ЖАҺАНҒА ЖАҢА ТҰРПАТТЫ УНИВЕРСИТЕТТЕР КЕРЕК…
15.03.2019
811
0

Қазақстандық білім мен ғылымның көшбасшысы – әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің құрылғанына биыл 85 жыл толады. Осыған орай университеттің бүгінгі жетістіктері мен қазіргі тынысы, қоғамдағы орны және келешектегі даму бағыты туралы осы қасиетті қарашаңырақтың ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтанұлы Мұтановпен арнайы сұхбатты оқырман назарына ұсынып отырмыз.


Ғалымқайыр Мұтанұлы, академик

«AL-FARABI UNIVERSITY – SMART CITY»

– Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық уни­вер­­ситетін қазір әлем таниды. Халықара­лық рей­тингтерде көрсеткіші жыл сайын жоғары­лап келеді. Аз жылдың ішінде 670-орында тұр­ған ун­и­верситет 350-пози­цияға көтеріліп, бүгінде 220-орынға жетті. Осы биік­теуді ха­лы­қаралық қауымдастық «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың фено­мені» деп бағалауда. Шындығында, бұл – өзгелер өнеге алатындай құбылыс. Осы құ­бы­лыс­тың құпиясы бар ма?
– Мемлекеттердің дамуы, ең алдымен, тіке­лей адам капиталына байланысты екендігі бел­гілі. Сол адам капиталын қалыптастыруда қай елде де университеттер ерекше рөл ат­қа­рады. Жоғары оқу орындары – қашанда жаң­ғырту үдеріс­тері­нің, сондай-ақ, мемлекеттің инновациялық дамуының жетекшісі. Сондық­тан да, оқу ордаларына қарап, мемлекетін тануға болады. Мысалы, Ұлыбритания десек, Кем­б­ридж университетін немесе Оксфорд универ­си­­тетін еске аламыз, Америка десек, Гарвард уни­верситеті, Массачусетс тех­но­ло­гиялық инс­титуты, Стэнфорд уни­вер­ситеті бірден ойға оралады. Олай бола­тыны, елдің атын әлемге танытуда осы университеттер орасан рөл атқарып отыр. Және де, керісінше, универси­тет­тері дамыған мемлекеттің өзі де өркендеген мем­ле­кет есептеледі. Қазақстанды да сондай дәре­жеге көтеру үшін университет­теріміздің әлеу­­мет­тік имиджін, жалпы әлеуетін көтеруіміз керек. Білім ордасының әлеуеті мықты болса, ұлттың да әлеуеті жоғарылап, бәсекеге қабілет­тілігі артады. Осыны ескерген Президент Н.Назарбаев: «Қазақстанда кемінде екі уни­верси­тет әлемдік рейтингте универ­си­теттердің екі­жүз­дігіне енуге тиіс», – деп нақты тапсырма бер­­ген. Көрсетілген межеге жетуді негізгі мін­дет ретінде қабылдап, университет дамуы­ның жаңа моделін қалыптастырдық. Мұнда біз іс-әрекеттеріміздің барлығын нәтижеге ба­ғытталған басқару жүйесін енгізуден бастадық.
– Ол қандай модель және оның ерек­шелігі неде?
– Ол даму моделі «Al-Farabi University Sma­rt City» деп аталады. Қазір «smart» – «ақылды», «парасатты» сөзі өте көп қолданы­лады. «Smаrt-қала», «Smаrt-денсаулық сақтау», «Smаrt-білім», «Smаrt-энергетика», т.б. Мұның бәрі көбіне технологиялық-техникалық, цифрлық жүйеге қатысты ғана біржақты қа­был­да­нып, айтылып жүр. Шын мәнінде, «smart» сөзінің мағынасы одан ауқымды, оның астарында «ақылды», «парасатты» деген ұғымдар да бар. Ал, ақылдылық пен парасатты­лық тек қана жаңа техниканы, технологияны меңгерумен өлшенбейді, ол адами қасиет­термен, адамгершілік болмыспен бағаланады.
Тарихқа ой жүгіртіп қарасаңыз, адамзат әрқашан табиғи заңдылықпен жетілуге, дамуға үнемі ұмтылып отырған. Жетілдіру арқылы өркениетті қоғам құруды көксеген. Соңғы жылдарда неше түрлі қақтығыстар, соғыстар, қырып-жоюлар, сан түрлі жантүршігерлік қатыгездіктер орын алуда. Осындай қырғи-қабақ текетірестер болмай­тын, адамдар бірі-бірімен бейбіт қа­тар өмір сүре­тін қоғам құрудың жолын іздеген Платон, Аристотель секілді даныш­пандар кезінде идеалды, «ақылды қоғам­ды» арман етсе, адамзаттың екін­ші ұстазы атанған әл-Фараби бабамыз «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарас­тары туралы трактат» еңбегінде ақылды қоғам, оның тұрғындары, басшысы, өзара қарым-қатынастары қандай болуы керектігіне ғылы­ми негізде жауап берген. Әл-Фараби адамдар шынайы бақытқа жету үшін әр уақытта өзін-өзі жетілдіру арқылы бірі-біріне көмектесу қажет деп біледі. Тұрғын­дары өзара қайырымдылық жасауды әдетке айналдырған қоғам – қайырымды қоғам болып табылады. Ғұлама бабамыз­дың бұл идеясы бүгінгі әлемдік қауым­дастық үшін аса маңызды болып отыр. Сондықтан да, арада он бір ғасыр өтсе де, өзінің мәні мен маңызын жоғалтқан жоқ. Әл-Фарабидің бүкіл адамзатқа ортақ қайырымды қоғам құру идеясын жандан­дыра жан-жаққа кеңінен насихаттау үшін, технологиялық-техникалық дамуды ғана емес, рухани жетілуді де біріктіре отырып, «Al-Farabi university – smart city» атты модель құрып, сол бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Бүгінгі студент ертең маман болып еңбекке араласып қана қоймайды, ол күндердің күнінде тұтас бір ұлт, тіпті, адам­зат тағдыры үшін бір өзі шешім қабыл­дайтын сәтке де жетеді. Сол уақытта ол рухани қасиет­ке бай, ақылды, қайырым­ды, парасатты болса, болашақ үшін дұрыс шешім қабылдайтыны анық. Сондықтан да, «Al-Farabi university – smart city» моделі – өмір қажеттілігінен туған өміршең жоба…

Сұхбаттасқан
С.Сабырбек

(Толық нұсқасын газеттің №11 (3656) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ