ӨЛЕҢ НАМЫСТАН ТУАДЫ
07.06.2019
1132
0

Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА:

Халқы еркелетіп «Ақ Жайық­тың ақ шағаласы» атаған Ақұштап Бақтыгереева Алматыға келген жуырдағы сапарында «Қазақ әдебиетінің» тілшісіне арнайы сұхбат берді. Қазіргі әдеби үрдіс, қоғамдық мәселелер, ұрпақ тәрбиесі, ауылды қайта құру туралы ақынның ойлары осы сұхбат барысында айтылды.

Алғашқы кітабым – паспортым болды

– Сұхбатты бірден алғашқы кітабыңыз туралы бастағым келіп отыр. «Өрімтал» шыққанда қандай күйде болдыңыз? Кітапқа енген өлеңдер қандай сәттерде туған еді? 
– Алғашқы кітабының шығуы – қалам ұстаған адамға өте үлкен әсер етеді. Әсіресе, жастарға. Оның кезеңі болмайды, ол қуаныш әкеледі. Қазақтың қыздар педагогикалық институтын бітіріп, диплом алып, қуанып жүрген кезімде алғашқы кітабым екінші қуаныш болып қосылды. Бұл мен үшін үлкен жауапкершілік әрі тосын сый болды. Ол кезде оқырман көп еді. Менің алғашқы кітап шыққанға дейінгі өлеңдерімді көпшілік оқып, бағалап жүретін. Сол кезде әдебиетте бір есім пайда болса, соны бүкіл халық біліп отыратын. Өйткені газет-журналдарға шыққан өлеңдерді еліміздің әр қиырындағы оқырмандар іздеп оқитын. Газет-журналдардың да тиражы мол болатын. «Қазақстан әйелдері», қазіргі «Жас Алаш» сияқты газеттерге шыққан өлеңдерім менің есімімді айналама, ортама танытып үлгірген. Ол уақытта кез келген жиындардан мүйізі қарағайдай ақын-жазушы ағаларымызды көріп, естіп, рухани құндылыққа бай болып өстік. Қазіргі әл-Фараби университетінде әдеби бірлестік болды. Ол бірлестікті ұлы Мұхтар Әуезов құрып кеткен. Сол бірлестіктен қазақтың небір мықты ақыны мен жазушысы, әдебиетшісі шықты. Соны басқарған Әбіш Кекілбев ұлтымыздың заңғар жазушысы атанды. Аталған бірлестік екі апта сайын жастардың шығармаларына талқы жүргізетін. Сол жерге барып өлең оқу, талқыға түсу, өз бағасын алу – болашақ қаламгер үшін үлкен мектеп болды. Қазіргідей әркім өзі жазып, ақша төлеп шығарып, өзімен-өзі жазушы, өзімен-өзі ақын болып, кеудесін керіп жүретін жағдай ол кезде болған жоқ. Ол тұста қалыптасқан қаламгерлерден баға алған соң, біз қолымызға қалам алып, «ақынмын» деп сөз сөйлеуге құқылы болдық. Сонда менің алғашқы кітабым «Өрімталдағы» өлеңдерім әдеби ортаға, жалпы көпшілікке несімен ұнады? Адам жанының кіршіксіз, мөлдір сезімінен туған шынайы жырлар болады. Ал, мөлдірлік, тазалық, шындық, адалдық ешқашан өлмейді ғой. Менің алғашқы кітабымның жеңісі осы тазалықтан, мөлдірліктен бастау алса керек. Себебі, ол жырлар менің тұма сезімдерімнің қайнарынан мөлтілдеп шыққан жүрекжарды жырларым еді. Сол жинақты қаламгер Жанболат Аупбаев 41 жыл сақтап, оқып жүріпті. Оның осы жылдар бойы көшпеген жері жоқ екен. Сонда да ол жігіт «Өрімталымды» жанынан тастамапты. Бұл бір ғана мысал. Сол «Өрімталға» Фариза сонша қызықты. Өйткені мөлдір жырлар оны баурай алды. Әсіресе, әкеге арнаған өлеңдерім. Қыз баланың әкеге арнаған жырлары.
Жатпадым анам қойнына,
Сен келмей тамақ ішпедім.
Оралып тыста мойныңа,
Тізеңнен үйде түспедім.
Асауды жексең шанаға,
Делбеңді қақтым елеңдеп.
Сен жүрдің бе екен балама,
Келіншек алып берем деп.
Сурет пе? – Сурет. Ұл аңсаған әкенің арманы ма? – Арманы. Міне, осының бәрі шын көңілден, шынайы жүректен төгілді де, қағазға түсті. Немесе:
Тал-шыбық тұрар жағада,
Тербеліп нәзік желменен.
Мені еске ал, соған қара да,
Көңілін көп ой тербеген.
Осындай шумақтар қыз баланың, өлеңге ғашық қыз жүрегінің пәк лүпілі деп бағаланды.Тіпті, соның аудармалары сол кезде көзіне ешкімді ілмей отырған Мәскеуден шығатын «Совет әйелдері» журналының кезекті сыйлығына ие болды. Бағалаушылар бүкіл Кеңестер Одағы бойынша «әйел поэзиясының ең нәзігі» деп бағалапты.
– Әдебиетке келген қазіргі жастарға ешкім көңіл бөлгісі келмей ме, жоқ, әлде, әдебиетке деген түсінік өзгерді ме, әйтеуір, белгісіз жағдайда өмір сүріп жатырмыз. Бір-екі кітабы шықса да мынау «ақын», «жазушы» деп атай алатын жастардың дені аз. Бұл шындық. Осы туралы қандай ойдасыз?
– Қазір біз адам өзгерді деп айтып жүрміз, дегенмен, адам сол баяғы адам қалпы. Ал, әдебиет, поэзия адамды түбегейлі өзгертпегенмен, оның жақсы болуына ықпал ету керек деген түсінік бар. Ол адамның жан-дүниесін жақсылыққа үндеуі керек. Қазір шығарма жазатындар өзі жазып, өзі бекітіп, кітап қылып шығарады. Ол көптің, әдебиетті білетіндердің талқысынан өтпейді. Қазіргі біздің негізгі қасіретіміз – осы. Бірер өлең немесе әңгіме жазған соң, «мен – ақынмын, жазушымын» деп кеуде соғу дерті басым болып барады. Бұған жол бермеуіміз керек еді. Олардың жазғаны көп талқысынан өтпеген соң, жүректерге қонбайды, сәулесіз дүние қалпында қала береді. Ал, ерекше, мөлдір дүние болса, елді елең еткізер еді. Егер поэзияға бір құбылыс келсінші, ол, сөз жоқ, ел-жұртты таңырқатар еді. Бір кезде қазақ поэзиясына Қасым мен Төлеген келгенде оқырман ортасы дүр ете қалды емес пе?! «Қазір неге тоқыраудамыз?» – деп сұрағалы отырсың ғой. Қазір еліктеп-солықтайтындар, өзінің түптамырлық ұлттық әдебиетіндегі қасиеттерді аттап өтіп, ана жақ, мына жақтан, Батыс-Шығыстан шала сауат ашып, «болдым, толдым» деп, қазақ поэзиясын бұзып жүргендер көп. Жап-жас адамның өлеңін оқысаң, бірден қара бұлт, қасірет, өлім, аспан түнеріп отыр, тереземнің ар жағында ештеңе жоқ, сәуле сөнді, қара бұлттан тамшы тамды, менің көз жасым да сондай деген сияқты шатпақтарға кез боласың. Неге 18 бен 25 жас арасындағы қыз-жігіттер қуануды білмейді? Сөйтіп келеді де, соның әсерінен біреуі асылып өледі, біреуі суға секірді, тағы біреуі терезеден құлайды. Міне, осыдан-ақ әдебиеттің адам тәрбиесіне тікелей ықпал етіп отыратыны байқалады. Баяғыдан бері әдебиет пен өнер ұлтты, адамзатты тазалық пен жақсылыққа, ұлылыққа жетелейді деген қағиданы данышпандар айтпас еді ғой. Егер адамзатты тәрбиелегісі келмесе, Құранды кітап етіп жазбас еді. Ендеше адамзаттың рухани дүниесін байыта алса ғана ақын оқырманын тауып, оқырман ақынын іздер еді. Еліктеу – қазіргі жастардың жұқпалы ауруы болып кетті. Өзіңнің қаныңда, топырағыңда не бар, соны оқырманға ұсынуың керек. Қанша уақыт өтсе де Мұқағалиға неге құлай береміз? Себебі, ол ұлттың жүрегіндегіні айтады. Біздің ұлттың рухани құндылықтары нені айтады, әрине, адамзат тәрбиесіндегі ізгі қасиеттерді, ұлағат пен ұлылықты айтады. Қазіргі жастар өжеттік деп дікілдеген бірнәрселерді қосады, адамға ой саламын деп бәрін түнертеді. Міне, осы кемшіліктерден арылмаса, поэзиямыз өз келбетінен айырылады…

Сұхбаттасқан
Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН

(Толық нұсқасын газеттің №22 (3656) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір