Қайталап оқуға жарау үшін
Нұрбек Түсіпхан
Қазіргі уақытта кәсіби әдебиетші, кәсіби жазушы болмаған соң өзгелердің бұрын оқыған кітаптарын әрдайым қайталап жүретініне күмәнім көп. Өзім де қайталап оқуға құмармын дей алмаймын. Бірақ кей сәтте бұрын өзгеше ойлап жүрген автор туралы тосын пікір оқысаң немесе естісең сол жазушыны міндетті түрде оқуға тура келеді. Мұндайда «бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» екенін байқайсың. Бұл сірә, талғамсыздықтан болатын кемшілік дер едім. Әуелде, атағы дардай жазушының шығармаларын құныға, сүйсіне оқып, күні-түні көз ілмейтін кездер болады. Кейін араға жылдар салып, қайталап оқығанда көңіліңнен шықпай қалады. Жазушы
Қабдеш Жұмаділовтің «Прометей алауы» дейтін туындысын оқып отырып «алаудың қайдан келгенін және кім әкелгенін біліп босаған кезім» есімде. Ал сол шығарманы жазғы демалыста қайта қарап ем, бұрынғы биігіне шығара алмадым. Жалпы, тарихи роман жазу – бір бөлек те, оның көркемдік деңгейін мінсіз жазу – тіпті басқа дүние екен. Бүгінгі әрбір рудың батыр-бағландарына арналып жазылып жатқан романдардың көбі күштеп әкеп қиыстыру, иіп сындыруға негізділеді. Ал мұндай шығармаларды қайталап оқуға әркімнің зауқы соға бермейтіні де рас. Оқырманға өзін міндетті түрде қайта парақтауға мәжбүр ететін шығармалар – астарлы туындылар дер едім. Қашан да «жұмбақ шешуге, құпия кілтті табуға» құштар адам жаны мән-мағынасы астарында жататын романдарға қайталап оралып отырады. Мысалы, «Шегірен былғары», «Дориан Грейдің портреті», «Мартин Иден», «Триумфальная арка», «Анна Каренина», «Өлі жандар» сынды, т.б. туындыларда әр оқырман өзінің пенделік сезімдеріне, психологиялық болмысына үңіледі. Роман астарында адамның жан-дүниесі жатады. Алғашқыда аңғара алғандар қайталап оқығанда қазыналы кенге жолығатынын біледі. Қазақ әдебиетінде астарлы шығарма жазған қаламгерлер де баршылық. Әсіресе, Оралханға еліккіш оқырман оның әр кейіпкерін «саяси қатыгездіктің құрбаны» етуге даяр тұрады. Иә, рас. Бөкеевтің өзі: «Шығармамнан астар іздеңдер», – дегені бар. Бірақ бұл астар қайталап оқығанда біз айтып жүргендей «көрпенің жыртығынан көзге көрініп қалатын мақта» сынды болмауы керек екенін ұққандай болдым.
Кейде риясыз күліп, көңіліңді көтергім келетін сәтте Т.Нұрмағамбетовті, ал үлкендердің әсерлі әңгімелерін тыңдауға зауқым соққанда С.Мұқанов пен Б.Майлинді қайталаймын. Дәл осы тізімге жақында ақын Ырысбек Дәбейдің «Әкелеріміз айтатын әңгіме» деген эсселер жинағы қосылды. Мұны да ара-тұра қайталап отыру артық етпейді. Ал ертеректегі Кеңестік саясаттың ықпалымен жазылған қалың кітаптарды аса бір мұқтаждық болмаса екінші мәрте қолға ұстай қою оңай емес.