ҚАЗАҚ ПРОЗАСЫ ҚАЙТА ТҮЛЕЙ БАСТАДЫ
02.05.2019
1164
0

«Қазақ прозасының аяғын тұсап келе жатқан проблемалар әлі де баршылық. Солардың бірі – көпсөзділік, бір сөйлемі бір абзац, жарты бет, кейде бір бетті алатын аса күрделі құрмалас сөйлемдермен жазу». Бұл – прозалық шығармалар туралы баяндама жасаған жазушы Әбділдабек Салықбайдың пікірі. Жазушы ықшам, нақты жазу, Э.Хемингуэй енгізген телеграфтық стильдің әлі де болса қазақ прозасына дендей енбегенін мысал ете келіп, алайда соңғы жылдары Мұхтар Мағауин секілді сақа жазушылардың өзі қысқа сөйлемдер арқылы ойын жеткізуге машықтанғанын атап өтті.

Баяндамашы ең алдымен кейінгі жыл­дары тарихи зерттеулермен шұғыл­данып жүрген жазушы Бейбіт Қойшы­баев­тың тарихи сипатты «Алашия» трилогиясына тоқ­­талды.
«Алашияның» аң­дат­пасында Б.Қойшыбаев осы шығарманы жазуына Алаш қозғалысы куәгерлерінің бірінің қолжазбасы қолына түсуі себепкер болғанын айтады. Автордың бірінші орыс револю­ция­сының 80 жылдығына арнаған мақа­ласын оқыған Ресей қалаларының бірінде тұратын куәгердің ұрпағы отбасылық мұрағатындағы атасының қолжазбасын – бірнеше көне дәптерді жазушыға аманат етіпті. Тосынсыйға тап болған қаламгер ХХ ғасырдың басындағы оқиғаларға бар болмысымен еніп кетіп, бұрынғы зерт­теу­лерін одан сайын үдетіп, жүйелеп, осы қомақты туындысын жазып шығыпты. Бұл – автордың оқырманды қызықтыра түсу үшін ойлап тапқан тәсілі ме, әлде шыны солай ма, оны тап басып айта алмаймыз. Қалай болғанда да ұлттық идео­ло­гиямыздың бастау бұлағында тұрған ХХ ғасырдың басындағы Алаш қозғалы­сын сан қырынан ашқан трилогия дүниеге келді».
Баяндамашы «Алашияның» жазу мәнерін, жанрын анықтау қажеттігін, бұл бұрын қазақ прозасында кезікпеген тә­сілдер кең қолданылған шығарма екенін айта келіп: «Яғни, автор қазақ прозасына тың жанр енгізіп отыр. Жалпы бұл шығар­маны Қазақстан Жазушылар одағының проза секциясында жеке талдаған жөн деп санаймын», – деді. Бұдан соң танымал жазушы Несіпбек Дәу­тай­ұлы­ның «Кісі иесі» кіта­бын­дағы екі хикаяты мен он екі әңгімесін жоғары бағалап, әсіресе, «Ақкү­шік» – «қарымды жазу­шы­ның қолынан шыққан сом бітімді хикаят» деген баға берді.
«Жазушы шеберлігі туындының ал­ғаш­қы сөйлемдерін оқыған соң-ақ көзге ұрады. Ауыл музыканты Қалдыбай мен оның сұлу әйелі Бекзат, олардың ақкүшігі, диірменші Павел Пантелеевич пен оның көршісі Матрена, кафе, тойхана бизнесін дөңгеленткен пысық жігіт Өрікайдар – қапысыз танылып, барлық қырынан ашылған кейіп­керлер. Хикаяттың арқауы мықты, өрнегі айшықты. Қалдыбай мен Бекзаттың бас құрағанына он шақты жыл болып қалса да бір перзентке зар. Ауыл әншісі тексе­ріліп көрсе, өзі белсіз екен. Содан ол әйе­лімнің обалына қалдым деп, үйінен безіп, диірменшімен әмпей болып, ішкілікке салынады. Ал осы диірменде туған, Павел сыйлаған ақкүшігі байлаудан босанғанда иесін оңай іздеп тауып, бір күні сонымен бірге болып, келесі күні оның әйелі Бекзатты жағалап, екеуін де қимай, екі араны шұбы­рынды із қылады. Асылы, алған нысанасын, кейіпкер­ле­рін қапысыз танып, жазып отыр­ған шығармасындағы оқиға­лар мен құбылыстарды кино кадрларындай көріп, ең болмаса көз алдына елестетіп оты­рып жазған жазушы – на­ғыз жазушы. «Ақкүшікті» оқы­ғанда Несіпбек Дәутайұлы­ның осын­дай бақытты жазушы­лардың бірі екеніне еш күмәні­міз қал­мады».
Жазушы Несіпбек Дәутай­ұлының «Ал­тын балық», «Көгілдір көйлекті келін­шек» секілді шығармалары да оқырманды бейжай қалдырмайтынын, өзге әңгімелері де кәсіби жазушының өзіндік мәнерін айқын­дайтынын жеткізе отырып, аға буын өкілі саналатын жазушының кей сәттерде тілге немқұрайды қарайтынын құптай ал­май­тынын білдірді. Айталық, ылығу сөзін «лығу», еркектің белсіздігін «бедеу» деп алғанын келтіре кетті. «Осы орайда тілге жүрдім-бардым қарайтын басқа да әріп­тестерімізге базынамызды қыстыра кетсек. Мысалы, қазіргі жас ақын-жазу­шылардың көпшілігі өз шығармала­рында қораны «сарай» деп жазатын болыпты. Атам қазақ үшін сарай – ежелден бері кең, зәулім, салтанатты ғимараттың атауы. Ал бұлар оны малға пана болатын, көзге қораш қораға қия салған» деп жас қаламгерлердің тіл қол­даныстағы кем­шілік­терін тізбектеп, ол­қылықтың негізі – ізде­ністің жоқтығынан деп тұжырым жасады.
Баяндамашы жазушы Тұрдақын Жек­сен­байдың «Қыран туралы хикаялар» атты кітаптағы «Бүркіт», «Бала бүркіт», «Бүркітшінің әңгімесі» атты әңгімелерін «оқыр­ман басына жастап жатып оқитын» кітаптар санатына қосып, қаламгер өзі жазған сала туралы терең зерделеп, талмай ізденгені шығармаларынан көрініс тапқанын баса айтты…

(Толық нұсқасын газеттің №17 (3651) санынан оқи аласыздар

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір