ЖЕТПІСКЕ ЖЕТТІМ ЖАРАУ ЖЕЛІСПЕНЕН

Әбжан ӘБІЛТАЙ
КЕЙКІ БАТЫР
Батырдың басын кесенеге жерлегенде
туған өлең
Заман да, уақыт та тайқып ақыр,
Халқына қайта оралды Кейкі батыр.
Талай жыл дауға айналған басын тауып,
Таппадық ел боп, жұрт боп мәйітін ақыр.
Қазақы қараулыққа мен шамданам,
Кейимін, күйінемін, кемсең қағам.
Батырдың өзі көмген көрін таппай,
Өрекпіп, өзеурейді өңшең надан.
Туысты, су ішті деп қай тұмадан,
Ағайын, болмаңыздар өйтіп алаң.
Қазақтың бәріне ортақ батыры бұл,
Ерлігін жеткізе алмас айтып адам.
«Қайран ел, мен өлейін, сен тұр аман,
Қу бұтақ мен болайын қалтыраған.
Егер де ел болмасаң, – деген де сол, –
Бәрі деф бұл дүниенің тәркі маған!»
Қандай ер, сірә, жауын басындырған?
Қылады ол қажет болса басын құрбан.
Күн туған ел басына заман еді ол,
Батырға бес қаруын асындырған.
Біз емес жауды көріп тұра қашқан,
Туған ғой талай ұлдар бұл Алаштан.
«Сары орыстың – бәрі орыс» деген Кейкі,
Ақыл да, нақыл да жоқ бұдан асқан.
Біз – елміз, ел боп тұтас тұрсақ қана,
Қашан да құрсағыңды құрсатпа, Ана!
Бес жүз жыл ел болдық деп еліреміз,
Ғұн мен сақ,
қыламыз да қыпшақты ада.
Еңіреп ерлер аз ба майданда өлген?
Жауының жайпап, көзін жойған мерген.
Егер де ел болмасақ біз ежелгі,
Кейкі мен Амангелді қайдан келген?
Кетпейді үш ұйықтасам ойдан осы:
Қазақтың ерге лайық қай баласы?
Халқы үшін қасық қанын аямаған,
Қалмаған қас батырдың қайда басы?
Жалынып, жалбарынып мен Құдайға,
Бейуақта берілемін бейкүнә ойға.
Халқының ары болған, кәрі болған
Қос батыр Амангелді, Кейкі қайда?!
Құн даулап, изең қағып иектфері,
Қаншама тілін безеп би өтпеді?!
Қайда асыл ардағымның мүрделері,
Қайда асыл бабалардың сүйектері?!
Қазақтың тағдырына қайран қалам,
Отырма, ойлан балам.
Ойлан, ғалам.
Сонау жыл…
Түрен салған топыраққа
Айналып кеткен шығар қайран бабам!
Толғанда, Тасты-түлеп, маңайға мүк,
Осыны айтар кім бар он ойланып?
Қосылып қырда жортқан құланға,
Не қыранға кеткен жоқ па ол айналып?!
Қиялдап, шығар дейсің құмардан кім?
Жоқ әлде ай тұтылып, тұланған күн,
Тастының тастақтау сол жазығына,
Нұр болып сіңіп кеткен шығар бәлкім?!
Асықпай, көрелікші енді ойланып,
Ол, бәлкім, жүрегіне шер байланып,
Тастыдан жыл он екі ай соға-тұғын
Ызғырық кеткен шығар
желге айналып?!
… Заман да, уақыт та тайқып ақыр,
Халқына қайта оралды Кейкі батыр.
Тастының төскейінде моласы тұр,
Жыланшық, Жалаулыда1
мәйіті жатыр…
1 Жалаулы –Жыланшық өңірінде Кейкі батыр мерт болған жер
ЕСЕНИНМЕН СЫРЛАСУ
Есенинжан!
Енді сәл-пәл мойында.
Мәңгі жасау жүр менің де ойымда.
Ендігінің керегі жоқ.
Ендігі
Елеусіздеу мен өлмеуім жайында.
Мен, шынында, елеусіздеу емес ем.
Бармақтай бақ бұйырмады демесең.
Гәп онда емес.
Қайран Сергей, килігіп,
Көңілімнен бір кетпейсің неге сен?!
Шарапты айтпа.
Бұл – бір қиын тақырып.
Көзесімен іштім оны сапырып.
Азуымды айға білер кезімде,
Қара басып… қалдым талай аһ ұрып!
Сендер бәрің тауыса алмаған сол уды
Тауысам деп,
Әбжан талай сан ұрды.
Сол заһардан қайтпай-тұғын қай орыс
Қыңсыласам, алып қалар жанымды?!
Кешір мені.
Мен өзіңе сенемін.
Елім де аман.
Өзім де аман.
Өлеңім.
Тәубесіне түсірер ем Русьті,
Әттең, менің болып жатса дегенім!
Рязаньды жек көргеннен емес ол,
(Бір адамды көп көргеннен емес ол).
Көк-Тәңірдің килікпес ем кәріне,
Орыстарға кетпегенде көп есем.
Секе, кешір.
Жігіт едің мәрт мендей,
Жүрейікші бір-бірімізді шет көрмей.
Жолға қарап бізді тосқан анамыз,
Баяғыдай бетімізден өпкендей.
Келер ұрпақ.
Келер талай путиндер.
Бірін – барыс, бірін – түлкі, китім дер.
Мен кетермін.
Қалар қазақ даласы.
Қалар, сосын,
Сен жырлаған сүйкімді ел!
ТАУЛАР, РАС, ТӘҢІРІМ…
Таулар, рас, Тәңірім,
Тұрған шығар көк тіреп.
Ұлы дала бәрібір,
Тауларыңнан тектірек.
Қит еткенге қуанып,
Құлақ түрдім күмбірге.
Жау келді деп жыланып,
Тығылғам жоқ үңгірге.
Ошағымның отын ап,
Үлестірдім, Жасаған.
Үңгірімде жатып ап,
Тас атқам жоқ тасадан.
Ат үстінде шіреніп,
Қолды көрсем он сан, мың,
«Ә, бәлем!» деп түнеріп,
Қорамсаққа қол салдым.
Сен күш беріп, байтағым,
«Аллажар!» деп аруақ,
Жауларымды жайпадым,
Қайқы қылыш қолыма ап.
МҰҚА, СЕН, ҰМЫТТЫҢ БА?..
«Калинин көшесінде Опера тұр,
Операның қасында «Кооператор».
Ауылдан келген ақын інішегі,
Ағасын бас жазуға әкелатыр».
(М.Мақатаевтың жұрт білетін
әзіл шумағы)
Мұқа, сен ұмыттың ба, түске енбедің?
Бетіме тиді тағы ішкен лебің.
«Қызталақ, бүлдірме!» – деп баяғыдай,
Не кейіп,
не үйге кеп түстенбедің.
Тау – тарлау,
қиыр еді беталғаның,
Тұяғын тоздырған кіл не тарланың.
Қияға қиял құсың жетіп тұрып,
Тіріңде арманыңа жете алмадың!
Мен қазір жігіт болдым әжептәуір,
Кездігін тұрса-дағы кезеп дәуір,
Жимаймын айылымды бұрынғыдай.
Кей-кейде сүйегімнен сөз өтті ауыр.
Бұл ғұмыр басымыздан өтеді ақыр.
Қолыңнан келсе мені, көке, шақыр.
Қарасаң қай жағыңа – кілең «кәпір»,
Қарасаң қай жағыңа – «Кооператор».
Мені, аға,
мәжүн деме, дәлдүң деме,
Қол боста күн өткізем қалжыңменен.
«Өлеңді – өнер емес, жын» деген бар,
Мен доспын,
өле-өлгенше сол жынменен.
Басыңнан бағың тайып, батарда күн,
Қасыңнан қиып сені кете алмадым.
Тіріңде бәрі тапшы.
Өлгеннен соң,
Көл-көсір орындалды, көке, арманың!
ТУҒАН ЖЕРГЕ ТОЛҒАНЫС
Амангелдім,
сен дегенде жан бөлек.
Жүрек бөлек.
Тұла бойда қан бөлек.
Жан құлазып,
жабыққан бір кезімде
Қайта тұрам қолтығымнан сен демеп.
Айлап-жылдап салмасам да ат ізін
Айтпа маған келме деп.
Киелі өлкем,
бұл жалғанға келерде,
«Ал келдім!» – деп айқайладым мен елге.
Өлгенде де атыңды атап өлермін.
«Туған жер» деп күбірлермін өлерде.
Өз ұлыңмын.
Өгей ұлың емеспін.
Өркөкірек, өзімшілдеу боп өстім.
Бірақ сені бір сұлудың меңіне,
Бере салар Хафиз қожа емеспін.
Артық емес арнасам да қанша жыр,
Сенде шыққан қымбат маған әр шағыр.
Самарқан мен Бұқараны көз қиып,
Қалай ғана бере салған сол шәйір?!
Ұлы ақынға осыныңыз айып деу
артық болар.
Білер оны байыпты ел.
Мен де ішемін.
Сонда да сол шәйірің
менен гөрі болған шығар кәйіптеу.
Туған өлкем, сен – әкесің,
мен – бала.
Қай кезде де бала – бала,
ел – баба.
Бүгінгінің бәрі қажы, періште,
Күнәһар боп туған жалғыз мен ғана.
Бір сен үшін
шашылса да мал қанша,
Сүйем сені
жан жүрегім талғанша.
Әзірейіл періште кеп бір күні
Қу жанымды қалап, сұрап алғанша.
Сенсіз менің өмірімнің мәні не?!
Мен жершілмін қарамай-ақ әліме.
Қалай берем көзім қиып мен сені,
Бір сұлудың көз арбаған меңіне?!
Жоқ, бермеймін
Рүстем батыр тебініп,
Бес қаруын кезеп тұрса әлі де.
Қыздар – өріс,
Болар елге ұл көрік,
Өрттей қаулап шықтық сенен бірге өріп.
Қонағым деп құрақ ұшпа сен маған,
Құлақкесті мен қалайын құл болып.
Амангелдім, қалқайғанды қал демеп,
Шалқайғанға шуағың шаш.
Бер көмек.
Бәрі сенің желдеп кеткен құлының.
Есірке сен,
Есін жисын елге кеп.
Бабасының бассын ыстық топырағын,
Айтпа оларға енді қайтып келме деп.
Он сан қиыр,
он сегіз мың ғаламда
Амангелдім,
жаралғансың сен бөлек!
ПІКІРЛЕР1