«АР ҚАЙДА?» – ДЕП АЙНАЛАМНАН СҰРАҒАМ…
28.06.2019
1165
1

Абзал БӨКЕН,
Халықаралық «Алаш» әдеби
сыйлығының иегері

ЛАКМУС

Қазақ пен Жер
Ажырамас қос ұғым –
Сәннен шығып қалғандай-ау осы күн.
Табанының астындағы тірегін
Тәрк етуге дайындардан шошыдым.

Бабам оны байсын етіп қуаңнан,
Бір бұтасы екеу болса қуанған.
Хақ-тыныста сүйегімен тыңайтып,
Қатты ұрыста қаныменен суарған.

Шебін қорғап қалғитұғын үстінде ер,
Шерілерін шет көрмеген ұстынды ел.
«Бүгін оны сатам», – дейді,
Санасы
киеге емес, жүйеге құл міскіндер.

Байтақ дала…
Байтағы жоқ көрші ана, –
дейтін шығар, – керегі не соншама?
Қазақ – қазақ даласымен,
Далаңыз
қазақсыз-ақ, мүмкін, дала болса да.

Астық азы, айлық азы, ақ азы –
жерден екен, ұға ма оны сабазы?!
Жау кім, дос кім?
Жаңылыспай жоритын
қазақ жері – лакмустың қағазы.

ЖЫР-БӨЛМЕ

«Жау», – десең де, жатып алған іргемде,
Бәйбішеміз байыпты жан білгенге.
«Жыр жазатын орының», – деп,
Жасаулап,
«жалға» берді үй ішінен бір бөлме.

Алаңым жоқ – не ішемін, не жеймін,
Ақшасы аз, ауқаты мол кедеймін.
Бір қиыны – «жалдап» алған жайыма
Теңге емес,
Өлең жазып төлеймін.

Жыр төгілтсем, том кітапқа тығындар,
«Талант емес, талап көп», – деп ұғыңдар.
Жазбай қойсам,
Жазығы бар балықтай
жағажайға шығып қалар түрім бар.

О, Тәңірім!
Шабытыма шыр берген,
Жорғасынан жаңылмасын жыр-бөлмем.
Төлем үшін шығарушы ед,
Бөлмеден
өлең үшін шығарғанды кім көрген?!

Есті сөзбен бола алмасам етене,
Шып-шып терден шыбық тиер шекеме.
Жалдау құнын жырмен алар,
Біздің үй – жалғандағы екен жалғыз «мекеме».

ЛИНГВИСТИКА

Тілім тозды.
Тозғаны оның қырға азап,
Не тындырам өнбес істі құр қажап.
«Қанша», – деген қолайына сөз жақпай,
«Қаншау», – деген сөз шығарды бұл қазақ.

Замананың тура тисе өкпегі,
Тілің түгіл, күнің суыр көктегі.
«Қандырғанын құлағымның құрышын»,
«Құлағымның құрыш етін жеп», – деді.

Қозыдайын толтыратын көгенді,
Тура сөздің туабітті тегі өлді.
«Тауанымыз қайтты», – деудің орнына,
Тауып алды «тауын шақты», – дегенді.

Емес әсте бере салған кеңес құр,
Ескірсеңіз, тіл заңымен тең ескір.
«Әлуетті» дейтін болдық «әлеует»,
Қас қазақы дыбысталу емес бұл.

Тыңдау үшін жетпейтіндей құла таң,
Түйткілдерді тізе берсем, шұбатам.
Бір бауырым берсем-дағы бір атан,
Қояр емес деп айтуын «братан».

Сөз – құдірет, сөз – қасиет.
Ал, шырақ,
қасиетін кеміткенге бар сұрақ.
«Қызыл шұнақ аяз», – дейтін,
Қызығы –
Қызыл емес, болып шықты «сарышұнақ».

Қара қоға көлегейлеп борықты,
Қайран көңіл түзете алмай торықты.
Ең дұрысы еді «тістеп-тірнектеу»,
Ендігілер «тырнақтайтын» болыпты.

Тілдің майын еміп өскен ел еді,
Кеңес қалды Күлтөбеде келелі.
«Барсай», – дейтін, «келсей», – дейтін бауырға,
Мұндайыңды «қойсай», – дегім келеді.

Шалағайлық шашымнан да көп, сірә,
Мен бықсыдым, сен де енді қоқсыма.
Бұзушы көп, түзеуші аз.
Көп жақтан
жебе тиді көбе киген топшыма.

ҚАРІП

Болған соң басыбайлы жазуым жоқ,
Бағзыға бата бермес азуым көп.
Орхон деп, Енисей деп ентіккенмен,
Қалды ол жазу болмай,
қазуым боп.

Қалды ол жартас бетте,
Жар астында.
Қалды ол қатқақ қыр мен
Қар астында.
Арасын араб, кирилл, латыныңның
адақтап көп адасты Алаш-тұлға.

Арманын алыс күннің анық берген,
Қайда сол сына жазу қалыпқа енген?
Гүржі мен армиян-ай,
Төл жазуын
теңселтпей осы күнге алып келген.

Жұртыма деп ұғынған дала құжат,
Бастапқы болғаны ма сабағы жат?
Тасынан қына «жазу» таймағанмен,
Басынан сына-жазу барады ұзап.

Әркімнің әлібіне телмеңдеген,
Несіне жұқсыздықты елден көрем?
Малға ен,
Тасқа таңба салғаныммен,
Қаламға қырсыз болған шерменде – мен.

Тағдыры аянышты, обал әрі,
Тілімнің қорыс тұтқан тоғаны, әне.
Латыннан қарып қалған.
Қарып та жоқ
қазақтан өзі кетсе, не қалады?!…

(Толық нұсқасын газеттің №26 (3660) санынан оқи аласыздар)

ПІКІРЛЕР1
Нақыпбек Сәдуақасов 29.06.2019 | 15:20

Жарайсың Абзал бауырым! -Шындықтың аңырап тұр-ау жанайқайы,/ Жетесіне жетпес-ау, жүргендерге қайқайып./ Абай тілі қор болды міні қазір,/ Мәнгүрт болып кеткендерге тайқайып.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір