Найман ата тарихы туралы бірер сөз
12.04.2019
2392
0

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» деген бағдарламалық мақаласында қазақ халқының терең тарихына, әсіресе этногенезіне зерттеу жүргізудің маңызы зор екеніне айрықша тоқталған болатын. Ұлы дала тарихының күрделі бір саласы – ауызша шежірелер, олар туралы жыр-аңыздар, құймақұлақ қариялар арқылы ұласқан қазыналы бай деректер. Шежіре деген сөз арабша «шаджарат – бұтақ, тармақ», санскритше «шастира – киелі жазу, ереже, өсиет», моңғолша «шаштир, түүх – жазбаша тарих» деген мағына берсе, қазақтағы мәні ру-тайпаның ғана емес, баба тарихтың бүгінгі ұрпақпен байланысын қамтамасыз ететін қасиетті әпсана, халқымыздың жаны мен қанының мөлдірлігіне алтын арқау болатын тірі тарих қызметін атқарады.
Міне, сол себептен де бұрын-соңды жариялана қоймаған халық ақыны Қазанғап Байболұлының «Орта жүзде Онасбай, Өкірік Найман туралы» шежірелік дастанын оқырман қауымға ұсынудың маңызы зор.
Көптеген шежірелерде бұл дастандағы Өкірік атаны Өкіреш деп тарататыны белгілі. Ғалым С.Аманжолов зерттеуінде де солай. Ал Қазанғап ақын «Онасбай» деп жырлаған атаны ел шежіресінде кейде «Ақсопы» деп те атайтыны белгілі.
Рашид ад-диннің «Жамиғат ат тауарих» кітабында Найман жұртының терең тарихы «өздерінің жеке патшасы мен басшысы болған түркі тайпалары» бөлімінде кеңінен жазылады. Найман хандары – Таян (Тайбұқа хан), Инаншы Білге Бұқа хан, Бұйрық хан, Күшілік, жыраулары – Құбатегін, Кетбұқа секілді көптеген ірі қайраткерлер өмірі жан-жақты жазылады (Рашид ад-дин. Жамиғ ат-тауарих. Астана, 2018. І том.127-133 б.).
Әрине, ауызша ұласқан шежірелерде жазба деректегі тарихи оқиғалар түгел қамтылмағанымен Өкіреш, Қытай, Келбұға, Кетбұға секілді атауларда ел тарихының сұлбасы жинақталып, топталып, ауыздан ауызға жалғасып қазіргі күнге жеткені байқалады….

Ержан Исақұлов,
саясаттану ғылымының докторы


Қазанқап БАЙБОЛҰЛЫ

ОРТА ЖҮЗДЕ ОНАС БАЙ, ӨКІРІК НАЙМАН ТУРАЛЫ

Қазақта тайпа-тайпа талай ел бар,
Таралып келе жатыр қанша жандар.
Құлақтан, көрмесем де, есітуім,
Бір қылы қариялардан осы сөз бар.
Төрелер Шыңғыс ие заманында
Бір шыққан Орта жүзден әңгіме бар.
Найманда Онас деген бай өтіпті,
Шымалдай біткен екен төрт түлік мал.
Қой біткен қара қоңыр төңкеріліп,
Хисапсыз соншалықты айуандар.
Бар еді ағы-көгі, жалғыз ұлы,
Мың түйе, үш мың жылқы кемінде бар.
Шу менен Сарыарқаның ортасында
Жайлаған көшіп жүріп молжалы бар.
«Онастың моласы» деп атанатын
Көргенге Шудан әрі күндік жер бар.

Орта жүз Найман елінде
Сарыарқа, Шудың жерінде.
Онас деген бай еді,
Төрт түлікке сай еді.
Дүниесі құрысын –
Осынша мал біткенмен,
Басқа кемтар жан еді.
Азамат боп үйленген,
Байтерек деген жалғыз-ақ
Бар еді мұның көдегі.
Қымыз ішіп күн көрген,
Тоғыздап сойып сый берген
Шүлен асын тарқатып,
Кем-кетігі жөнделген.
Ашық есік дастарқан,
Алтын сандық атанған.
Шөлдегенге су ұсынып,
Шиелгенді шештірген.
Кедейдің көңілін өстірген.
Бір кемеңгер ер еді,
Бір бұл емес ілгергі,
О заманда аңғарсаң
Не наһаңдар бар еді.
Сары қымыз сапырып,
Жолбарыстай ақырып,
«Аттаған адам арықты
Өледі аштан» дер еді.
Өнерден сөйтіп бос қалған,
Ақиқат осылай дерегі.
Бір күні таудан Онас бай
Келелеп айдап түйесін
Шұбыртып үйге жөнеді.
Бота-тайлақ ыңырсып,
Бәрі арттан ыңыранып,
Біреуі қалмай ереді.
Тау басына зер салса,
Екі қарақұс айланып,
Қалықтап жақын келеді.
Үстіне келіп төнеді.
Бүркіт екен аңғарса,
Көңіліне қайғы келеді.
Көп түйені иіріп,
Басын тығып, паналап,
Көлеңкелей береді.
Әне-міне дегенше,
Айтып ауыз жиғанша,
Жерге оқтай құйылды.
«Аллаһу әкбар, кеттім» деп,
Бай жанынан түңілді.
Жаны келді алқымға,
«Арыздаспай, қоштаспай,
Көрмей қалдым үйімді»,
Деп жылап шал күйінді.
Сығалап жатып көреді,
Әлгі бүркіт көтеріп,
Нар түйені іледі.
Көзкөрім жерге ауырлап,
Енді әлі келмеді.
Қоя берді босатып,
Төмендеп зырлап келеді.
Түсуге жақын кеп еді,
Біреуі алып шеңгелдеп,
Онан да биік өрлейді.
Көзкөрім жерге ауырлап,
Анаған кезек береді.
Кезек-кезек шеңгелдеп,
Атқан оқтай зырқырап,
Жайына алып жөнеді.
Өз көзімен көріп тұр,
Басқаға күмән бұл ісі.
Һешкім бұған сенбейді-ау,
«Не әдиса?» – дер еді.
«Мұның өзі көрім бе?
Пері ме, жын ба?!» – деп енді.
«Аһ, пірім-ау», – деп таң қалды.
Әрі-бері сандалды.
Жүн қанатты құстар да
Мұнан қыран болмайды.
«Баласын алып салсам», – деп
Ышқы кетіп ойланды.
Жаратқан жанын Құдайдың
Қайырып салса қоймайды.
Аңға, сірә, тоймайды.
Тастай беріп түйесін,
Шоқырақтап артынан
Ышқынып шауып қалмайды.
Барған зеңін аңғарды.
Үйіне келіп кідірмей,
Елін жиып, түсінтіп,
Қайта-қайта қоймайды,
Айтуменен тоймайды.
«Осындай, жұртым, сыр көрдім,
Айдап едім түйемді,
Шұбыртып таудан бағана,
Қарақұс десем, бір бүркіт
Нар, мая, атан түйемді
Көтеріп ұшты ауаға.
Шыбыным тәнде қалмастан,
Тарта бердім панаға.
Аңғарып келдім ұясын,
Шолаққорған, Созақтың
«Келіншек» деген тауында.
Бар ма екен жұртта талапкер?
Екі ердің құнын берер ем,
Шыңға түскен адамға».
Бұл «Келіншек» тауының мәнісін бір қилы қазақтың қариялары былайынша айтады: Бір бай қызын ұзатып, малынан бөліп беріп, тоғыз есесін бергенде: «Енді ризамысың, бір есесі өзімде қалды. Қалғанымен күн көрейін», – дегенде, байдың қызы: «Наразымын», – дей бер­ген соң, «Балам, тас бол!» – депті. Сонан тас болып қалған екен. «Келіншек тауының мә­нісі, сол ұзатқан келіншектей боп тұрады», – дейді…

(Толық нұсқасын газеттің №15 (3649) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір