босқа шашпауына, оны елге пайдалы іске бұруға бағыттап отыруы тиіс. Жастар үлкендердің ақылын ала отырып, өздері жаңа өмірді, жаңа қоғамды қалыптастыруға атсалысады.
Қазіргі жастар қазақ, орыс, ағылшын тілдерін үйренуде. Мысалы, мен де қазақ тілінде ойлаймын, орыс тілінде еркін оқимын, сөйлеймін. Ағылшын тілін толық түсінемін. Тіл білу маған көп нәрсені білуге, көп нәрсені салыстыра отырып зерделеуге жол ашты. Бірақ жастар қанша тіл білсе де, өздерінің қазақ ұлтынан екенін ешқашан ұмытпаулары керек. Ендеше, біз қазақпыз десек, алдымен алған білімімізді қазақтың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі аясында қолдана алуды үйренуіміз керек. Біздің біліміміз Отанға қызмет етуге міндетті. Өзге елдерге барған кезде де ең әуелі қазақтың әдебиеті мен мәдениетін алға тарта отырып, сол арқылы өзімізге де, халқымызға да шетелдіктердің құрметін оята білу, ел мүддесіне қызмет ету – біздің басты парызымыз.
Қазір елімізде көптеген үлкен өндірістік орындар салынып жатыр. Болашақта сол өндірістерге білікті мамандар – инженерлер, шеберлер, жұмысшылар қажет болады. Елімізде денсаулықты сақтау саласы да кеңінен дамуда. Оған да жоғары білімді дәрігерлер қажет. Білім беру саласы да үздіксіз жетілуде. Оларға да білімді мұғалімдер керек болады. Ал ауыл шаруашылығы дамыған сайын оларға да зоодәрігерлер, ветеринарлар, агрономдар, жер мамандары, экологтар қажет. Жалпы, қазір мемлекеттің барлық саласына жастар келе бастады. Ендеше, қазіргі жастарға қойылатын талап өте жоғары бола түсті. Жастар соған өздерін қазірден бастап дайындауы керек.
Біздің ата-бабаларымыз бізге осындай байтақ даланы мирас етіп қалдырды. Тәуелсіз мемлекетті құрып берді. Өскелең ұрпаққа зор сенім артты. Біз – жастар, сол сенімді ақтай білуге, олардың бізге қалдырған ұлы мұрасын жалғастыра білуге тиістіміз. Бұл біз үшін зор міндет! Қазақ жастары осы үдеден абыроймен шығады деп сенемін. Қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаев «Мен жастарға сенемін!» дегенде – осыны айтса керек!

ПІКІРЛЕР2
Аноним 25.10.2021 | 08:45

Ьвлу

Аноним 27.12.2023 | 09:21

Дурс жазбаисндарма

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір