Тығырықтан шығу және алпысыншы жылдар
26.06.2019
900
0

(Басы өткен сандарда)

Темірхан МЕДЕТБЕК

(«Қайран өмір» ғұмырнамалық кітабынан)

Алаңсыз сабаққа кірістік. Адамның азамат болып қалыптасуына студенттік өмірдің ықпалы, әсері мол болса керек. Әсіресе, ұстазың білімді, қатар оқыған жігіттеріңнің бәрі болмаса да, жақын жүретіндердің екі-үшеуі зерделі болса. Сонан кейін қала, қаладағы мәдени орындар, түрлі кездесулер мен кештер, театр, операларға бару, тіпті қыдырудың да берері аз болмаса керек.

Ұстаз дегенде Мәлік ағаны біршама айтып өттім ғой, олай болса, Қажым Жұмалиев туралы да бірер сөз айтпасам, өзіме ыңғайсыз болар еді. Жалтыр бас, тапал бойлы, дауысы, әсілі темекіден болса керек, қарлығып, құмығып естіледі. Әдебиет теориясынан сабақ береді. Теория болғаннан кейін кілең бір шарттар мен ережелерден тұру керек қой. Алдында солай ойлағанбыз. Әлі күнге біреулер дүниені шарт пен ережеге бағындырып сөйлейді. Бейне бір шарт пен ережеден дүние жаралған сияқты. Шарттар мен ережелерің алдымен сол дүниенің құрылымнан пайда болғанын естен шығарып алады. Табиғи болмысы солай.
Қажекең теорияны аса кең ауқымда, әртүрлі материалдарды, өлеңдер мен поэмалар болсын, барынша қамтып, алдымен сол объектінің ішкі дүниесі мен табиғатына сүңгіп түсіндіретін. Анық шабыттанып кеткен кезінде Махамбеттің өлеңдерін бірінен соң бірін айтып, Ілиястың дастандарын жатқа соғып, төгіп-төгіп жіберетін…
Кейде өз замандастарының басынан өткен және өзі туралы хикаяларды әңгімелеп кететін. Лекциясы сондай мәнді, мазмұнды өтетін. Егер сондай бір шабыттанып сөйлеп тұрғанда біреу аудиторияның есігін ашып, қайтадан тарс еткізіп жапса, онда бітті! Қажекең есікке қарай: «Ешкі, ешкі», – деп тұра жүгіретін. Сонан кейін-ақ лекцияның мәні кететін. «Казбектен» бір дана папиросын алып, оның қуыс түтігіне мақта тығып, тұтатып, көк бурыл түтінді бұрқ еткізіп шығарғанша өз-өзіне келе алмайтын. Тұла бойында тұтас бір діріл пайда болатын. Біз сілтідей тынып отырамыз. Бұл бірақ сирек болатын жағдай. Не болғанда да ол кісінің лекциясынан мол мағлұмат, зор әсер алып шығатынымыз рас еді.
Тағы бір ойда қалатын ұстаз Кәрібаев деген доцент болды. Өкінішке қарай есімін ұмытыппын. Сәл еңкіштеу, шашы аппақ қудай, байсалды, байыпты кісі еді. Әдебиетті, тіпті әлемдік әдебиетті терең білетін кісі болатын. Солай бола тұра ғылыми атағы жоқ. Соған біз онша түсіне қоймайтынбыз. Сөйтсек, қуғын-сүргінге ұшыраған, қамауда болған адам екен. Біз, қатар отырған Әлиайдаров Әділхан екеуміз, әдебиет туралы, біз үшін көмескі мәселелер жөнінде сұрақтар қоятынбыз. Ол сұрақтардың бәріне, үлкен-кіші демей, егжей-тегжейлі жауап беретінді. Бара-бара Әділхан екеуімізбен анда-санда оңаша әңгімелесетін болды. «Бұл әңгімелерді басқаға айтпай-ақ қойыңдар. Тек сендердің әдебиетке деген ықыластарыңа риза боп айтып жатқаным ғой» деп ескертіп те қоятын. Бір-екі рет Мағжан туралы да айтты. Тек «Жаңғырық» деген өлеңінен екі-үш- ақ жолы ойымда қалыпты:
Одан да шықты жаңғырық,
Бұдан да шықты жаңғырық.
Қайдасың? – деді жаңғырық.
– Жүрмін, – дедім қаңғырып.
Әттеген-ай, сол кезде түртіп алмаған екенбіз. Өйтіп өкіне­тін себебім, қазіргі шығып жат­қан Мағжан кітаптарынан «Жаңғырық» деген өлең таппадым. Ғажап шығарма бүгінге жетпей жоқ болған.
Әрине, ұстаздарымыздың бәрі керемет болды деп айта алмаймын. Ала-құла. Тіпті, қазіргі заман тарихынан беретін, ұстаз деуге татымайтын, ғылым кандидатының былай деп соққаны бар: «Кешегі қан майданда Қасым Аманжолов окопта қаламына сүйеніп тұрып өліп кетті». Біз әр нәрсені бір тантыған сөзінің бәріне шыдасақ та, дәл бұл далбасаға шыдай алмастан: «Ағай-ау, ол кісі соғыстан оралып, кейіннен қайтыс болды ғой», – дейміз. Ол кісі тіпті де міз бақпастан: «Оны сендерге кім айтты?» – дейді. «Ешкім айтқан жоқ, оқыдық», – дейміз. «Сендер немене, оқығанның бәріне сене беретін бірінші кластың балаларысыңдар ма? Қане, лекцияны бұзбай тыныш отырыңдар. Әйтпесе, тыныш отырмайды деп деканатқа айтам». Осындай да надан мұғалімдер болды.

* * *

Студенттік кезең сыр­ғып өтіп жатты. Әупі­рімдеп жүріп екі рет әскер­ден қал­ғаннан кейін оқуға деген ынта-ықылас бұрын­ғыға қарағанда арта түсті.
Енді қарап отырсам, Алматыда өткен студенттік өмір басқа екен ғой, шіркін. Бүгін әне бір жерде әдеби немесе мәдени шара болып жатса, ертеңінде басқа бір жерде тағы да бір оқиға болып жатады. Студенттердің басқосулары, ондағы қызу таластар бар. Театрларда да екі күннің бірінде жаңа қойылымдар болып тұрады. Сол тұста кинотеатрларда да әлемнің үздік кинолары там-тұмдап болсын көрсетіле бастады. Қазіргі Ұлттық кітапхана, ол кезде Пушкин атындағы кітапхана дәл жанымызда. Әңірейген-әңірейген спорт залдары да «келсең, кел деп» сені күтіп тұр. Міне, осылардың бәріне үлгеруің керек. Осылардың бәріне баруың керек. Бір-екеуін жіберіп алдым деу, өмірден қалып қойғанмен бірдей.
Дүниені түлетіп, озық өзгерістерге толы болған алпысыншы жылдарға тап болған біздің студенттік өміріміз мәнді де мағыналы болды деуге әбден лайық. Шын мәніндегі жаңғыру, жаңару жылдары болды. Көкжиек кеңейді, жаңа өрістер ашылды. Әсіресе, курстас достарың еске түскенде қамығып әрі сағынып отырасың. Өйткені біразы о дүниелік болып кеткен. Жеңіс, Әділхан, Нұрлан, Қанатбек, Бердібек сияқты жігіттерді, Әлия, Несіпкүл, Қантай, Отаркүл, Тұрсынхан, Майко сияқты қыздарды қалай ұмытарсың! Қазір олардың үшеуі ғана Алматыда тұрады: Несіпкүл, Қантай, Тұрсынхан. Анда-санда кездескенде өткен-кеткенді айтып, бірде мәз болып, енді бірде арамыздан кеткен курстастарымызды еске алып, жабығып отырамыз…
Әрине, Жазушылар одағынан қол үзген жоқпын. Мезі етпейін деп анда-санда болсын барып тұрам. Ол кезде Қадыр ағаға көп сіңісе қоймадым. Жас кезіңде кім бауырына тартса, соған қарай икемделесің ғой. Мені Жұмекен ағам өзіне жақын тұтты. Бір күні бара қалып ем, Жүкең көңілді отыр екен. «О, Балабас, келдің бе», – деді маған. «Бұл кісінің Балабасы несі», – деп мүдіріп қалдым. Сөйтсем, Балабас деген Тайыр Жароков ағамыздың поэмасының кейіпкері екен. Мені қасына ертіп, сыртқа бастады. Жақын маңдағы бір асханаға кіріп, тамақ, айран алып берді. Қарным ашыңқырап жүрген болуым керек, құнығыңқырап жедім ғой деймін. Соны байқады ма, қайдам, қалтама бірер сом салып жіберді. «Аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді» деген ғой. Солай бола тұра, еңсемді салып жіберіп, тамақ жегенім есіме түссе, әлі күнге ыңғайсызданып қалам…
Әбіш ағаға да барып тұрдым. Барған кезімде, қолы бостау болса, ол кісі арғы-бергі әлемдік деңгейдегі жазушылар мен олардың шығармаларын аударып, төңкере айтып, сонан кейін поэзияға ауысып менің өлеңдерімдегі кейбір кемшіліктерге тоқтап, тек қазақ пен орыс поэзиясын ғана емес, әлемдік поэзияға да ден қою керектігіне тоқталатын. «Сонда ғана дүниетанымың өседі, тақырып аяң кеңиді, жаңашыл бағытқа түсесің», – деп кеңес беретін, қандай кітаптар оқу керектігін айтатын. Бодлер, Лорка, Верхарн, т.б. маған аты тосын, алыстан естілетін есімдерді атайтын. Жатақханаға келген бойда Әділхан екеуміз жүгіріп кітапханаға барамыз. Әрі оқимыз, бері оқимыз, бірақ тіс батпайды. Жөнді түсінбейміз…
…Есейгеннен соң сол Бодлер, Лорка мен Верхарн менің ең сүйікті ақындарыма айналды. Әсіресе, Бодлер мен Верхарнның табиғаты жақын болып шықты. Еркін жазады, бостан сөйлейді. Сөздерінен ыза мен намыстың ызғары мен ызбары есіп тұрады. Мен олардың біраз өлеңдерін аудардым. Әттең, бәрін аудара алмадым. Бір үзіліп қалса, қайтадан қалыпқа келу қиын болады екен. Қайтадан ішіне кіруге де болар еді, бірақ әртүрлі жұмыстар киіп кете берді де, ақыры одан мүлде қол үзіп қалдым…
Өзгелерден жүріс-тұрысы да, сөйлеу мәнері де ерек, кең маңдайлы, торсық шекелі, шалқасынан қайырылған толқынды бұйра шашты, бір сөзбен айтқанда, ғұлама кейіптегі ол – салқар білім иесі еді. Енді қарап отырсам, Әбіш ағамның сол кезде, бар болғаны, 26-27 жастағы жігіт шағы екен-ау…
Алпысыншы жылдар, әсіресе әдебиетіміздің өсіп-өркендеуіне орасан үлес қосты. Ал әдебиеттің өсуі барлық руханият дүниесіне үлкен ықпал етеді екен. Киностудияда да, театрларда да, суретші шеберханаларында да, тіпті музыкада да ұлы үдеріс, ұлы дүбір пайда болды. Кеңес Одағы тұсында ұлт рухын дәл алпысыншы жылдардағыдай көтерген кезең болған емес!
Қазір бір тежеу, іркіліс бар ма деп қалам. Алпысыншы жылдардағыдай тағы бір ұлы дүбіліс, ұлы сілкініс керек сияқты. Сол сілкініс басталып кетсе, иә, сәт деп қол соққым келеді. Бейнебір, ол сілкіністі дүниеге келтірер сұрапыл бір қуат лек-легімен шыға келетіндей. Ішімдегі бір түйсік, соны сезетіндей. Иә, Құдай, өзің жар бола көр!.. Әдебиетіміз әлемдік деңгейде сөйлеп тұрса, одан басқа не бақыт керек.
Қазіргі кезде аузымызға түсетін ақын-жазушылардың ең үздіктері, негізінен сол алпысыншы жылдардағы тұлғалар, уақыттың өзі толғатып дүниеге келтірген рухани Алыптар! Сондықтан мен сол рухани Алыптардың ортасында болғаныма бүгінгі таңда мың да бір шүкіршілік етем!

(Жалғасы бар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір