«ФАРАБИ» ШИПАЖАЙЫНДА ДЕМАЛЫП, ШЫҒАРМАҢЫЗДЫ ЖАЗЫП ҚАЙТЫҢЫЗ
25.06.2019
984
0

Күй талғамайтын ақын-жазушы жоқ шығар, сірә?! «Жазу үшін ақ қағаз бен қаламнан басқа ештеңе керек емес» дейтін қаламгер некен-саяқ-ау. Ол оңашалық пен тыныштықты қалап, қонаққа бару мен қонақ күтуді уақытша ұмытады. Телефонын өшіріп қояды. Үйде жазу үстеліндегі заттардың әрқайсысының өз орнында тұруы ол үшін бұлжымас заңмен бірдей. Жазу үстінде ыстық шайының уақытылы дайын болуы тағы бар. Бұдан бөлек, қаламгерлердің шабытын оятып, қаламын жүрдек етер ерекше бір Муза – Табиғат десек, артық айтқандық емес.

Кезінде ақын-жазушыларымыз тың шабыт, жаңа ой іздеп, Іле Алатауының бөктеріндегі Шығармашылық үйіне баратын. Қаланың у-шуынан тыныш жер. Жасыл желекке малынған сұлу табиғат аясы. Саф ауа. Мұнда олар қаламдас достарымен кездесіп, еркін әңгіме-дүкен құратын. Ең бастысы, ешнәрсені ойламай, алаңсыз шығармашылықпен айналысатын. Осында жаңа шығармаларын дүниеге әкелетін. Бұл күндері аңыз сынды естелікке айналған сол бір кезең жайында бірқатар белгілі жазушылардан сұрағанымызда, қай-қайсысы да әуелі өткенді сағынышпен еске алды.

Қабдеш Жұмаділов:
– Е-е, Шығармашылық үйі біз үшін кірпияз шабыттың құтты ұясындай болатын. Әдеби орта, кең арналы әңгіме, қызу пікірталастар, достарыңмен бильярд ойнау… Шығармашылық үйі мен үшін өте қымбат. Өйткені мен осы жерде «Атамекен», Мемлекеттік сыйлық алған «Тағдыр» романдарын және «Дарабоз» романының бірінші кітабын жазғанмын.

Дулат Исабеков:
– Ол күндер ешқашан ұмытылмасы анық. Марқұм Оралхан екеуміз сонда бара қалсақ, уақытымызды босқа өткізбей, жазуға бас қоюшы ек. Бір-бірімізбен жарысып жазатынбыз. Бөлмеме жүгіріп кіріп, жазу үстеліме қарап: «Нешінші бетке келдің, ей?» – дейтін. Сосын: «Өй, мен әлі екі беттен аса алмай жатырмын, сен бес бет жазып тастапсың ғой», – деп, апыл-ғұпыл бөлмесіне жүгіріп кететін. Бір келгенімізде «Қар қызын» жазып жатқан. Ал, өзім мұнда «Өкпек жолаушы» атты шығармамды жаздым. Содан оны пьесаға айналдыру керек болып, тағы біраз отырдым. Бүгінде әлемді шарлап кеткен пьесаларымның бірі – осы. «Тыныштық күзетшісі» дейтін әңгімемді ауруханада жазған болатынмын. Алайда пьеса нұсқасы Шығармашылық үйінде жазылды. «Кішкентай ауыл» деген атпен ұзақ жылдар театр сахналарында қойылды. Көп елде сахналанып жүрген басты шығармаларымның бірі – «Мұрагерлер» де осында дүниеге келді. Сондай-ақ, «Бонапарттың үйленуі» деген әңгімем осы жерде туды. Оралхан ол кезде «Қазақ әдебиеті» газетінің Бас редакторы еді. Әңгімені оқи сала «жөндеймін, тағы бір қарап шығайын» дегеніме қарамай, қолжазба күйінде алып кетіп, газетке басып жіберген.

Төлен Әбдік:
– Шығармашылық үйінде өткен күндер өміріміздің ерекше, елеулі кезеңдері ғой. Сол жерде «Қайырсыз жұма» атты шығармамды жазғаным есімде.
Біршама уақыттан бері қонақүй ретінде қызмет етіп келген сол Шығармашылық үйі жақында шипажайға, дәлірек айтсақ, емдік-сауықтыру орталығына айналды. Яғни, енді бұл жерде әрі демалып әрі емделіп қайтуыңызға болады.
Жақсы хабарды ести сала мән-жайды толығырақ білу үшін Шығармашылық үйіне қарай асықтық. Күлімдей қарсы алған шипажай қызметкерлері бізге, ең алдымен, аулада – кірер есіктің оң жағында өсіп тұрған екі ағашты көрсетті. Сөйтсек, бұларды бір кездері қазақ әдебиетінің қос алыбы – қос Ғабең, Ғабит Мүсірепов пен Ғабиден Мұстафин отырғызған екен. Қатар бой түзеген кешегі қос шыбық бүгінде саясы мол ағашқа айналыпты. Әлі бүлінбеген, майыспаған, бұтақтары сынбаған. Түп-түзу боп жайқала өсіпті. Ал, сәл әрірек жердегі балалар алаңқайында бүлдіршіндер асыр салып ойнап жүр. Шипажай иелері аула ішінен тамақтануға арналған жазғы алаң да ашып қойыпты.
Бұдан соң ішке еніп, шағын экскурсиямызды одан әрі жалғастырдық. Кіргеннен-ақ көзге шалынатыны – ұлттық нақыштар. Тіпті, аяғыңыздың астындағы жұмсақ кілемдерге дейін қазақтың ою-өрнектеріне толы. Әсіресе, галотерапия бөлмесінде өзіңізді қазақтың кең даласында жүргендей сезінеріңіз анық. Қабырғаларына шауып бара жатқан жылқының, киіз үйдің суреттері салыныпты. Сондай-ақ, бір бөлменің есігін ашып қалғанымызда, көздерін жұмған қалпында классикалық музыка тыңдап отырған емделушілерді көрдік. Сөйтсек, мұнда музыкатерапия жүріп жатыр екен. Жалпы, медициналық құрылғылармен жабдықталған ем қабылдау бөлмелері, демалушылар жарасымды әзіл-қалжыңмен кезек-кезек қолдарындағы кийлерін иіріп, шарларды көздеген бильярд бөлмесі, кең асхана (мұнда мерекелік басқосуларды да өткізуге болады екен) – бәрі-бәрі көңілімізден шықты.
Бәрін аралап көрген соң, Шипажай директоры Баян Қадырқызы Жанасбаевамен (суретте) аз-кем сұхбат құрдық.

– Баян Қадырқызы, Шығармашылық үйінің шипажайға айналғанына қанша уақыт болды?
– Осыдан бірнеше ай бұрын Қазақстан Жазушылар одағының басшылығымен келісім-шартқа отырып, Шығармашылық үйін шипажайға айналдырдық. Ашылғанымызға екі ай болды. Ал, ресми тұсаукесер күні кеше ғана өтті. Салтанатты іс-шарамызға 30-ға тарта зиялы қауым өкілдері келді. Олардың арасында әйгілі жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов, белгілі ғалым Серік Қирабаев та болды. Бұл біз үшін – үлкен мақтаныш, зор мәртебе.

– Шипажай жайында аз-кем мәлімет беріп өтсеңіз.
– Екі қабатты емдік-сауықтыру орталығымыз 90-100 адамға арналған 45 бөлмелік қонақүйден, 60 адамдық конференц-залдан, балалар алаңқайынан, жазғы алаңнан, ойын-сауық бөлімінен (бильярд, теннис, волейбол, баскетбол, шахмат, дойбы ойнауға арналған орындар), 100 адамдық мейрамханадан және әртүрлі ем қабылдау бөлмелерінен тұрады. Қысы-жазы, жылдың төрт маусымында да жұмыс істейміз. Қазір жаз мезгілі болған соң, келушілер өте көп. Біз келушілерді аптаның белгілі бір күндерінде саяхатқа алып шығамыз. Мәселен, Медеуге, Шымбұлаққа.

– Мұнда тек қаламгерлер демала ма?
– Демалушылар тек қана ақын-жазушылар емес. Біз шипажайды жалпы халыққа арнап аштық. Мұнда келіп жатпай-ақ, үйіңізден қатынап ем қабылдауыңызға да болады.

– Жолдаманың құны қанша?
– Жолдама құны – тәулігіне 13 500 тг. Оның ішіне бөлме мен төрт мезгіл тамақтанудан бөлек, толық емдік шаралар кіреді. Сондай-ақ, мұнда отбасыңызбен келіп демалуыңызға да болады. Балалар үшін жолдаманың тәуліктік құны – 4-6 мың тг.

– Ал, қаламгерлерге қандай да бір жеңілдіктер бар ма?
– Қаламгерлерге 50 пайыз жеңілдік жасалған.

– Мұнда келушілер қандай емдік-сауықтыру шараларын қабылдай алады?
– Шипажайымызда мынадай емдік-сауықтыру шаралары жүргізіледі: сібір балқарағайы бөшкесімен емделу, жұпар иісті-гидромассажды ванна қабылдау, озокеритті аппликация, аппаратты физиотерапия, галотерапия («тұзды шахта»), ингаляция, емдік дене шынықтыру, фитотерапия, массаж, инелі рефлексотерапия (су-джок терапия), УЗИ, ЭКГ, климотерапия, диеталық тамақтану, зертханалық сараптамалар жасату. Бізде кәсіби біліктілігі жоғары мамандар қызмет етеді. Олар қашанда келушілерге кеңес беруге дайын.
Жайдары жүзді шипажай басшысы қошта­сарда: «Мың рет естігенше, бір рет көр» деген. Барша қаламгерлерді біздің шипажайда демалып, денсаулығын нығайтып қана қоймай, жайлы атмосферада шығармашылықпен еркін айналысуға да шақырамыз», – деп жылы жымиды.
Құрметті қаламгерлер, түрленген, жаңарған Шығармашылық үйі – алыптардың ізі қалған құтты мекен сіздерді асыға күтеді!
Мекен-жайы: Алматы қ., Медеу ауданы, Тайманов к. 222 «а».
Байланыс телефондары: 8 705 747 47 47; 8 727 386 77 83
Электронды поштасы: b.kadyrovna@mail.ru
Сондай-ақ, шипажай жайындағы мәліметтерді www.hotelalfarabi.kz сайтынан біле аласыздар.

Мәдина СЕРІКҚЫЗЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір