ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ЕЛ ПРЕЗИДЕНТІ ҚЫЗМЕТІНЕ КІРІСТІ
Қазақстан халқы тарихи таңдау жасады. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ел алдында ант беріп, Қазақстан Президенті ретінде қызметіне кірісті. Қазақ әдебиетінде детектив жанрының негізін қалаған, шығармалары соғыс пен қиын шақтардағы адам психологиясын дәл суреттеуімен ерекшеленетін қаламгер Кемел Тоқаевты білмейтін оқырман кемде-кем. Президент Тоқаев әдебиетшілердің хал-ахуалымен бала кезден таныс десек, қателесе қоймаймыз. Мемлекет басшысының әкесі туралы естеліктерін оқысаңыз, ХХ ғасырдың екінші ширегіндегі әдебиетшілердің өмір ағысын, әкесімен тағдырлас жазушылардың сан қилы тағдырын тани түсесіз. Президент бір сөзінде «Қазақ әдебиеті» газеті туралы: «Әкелеріміз оқитын газет еді. Сол үшін де өте жылы» деген лепесін айтқаны жадымызда. Президенттің өзі де онға жуық кітаптың авторы. Алдағы уақытта әдебиетіміз бен қаламгер қауымның талай жылдан бері айтылып келе жатқан түйткілді мәселелерін (қаламақы, кітап таралымын көбейту, оқырман өресін қалыптастыру, шетелдің ең таңдаулы қаламгерлерін, Нобель сыйлығы иегерлерінің туындыларын өзгелерден қалыспай, дер уақытында қазақша сөйлету, сол арқылы ұлттық әдебиеттің аясын кеңейту, т.б.) шешуге оңды орай туар деген зор сенім бар.
Халық қай уақытта да көшбасшысына арқа сүйейді. Ал, Тәуелсіз Қазақ елінің бірден-бір көшбасшы тұлғасы – Президент. Маусымның 9-ы күні еліміз үшін тарихи маңызды сәт – Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауы өтті.
Жалпы, сайлауда 9 млн. 274 мың 034 адам дауыс берген. Нәтижесінде Қасым-Жомарт Тоқаев 70, 96 % пайыз дауыспен жеңіске жетті.
Осыған орай, сәрсенбі күні Елордадағы Тәуелсіздік сарайында Президенттің ант беру рәсімі өтті. Мемлекеттік Ту мен Президент Байрағы, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Конституциясы Үлкен залға әкелінген соң, жаңадан сайланған Қазақстан Республикасының Президенті Мемлекеттік күзет қызметі бастығының рапортын қабылдап, ішке кірді.
Конституцияның 42-бабына сәйкес Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа ант берді.
– Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, Қазақстан Республикасы Президентінің өзіме жүктелген мәртебелі міндетін адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін!
Жаңа сайланған Қазақстан Президентінің қызметке кірісу құрметіне Мемлекеттік әнұран ойналып, зеңбіректерден 21 рет оқ атылды, Ақорда резиденциясының үстінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы көтерілді.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан Республикасы Президентінің куәлігін тапсырды…
(Толық нұсқасын газеттің №24 (3658) оқи аласыздар)