АНАМ ӘКЕМНІҢ ШЫҒАРМАЛАРЫНЫҢ ШЫРАҚШЫСЫ БОЛДЫ
08.03.2019
1290
0

Әкем туралы ой қозғау қай кезде де маған оңай тимейтіні анық. Қазір өмірден озғанына 51 жылдан асып бара жатса да, әкеме деген сағынышым басылған емес. Әкем мен анам Ташкенттің Низами атындағы педагогикалық институтының тарих және қазақ тілі мен әдебиеті факультетінде бес жыл бір топта оқып, студенттік шақтың қызығы мен қиыншылығын бірге көріпті. Ал отбасылық өмірлерін бар-жоғы 8-ақ жыл құрайды. Сол сегіз жылдың ішінде дүниеге бес бала әкеліп, әкем қызмет істеп, қазір бізге жеткен шығармаларын жазып үлгерген. Анам балаларын өсіріп, тәрбие берумен қатар, лауазымды қызметтер атқарды.
Әкеден шиттей бала-шаға жастай қалдық, анам отыз жасында жесір атанды. Егер анам әкеме парасатты жар болып кезікпегенде, мүмкін, әкемнің өлеңдері бүгінгі оқырманға жетпеген де болар еді… Әкемнің қолтаңбасы түскен бір парақ қағазды ұқыптап сақтап, сол шығармалардың шырақшысы болып, жариялануына жанын салған адам анам еді. Бізді де әке атын ұлықтап, құрметтеуге баулыған да анам. Ол айналасындағы тума-туыс, ағайын, жекжат, әкемнің дос-жарандарымен өмірінің соңына дейін аралас-құралас болып, сыйласа білді. Осы тұста әкеме рухани іні болған Мұхтар аға Шахановты айтпауға болмас. Анама Мұхтар аға туған қайнысынан артық, ал, Розалинда жеңгем туған келініндей болды.
Анам бала қамымен, қызметпен жүрсе де өз ойларын жаза берді. Біз есейе келе: «Есіңізге түскендерді жаза беріңізші, өзіміз дұрыстап аламыз», – деп қолқалайтын болдық. Соңғы кездері әкем турасында жазылып жүрген тарихтың бәрі сол анам қалдырған естеліктердің нәтижесі. Бүгін анамның жазбаларының бір парасын «Қазақ әдебиетінің» әр санын қалт жібермей қарап отыратын оқырман қауымның назарына ұсынғанды жөн көрдім.

Салтанат АЙБЕРГЕНОВА,
филология ғылымдарының
кандидаты, профессор


ТӨЛЕГЕН – «ВАСЕЛЕК»

Совет өкіметінің тұсында Таш­­ке­нт­те оқитын студенттерді екі апта оқыған соң, қыркүйек айының соңы­на таман мақта теруге жібере­тін. Өзімізбен бірге алып жүретін заттарымыз: табақ, қасық, кружка, сүлгі және жататын төсек-орын. Институттарды, техникумдарды бір күнде алып кетеді. Вокзалда студенттер абыр-сабыр болып топырлап жүргенде біздің груп­­паның бір баласының сөм­кесі жоғалды дегенді есті­дік. Жоғалған кімдікі екен десек, ол Төлегендікі болып шықты. Ішінде ыдыс-аяғы, жолға алған тамағы бар екен. Студенттердің әдеті – ондайда «сенікі, менікі» жоқ, барды бөлісіп жейді. Мақта теруге бар­ған соң, Төлегеннің қинала­тын шағы тамақ ішетін кез болды. Бастапқыда кімнің табағы босаса, соған тамақ құйдырып әкеліп ішіп жүрді. Мен сол мақтаға жүрер кезде кішкенесін таппай, үлкендеу табақ алғанмын. Ішіне 2 сы­баға тамақ кетеді. Әрі тамақ тез суиды. Менің әдетім – тамаққа кештеу келемін. Себебі, мақтаны көп теремін де, соны өткізіп жуынып-шайынам дегенше, студенттердің біразы тамақтанып болады. Сонда табағын жоғалтып алған Төлеген менің табағыма тамақ құйдырып алып, апыл-ғұпыл ішеді де, мен келе жатқанда ол табақты босатып, шайып жатады. Оның ақысына ол сол табақ салулы сөмкені тасиды. Біз заттарымызды таңертеңгі мақта теруге кірер жерге таста­сақ, енді ол жақтан екінші жаққа ауысып ұзақтап кетеміз. Тамақты мұғалімдер соңғы теріп жүрген жерге дайындатады, сондықтан Төлеген сөмке қайда тұрса да алып келеді. Бұл – күнде кездесетін жағдай. Түскі тамақты үштен-төрттен бірігіп отырып, дас­тархан жайып тамақтанамыз. Сол дас­тар­хан жаятын орынды, яғни қолайлы жерді Төлеген қарастырады. Өзі күлдіргі әзіл-оспаққа жақын. Әрбір сөзге қулық аралас­тырып, күлдіртіп жүреді. Бірақ мақтаны өте нашар тереді. Кешке қарай мақталарыңнан бір-бір фартук беріңдерші деп жалынып сұрай бастайды. Кейбіреулер бір фартукты көп көріп, «әй, бері кел, фартугіңді аш» деп қолдарымен мақта салады.
Өзбекстанның қызымын ғой, мен үш фартукпен теремін. Жоспарды артығымен орындаймын да: «Мыналарды өткіз, екеумізге теңдей жаздыр», – деймін. Ол оған мәз болып, зыр жүгіріп, қызмет атқарады, сондықтан оны «Васелек» дей­міз, өз атымен атамаймыз. Өйткені, сол кезде «Девушка и джигит» киносы экранда жүріп жатқан болатын. «Васелек» деп жай созып айтсақ, ол салбырап қалады да, «Васе­лек!» деп тез айтсақ, ол да барынша тез қозғалып күлдіртетін.
Сөйтіп жүргенде алдымыздан арық кездессе, ол енділеу жерінен қарғып өтеді де, соңынан бізді де сол ойынға шақырады. Бәріміз сөйтіп ойымызда ештеме жоқ, ойнап-күліп жүруші едік.

Үрниса АЙБЕРГЕНОВА,
ақынның жары

(Толық нұсқасын газеттің №10 (3644) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір