Ұлт қасіреті ұмытылмайды
31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні әлі күнге жалпыхалықтық маңызға ие бола алмай отыр. Ұлттық қасіретті «Қаралы күн» ретінде атап өтуге тәуекеліміз жетпей жүр. Газетіміздің өткен нөмірінде осы тақырыпта біраз сөз қозғағанбыз. Енді талантты суретші Алмас Сырғабайдың ҚР Ұлттық музейінде «Жоқ, ұмытуға болмайды!» деген атпен өткен жеке көрмесінен суреттер ұсынып отырмыз. Қазақстан Суретшілер одағы, ҚР Ұлттық музейі және Руханият орталығы ұйытқы болған көрмеге «Қаралы ғасырдың азалы бояуы» сериясынан таңдаулы туындылар қойылыпты.

Алмас Болатханұлы Сырғабай 1979 жылы Алматы облысы Райымбек ауданында дүниеге келген. Абай атындағы Алматы Мемлекеттік университетін Бейнелеу өнері және сызу мамандығы бойынша тәмамдаған. Республикалық «Ұлан» балалар мен жасөспірімдер газетінде көркемдеуші редактор болды. Қазір Нұр-Сұлтан қаласында Суретшілер одағында жұмыс істейді.
М.Мақатаевтың өлеңдері мен поэмаларының иллюстрациясын жасаған, кітаптарын безендірген. «Диалог Еуразия» платформасының ұйымдастыруымен Түркияның Стамбул, Бурса, Ізмір қалаларында және Қазақстан Жазушылар одағында шығармашылық жеке көрмесі қойылды. Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, «Ерен еңбегі үшін» және «Алаштың 100 жылдығы» арнайы медальдарының иегері.
Суреттерді фотоға түсірген
Бейсен БҰҚАРБАЙ