Мәңгілік махаббат
14.05.2019
1577
0

Жары Қалимаш жазушының жанынан бір елі қалмайтын еді

Өз басым сауат ашып, хат тани бастағаннан-ақ ауыз әдебиетіндегі батырлар жыры мен ғашықтық дастандарға ерекше қызығатын едім. Жалғыз мен емес, өзгелер де солай шығар… Сюжеттік желісі Жайықтың жағасынан тараған «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» кесенесі бала кезімізден көзімізге таныс. Аягөз ауданына қарасты Таңсық стансасына пойызбен келгенде, жолаушылар:
– Әне, «Қозы Көрпеш – Баян сұлуға» соғылған биік кесене көрініп тұр! – десетін. Осы стансадан әрі-бері өткенде сол кесенеге көз суармай кетпейтінбіз.
«Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырын зерделеп зерттеген ғалымдар жеткілікті. Шоқан Уәлиханов, Әлкей Марғұлан, Ысқақ Дүйсенбаев, орыс ғалымдары Потанин, Радлов, Алтай елінің әдебиет зерттеушісі С.Кастанье іспетті болып жалғасып жатады. Оны айтасыз-ау, А.С.Пушкиннің бір қол­жаз­ба­сынан «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» дас­танының орысша жазылған нұсқасы та­был­ғанынан да хабардармыз. Радлов 1925 жылы «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырын Мәскеуде жеке кітап етіп бастырды.
…Ғажайып ғашықтар, ғажайып аңыздар, сол «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының 30-дан астам нұсқасы бар екен. Бұл жырдың көбірек таралған тұсы ХV-XIX ғасырларға саяды. Ал әйгілі археолог-тарихшымыз Әлкей Марғұлан табылған құйма ескерткішті ескеріп, осыдан жиырма ғасыр бұрын болған деген жорамал айтады.Бұл жырды түбегейлі зерттеген М.Әуезовтің еңбегі аса зор. Бізге ауыз әде­биетінен дәріс бергенде, Мұхаң «ғашықтық жырларының ішіндегі ең көп тарағаны осы «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» дейтұғын. Шығыс елдерін шарлаған «Тахир – Зухраны» алыңызшы. Мұнда да екі ғашықтың арасында кедергі болатын Қарабек деген батыр бар. Бұл да бізге таныс Қодар бейнесін қайталайды. Екі ғашық зиратында гүл өсіп тұрса, Қарабектің бейітінде көк ті­кен тікірейіп шыққанын көреміз. Бұл не? Кездейсоқтық па? Әрине, жоқ. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырын Шөжеден естіп, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы да жырлаған. Ал бұл дастанның нұсқасы – Жанақ ақын айтатын түрі. Көршілес Алтай елінде де «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жыры бар. Олар өздерінше мақаммен айтқанмен, түп төркіні біреу.
Сондай-ақ, «Сейфулмәлік» дастанының да әр қилы нұсқалары болғанымен, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырымен сабақтасып жатады. Әзағаң ауызша әңгімеге де шебер еді.

* * *

Жалқы сәт: Елбасы мен жазушы. Бұл кездесуде Ә.Нұршайықов Н.Назарбаевқа қазақ мемлекетін неміс Конрад Аденауэр сияқты ұзақ жылдар бойы басқаруды аманаттаған еді

Әңгімеміздің жалғасын махаббат тақы­рыбын майын тамыза айтып «Мәң­гі­лік махаббат» жырын туындатқан Қазақ­станның Халық жазушысы Әзілхан Нұр­шайықовқа – Әзағаңа қарай бұрайық.
Бойы аласалау болғанымен, ойы биік, парасат пайымы мол, аты тірі кезінде-ақ аңызға айналған Әзағаңмен ұзақ жылдар құдайы көрші болдым.
Құдай қосқан қосағы Қалимаш жеңгеміз Әзағаңды қашан да қолтықтап алып, министрлер кеңесіне қарасты орталық емханаға қарай жаяулатып бара жататын.
Әзағаңның:
– Ей, Мыңбай, дереу сыртқа шық. Серуендеп қайтайық! – деген сабырлы да жіңішке дауысы күні бүгінге дейін құлағымда қалыпты. Бір ғажабы Әзағаң ауызша әңгімеге де шебер еді ғой, шіркін! Ақбұзау ауылында тұрғанынан бастап, бергі дәуірге дейінгі айлар асап, жылдар жұтқан шақтарын шешен сөйлеп, тебірене есіне алатын. Әңгіме Қалима жеңгемізге ойысқанда ерекше толғанатын.
– Махаббаттың үш түрі бар! – дейтұғын.
– Мұныңыз қызық екен, сонда қандай?
– Кездейсоқ махаббат, өткінші махаббат, мәңгілік махаббат…
– Әу, сонда сіздің махаббатыңыз қайсысына жатады? – Менің таңырқай қойған сұрағыма:
– Мәселен менің Қалимашыма деген махаббатым мәңгілік! – деп аса байсалмен тебірене сөйлеуші еді жарықтық. Шынында да солай еді. Жастайынан туған жер топырағында, кейін келе майдан даласында кездескен кең пейілді, келбетті қосағы Қалимашқа шалғайда жүрген шағында да естен шығармай, сағыныш сырын ақтара хат жазғанын білеміз…
Қаламгер әйгілі «Ақиқат пен аңыз», «Махаббат, қызық мол жылдар», «Естеліктер», өзге де толып жатқан шығармалардың сыртында жан жары Қалиманы бір сәтте қақас қалдырмай, көл-көсір топтама өлеңдер туындатты.
Қалтаға салуға лайықты етіп шығарылған шағын көлемді әдемі кітапшасы «Мәңгілік махаббат жырын» ол ең қастерлі құрмет – «Отан» орденіне ие болғанда, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлына өз қолтаңбасымен сыйға тартқанын да жақсы білеміз.
…Жасының ұлғайғанына, жүрек сырқатына қарамастан өрелі өлке Өске­менге барып, арнайы той – VII қысқы Азия ойындарының «Алау отын» қолына ұстап алып, жүгіре жөнелгені де күні кешегідей есімізде қалыпты. Күндер күлімдеп, айлар ағымдап, жылдар жылжып өтіп жатыр…

Мыңбай Рәш

(Толық нұсқасын газеттің №19 (3653) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір