Байсын дәстүрі қалай «басмашылар күйіне» айналды?
13.06.2019
1361
0

Оңтүстік өңірінен шыққан мырза толғау күйдің бір заңғары – Оразбек Сәрсеновтің (суретте жас кезі) есімі жалпы жұртқа кең танымал болмағанымен, кәсіби күйші қауымға жақсы таныс. Оның тартқан күйлері сирек болса да Қазақ радиосынан беріліп тұрады, күйші шығармашылығына арналған радиоочерктер де бар. Бірсыпыра туындылары күй фонотекаларында тіркеулі. Ал осы О.Сәрсеновтің күй мұрасын қай мектепке жатқызамыз?

Өз сазы, өз мақамы бар арналы дария

Қа­зақ­тың күй өнері белгілі бір қалып­тас­қан орындаушылық мәнерге байланысты дамитыны, соған орай аймақтық дәстүр-салты бар мектеп түзетіні белгілі жайт. Домбыра күйлері табиғатына қарай Батыс Қазақстан (Атырау-Орал), Маңғыстау, Сыр-Жиделібайсын, Жетісу, Қаратау, Сарыарқа, Шығыс Қазақстан болып жеті мектепке бөлінеді. «Бөлінеді» деудің өзі шартты ұғым, себебі қазақы күй толғау – әуелден әуезі біртұтас дүние. «Күйшіліктің мектеби анықтамасы қазіргі оқыту жүйесіне байланысты туындаған әдістеме» деген кісі қателеспек, себебі дәстүрлі танымның тамыры тереңде, ата-бабамыз қазақ даласында сайран салған сал-сері, әнші-күйшінің қай елдің кісісі екенін домбыра алып «әу» дегенінен, екі ішекті бір қаққанынан таны­ған.
Аталған күйшілік мектептердің ішінде, өкінішке қарай, біртұтас «Оңтүстік күйшілік мектебі» деген сөз кездеспейді. Оның орнына көбінесе «Қаратау күйшілік мектебі» жүреді. Ал енді «Әзіреті Қаратау», «Кие қонған сырлы Созақ» деп ел ішінде аты ардақталатын осынау өлкенің жағырапиясы жалпақ оңтүстікке келе бермейді, себебі ол – Қаратаудың шоқы-сілемдерінің күнесі емес, теріскейін жайлаған ел. Созақ – Мойынқұмның жалын кеше, Жетіқоңыр даласы арқылы Сарыарқаға иек артады, сондықтан ел ішінде оны «Сарыарқаның Өрқақпасы» дейді. Қаратаудағы әмбе күй­шіліктің алды-артындағы шежіреде арқаның шүйгін өнері басымырақ, қобызшылық салт – Ықыластан (Ықылас Дүкенұлы – Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданының тумасы), домбырашылық жол берісі – Арғын Дайрабай, Сайдалы Сары Тоқадан, әрісі – Итаяқ, Тәттімбеттерден бастау алады.
Осы себептен болар, қазіргі оңтүстік өлкенің күнгей тұсында Қаратау шертпелері етене сіңе қоймағаны аңғарылады, он­ың есесіне жергілікті өнерпаздар Жиделі­байсын, Сыр дәстүріне жүрдек келеді. Оңтүстік күйшілерінің сарыны көбінесе Әлшекей, Қазанғап үлгісіне бейімделе бітеді, төкпелей, желдірмелете толғауға әуес. Жалпы «шертпе мектебін жатырқамайды» дегеннің өзінде оңтүстіктің күнгейіндегі елдің атадан дарыған өзіндік төл мақамы бар, әлбетте, салыстыра келсек, Қаратаудағы күйшіліктен алабөлек арна екені бірден аңдалады.
Оңтүстік күйлері, әсіресе Қызылқұм даласын мекендеген қалың жұрттың ән-күйі, іргелес Мырзашөл, Тамды, Жызақ топырағында өніп-өскен жұрттың өнері – өз мақамы, өз сазы қалыптасқан дария­лы бір қазына. Бұл жөнінде айтылған, жазылған зерттеулер де баршылық, әсіресе Рахманқұл Бердібай, Ақселеу Сейдімбек, Ілия Жақанов, Берік Жүсіпов сияқты ғалымдар бұл аймақтағы домбырашылық өнердің ырғын екенін және арғы тарихы Алтын Орда заманынан сыр тартатынын кезінде қамшымен нұсқағандай атап-атап жазған еді. Б.Жүсіповтің «Жиделібайсын күйлері» атты қазақтың күй өнерінде сенсация тудырған ғылыми еңбегінің руханиятымызға қозғау салар серпіні әлі күнге өте өзекті, себебі бұл – ұлыстық дәуірдің тарихы. Сондықтан болашақта аталмыш зерттеудің жалғасы болары сөзсіз.
Әйтсе де бұл аймақтағы мәнер қазіргі кезеңдегі ғылыми көзқарастарға сай «Шығыс Қазақстан күйшілік мектебі», «Батыс Қазақстан күйшілік мектебі» дегендей көшелі жолға түсе қоймаған. Осының себебі қандай? Әуелі ұлыс шежіресіне, ел мен жер тарихына қысқаша шолу жасалық.

Өзбек пен қазақтың бауыры ажырамаған кез еді…

Қызылқұм – Кіндік Азияның ең ұлық даласы, ол Әмудария мен Сырдарияның ортасындағы шөлейт алапта орналасқан, қазіргі Өзбекстан, Қазақстан, Түркіменстан мемлекеттерінің аумағына ортақ өлке. XVIII ғасырдан XX ғасырдың басына дейін бұл маң Қоқан мемлекетіне қарады. Заманында Қоқан қазіргі Өзбекстан, Тәжікстан, Қашғар, Қырғызстанды біріктірген алып жұмхрият болды (Қоқаннан бөлек өз егемендіктері бар Бұқар әмірлігі мен Хиуа мемлекеті де қатар өмір сүрді, әрегідік шарпысқаны болғанмен, бұлардың өзара саясаты мен мәдениеті ортақ еді. Ал Қазақ хандығы бұл ғасырларда өз билігінен айырылып, отаршылық қамытын кигені тарихтан аян). XIX ғасырдың соңғы ширегінде Қоқанды ақ патша жаулап алды да, атын «Орыс империясының Түркістан генерал-губернаторлығы» деп өзгертті, орталығы Ферғана аңғарындағы Қоқан қаласы болды. Кейіннен Хиуаға қарасты Сыр бойындағы елді Орынбор генерал-губернаторы В.А.Перовский шапты, артынша Ақмешіт пен Ташкентті генерал П.М.Кауфман басып алды. Оңтүстік өңірге, қазіргі Шымкент қаласы мен оның күнгейіндегі Қызылқұмға қарайтын жерлерге генерал Черняев әмір жүргізді де, «Орыс Түркістанының» астанасы етіп ежелгі Ташкент шәрін (бүгінгі Өзбекстан астанасы) бекітті. 1917-1918 жылдарда Ресейдегі Қазан төңкерісінен соң Қоқан хандығы қайта бас көтерді, жас өкімет «Түркістан мұхтарияты (автономия)» болып аталды, оның басында Түркістан көсемі – Мұстафа Шоқай болды.
Алайда бұл қуаныш ұзаққа созылмады, қанды қылышын сүйрете келген большевиктер Түркістан мұхтариятын қанға бөктіріп, орнына өз режимін орнатты. Кеңес өкіметі кіндігі бір бауырлас ұлыстарды күшпен ажыратты, ұсақ автономияларға бөлшектеді, Сыр мен Әмуді тел емген ортаазиялық жұрт ендігі жерде жасанды шекарасы бар ұсақ дәулеттерге, автономиялы республикаларға, округтерге бөлініп, шашырап кетті. Қоқан, Хиуа дәуіріндегі қазақ елінің басына түскен салық ауыртпашылығы, көшпелі мен отырықшы арасындағы қақтығыстар бөлек әңгіме. Алайда ат құйрығын кесіскен жерлері жоқ. Тарихи қайшылығы мен сая­си тартысына қарамастан, осынау түркі тамырлас Орта Азия халықтары белгілі бір саяси-әкімшілік, ғылыми-мәдени және діни руханият ошағында әрдайым ымыралы болып келді.
Генерал П.М.Кауфман жорығында оның әскери капельмейстері болған Август Эйхгорн кәсіби өнертанушы ретінде Түркістан өңірінің мәдениетін көп зерттеді, ән-күйлерді нотаға жазды, жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігі туралы жазбалар қалдырды. Ол заманда өзбек пен қазақтың бауыры ажырамаған еді. Өзбекстан ішіндегі қазақ рулары атақоныс ретінде қосөзен – Әмудария мен Сырдарияны ежелден қыстаған жұрт болатын…

Мақсат МҰХИТДЕНОВ,
Қазақстан Республикасының
Мәдениет қайраткері,
Қырғыз Республикасына
Еңбек сіңірген қайраткер,
түрколог, музыка зерттеушісі

(толық нұсқасын газеттің №23 (3657) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір