ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабын талқылау
23.09.2026
35
0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» атты жаңа кітабының жарық көруіне орай Алматы шаһарындағы «Вавилон» тұрғын үй кешенінде орналасқан үлкен қалалық кітапханада бір топ қаламгерлер, мәдениет және өнер қайраткерлерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті.

  «Фолиант» баспасынан жақында ғана жарыққа шыққан «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» атты 21 тақырыпқа бөлінген бұл кітапта автордың соңғы 30 жылда сөйлеген сөздері, мақалалары мен сұхбаттары, баяндамалары жинақталған. Дөңгелек үстел мәслихатына қатысу­шы­лар қазіргі әлемдік геосаяси ахуалдың ең бір күрделі кезеңінде еліміздің дамуы мен ертеңгі табан тірер, өркендеу өрістерін негіздеген осынау еңбектің тарихи мәні мен маңызына тоқталып, әрбір ой орамдарының танымдық салмағы мен рухани ықпалы, ең бастысы ұлттық мақсат-мүдделерімізді көздейтін, мемлекетіміздің болашағына қызмет ететін аса құнды ой-пікірлер мен толғам, түйіндеулерін біріктірген бұл кітап әрбір қазақтың, әрбір оқырманның қолында болуы тиіс еңбек деген қорытындыға келді.
Дөңгелек үстел жұмысына академик, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы Қансейіт Әбдезұлы, ақын, «Қазақ әдебиеті» газетінің Бас редакторы, академик Бауыржан Жақып, «Алтын барыс» төсбелгісінің иегері, жыр мүшәйраларының жүлдегері Шаяхмет Алжамбаев, әдебиет сыншысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Жазушылар одағының хатшысы Әлия Бөпежанова, прозаик, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Жанар Әбдішева, көрнекті театр және кино актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан авторлар қоғамының төрағасы Байғали Есеналиев, күйші, ақын, өнертанушы, сазгер Талап Қараш, кітапхана басшысы Сәния Ибрагимова және оқырмандар қатысты.
                                                                                                                                                                                                                                                                                                                    Дәрия БЕКЕТҚЫЗЫ

Қоғамда болып жатқан өзгерістер туралы сөз қозғағанда, ашық пікір мен өзара түсіністіктің орны маңызды. Билік пен халық арасындағы байланыс, азаматтың өз ойын еркін жеткізе алуы, қоғамның ортақ мәселелерге бей-жай қарамауы – күн тәртібінен түспейтін тақырыптар. Осындай мәселелерді талқылау үшін 31 тамыз күні Қазақстан Жазушылар кітапханасында «Қоғамдық диалог және әділет­ті мемлекет: Қ.Тоқаев еңбегіндегі негізгі ұстанымдар» атты дөңгелек үстел өтті.

Аталған шараға қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, ардагерлер ұйымдарының өкілдері, Ауған соғысы мен Қарабақ ардагерлері, кітапхана қызметкерлері және Алматы Заң колледжінің студенттері қатысты. Құрамы әртүрлі болғанымен, барлығын біріктірген ортақ тақырып қоғамдағы өзгерістерге азаматтық көзқарас және мемлекет пен қоғам арасындағы байланыстың маңызы еді. Д.А.Қонаев атындағы колледж директоры, қоғам қайраткері Райхан Бөлекбаева жүргізген кездесу барысында қоғамдық диалогтың мәні, әділетті мемлекет қағидаттары, азаматтық қоғам мен билік арасындағы кері байланыстың мәні сөз болды.
Тақырыпты тереңірек ашу мақсатында Қазақстан Жазушылар кітапханасының жетекшісі Мақпал Маратқызы «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» атты кітапқа талдау жасап, қатысушыларды қоғамдық диалог, әділетті мемлекет және азаматтық қоғам мәселелерін қамтитын тараушалармен таныстырды. Сонымен қатар қоғамдық
диалогтың саяси және құқықтық қырларына Д.А.Қонаев атындағы заң колледжі заң пәндерінің оқытушысы, құқық магистрі Айнұр Қуатбекқызы тоқталып, «Қоғамдық диалог – Әділетті Қазақстанның саяси фундаменті ретінде» тақырыбында баяндама жасады. Ал азамат пен мемлекет арасындағы байланыстың күнделікті өмірдегі көріністеріне «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының омбудсмені, экономист-сарапшы Бақытжан Құрманбайұлы назар аударып, «Азаматтық қоғам және билік арасындағы тиімді кері байланыс тетіктері» тақырыбындағы баяндамасында осы байланыстың нақты жолдары сөз болды.
Дөңгелек үстел баяндамалармен ғана шектелген жоқ, әр адамның өмірлік тәжірибесі мен көзқарасы ортаға салынып, мәселе жан-жақты талқыланды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аманжан Енсебаев, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасының орынбасары, жазушы Бейбіт Сарыбай, ҚР мәдениет қайраткері, еңбек ардагері Қасен Жағыпар, Ауған соғысының ардагерлері Байдаулет Даркенбаев, Жұмат Құнанбай, Қарабақ ардагерлері ұйымының төрағасы Ермек Чингисов, сондай-ақ Берік Тілегенов пен Марат Қалыбаев қоғамдық келісім, азаматтық жауап­кершілік, елдегі өзгерістерге қоғамның көзқарасы және жастардың қоғамдық өмірдегі орны жөнінде өз пікірлерін білдірді. Өз кезегінде колледж студенттері де сұрақ қойып, пікір алмасуға белсенді қатысты.

Мақпал МҰХАММЕДОВА,
Қазақстан Жазушылар кітапханасының
жетекшісі

А.П. Чехов атындағы Орталық қалалық кітапханада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» атты кітабын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті.

Кездесуге жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Қалибекұлы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Әділғазы Қайырбеков, балалар жазушысы Қанат Қайым, ақын Бақытбек Бәмішұлы, ақын Айсұлу Қадырбаева, ақын Патигүл Махсатова, ҚР Мәдениет қайраткері, ақын Алмас Ахметбекұлы және Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері қатысты.
«Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» атты дөңгелек үстел модераторы, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасының орынбасары Ғалым Қалибекұлы Президент еңбегінде көтерілген әділетті қоғам құндылықтарының бүгінгі күн үшін маңыздылығына тоқталды. Кітапта көтерілген мәселелер тек талқылау деңгейінде қалып қоймай, қоғамның күнделікті өмірінде көрініс табуы қажеттігін айтты. Оның пікірінше, әділеттілік – қоғамның берік негізі болса, шыншыл сөз – сол әділетті қоғамға бастайтын басты құндылықтардың бірі. «Форматы да, мазмұны да ерекше бұл еңбекті ел-жұртқа насихаттап қана қоймай, мектеп оқушыларына, тіпті балаларымыз бен немерелерімізге дейін оқытуымыз керек», – деді ол қорытынды сөзінде.
Алмас Ахметбекұлы: «Әр мемлекеттің болашағы – сол мемлекеттің жастарының қолында. Біз не істесек те, болашақ үшін істеп жатырмыз. Сондықтан ұлт сапасына мән беруіміз қажет. Қазақ жастары ана тілін құрметтеумен қатар, бірнеше тіл меңгеріп, заман талабына сай білімді болуы керек» десе, Айсұлу Қадырбаева: «Әділетті қоғам қалыптастыру – баршаға ортақ жауапкершілік. Қоғамдағы әр өзгеріс пен қабылданған шешімнің өз салмағы бар. Сондықтан елдің өткен жолын ескере отырып, бүгінгі мәселелерге байыппен қарау маңызды» деді.
Бақытбек Бәмішұлы: «Бірінші жағынан, білім, екінші жағынан, еңбек арқылы жетістікке жетуге болады. Екеуі қатар жүргенде ғана нәтижелі болады. Тіл мәселесі де ұлттың болашағымен тікелей байланысты. Кітапта тіл туралы айтылған ойлар бар. Сонымен қатар Мұстафа Кемал Ататүріктің тіл жөніндегі пікірлеріне тоқталып, олардың өзара үндестігіне назар аудардым», – деп қорытты ойын.
«Кітаптағы білім мен ғылым тақырыбы маған жақын. Келешек жастардың қолында. Сондықтан олардың тіл білуі, білім алуы, еңбек етуі және кітап оқуы маңызды. Егер білімді әрі ізденімпаз ұрпақ тәрбиелесек, Қазақстанның әлемдік деңгейде дамуына үлкен мүмкіндік болады», – деп түйіндеді Патигуль Махсатова.
Басқосу барысында қатысушылар кітаптағы ойлардың қоғам өмірімен тығыз байланысын атап өтіп, әділетті қоғам құрудың негізінде білімділік, еңбекқорлық, жауапкершілік және адамгершілік қасиеттер жататынын айтты. Іс-шара кітапты таныстырумен ғана шектелмей, қоғамның бүгінгі ахуалы мен келешегіне қатысты ой бөлісуге мүмкіндік берді. Қаламгерлердің пікірін тыңдаған қатысушылар ел болашағы, жастардың рөлі және ұлттық құндылықтардың маңызы жөнінде ой түйді.

Фатиха УМАРГАЛИЕВА,
А.П.Чехов атындағы
кітапхана қызметкері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір