Қазақтың Қалдарбегі
15.03.2019
505
0

Есімі елге танылған, еңбегі әділ бағаланған Қалдарбек Найманбайұлы жөнінде айтылған сөзден айтылар ой көп. Ендеше, ендігі әңгіме әуені осынау пікірімді деректі дәйектеуге арналсын. Қалдарбек өзінің Жасаған сыйлаған дарынымен, қалам қуатымен, адами болмысымен еліне өлшеусіз үлес қосты. Бар болғаны алпыс бес-ақ жасында өмірден озып, өз отбасы ғана емес, барша қазақ қауымын өкінтіп кеткен Қалдарбек Найманбайұлы бүгінде тірі жүрсе, сексенге толғанын тойлар еді…

Қазақ жазушыларын шетел тіліне аударған

Баспасөз саласында айрықша ұйымдастырушылық-іскерлік қырымен, қоғамдық-әлеуметтік маңызы зор, жұртшылықтың көкейінде жүрген мәселелерді көтеруге аянбай атсалысты. Ұжымды, әсіресе, жас жорнал­шыларды елдің, ұлттың мүдде­сіне байланысты ой толғап, талмай ізденіп, шеберліктерін шыңдап, шындықты жазуға жұмылдырумен айналысты.
Баспаларды басқарған кезде­рін­дегі артында қалдырған игі­лік­ті істерін қазақ ақын-жазушылары ұмыта қоймаған шығар. Қалекеңнің жас қалам­герлерге жасаған қамқорлығы – тұңғыш кітаптарын шығарып, қомақты қаламақы төлеп, шы­ғар­машылық жолдарын ашқан­дығы. Сондай-ақ, сақа ақын-жазушылардың жаңа шы­­ғар­­маларының мезгілінде жа­рық көруіне де көп көңіл бөлді. Әсіресе, аса талантты қаламгер­лердің кітаптарын шетелдерде шығартуды қолға алып, Мәскеу­ден сұранбай-ақ, өзге елдердің баспагерлерімен тығыз байланыс орнатып, көп шаруа тындырған еді. Әбіш Кекілбаев, Оралхан Бөкей, Төлен Әбдік, Мұхтар Ма­ғауин, Дулат Исабеков, Тыным­бай Нұрмағамбетов, Кәдірбек Сегізбаев, Мархабат Байғұт, т.б. сынды бүгінгі қазақ әдебиетінің көшбасында жүрген жазушылар­дың кітаптары неміс, поляк, чех, қытай, өзбек, орыс тілдерінде жариялануы – тікелей Қалдар­бек­­тің арқасы. Кеңестік кезеңдегі өрістің тарлығына қарамастан бірқатар жазушылардың сол елдерге барып қайтуын ұжымдас­тырған да Қалекең болатын. Ал Қазақстан Жазушылар одағын басқарған жылдары бұл қарым-қатынас тіпті жиілей түсті. Қысқасы, қазақ әдебиетінің өсіп-өркендеуіне, танылып-толысуы­на жағдай жасап, ақын-жазу­шылар­дың жас буыны мен аға ұрпағының жаңа шығармалары­ның мезгілінде жарыққа шығуы­на, қомақты қаламақы алуларына айрықша қамқорлық көрсеткен Қалекеңнің баспагерлік, басшы­лық қызметі ұмытылмауы тиіс деп білемін.
Қазақстан Жазушылар ода­ғын Қалекең басқарған бес жыл аралығында 15 қаламгер Халық­а­ралық «Алаш», төрт жазушы: Қали­хан, Дулат, Әнес, Сейіт Қас­қабасов ҚР Мемлекеттік сый­лық­­тарын алған. Он бес жазушы­ның «Халық жазушысы» атағын алуы да – осы кезең. Өңір­леріне орден-медаль таққандар да – бір топ. Үкімет алдына мәселе қо­йып, ұсыныстарын өткізіп, осыншама атақ-мәртебеге қол жеткізу де оңайлықпен орындалған шаруа емес. Мұны да білу, бағалау керек…

Қуанышбай ҚҰРМАНҒАЛИ,
Халықаралық «Алаш» әдеби
сыйлығының лауреаты

(Толық нұсқасын газеттің №11 (3645) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован.

Пікір