БІЗГЕ ТӨҢКЕРІС ЕМЕС, ЖАСАМПАЗДЫҚ ҚАЖЕТ
26.06.2019
520
1

Көліктегі көлденең әңгіме

Таяуда, 9 маусымда өткен сайлаудың қарсаңында, шағын бір жолаушылар көлігіне аяқ арттым. Маршруттық көлік. Терезе тұсындағы орынға отыра бергенім сол еді, артымдағы орындыққа іле бір кісі жайғасты. Таныс қаламгердің бірі екен. Амандасты.
– Бәке, алдағы маусымның 9-ы күні президенттік сайлауда кімге дауыс бересіз? – деді ол.
Мен:
– Әрине, Қасым-Жомарт Тоқаевқа! – дедім. – Әлде үміткерлер ішінде одан да басқа лайықты біреу бар ма?
– Бұл сөзіңізге, негізінен, қосыламын. Десек те, халық Тәуелсіздік қолға тигелі түйіні тарқамай келе жатқан әлеуметтік мәселелерден жалығып кетті, – деді ол. – «Қазақ жалқау емес, ешбір жұрттан кем емес», – десек, алапасы асқан араб елдеріндей өмір сүретін кезіміз болған жоқ па? Ендеше өз басым оппозициядан додаға түсіп отырған жалғыз кандидат – Әміржан Қосановқа дауыс беремін…

Сол-ақ екен, көлікке мінген өзге де оншақты адамның біразы оны қолдап гулеп ала жөнелді.
Мен мына сөзге еріксіз ойланып қалдым да, жас-кәрісі аралас көліктестеріммен біраз дауласып, олардың көзін шындыққа жеткізуге тырыстым. Көліктегілердің бәрін сөзіме толық иландырып, жеңдім демесем де, белсенді үш-төртеуін уәжден ұтқаныма қанағаттандым.
Осы тіл қатысуымызды қысқаша алға тартсам, сұхбат былай өрбіді:
– Сіздер Қасым-Жомарт Кемелұлын білесіздер ме?
– Білеміз, білеміз, – десті олар. – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі болған… Күні кешеге дейін еліміздегі екінші билік иесі – Сенат Төрағасы болды…
– Мақұл. Ол кісі турасында едәуір хабардар екенсіздер… Бірақ, ол қандай адам, әлгі үлкен қызметтерде не істеді? Не бітірді? Тәуелсіздігіміздің нығаюына қандай үлес қосты? Халқымыз: «Адамды сөзіне емес, ісіне қарап таны», – дейді. Сондықтан Қасым-Жомарт Кемелұлын қам-қарекетіне қарап бағаламайсыздар ма?
Шағын көліктегі жұрт үнсіз қалды. Демек, бұлар Қасым-Жомарт Тоқаевты онша жақсы білмейтін болса керек…
– Ал, бауырлар, білмесеңіздер, ол адамға қалайша көңілдеріңіз толмайды? Тоқаевқа тағар қандай кінәларыңыз бар?
– Билік партиясынан президенттікке түсіп отыр. Біз бүгінгі билікке сенбейміз. Көпшілік жұрттың кембағалдығына, жастардың жұмыссыздығына, көпбалалы аналардың үйсіз-күйсіз жүруіне солар кінәлі.
– Ау, ағайын! Айтқандарыңыздың жаны бар. Алайда өз хұқымызды қорғай білмейтін өзіміз де жауапты емеспіз бе осы халімізге?.. Кейбіреулеріңіз кешегі Совет өкіметін көрдіңіздер. Бізді Тәуелсіздікке жеткізген – сол қоғамда өмір сүре жүріп, шындықты жария­лап, көзімізді ашқан, көңілімізді оятқан Ахмет Байтұрсынұлы, Тұрар Рысқұлов, Мұхтар Әуезов, Өзбекәлі Жәнібеков, Ілияс Есенберлин секілді қалам және қоғам қайраткерлері емес пе? 1986 жылы Желтоқсанда көтеріліске шыққан жастар осынау Алаш арыстарының ойлы сөздерін оқып, отты істерін көріп, рухы серпілген жастар емес пе еді? Демек, 1928 жылы қазақ байларының мал-мүлкін жөнсіз тәркілеп, ғасырлар бойы қалыптасқан шаруашылығымызды шайқалтқан, 1932-1933 жылдары алапат ашаршылықты қолдан жасап, қазақты қынадай қырған, 1937-1938 жылдары елдің ер ұлдарын түгелге жуық атып-асқан қызыл коммунистік жүйе, қандыбалақ Голощекиндей, қорқақ Құрамысовтай бишікештер үшін әлгіндей арыстарымызды, алып абыздарымызды тарих күресініне лақтырып тас­таймыз ба?
– Жоқ, тастамаймыз.
– Ендеше, ағайындар, бүгінгі билікте жүргендерге де біліп барып баға берейік, сырттан тон пішпейік. Ондағы ірі ұрылар үшін, түрлі қарылар үшін ұлыларымызды, елі үшін еселі еңбек етіп келе жатқан жүрегі жылыларымызды қоса құрбандыққа шалмайық. Тоқаевтың талайдан бері жоғары билікте жүргені рас. Бірақ ол – адал азамат, ешқандай былыққа былғанбаған, таза адам. Осыған сенесіздер ме?
– Иә, сенеміз. Жаманатын естіген емеспіз.
– Бұл сөздеріңізге рақмет. Бәзбіреулер сияқты байыймын десе, кейбір облыс әкімдеріндей әрбір орын-мансап үшін пара алса, қолынан келмеді ме оның? Келді, әрине. Бірақ әңгіме – арамнан ас ішпейтін адалдықта, дүниеге құл болмауда, адамгершілік қанағатта, тектілікте…
– Дұрыс, мұның өзі – жер басқан адам баласы үшін басты қасиет қой.
– Мұны мойындасаңыздар, мына өмірде кім-кім де Құдай берген қабілетіне, алған мамандығына, білім-білігіне сай, жан-жүрек қуатына сәйкес өмірден өз орнын тауып, қолынан келетін ісімен айналысуы керек екеніне келісерсіздер.
Осы кезде көлік маған қажетті аялдамаға жетті де, мен сапарластарыма сайлауда сәттілік тілеп, түсіп қалдым.

ҒАЛАМТОР МА, ҒАЛАМСОР МА?

Президенттің студент кезі

Міне, осы бір оқиға менің Қасым-Жомарт Кемелұлы туралы арнайы мақала жазуыма итермеледі. Әрине, аңдап қарасақ, шағын автобустағы соққан «жел» түк те емес. Алайда нағыз дауыл интернет әлемінде, яғни ғаламторда жүріп жатқан жоқ па? Мыңдаған, тіпті жүз мыңдаған адам көріп-біліп, оқып-естіп жатқан алуан айғақ-мысалдар, факт-деректер, неше түрлі зор жиынға, тіпті, төңкеріске шақырған ұран-сөздер қалың қауымды адастыруы ғажап емес. Өйткені, кеңбайтақ ғаламтор әлемі – адал мен арам да, шын білімді мен қас надан да, әділдікті жалаулатушы мен желкеміздің қиылуын қалайтын арандатушы да қым-қуыт араласып, қайнап жатқан әлем. Бәлкім, «Ғаламтор» деп жүргеніміз Ғаламсор шығар. Ғаламтордағы ақпараттарды сабырмен, салқын ақылмен салыстыра отырып ақтарсаң ғана қым-қуыт жайттардың адаспай мәнін түсінесің, дәнін табасың. Ал біздей таңдайы қайқы, маңдайы тайқы елге ешқандай қантөгіс те, жансөгіс те қажет емес. Сондықтан да кешегі өткен сайлаудың мемлекетіміздің бүгіні үшін ғана емес, болашағы үшін де, яғни халқымыз ғасырлар бойы аңсап, қаны мен терін қатар төгіп жүріп жеткен Тәуелсіздігіміздің тағдыры үшін де шешуші өткел, аса маңызды Оқиға екендігін бүгін болмаса, ертең түсінетін боламыз. Не жасыратыны бар, бұл сайлаудан кейін біздің тыныс-тіршілігімізде Жаңа Кезең басталуы мүмкін. Халық осыны күтіп отыр.

«МОНША ДИПЛОМАТИЯСЫ»

Алаш арыстары: «Халыққа қызмет ету – мінезден», – деп кетті. Ал шын текті мінез ұлтты сүюден көрінеді. Бәріміз білеміз, Тоқаев – Тәуелсіз мемлекетіміздің сыртқы істер қызметінде көш бастаған тұлға. Елдік тарихымызда бұрын болмаған, тыңнан басталған істің, әрине қиындығы өте көп болады. Өзіміздің үкіметіміз, министрлеріміз әлі күнге дейін қолынан келсе, қонышынан басып, халыққа биіктен қарап, асып-тасып, надан екендіктерін қыңбай әйгілеп, тайраңдап жүрсе, сыртқы саясат та барлық іс, сөз-хаттама, қарекет-шешім ұстараның жүзінде жүргендей біліктілікті, әрбір жаңа шаруа-шарада қыл көпірден құламай өтуді талап ететін майталмандықты қажетсінеді. Оның үстіне Тәуелсіздіктің әр кезеңі мен әр елдің ұлттық-ұлыстық менталитетінің де өз ерекшелігі бар. Халыққа осыны сәл-пәл аңғарту үшін Қ.К.Тоқаевтың «Беласу» кітабынан бір-екі үзінді-мысал да келтіре кеткенді жөн көрдім.
«Әлі есімде, 1993 жылы Сыртқы істер министрлігінен Ресейдің жаңа Премьер-министрі В.Черномырдиннің Алматыға келуін ұйымдастыруға жедел тапсырма алдым, – деп жазады дипломат Тоқаев. – Біз халықаралық протокол тәжірибесінде қабылданғандай етіп жасауға тырыстық. Ресей Премьерін жоғары шетелдік қонақ ретінде қабылдамақ болдық. Ол кезде сыртқы саясат мекемесінің іс-қимылын бәрі бірдей мақұлдай қоймайтын. «Әуре болудың қажеті қанша, «өзіміздің адам ретінде» қабылдаймыз», – десті. Айта кету керек, В.Черномырдиннің өзі де мұндай қабылдауға әзір болмай шықты. Жоғары шетелдік қонақты қошеметтеу үшін ұшақтың бортына көтерілген Сыртқы істер министрлігінің хаттамасына ол: «Істеген істерін-ай! Қазақстан енді – шетел», – деді».
Бұл ескі әдеттен қол үзе алмау В.Черно­мырдиннің Қазақстанды өзімсінуі немесе оның дербестігін әлі де мойындай алмауы ғана емес, дипломатияның жаңа үрдісін қалыптастырудағы сынақ та еді.
«Қазақстанда дипломатия туралы және жоғары саяси деңгейдегі бейресми араласу жөніндегі түсініктер әлі де бұлдырлау қалыптаса бастаған 90-шы жылдардың басында АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Д.Бейкер Қазақстанға келгенде оны саунаға шақырады, – деп жалғастырады Тоқаев аталған кітаптағы естелігінде, – онда олар Қазақстанның мемлекеттердің әлемдік қауымдастығына кіру шарттарын әңгіменің өзегі еткен. Араласудың мұндай түрінің американ дипломатына ұнағаны соншалық, ол кейіннен өзінің үлкен естелік кітабында бұған арнайы тарау арнапты да, ол тарауды «Монша дипломатиясы» деп атапты. Д.Бейкер американ дипломатиясының тарихында бірінші рет өзінің маңызды кездесуі туралы құпия мәлімдемені өз бағыныштыларына тырдай жалаңаш, қолына сыпырғы ұстап отырып жаздырғанын еске алады. Бұл қоғамның бір санадан екінші санаға өтуіндегі жаңа болмыс, мақсат пен мүддеге жетудің өзгеше жолы шығар. Ең бастысы – осындай оқиғаларды дипломатиялық қитұрқысыз, адал, ашық айтып жатудың өзінде де бір адалдық бар ғой…»
Міне, осындай өткелек-сынақтардан өтіп, шыныққан қазақтың сыртқы саясаты, дипломатиясы – қазіргі уақытта кемеліне келген, құшағын кеңге жайған дипломатия. Төрткүл әлемдегі ірі елдердің түгелімен тіл табысу шын пейілді саяси-экономикалық қарым-қатынас жасасып, екі жақты тиімді сауданы өрістету, әсіресе, АҚШ, Қытай, Ресей, Жапония сияқты алпауыт мемлекеттермен ашық қарым-қатынастардың орнауы – айрықша атап айтарлық жеңістеріміз болып табылады.

«АРАНДАРЫҢДЫ АШҚАНДАРЫҢДЫ ҚОЙЫҢДАР!»

Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет басына аса жауапты уақыт, дағдарыстан дамуға бет бұрған өтпелі кезеңде – 1990 жылдар аяғында келіпті. Өмірде аса мәдениетті, сыпайы да сабырлы, сырбаз адам болғанымен, ол атқарушы биліктің мүшелерінен нәтижелі нақты іс-әрекет талап етіп, қатаңдық көрсетті. Облыс әкімдері мен министрлерді сөзіне қарап емес, ісіне қарап бағалады. Ел экономикасының еңсесін тіктеп, ілгері бастыру, халық тұрмысын түзеу, халыққа қызмет ету – басты мақсат пен міндетіміз деп ұқты. Бұл реттегі оның басты ұстанымы: Сабақтастық, Әділдік, Өрлеу болып табылды десек жаңылыспаймыз. Біздің осы айтқандарымызды Премьер-министр кезіндегі барлық іс-әрекетіне қоса 1999 жылғы қараша айы басында қарамағындағыларға қатты ескерткен мынадай сөздері де дәйектей түседі деп ойлаймыз. Сөзімізді экс-министр, марқұм Серік Бүркітбаевқа айтқанынан бастайық: «Қарызын төлемеді» дегенді сылтауратып, адамдарды бес тәулік бойы әуежайға қамап қойғаның қалай? Олардың ішінде жас балалар да болды ғой. Егер солардың ішінде сіздің балаңыз болса, «Мерседес» жіберіп алдырып алар едіңіз»;
«Жергілікі мекемелермен өзара іс-қимылға көшу керек. Егер шалғайдағы ауданда жарық пен жылу болмаса, онда Үкіметтің барынан жоғы жақсы»; «…Жасырын банкет өткізгенді тоқтатыңдар. Халықтың қырық көзі бар, бәрін көріп отыр»;
«Ең алдымен адамдар туралы ойлаңдар. Бұл – қызыл сөз емес. Өздеріңді биік ұстағанды қойыңдар. Ерекшеленбеңдер адамдардың арасында, істеріңмен ерекшеленіңдер»;
«Арандарыңды ашқандарыңды енді қойыңдар. «Құдайға шүкір» дейтін кездерің келді. Бала-шағаларың риза шығар»;
«Біз жалақы, зейнетақы, жәрдемақы жөніндегі қарыздарымыздан жылдың аяғына дейін құтылуға барынша тырысуымыз керек. Тұрмыстық тұрғыдан келгенде де адам жаңа жылға қарыздан құтылып барады ғой. Әрине, мұнымыз – өте қиын міндет. Бірақ үлкен мақсат қоймасақ, шаруамыз мандымайды».
Тегінде, бала кезінде-ақ есті, адал, жас кезінде-ақ ар-намысты, әділ болған адам есейгенде, үлкен билік немесе мол байлыққа қол жеткізгенде де азаматтық болмысынан айнымайды. Оның текті, иманды мәдениеттілігі – бекзат болмыс-кісілігі «қолдың кірі» – байлыққа, халыққа қызметтің бірі – билікке бола өзгеруге, құбылуға, төмендеуге жібермейді.
Қасым-Жомарт Кемелұлы – ұлттық салт-дәстүрге тамыр жіберіп жетілсе де, Батыстың озық адамгершілік, іскерлік қасиеттерін бойына сіңірген, еуропалық деңгейдегі зиялы қазақ. Сондықтан да шығар, ол қымбат киімге де, асыл бұйымға да қызықпай, асыра мадақ пен асқар мансапқа да бірқалыпты қарайды, мәдениеттілігінен танбайды, бекзаттығынан адаспайды. Мәселен, 1990 жылдар мен 2000 жылдар басында қазаққа астамырақ болған, абайламасаң, арандататын «Караван» газетінің мына бір сұрағы тым қарапайым көрінгенмен, іс жүзінде Премьер-министрге құрылған бір қақпан екені байқалып-ақ тұр. Түпнұсқадан келтірсек: «Для вас имеет значение, как человек одет, как он выглядит?» Қ.Тоқаевтың жауабы: «Да, имеет значение, в том смысле, что человек должен быть аккуратным. Галстук должен быть неярким, костюм – однотонным, недорогим». Бұл уәжде Қасым-Жомарт Кемелұлының талғамы да жатқан шығар. Алайда, біздіңше, шынайы мәдениеттілігі, халықтан өзін биік ұстауды ұят санайтын бекзаттығы басым. Өйткені ол қаншалықты жақсы киінуді ұнатса да, басқалардан, бұқарадан бөлек, артық көрінуге қымсынады. Айтқаны – шыны ғана емес, сыры да болса керек.

СЕНАТТАН – БҰҰ-ҒА, БҰҰ-ДАН – СЕНАТҚА

Ол 2007 жылдың басында Сенат жетекшілігіне келді. Қасым-Жомарт Кемелұлының жаңа жұмыстағы алғашқы құтты қадамының бірі – Мемлекеттік тіл комиссиясын құруы еді. Тәуелсіз болсақ та, біздің еліміздің бір «ерекшелігі» – басқа мемлекеттерде мемлекетті құрушы ұлтқа тиесілі басы ашық, даусыз атрибуттарды сұрап, күресіп, талап етіп жүретіндігімізде. Мемлекеттің өзге тілде сөйлеп, мемлекеттік тілсіз өмір сүруі қаншалықты парадокс көрінсе де, бізде ащы шындық солай. Қ.К.Тоқаевтың азаматтығы (бәлкім, дипломаттығына қатысты артықшылығы десек те жарасар) – Президент айтпай, халық сұрамай-ақ, өзі біліп, бірден елдің осы қажеттілігін өтеуі. Сыртқы істер министрлігін басқарып жүрген уақытында да қазақ тіліне теңдік әперген ол Сенатқа келісімен де сондай қарекетке барды. Бұл үшін оны ұлт патриоты, Алаш Азаматы деп мақтап жату да бізге жөнсіздіктей сезіледі, өйткені, мемлекетке тән басты белгі-нышандар өзінен-өзі жүзеге асырылуға тиіс болғандықтан, Қ.Тоқаевтың мұндай қадамдарын тек мәдениеттілігі деп бағамдасақ, орынды деп білеміз.
Ал енді Сенат Төрағасы болып жүрген кездегі Тоқаевтың төл қайраткерлік қырлары – сараптаушылардың баға-байламдарына сүйенсек, біріншіден, «сенімді» кадрларын ілестіріп әкелмейтіні, команда ертпейтіні болса, екіншіден, жергілікті орындармен қоян-қолтық жұмысты жандандырып, халықпен жанды байланысты арттыруы, осыған орай, үшіншіден, депутаттардың белсенділігін күшейтіп, жемісті еңбек етуге жұмылдыруы деуге болады.
Ол Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі міндетін екі рет атқарғанындай, екі рет ҚР Сенатының Төрағасы болып сайланды. Жоғарғы палатаға жетекшілігі арасындағы үш жылдық үзіліс Қ.Тоқаевтың Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары, осы мәртебелі әлемдік ұйымның Женева бөлімшесінің Бас директоры болып қызмет істеуіне байланысты болды. Оның қазақ баласы, тіпті, Азия құрлығының өкілдері бұған дейін қол жеткізе алмаған ғаламдық маңызы зор лауазымды қызметті қалай атқарғанына қатысты бірер сөз айтпай кету жөн емес шығар. Тоқаевтың бұл қызметке құрметпен шақырылуына БҰҰ жұмыс тілінің төртеуін: ағылшын, қытай, француз, орыс тілдерін жетік білетіндігі және терең ақыл, биік парасат иесі екендігі, халықаралық аяда танылып, мойындалған зор білік-беделі, Батыс пен Шығыстың басын қоса алатындай зерделі мәмілегершілігі шешуші ықпал еткенін мойындауымыз қажет-ақ. Ендеше әлемдік деңгейде лайықты қайраткерлік танытып жүрген қазақ перзентінің мұндай мансапты абыроймен атқаруы өскелең уақыт талабынан табылу ғана емес, заманауи әділеттілік, тіпті табиғи заңдылық деп танысақ та қисынды. Жер жүзінің 118 мемлекетінің өкілінен түзілген, сан алуан тілдерде сөйлейтін Женева бөлімшесінің 1500 қызметкерін басқару, қазіргі ғалам бетпе-бет келіп отырған жаһандық толғақты мәселелер: адам құқықтарының сақталып-қорғалуы, қарусыздану мен қауіпсіздік, мемлекеттердің аумақтық тұтастығы, денсаулық пен аш-жалаңаштық, экология мен климаттың өзгеруіне дейінгі адамзатты қатты толғандырып отырған сауалдарды талқылап, сан қилы түйін-түйткілдерді тарқатып, әділ шешуге бағыттау жеңіл тірлік пе?! Ал, бұл планеталық шаруаны білікті атқару Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан келді.
Тіршіліктегі барлық қам-қарекетте сабақтастық керек екені белгілі. Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай: «Бүгін – кешенің баласы, келешектің әкесі». Әйгілі француз жазушысы Альбер Камю «Неміс досына хатында»: «…Менің Отаныма деген махаббатым әділеттілікке деген махаббаттан ажырамауы тиіс. Мен Отаныма кез келген ұлылықты тілемеймін, қан төгу мен жалғандықтан тұратын ұлылықты тілемеймін. Мен әділеттікке қызмет ете отырып, Отаныма қызмет жасағым келеді», – депті. Осы қасиет көбіміздің қолымыздан келіп жатыр ма? Билігімізде өз басына, отбасына әділдікке жету түгіл дүние-мүлік үшін қанағатты белден басып, Отанын сатуға дайындар аз ба қазір? Бұл тұрғыдан келсек, Қасым-Жомарт Кемелұлы қашанда отбасы түгіл, Отаны үшін де әділдіктен танбаған Алаштың ұлы, сондықтан да ол – Адамзаттың да ұлы. Ал адамзат қашанда жасампаздықтың жағында!

Бақыт САРБАЛАҰЛЫ,
әдебиет сыншысы


Мыңбай РӘШ, сатирик:

МІНЕЗІ ЖАЙЛЫ АДАМ МАҚСАТЫНА ЖЕТЕ АЛАДЫ

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев – іскер, саясаткер тұлға. Оның білімі, мәдениеті, саясаттағы қырағылығы біздің елді басқаруға лайық екенін көрсетеді. Ел басқару оңай емес. Ол үшін ұйымдастыру, ел ісіне жауап беру, тығырықтардан шешім қабылдап, шыға алу секілді толып жатқан қабілеттер керек. Ал, біздің жаңа президентіміз осы шарттарға сай келетін адам. Мен Қасым-Жомарттың әкесі Кемелмен бірге жүрдім. Ол кісі жайдары жүретін жан еді. Қасым-Жомарттан әкесінің сол дара мінезін байқадым. Адамды биікке шығаратын – мінез. Мінезі жайлы адам ғана өзінің ойлаған мақсатына жете алады. Жаңа президентіміз елдің жағдайын жақсартып, еліміздің мәртебесін биіктерге көтереді деп сенемін.


Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА, ақын:

ӘКЕ ҚАЛАМЫНА ҚҰРМЕТ ЕТЕ БІЛЕДІ ДЕП ОЙЛАЙМЫН

Қасым-Жомарт Тоқаевтың президент сайлауында жеңіске жеткенін қолдаушылардың бірімін. Өйткені, өзге кандидаттармен салыстырғанда саяси тәжірибесі мол, мінезге бай, байсалды, ұстамды азамат екені айдан анық. «Халқым үшін» деп ұран сала бәріміз шеберміз. Ал, шындап келсек, жер-жүзімен қарым-қатынасқа келгенде жан-жақты саяси сауатымыз жете бермейді. Қазіргі әлемдегі саяси жағдайларды ұғыну үшін де көп нәрсені білу маңызды шарт. Ал, Қасым-Жомарт Тоқаев есейгелі сол күрестің арасында жүріп, талай тәжірибе жинаған беделді азамат. Оның үстіне ол менің өз көзіммен көріп, «Жазушы» баспасында бірге істеген қаламгер ағамыз Кемел Тоқаевтың ұлы. Балалық шағынан кітап пен қалам көрген, тәрбиелі отбасынан шыққан адам. Сол үшін де біздің жаңа Президентіміздің рухани дүниесі бай деп айтуға әбден болады. «Әке көрген оқ жонар» демекші, Қасым-Жомарт Тоқаев әкесінің қаламына құрмет ете біледі деп ойлаймын. Осыған дейін де ол кісіні еліміздің саяси мінбелерінен көріп жүрдік. Сол үшін халық оған сенім артады деп білемін.


Несіпбек АЙТҰЛЫ, ақын:

ОЛ ХАЛЫҚПЕН ТІЛ ТАБЫСУДА ҮЛКЕН ҚАДАМҒА БАРДЫ

Сайлауда жеңіске жетіп, өз қызметіне кіріскен жаңа Президенттің алдында қордалы мәселелер тұр. Президент ең алдымен ел ішіндегі түрлі қарсылықтардың тоқтауына күш салуы керек. Ол үшін халықпен сөйлесіп, қалауына құлақ асуы керек. билік басына келгелі Тоқаев әлеуметтік жағдайды жақсартатынын айтып-ақ келеді. Мен Президенттен көп үміт күтемін. Білім саласына, әлеуметтік жағдайға, руханият әлеміне  түбегейлі өзгерістер керек. Жастарға деген қолдаудың тың бағытын тапқанымыз жөн. Жастардың санасы қазір сан саққа жүгіріп бара жатыр.  Бірлікті, ұлттық патриотизмді, ел мен жерге деген  сүйіспеншілікті күшейтіп, халық пен зиялы қауымның арасын жақындату қажет деп ойлаймын. Білім саласындағы жемқорлық мені ақын ретінде де, азамат ретінде де алаңдатады. Сондай-ақ өз ісінің мамандарына мүмкіндік берілсе екен. Елдің ішіне, ауылдағы елдің тұрмысына көңіл бөлінгенін қалаймын. Көпбалалы аналардың, мұғалімдер мен дәрігерлердің, кітапханашы мен музей қызметкерлерінің, мәдениетке қатысы бар мамандардың еңбекақысын өсірмей болмайды. Президент өз қызметіне алғаш кіріскенде-ақ мемлекеттік тілдің тынысын кеңейту керектігін айтты. Осының алдында ғана үкіметтік ұйымдардағы мемлекеттік тілдің қолданылу деңгейіне тексеру жүргізді. Осы бағыттағы беталыстары мені қуантады. Мемлекеттік тілді тұғырына қондырмай, мемлекетіміздің болашағы айқындалмайды. Сосын іштегі бірлікті күшейткен абзал. Бізді дін мен діл мәселесінде теріс бағытқа әкетіп бара жатқан топтар бар. Жаңа басшымыздың мұны да еңсеруге білімі, білігі жетеді деп ойлаймын. Баяғы Абай заманын еске түсіретін, халықты іштей ірітіп, бірін-біріне қарсы қойып жатқан партия,  топтар бар. Олардың мақсаты – елдің ішін ырың-жырың қылып жіберу. Біздің Президентіміз осы мәселеге көңіл бөледі деп сенемін. Көп оқыған адам ғой, жетілген мемлекеттердің тәжірибесін зерттеп, онысын үлгі ретінде жиі айтып жүреді. Ақылы толысқан, кемел кезінде ел тізгінін қолына алды. Сондықтан Отанымызды тағы да бір жаңа белеске көтереді деген үмітім бар. Президенттің өзі де көп сөзден іске көшетін кез келгенін айтып жүр. Расымен жалған ұран, жалаң ақпараттан нақты іске көшетін кез келді. Билік пен халық арасына түскен жікті жалғау міндеті тұр алдында. Халықпен тіл табысуға, ұлтты ұйыстыруда Президент үлкен қадамдарға барады. Оған парасаты да, білімі де, тәжірибесі де жетеді деп бек сенемін.

ПІКІРЛЕР1
Аноним 01.09.2019 | 18:43

Осыны жазып отырған бәріңіз қай қоғамда оқып-жетіліп адам болдыңыздар? Енді сол су ішкен құдықтарыңа түкірулеріңіз дұрыс па? Мәселе Тоқаевта да емес, Назарбаев та да емес! Олар бар халық сияқты заманның құлы, бірақ, сол заманда жылы орындарын таба білді, шексіз «тәуелсіздікке», байлыққа қол жеткізді. Мәселе «адамға адам — қасқыр» деген капитализм формациясында. Социализмді коммунисттер құра алмады, сол жолында ғасырдың ортасында жіберген қанды қателіктер де орын алды. Дегенмен, ашаршылық туралы сөз қозғағанда соның себептерін тек қана большевиктерге жаба бермей талдай білу үшін Сталинге жазған Рысқұловтың құжаттарын басты дерек деп зерттей білу керек. 1990 жылдан бастап қырылған мал, қираған ауылдар да «большевиктердің кесірі ме»? Әттең, Лениннің жоспарлаған Социализімін артында қалған якобинец-термидориандар іске асыра алмады! Сол құрылмаған Социализмді балағаттап бір философсымағымыз «Социализм» деген 2 томды кітап жазыпты. Еш ғылыми жаңалық жоқ, шыңқай эпигонство — жауыр болған қисындарды қайталау. Болашақ — нағыз да шынайы Социализмде. Бұл жерде нарық та кінәлі емес. Мемлекеттік пен жеке меншік келісімді жүрсе бәрі орынды болады. Маркс-Ленин ілімдері мәңгілік! Капитализмнің басты ұраны — «Пайда!», Социализмнің басты ұраны — «Адамгершілік!». Лениннің «Империализм — высшая стадия капитализма» деген кітабы Әлемді миллиардер олигархтар басып алып жатқан бүгінгі күнді дәл көрсеткен еңбек емес пе? Қолдарыңа қарындаш ұстап тұрып неге соны ежелеп оқымасқа, сіздердей «данышпандарға»! Освальд Шпенглердің «Закат Европы» деген кітабы да сіздерге артық болмас. Бүгінгі заманның бас дағдарысы — АҚШ (капитализм) мен Қытай (Социализмнің) теке-тіресі. Қалғандары: Еуроодақ, Ресей, Қазақстан сияқтылардың олигархтары осы теке-тіресті пайдаланып шексіз баю, баю, баю!!! Жағдайдың қысқаша формуласы осы! Халықтан ақылды емессіңдер! Бірақ, қызыл тілдеріңмен біреудің бірдемесін жусаңдар да күндеріңді көре берулеріңе еш қарсылық жоқ. Демократия ғой!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован.

Пікір