Қалиханның қасқа жолы
Исі қазақтың атажұрты, қайран қасиеттi төр Алтайдың бел баласы, ұлтымыздың текті тұлғаларының ішіндегі бірегейі, аса көрнекті жазушы, дарынды драматург, киносценарийші, айтулы аудармашы, парасатты көсемсөзші-жорналшы Қалихан аға Ысқақтың торқалы тойы тұсындағы әңгімеміздің арқауы екі тарапта: қаламгерлік қыры мен кісілік келбеті туралы өрбігенін жөн көрдік. Сонда ғана ел-жұртының құрметіне бөленген жазушының кім екендігіне көз жеткіземіз.
Ең алдымен, өзімді Қалағаңмен таныстырған тағдырыма байланысты бір-екі ауыз сырымды айта кетейін. Қалағаңның қылшылдаған қайран жиырма бес жастағы кезінде қасында отырып, талай-талай әсерлі әңгімелерін тыңдаған сәтім күні кеше сияқты еді. Сол күннің қас-қағымда қалай зыр етіп өте шыққанын есіме алып, өкініштің отына өртеніп жүрген жайым бар. Небір ғазиз аға, дос, іні, бауырлардан қапияда көз жазып қалыппыз-ау! Солардың бел ортасында ғаламат та ғұмырлы шығармалар жазып қалдырған Қалағаң да бар. Бәріне де көндіретін, сендіретін өмір деген осы екен ғой. Мен сонау 1960 жылдың шілдесінде тағдырдың жазуымен «Лениншіл жастың» (қазіргі «Жас Алаш») қарапайым қызметкерлері қатарына қосылған едім. Онжылдықты жаңадан бітірген баламын. Төрт бірдей бөлімнің қызметкерлері сығылысып әрең сыйып отыратын тар бөлменің қақ төрінде әдебиет бөлімінің меңгерушісі Қалихан аға жайғасқан-тын. Жас жазушының қарапайым, ақжарқын, ашық мінезді жігіт екенін бірден аңғардым. Келімді-кетімді авторлардың көпшілігі осы бөлімнің еншісінде. Жасы бар, жасамысы бар Қалихан айтқан уәжге келіспей, керіскен емес. Ренжігендері болса, іштерінде шығар. Сыпайы, жұмсақ мінез, салиқалы сөз, түсінікті тұжырым кім-кімнің беталбаты дау шығаруына жол бермейтін. Ол кездері өлең-әңгімелер жариялайтын «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» газеттері мен «Жұлдыз» жорналы. Қазіргідей қаптаған басылымдар жоқ. Сондықтан жазған жаңа шығармалардың жариялануы қиын-тын. Оның үстіне талғамы жоғары, танымы терең, тек жақсы шығармаларды, жас талаптарды ғана жариялайтын жастар басылымының беделі де, абыройы да ерекше-тін. «Лениншіл жаста» өлең-әңгімесі жарық көрген талапкер есімі елге тез танылатын. Көңілжықпастыққа жол бермейтін көкежасық, иә бір қайнауы жетпей жатса, ол жазба кері қайтарылатын. Сол талапты жазбай тануға тиіс Қалағаңның өзі де сол талантты талапкерлер қатарында танылған жас жазушы кезі. Оның жазушылық қабілет-дарынын әдебиет әлеміне танытқан да, таңдантқан да алғашқы хикаяты «Қоңыр күз еді» осы тұста жазылған. Сөйтіп, өз басым Қалихан ағаның шығармасын қолжазбасынан оқыған әріптестерінің бірі болғанымды мақтан тұтамын. Өзімнің тырнақалды өлеңімнің тұсауын кескен де Қалағаң еді…
Ал «Қоңыр күз еді» хикаяты тек көркемдігімен, сол уақытқа тән жаңаша сипатымен ғана емес, өмір шындығын шырайын келістіре жазылғандығымен де жұртшылық жадында жатталып, санасында сақталып қалған лирикалық лепті прозаның бастауында тұрған туынды. Хикаят сол тұстағы ел тіршілік-тұрмысын жетім балалардың өмірі мен олардың жан-жүрегін сиқырлы сырымен арбаған алғашқы махаббаттың арманда қалдырған сыры мен мұңын жырдай егілтіп те төгілтіп, қара сөзбен жазылған дастан дерлік шығарма. Оның жазылғанына жарты ғасырдан асса да жас пен кәрінің жүрегін баулаған өмірлік өнегесі ерекше. Қазақ елінің басынан өткерген кешегі қоғамдық-әлеуметтік өмір-тіршілігінің жанды суреттері жасөрім бала Қасымның өмір айнасына айналған көркем шығармасы.
Ал жазушы «Тұйық» романында бас кейіпкер Қажымұраттың жан дүниесіндегі арпалыс, дағдарыс, сілкіністерді, мазасыз мезгіл-мінезін, құбылмалы қоғамның сипаттарын саралай суреттеу арқылы, ел адамдарының қилы тағдырын, әлеуметтiк ортаның қайшылықтары мен қиыншылықтарын ақиқат аясында көрсету қаламгер талантының бір айғағы. Романда кеңестiк саясаттың келеңсiздiгi мен қоғамдық өмiрдiң кемшiлiктерi, кейiпкерлердiң iс-әрекетi, ой-санасындағы толғаныстары iшкi монологтар арқылы айқындала, айшықтана бейнеленген. Жазушының әр сөзiнен сезiктенiп, тiптi тыйым салып, қиып тастайтын кер заманда қаламгер Қалиханның қиыннан қиыстырып, жетi жұрттың жүрегiндегi сөзiн, көкейiн тескен рухани дертiн айтуы, әрине, көркемдік шеберліктің, шындықты астарлап жеткізудің шеберлік жолы.
Осы жерде менің топшылауымша романның «Тұйық» аталуының өзіндік сыры бар сыңайлы. Мәселенің мәнісі – Қажымұраттың тәніндегі кемістік емес, рухани әлемдегі жарымжандық.
Қалағаңның «Ақсу – жер жаннаты» романы – қазіргі кезеңнің де күйіп тұрған маңызды мәселелерін тереңнен толғаған туындысы. Онда қозғалған әңгіме күні бүгінге дейін толық шешімін таппаған қоғамдық-әлеуметтік саланың өзекті проблемасы. Шығармада экология мен экономикадағы күрделі мәселелерді қилы-қилы тағдырлар өмірімен өзектесе суреттелген. Қаламгер бұл шығармасында туған жер алдындағы перзенттік парызыңды қалай өтеп жүрсің деген салмақты сауал қойып, соның жауабын табуға шақырып отыр. Елінің ертеңін ойлап елеңдеген, білім-білігін, қажыр-қайратын туған жердің тозбауы мен азбауын мұрат еткен Сиғат, Бекет сынды кейіпкерлер қазақ әдебиетінде бұрын-соңды кездеспеген көркем бейнелер. Өткен күндердің көрінісі: халықты зорлап ұжымдастырудың арты жаппай аштыққа ұрындырғаны, еріксіз ел-жұртынан айрылып, сергелдеңге түсуі, саяси қуғын-сүргін салдарынан ұлтының текті тұлғаларынан көз жазып қалуы сияқты қазақ баласы басынан кешірген сүргіндер шығармада шынайы көрініс тапқан.
Сондай-ақ, осы романда тіліміздің шұбарланғандығы, ұлттық дәстүр-салтымыздан айдың күні аманда айрылып, болмыс-тегіміздің бұзылғандығын жетемізге жеткізіп баққан. Бақталастық, рушылдық, билікқұмарлық сынды мерез мінез-қылыққа бой алдырған қазақ қоғамының бүгінгі тіршілігі жайындағы қынжылыс та қаламгердің ұлт қамын ойлап, уайым шегіп жүргендігінің айғағы әрі бәрімізге сабақ болатын, ойланатын мәнді мәселе. Қысқасы, тәуелсіздік алмай тұрған қысылтаяң кездері жарық көрген шығармада бүгінгі күннің толғақты мәселелері қозғалған.
Біз білетін Қалихан – санасы сәулелі сезімге толы, жүрегі жақсылыққа ынтық, жаны қайырымдылыққа құштар, тілі шұрайлы да шуақты, қиялы қанатты, көкірек көзі көреген, адамның жан сарайындағы сыр сандығының құпиясын ашып көрсетуге асық та шебер жазушы. Қаламгердің қай шығармасын оқысаң да тірі кейіпкерлерімен тілдесе кетесің. Ал Алтай табиғатының жанды суреттері ол аймаққа ат басын тіремей-ақ, баяғыдан білетін, көрген, жүрген жерің сияқты қабылданары да ғажап емес пе?! Сөзбен суреттеудің әсерлілігі мен нанымдылығы, құдіреттілігі осы ғой!
Жазушы Қалиханның қай шығармасы болмасын көсем сөз бен көркем ойдың үздік үлгісі десек, әсте қателеспейміз. Әзіз жүрегі нұрлы, сара сапалы жазушының алуан сырлы хикаят-романдары арқылы ойлы оқырмандары жан жылуына шомылып, көңіл-күйлері көтеріліп, сезімдері серпіліп, бірде жадырап, бірде жабырқап, адами өмірдің ғұмырлық ғибратын алары аян.
Қарымды қаламгер ұлтының ұлы дүрбелеңдер кезінде қайғы-қасірет шеккен шырғалаң тағдырын өз шығармаларында өмірі өшпестей тарихқа таңбалап кетті. Иә, Қалағаң тарихшы болмаса да таңды таңға ұластырып, ел мен жердің шежіресін шерткенде осыншама білім-білігінің тереңдігі таңдай қақтыратыны жеті жұртқа мәлім. Қалағаңның жаратылысы мен жазушылығының бұл да ерекше қасиеті. Жалпы, ол ділмарлыққа салынып, сұлу сөзді оңды-солды суша сапыра беруден аулақ. Жазушы әр сөзін, айтар ойының мәні мен мақсатын үйлестіре, орайластыра, орнымен қолдану шеберлігін шыңдаған шынайы талант. Сөздері сырлы, тұшымды, тұздықты болған соң тартымды. Ал тіл тартымдылығы, сөз кестелілігі ойының ұрымтал ұшқырлығымен астасып жататындығынан болса керек. Әлгі қазақта қара сөзге дес бермеген деген лепес – қалыпты қағида осы Қалихан сынды хас таланттарға қарата айтылса керек.
Жазушы Қалиханның өзге әріптестерінен өзгешелігі – оның табиғат суреттері мен адамдардың образ-бейнелерін сомдауда ешкімге ұқсамайтындығы. Жазушы аңғарған сырды кейіпкерлердің өз ауыздарынан естігендей болып іштей иланамыз, күлеміз, қуанамыз, әсерленеміз. Сөйте тұра, түрлі ойға батамыз. Заман, қоғам, өмір туралы толғанысқа берілеміз. Оның шығармашылық деңгейін өрелі биікке көтеріп тұрған табиғи таланты деп түйін түйеміз.
Бір кереметі – Қалиханның қай кітабын оқысаң да, Алтайдың асқар шыңдарын қиялай өрмелеп өскен шырша, қарағай, қайың, самырсынның бұрқыраған жұпар иісі танауыңды қытықтай жөнелетіні бар. Ал кейіпкерлерінің болмыс-тұрқы тірі кісідей көз алдыңа тұра қалады.
Кіндігі кесілген төр Алтайын ардақ тұтқан ағамыз Алты Алаштың атамекені болған алтын аймақтың жыршысы болғаны бәрімізге аян. Бір таңғаларлығы: Қалиханның онжылдықты аяқтай сала Алматыға аттанып, ұзақ жылдар туған жеріне ат басын бұрмағаны. Солай бола тұра, күллі көркем шығармалары асқар Алтайдың ажарын, оның қарапайым адамдарының қилы тарихы мен тағдырын жырлауға арналуы ғажап қой. Бала кезінде көзі көріп, көңіліне ұялаған баба таудың тұма табиғатының сырлы суреттері жадында қалай жатталып қалғанына, осы өңірдің өткен-кеткен замандардағы естіген уақиғалары ұмытылмай есінде қалай сақталғанына таңданбасқа не шара?!
Қалихан ағамыздың соңғы шығармасы «Ана тілі» баспасынан шыққан көптомдық естеліктері. Ол бас алдырмай оқылатын қызықты да тартымды, тәлімді де тұшымды туынды. Ол естелікті жаңаша жазудың үлгісі. Осы көптомдыққа арнайы редактор болу бақытына ие болдым.Оның қазақ қауымының бірсыпыра текті тұлғаларын: ақын-жазушылары, өнер саңлақтары, ел азаматтары жайлы тамылжыта толғап, ел-жұртына өнер мен өмірге сіңірген ерен еңбектеріне қоса жеке бастарының қадыр-қасиетін жарқырата жазып, кісіліктері мен парасаттылықтарына бас идіріп, өмірлік өнеге алуға тұрарлық болмыс-бітімін келістіре кестелеуі жан сүйсінтеді. Жазушының аға ұрпақ, замандастары мен інілері туралы толғаныстары, сырласуы мен сыйласуы жайындағы жазбалары адамдықтың, адалдықтың көрігінде шыңдалған шындық. Қызғаныш, іштарлық, бұра сөйлеу сынды ағат мінездерден ада ағамыз өз кейіпкерлерінің бойындағы ар тазалығы мен жан тазалығын алабөтен ардақ тұтып жазуы оның тал бойындағы киелі қасиеті.
Айта берсек, Қалағаң шығармашылығының қыры мен сыры туралы әңгіме әсте таусыла қоймас. Қаламгердің төл шығармаларынан тысқары, тәржімалық талантын айғақтайтын дәлел: Бунин, Куприн, Тургенев, Толстой сынды өзімен жазушылық мәнері ұқсас орыс классиктерін төл өрнегімен төгілдіре аударғаны – қазақ әдебиетінің қазынасын толықтырған дүрия дүниелер.
Айтпақшы, Алтайын анасындай аялаған да саялаған саңлақ жазушының атамекенінің адал перзенті екенін іс жүзінде дәлелдеген Қатонқарағай ауданының аумағындағы атақты мемлекеттік ұлттық парктің ашылуына аянбай атсалысқан азаматтығы.
Көзі тірісінде мадаққа мастанып, марапатқа кенелген талайлардың талқаны таусыла сала есімдері ел есінен ұмытылып жатқанын білеміз. Сондықтан қасымызда жүргенде бағаланбады деп байбалам салып, өкпе-назды қоздыра беру бекершілік. Өйткені, өнер адамдарының өмірін жалғастыратын, атын ардақтататын артында қалған мұрасының құндылығы, яғни туматаланттылығы. Ал жазушылық шеберлігі қайталанбас қарымды да дарынды Қалекеңнің кітаптары арқылы мың жасайтыны күмәнсіз. Жазушы Қалихан Ысқақтың қазақ әдебиетіндегі шығармашылық қасқа жолы кейінгі өнерлі жастар үшін адастырмас арман жолы болып, асқақ рухымен жебей де жетелей жүретіндігі жанға медет.
Қуанышбай ҚҰРМАНҒАЛИ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.