Тар жолда тайғақ кешкен…
Сәкен Сейфуллин – 125 жыл
Биыл қазақтың үш арысы – Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллиннің туғанына 125 жыл толып отыр. Қазақтың осы үш бәйтерегін коммунистер билеген Совет Одағы оққа байлады. Олар туралы естеліктерді оқысаңыз, қысқа ғана ғұмырларында толайым еңбек, өшпес із қалдырғандарына таңданбай тұра алмайсыз.
Өткен аптада Астанадағы Сәкен Сейфуллин музейінде ақынның 125 жылдығына орай арнайы конференция ұйымдастырылды. Мерекелік шаралар аясында ақын туралы деректі фильм, ғұмырнамалық естеліктер, шығармалар жинағы, зерттеу еңбектері жарық көретіні айтылды. Біз газетімізге тар жолда тайғақ кешкен алыптар шоғырының естеліктерінен үзінділер мен Сәкен Сейфулиннің «Аштардың рухтары» әңгімесін жариялап отырмыз. Сәкентану – тұтас бір дәуірді тану деген сөз. Сәкеннің өмір өткелегін – тар жол, тайғақ кешуін түсінуге, шығармашылық қуатын білуге жылы да шынайы естеліктердің берері мол.
Шыншыл, тәкаппар ақын
Желісі үзілмей келген жиырма жылдық ақын жолы – жеңіл жол емес. Күш-қуат, ой-сезім, істегі нәр атаулының барлығын қуаныш пен күйініш, қинау мен тебірену араларында, жалындай жанып ортаға салған жылдар. Бұл жолға барлық жас қуаты, өмірлік бейнеті, жүрек қаны сарп етілген. Осы күйді Сәкен әсіресе басынан мол кешті.
Еңбек дүниесінің күні тумай, шөл ғасырлардың кер заманы меңдеп тұрған күндерде шығып, тарихи сын күндерде кері кетпей, өмірдің өріне тарту, әуелгі адамның өзінде-ақ «оңай жол болайын» деген жоқ-ты.
Осы жиырма жыл бойын басып, озып отырған ақын еңбегіне сыншы да, тарихшы да емес, жай қатардағы оқушы есебінде көз жіберіп қарасаң, өзгеде жоқ екі түрлі ерекше, ірі қасиеті басымдап айқындала шығады. Мұның біріншісі – жалтағы жоқ шыншылдығы; екіншісі – ақындық тәкәббірлігі. Жай мінез молшылығын айтпаймын, ақындық еңбегінің сипатын айтам.
…Сәкен ақындығының екінші зор қасиеті – шыншылдығы. Оның шығармаларына біткен сезімнің барлығы да айқын, ашық. Тұтас бітімді, жоталы тұлғадан туатын көрнекті бүтіндігі бар сезімдер. Белгілі шығармаларынан өлеңін, әңгімесін, поэмасын алсақ – барлығында да сүюі мен ашуы, ырзалығы мен наразылығы, үміті мен күдігі әрқашан барынша шын сезімнің толқыны боп білінеді. Сонысымен де әсерлі де күшті боп шыға алады. Өз ішінде тұрған көңіл күйін оқушыға жеткізіп, қондырып ұқтыра алады.
Лебімен тартатын өнімділік, ұтымдылық табады. Шыны қайда, өзі қайда екенін білдірмейтін, жаза баспайтын, ішіне тығынған кедір-бұдырсыз тақ-тақ жолдың ақыны Сәкен емес. Оның шыншылдығы қозып, жанып отыратын, буы білініп тұрған барынша шын сезім, шын жүрек шыншылдығы. Сондықтан мұның жолы әр адымын санап басқан кісінің жолы емес, ылдиы бар, өрі бар, шын өмір жолы, ыстық қанды нағыз ақын жолы.
Тегінде мағыналы, өрісті, көш бастар, белге шығар үлкен еңбек туса, осындай қайнар көзден шығуға лайық. Біздің бүгінгі әдебиеттің әлі заманымызға сай үлкен обобщениені жеке-жеке кесек, ірі шығарма түрінде бере алмай келе жатқаны мәлім. Жиырма жылды басып өтіп, күш-қуаты шын толған кезіне, кемеліне жеткен Сәкеннен енді сондай қорытынды еңбектерді күтеміз. Соны бере алады деп сенеміз.
1936 жыл
Сәкенмен алғаш кездесуім
1922 жылдың басы. Қырғызстандық (Қазақстандық) партия ұйымының Орынборда шақырылған екінші конференциясына делегат болып мен де бардым. Бұл қалада қызмет атқарған республика басшыларының әрқайсысын да көргім келеді, солардың ішінде, әсіресе, Сәкен Сейфуллинді көргім келеді, естуімше, ол қазір «Еңбекші қазақ» (бұрынғы «Ұшқын») газетінің алқа мүшелеріне председатель және Қазақстан Халық Комиссарлары Советінің председателі… Мен Сәкенді көруге бұ жағынан емес, ақындық атын естігендіктен құмартамын.
Сәкенді алғаш «Деевская 5» аталатын өз пәтерінің алдында көрдім. Орамның бұрышына салынған бұл сәнді ағаш үйдің адресін маған Абдолла Асылбеков берген. Абдоллаға мен 1921 жылдың мартында жолыққамын да, содан кейін дос боп кеткемін. Ол – Қырғыз (қазақ) облыстық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі.
«Деевская 5-ке» жаңа жетіп, көше жақ есігінің басқышына көтерілуге ыңғайлана бергенімде, әдемі фаэтонға жегіліп, екпіндей желген сұлу көк арғымақ мен тұрған есіктің алдына кеп тоқтай қалды. Фаэтонның алдында кучер, артында жалғыз адам отыр. Арттағы адам фаэтоннан түсе бергенде, мен түр-тұлғасына таңдана қарап, шегіне беріп, қалшия қаттым да қалдым.
Мені екі нәрсе қайран қалдырды: бірі – бұл адамның көңілі, екіншісі – кескін-кейпі. Әуелі, киімі туралы: басында дөңгелек құндыз бөрік, үстінде құндыз жағалы пальто, аяғында саптамалы қазақы етік. Бұлар менің ол кездегі ұғымымда, тек буржуйларға ғана тән киім! Бойы ортадан биіктеу, денесі тік, жауырыны кең бұл адамның кескін жобасы қазақ; маңдайы кең, мұрты сұлулана біткен дөңес, қырау тұрған имек қасы қалың, ұзын кірпік, сұлу қара көзді, қою ұзын мұртты. Өзі дәл солай ма, әлде аяз сүюден бе – сұлу бетінде құлпыра қан ойнайды!..
Осы адам фаэтоннан түсті де, көшіріне: «Ал, Мұхаметолла, жүре бер», – деп мені көрмеген, көрсе де елемеген адам сияқтанып басқышқа көтеріле берді. Оның келуін терезеден көріп тұрғандай, әлдекім есікті ашты да, сұлу адам үйге кіріп кетті. Қоян құлақшыны, шолақ ақ тоны бар, жұқа өңді, қырауытқан сұйық, мұртты көшір сұлу адам үйіне кіре, көк арғымағын бұра берді.
– Әй, жолдас, тоқта! – дедім оған.
– Нәрсе? – деді ол татаршаланып, ауыздықпен алысқан атын тежеп.
– Атың кім?
– Нәрсеге керек?
– Білгім келеді…
– Мұхаметолла Бикмаев…
– Үйге кірген кім?
– Сәкенні білмисіңмі ни? Сейфуллин!..
Бикмаев тарта жөнелді. (Ол кейін көп жыл шофер болған, қазір қартайып пенсияға шыққан, құрметті Бикмаев.) «Сәкен осы екен ғой» деп ойладым. Бірақ үйіне кірмедім. «Советтік» тәкаппарлығым ұстап кетті…
(Толық нұсқасын газеттің №22 (3656) санынан оқи аласыздар)
ПІКІРЛЕР2