Жарқ етеді кеуде тұстан
24.10.2015
1651
0

Нұртай  ТЕКЕБАЕВ

540374_1088977494_10915661_1544418672503740_892201263770633420_o

ӨЛЕҢ ДЕСЕ..

Жыр көрігі ұшқындаса, біліп қой,

Келе бермес қайта-қайта күдікті ой.

Ей, адамдар, мен жайында сұрасаң,

Менің жаным тұмадан да тұнық қой.

 

Есеп беріп өтсем деймін әр демге,

Таразысы жан сырымның бар менде.

Жаны жайсаң жігіт жайын ұғыңыз,

Намыс отын жарқылдатар нар кеуде.

 

Елім десем, елеңдеймін елеуреп,

Жарқ етеді кеуде тұстан дереу от.

Елім десем, әлдекіммен ес-түссіз,

Сұхбаттасқым кеп тұрады керемет.

 

Өлең деген туар, шіркін, ғайыптан,

Жаза салу ақ қағазға айып па?

Қаным қызып, іштен шабыт кернесе,

Теңер едім мен өзімді Жайыққа.

 

Шабыт деген өте шығар түс тектес,

Мас қылады, бірақ бойдан күш кетпес.

Жайшылықта көк жүзінде жүзетін,

Менің жаным бұйра бұлттар іспеттес.

 

Есік қақса, жаза салам дереу кеп

Менде бірақ бұдыр-бұдыр теңеу жоқ.

Елеусіз кеп тоқылатын өрнектей,

Өлең десе, тұрар көңіл елеңдеп.

 

ЕДІЛГЕ
(Волгоград қаласына барғанда)

Ау, Еділ!

Ап кетейін деп едім,

Уысыма сыймадың.

Еңіреп тұрып жыладым.

АТТЫЛЫ адам кешіп өткен,

Аймалап самал есіп өткен

Күміс толқыныңдай туладым.

Дариямды буып ап,

Жағада жатыр дәу қала.

Сірә, қаңғып кетсем бе!

Тарихымды салып саудаға.

Не болса да,

саған айтар сырым көп,

Керілген анау кең жайлау

Бұрын бар да, бүгін жоқ!

Елге аттанып барамын,

Жүрек күлтесі тілім боп.

Келе беймаза күй кештім,

Көкіректе тыным жоқ.

Дидарыңа төнген көк аспан

Дария шалқар

көкжиекпен ұласқан

Қарай бердім Өзіңе

Тұлпардайын кісінесіп

Жайыңды кім бар сұрасқан?!

Баһадүр бабаларым

Найза шаншып жағаға

Дулығасымен су ішкен.

Мақпал төсіңе малынып

Арулар сыңсып, күліскен.

Саған жетпеген сөз ғаріп,

Сарыарқада біз ғаріп,

Зереннен терең у ішкен.

Зердеге сәуле құйдырып,

Жайыңды кім бар біліскен?!

Егізімнің сыңары

Теңіз мұңымның тұрағы

Толқыныңды өпсем бе?

Шетінеген жыр көп менде,

Шертілмеген сыр көп сенде,

Нарынның көшкен құмындай

Нардай боп жағаңа шөксем бе!

Бәрі де бәрі кеш бүгін,

Біздерден жеткен көш бұрын

Адыра қалды ма…

Сәлем айтқан құстарға

Еділ-Жайық – қос бұрым,

Жаутаңдап кәрі тарихқа

Қарайды жәудір қос құлын.

Төсіңе төсім тимеді

Арманда кетіп барамын

Айдыныңды есілген

Қарашығына көшірген

Кірпігіне сыр ілген жанарым.

Иесін аңсаған арудың,

Естігендеймін боздағанын.

Қайтейін беймаза сағыныш

Жүрек суырып сыздағанын.

Күлте жал-толқын көмкеріп,

Бір аунап тұрып кетер Тұлпардай

Өзіңе жүз қарадым.

Көрісерміз, хош Еділ,

Емініп кеп су ішер

Атилладан қалған мұзбалағың.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір