ҚАЛАМГЕР, КІТАП ЖӘНЕ ҚАЛАМАҚЫ
12.06.2019
692
0

«Алқа» клубының кезекті отырысы әдебиетшілердің ең өзекті мәселесі – қаламақы, кітап шығару, оны оқырманға жеткізу жолдарына арналды. Басқосуға белгілі жазушы, драматург Сұлтанәлі Балғабаев, ақын, «Қазығұрт» баспасының директоры Темірғали Көпбаев, жазушы Тұрысбек Сәукетаев қатысып, өз ойларын ортаға салды.

ЖАЗУШЫЛАРДЫҢ ӨЗДЕРІ САМАРҚАУ

Дәурен ҚУАТ: «Алқа» клубының бүгінгі тақырыбы қаламгерлерді Тәуелсіздік жылдарынан бері толғандырып келе жатқан мәселеге арналып отыр. Қаламақы жайында бұған дейін де талай мәрте сөз болды. Бірақ, әлі күнге нақты нәтижеге қол жеткізе алған жоқпыз. Сұлтанәлі мырза, Сіз көптен бері қаламгерлерге қаламақы төлеу туралы жобаны Үкіметке ұсынып келе жатқан әрі осы мәселе туралы талай жылдан бері баспасөзде үздіксіз жазып келе жатқан санаулы қаламгердің бірісіз. Сол үшін де өзіңізді арнайы шақырып отырмыз. Әңгімені өзіңіз бастасаңыз.
С.БАЛҒАБАЕВ: Менің бір нәр­сені түсінбеймін. Осы біздің жазу­шы­ларға қаламақы керек емес сияқты. Бұрнағы жылдар туралы айтпай-ақ қояйын. Биыл жаңа жылдан бері баспасөзге шыққан қаламгерлердің барлық мақалаларын, сұхбаттарын түгін қалдырмай оқып шықтым. Бәрі де халыққа жақсы ақыл айтады, жол көрсетеді. Бірақ бірде-біреуі: «Жазушының еңбегін бағалап, қаламақы берейік, басқа да жағдай жасайық», – деген бір ауыз сөз қозғамайды. Мен осыған таң қалдым. Қаламгер бұл жөнінен неге сонша самарқау?
«Қ.Ә.»: Неге олай дейсіз, ақын-жазушылар қаламақы мәселесін көтерудей-ақ көтеріп жүр емес пе?!
С.БАЛҒАБАЕВ: Мен кезінде қызмет бабымен ұзақ жыл Үкіметпен жұмыс істедім. Соған орай, жоғары орындарға өз ұсынысыңды өткізудің қыр-сырын біршама жақсы білемін. Оларға ұзын-сонар қызыл сөзден гөрі нақты ұсыныс керек. Бізде осы мәселе ескерілмейді. Біздің әріптес қаламгерлеріміз 500 бет роман, 100 бет поэма жазады, бірақ «әдебиетті дамыту үшін мынадай жағдай жасау қажет» деп қағазға түскен, ең болмаса бір бет ұсыныс бермейді. Егер жазушылар бас қосып, қазіргі заманға сай нақты жоба жасап, тиісті жерлерге ұсынып отырса, көп мәселе басқаша шешілер еді.

АМЕРИКАЛЫҚ ЖАЗУШЫЛАР НЕГЕ БАЙ?

Т.Көпбаев: Қазақ жазушы­ларына қаламақы төлемеу Тәуел­сіздіктің алғашқы жылында-ақ ше­шілген болатын… 1991 жылы – сол кездегі билік өкілдері Алматыда жазушылармен кездескенде: «Америкада жазушылардың барлығы миллиардер, миллионер, олар өз кітаптарын саудалап, байып жатыр. Сендер неге Үкіметке қол жая бересіңдер? Қол жаймаңдар, сендер де байыңдар», – деген болатын. Америкада 300 миллион халық тұрады, оның бәрі бір тілде сөйлейді. Егер бір америкалық жазушы өз кітабын миллион данамен шығарса да оны өткізу қиын емес. Тіпті, әр данасын бір доллардан сатса бітті ол бірден миллионер болып шыға келеді. Ал, қазақ жазушысы Кеңес кезіндегі есеп-қисапқа үйренген, өлең жазса, жолымен, көркем шығарма жазса, шартты баспатабағымен санайды. Кезінде Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Әзілхан Нұршайықовтар қаламақыны күреп алып, ең бай адамдардың санатында шалқып өмір сүрді. Мен қазір министрліктің тапсырмасы бо­йынша, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің жеті томдығын жасап жатырмын. Әбеңмен келісім жасау үшін арада қандай әңгіме болды десеңізші. Ол кісі: «Мен кезінде миллионер болғам, «Қан мен терім» 36 тілге ау­да­рылған, соның ақшасының астында қалғам. Енді маған жеті томдығым үшін 100 мың доллар бер, сонда ғана келісімге қол қоямын. Кезінде Луи Арагон мені Бальзакпен салыстырған, Бальзактың деңгейіндегі жазушымын, мен өз бағамды білемін», – дейді. Содан мен ол кісіге: «Аға, сіз сол «Қан мен терді» жазып болған жылы ұйықтап кетіпсіз, ұйықтағанда қатты ұйқыға кетіпсіз, сол ұйқыдан ояныңыз… Қазір ешкімнің кітабына қаламақы төленбейді. Қаламгерлер өз кіта­бын өзі шыға­рып, өзі сатады. Баяғы Қадағаң мен Тұмағаңның кезіндегідей 40-50 мың данамен кітап шығаратын дәуір келмеске кетті. Қазір жазушы баспаға ақша төлейді, сол үшін сіз 100 мың долларды маған беріңіз», – дедім кейіп. Әбекең қазіргі жағдайды білмейді, білгісі де келмейді. Бәрі баяғыдай деп ойлайды. Меніңше, мына заманда қолына қалам ұстап, әдебиетке адал қызмет етіп жүргендерге ескерткіш қою керек. Олар тегін еңбек етіп жүр…
С.БАЛҒАБАЕВ: Біздің айтпағы­мыз бұл емес қой. Жазушының кіта­бын шығарып, қаламақы төлеуге қанша ақша бөлінді, сол туралы айтсаңшы….
Т.КӨПБАЕВ: Соған келе жатырмын ғой, тоқтай тұрсаңызшы…
С.Балғабаев: Жоқ, баспаларға қанша ақша бөлінеді? Оны қалай, қайда жаратады? Сол туралы айт…
Т.КӨПБАЕВ: Сұлтеке, сабыр етіңіз… айтамын. Негізі алдымен қаламақыны кімге төлеу керек, қалай төлеу керек деген жүйе қажет. Бізде ондай жүйе жоқ. Бертінгі жылдарға дейін қаламақы туралы Үкімет тарапынан ешқандай пәрмен түскен жоқ. Кітаптар бүкіл Республикаға екі мың таралыммен ғана таралатын. Қаламақы туралы ешкім айтпады емес, айтты. Бұл мәселе әлі айтылып та келеді. 2015 жылға дейін қаламақы автор кітабын шығаруға бөлінген қаржының он пайызы болды. Оған ешқандай нормативтік акт жоқ. Мұхтар Құл­мұхамед Мәдениет министрі болып тұрғанда қаламгерлердің жағдайын ескеріп: «Жағдайларыңа қарай баспаға бөлінген ақшаның он пайызын беріңдер», – деді. Оны да бермейтін баспалар көп. Осыдан кейін де қаламақы мәселесі ара-тұра қозғалып жатты.
С.БАЛҒАБАЕВ: Соны кім қозға­ғанын білесің бе?
Т.КӨПБАЕВ: Білемін.
С.БАЛҒАБАЕВ: Айтшы, қане.
Т.КӨПБАЕВ: Сіз қозғадыңыз…

(Толық нұсқасын газеттің №23 (3657) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован.

Пікір