«ҮНДІ ХАЛҚЫНЫҢ ҰЛЫ ПЕРЗЕНТІ»
22.03.2019
452
0

(Мұхтар Әуезовтің тапсырмасы бойынша Бауыржан Момышұлы Тагордың шығармашылығы жайында баяндама жасаған еді)

Қазақ-үнді әдебиетінің шығармашылық байланысын нығайту мақсатында құрылған кеңестік-үнділік мәдени байланыс қоғамының Қазақстан Жазушылар одағында құрылған бөлімнің төрағасы Мұхтар Әуезов пен бірінші орынбасары Бауыржан Момышұлының бірлесіп, бірнеше әдеби, ғылыми шаралар жүргізгенін бүгінде көпшілік жұрт біле бермейді. Үнді халқының даңқты ұлы Р.Тагордың 100 жылдық мерейтойына орай өткізілген конференцияда Мұхтар Әуезовтің тапсырмасымен Бауыржан Момышұлының «Үнді халқының ұлы перзенті» деген тақырыпта ғылыми баяндама жасағанын, оның жоғары деңгейде бағаланғанын да біріміз білсек, біріміз біле бермейміз.
Совет Одағы мәдениет қайраткерлері делегациясының құрамында, Үнді-Совет достығы қоғамының қазақстандық бөлімінің жетекшісі ретінде М.Әуезов 1955 жылы Индияда 45 күндік ұзақ сапарда болып, бұл елдің тарихымен, әдебиетімен, мәдениетімен, ұлт зиялыларымен танысады. Бұл достық кейінгі жылдары да жалғасып, үнді халқына деген сүйіспеншілік Әуезовтің шығармашылық өмірімен үнемі үндесіп отырады. Солардың бірі – 1959 жылдың 11 желтоқсанында Алматыдағы А.С.Пушкин атындағы кітапханада (қазіргі Ұлттық кітапхана) өткен конференция. Ұлттық руханият әлеміндегі үлкен оқиғаны айғақтайтын Қазақстан Республикасы Орталық архивінің №1432 қорынан табылған суретте мынадай мәтін жазылған: «Бауыржан Момышулы в Государственный республиканский публичный библиотека имени А.С.Пушкина на вечере, посвещенным индийской литературе.
1. М.О.Ауэзов открывает вечер.
2. Б.Момышулы делает доклад. 11 декабря 1959 г.».

Бұл сурет Р.Тагордың 100 жыл­дық мерейтойы қарсаңында М.Әуе­зов пен Б.Момышұлының ұйым­­дастыруымен өткізілген ғы­лыми конференция кезінде түсі­рілген болса керек.
Мұхтар Әуезовтің тапсырмасымен Бауыржан Момышұлының «Рабиндранат Тагор – великий сын Индии» («Рабиндранат Тагор – үнді халқының ұлы перзенті») деген тақырыпты зерттеп, жазу үшін А.С. Пушкин атындағы көп­шілік кітапханада бір ай бойы архив ақтарып, газет қопарып, ізден­гені жөнінде бауыржантанушы мамандар арасында аңыз болып айтылады. Бауыржанның бүкіл адамзаттық деңгейде та­ныл­ған дарынды тұлға Р.Тагор­дың өмі­рі мен шығармашылығы жө­нін­дегі бірде-бір артық ауыс сөзі мен жалған мадақтауы жоқ терең мағыналы, ғылыми аналитикалық талдауы биік баяндамаға әлемге әйгілі ғұлама ғалым, академик жазушы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің өзі аса риза болып, жо­ға­ры бағалағаны да мәлім.

Гүлзия Пірәлі,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты
«Әуезов үйі» ҒМО-ның
бас ғылыми қызметкері, филол.ғ.д.

(Толық нұсқасын газеттің №12 (3646) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ