Бақбақ гүл сезім
24.04.2019
1219
0

Оливер Генри

Естеріңізде болса, бірер ай бұрын 1862-1910 жылдарда өмір сүрген америкалық жазу­шы Оливер Генридің «Кактус» атты әңгімесін жария­лаған едік. Оқырмандар жылы қабылдаған соң, Оливер Генри жазған және бір махаббат хикаясын тәржімәлап, назарларыңызға ұсынамыз. «Кактуста» бірін-бірі сүйген жандардың жолы екіге айрылса, ал «Бақбақ гүл сезімде» біраз уақытқа көз жазып қалған ғашықтар бір-бірін іздеп табады…

Бұл наурыз айының тамаша бір күні еді.
Әңгіме жазарда хикаяны ешқашан бұлай бастамаңыз. Бұл – қаламгерлік қиял мен жаңашылдықтан жұрдай, таптаурын әрі құрғақ кіріспе. Бұдан құнсызырақ кіріспе болуы мүмкін емес. Бірақ бас кейіпкер құсалы болғандықтан, әңгімеленгелі отыр­ған хикаяны осылай бастаймыз. Өйткені, оқырманның сана-сезімін әзірлеп алмасақ, жаны түршігуі мүмкін.
Қолында ас мәзірі бар Сара жылап отыр еді.
Пияз аршығандықтан немесе жан тебі­рентер әсерлі кино көргендіктен жанары жасқа шыланды деп ойлауыңыз мүмкін. Алайда бар жорамалыңыз қате. Сол себепті, әңгімені одан әрі жалғастырайық.
Сара «Шуленбергтер үйі» мейрамхана­сына жұмысқа тұрды. Мейрамхана қыз­меткері күн сайын кешқұрым Сараға ертеңгі күні дайындалатын тағамдар тізі­мін алып келеді. Ол машинкамен теріп, 21 үстелге ас мәзірін әзірлейді. Ақы­сына күніне үш мезгіл тамақтанады, сондай-ақ мейрамхананың қызыл кірпішті ғимаратынан қожайын бір бөлмені баспана етіп берген. Бұл келісімшартқа Сара да, мейрамхана иесі де дән риза. Бірі – ішер ас, тұратын жайдан тарықпайтынына, бірі – тұтынушылардың мәзірде қандай ас бар екенін біліп отыратынына разы.
Биыл көктем кешікті. Наурыз айы келсе де жердегі қар ери қойған жоқ. Көктем мезгілі болғанмен, қала әлі қыс ызғарының құшағында. Көшеде музыкалық аспаптарымен «Сол бір ғажап жаз күнінде» әуенін орындайтын жігіттер желтоқсан айындағы көңіл-күйінен әлі арыла қоймапты.
Көңілі мұңға толы Сара терезеден далаға қарап отыр. Бүкіл әлем оған: «Көктем келді, Сара, таңғажайып көктем келді! Сен неге мұңаясың?» – деп тұрғандай. Ғимараттың артқы бөлігінде орналасқан бөлме терезесінен Сара келесі көшедегі фабриканың тас қабырғаларын көреді. Көзі сонда болғанмен, көңілі де, ойы да, ну орманды, жұпар аңқыған гүлдері бар көк шалғынды далада.
Сара өткен жазда ауылға барғанда, бір шаруаға ғашық болған еді.
(Хикаяны ешқашан бұлай жалғас­тырмаңыз. Әбден жауыр болған әдеби әдіс болғандықтан, оқырманды жалық­ты­рып аласыз. Әңгімемізді одан әрі жалғас­ты­райық)…

Ағылшын тілінен аударған
А.Бауыржанұлы

(Толық нұсқасын газеттің №16 (3650) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір