Жібек жолындағы 100 қала
31.05.2019
116
0

Қазақстан Жазушылар одағы бас­қармасының Төрағасы Ұлықбек Есдәулет Пекин қаласындағы іс-сапар барысында 40 мемлекеттен екі мыңдай әдебиет, мәдениет пен өнер қайраткерлерінің қатысуымен өткізілген «Азия – өркениеттер диалогы» атты ірі халықаралық конференцияға қатысып, сөз сөйледі. Сонымен қатар, «Синь­син» баспасының Президенті Ма Ружун мырзамен кездесіп, «Жібек жолындағы жүз қала аңызы» жобасының аясында Алматы, Тараз, Түркістан қала­ларының тарихы туралы жазылатын қазақ авторлары шығармаларының қытай тілінде жарық көруі туралы келісімге қол қойды.
Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Қазақстандағы үш қаланың тарихы туралы шығармаларды «Жібек жолындағы жүз қала аңызы» атты жобаға енгізу Қазақстан Республикасының Қытайдағы Елшілігінің қолдауымен іске асты. Аталмыш жоба аясында Кәдірбек Сегізбайдың «Алматының «Алтын адамы», Несіпбек Дәутайдың «Көне Тараздың тарихи көмбелері», Мархабат Байғұттың «Түркілер төрі – Түркістан» атты тарихи көркем шығармалары тәржімаланып, басылып шығады.
«Жібек жолындағы жүз қала аңызы» атты кітаптар сериясы – «Бір белдеу, бір жол» аясындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жоба.
«Синьсин» – 1989 жылы негізі қаланған шет тіліндегі шығармаларды басып шығаратын және тарататын ҚХР Әкімшілігінің мемлекеттік баспа үйі. Бұл баспа үйінде жыл сайын қытай, ағылшын, орыс, испан, француз, жапон, кәріс, не­міс, араб сынды көптеген тілдердегі, түрлі жанрда жазылған 230 кітап жарық көрді.

Дайындаған Г.СӘДУАҚАС

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован.

Пікір