Қазақ әдебиеті Ағылшын тілінде сөйледі
22.03.2019
1422
0

Ұлыбританияда 12-14 наурыз күндері өткен Лондон кітап көрмесі (London Book Fair) аясында қазіргі қазақстандық баспа саласының туындылары таныстырылды. Көрмеде «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры Қазақстанның Ұлыбритания және Солтүстік Ирландиядағы елшілігінің қолдауымен отандық баспалардан соңғы жылдары шыққан кітаптарды ұсынды. Жалпы ұсынылған 140 кітаптың 32-сі ағылшын, өзгесі қазақ, орыс, испан, француз, неміс тілдерінде болды.

Лондон кітап көрмесінің алғашқы күні «Ұлттық аударма бюросы» мен «Cambridge University Press» баспасы және Ұлыбри­таниядағы Қазақстан елшілігімен бірлесе отырып, қазіргі қазақ әдебиеті антоло­гия­ларының ағылшын тіліндегі алғашқы нұс­қаларымен таныстырды.
Қазіргі қазақ әдебиеті үлгілерін БҰҰ-ның 6 тіліне аудару жұмысы «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында іске асқан. Жинаққа проза және поэзия бағыттары бойынша 60 автордың шығармасы енді.
Көрме аясында ұйымдастырылған семи­нар­ға (талқы) Қазақстанның Ұлыбритания­дағы елшісі Ерлан Ыдырысов, «Ұлттық ау­дар­ма бюросы» қоғамдық қорының атқару­шы директоры Рауан Кенжеханұлы, «Cambridge University Press» баспасының білім беру реформасы жөніндегі директоры Джейн Манн, Кембридж университетінің білім беру саласындағы инновациялар жө­нін­дегі директоры және білім беру рефор­масы мен инновациялар тобының жетек­шісі, профессор Коллин МакЛафлин және ақын, «The High Window» басылымының негізін қалаушы Дэвид Кук қатысты.
Лондон кітап көрмесінде «Атамұра» корпорациясының «Kazakhstan Geography. Atlas», «Dombyra», «The Kazakh Customs and Traditions», «Flowers of Kazakhstan», «The tradition­s of the Kazakh dastarkhan», «Мектеп» бас­пасының «Kazakh Ornament», «Алма­тыкітап» баспасының «Alpamys Batyr», «Koblandy Batyr», «Kozy Korpesh – Bayan Sulu», «National Clothes of Kazakh People», «Felt Art of Kazakhs» сияқты қазақ және ағылшын тілдерінде басылған қазақ мә­дение­тінің түрлі аспектілері жайындағы танымдық басылымдары британдық оқырмандардың қызығушылығын тудырды. Әсіресе, «Ұлттық аударма бюросы» ұсынған Ілияс Жансүгіровтің ағылшын тіліне тұң­ғыш рет аударылған «Құлагер» поэмасы көпшіліктің сұранысына ие болды. Ұлттық аударма бюросы қаржыландырған бұл басылымның ағылшын тіліндегі аудармасын британдық ақын Белинда Кук жасады.
«Жылқы – ирландықтардың да сүйікті жануары, сондықтан болар, кітап сыртын­дағы жылқы бейнесі көзіме ыстық көрінді. Бұл кітап мен осыған дейін білмей келген тамаша поэзияға ашылған терезе болды», — дейді Беркбек университетінің студенті Сара Мэй.
Қырық сегізінші рет өткен Лондон кітап көрмесіне әлемнің түкпір-түкпірінен 25 мыңнан аса баспа саласының мамандары жиналды. 1971 жылдан бастап дәстүрлі түр­де жыл сайын өткізіліп келеді. Ал Лондон кітап көрмесіндегі қазақстандық экспози­ция осымен екінші рет ұйымдастырылды. Қазақстандық баспалардың кітаптары «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бренд-белгісімен безендірілген стендтерге қойыл­ды. Бұл шара біздің отандық баспа өкіл­дерінің халықаралық ірі баспа ұйымдарымен қарым-қатынас орнатуына жол ашады.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір