Қоңыр үй мен ақ «Жигули»
08.03.2019
1000
0

Бақытгүл Сәрмек

(әңгіме)

Сыртын саз бен сабанды араластырып сы­лаған қотырлау қоңыр тамға қарлығаштар үйір-ақ. Бағаналары нық қағылып, еңсесін тік көтеріп, кербезденіп тұратын үйдің биіктігін ұя салуға қолайлы көре ме, әйтеуір жыл сайын қызғылт тамақ жүндері күнге жылтырай шағы­лы­сып, қарлығаштар үй маңдайшасында тізіліп отыратын.
Бұл еңселі үйдің адамдары да кербез кө­рі­нетін. Сүйегі ауыр ағаштан салынған есікті шалқасынан сілки ашып тастап, қоңыр пла­щы­ның екі өңірін артқа қайырып, екі қолын шалбарының қалтасына салып, аласа бойлы Хабес шал тұратын. Кемпірінің басындағы орамалы қандай тап-таза болса, Хабестің де кебісі сондай таза, былғарысы күннің көзіне май­дай еритін. Бұл үйдің итіне дейін кісімсіп тұратындай еді, сүйек-саяқ бағып, үй-үйді аралап жүретін бүкір иттермен ешқашан тісте­сіп, жаласқан емес. Ақ ешкінің тулағы төселген ағаш үйшігінен құйрығы қайқайып шығады да, иесі көз тастаған жаққа қарай бұл да ежі­рейіп қарап тұра қалатын. Үстінен басы артық сабалақ жүнді байқамайсың, алақандай екі құлағын жымқырып, еңсесі түскен кезі болған емес. Қанша көрсең де сақ құлағы тік көтеріліп, елеңдеп тұрады.
Жасы жетпіске жетсе де ақ кірмеген қара қою шашын артына қарай қайырып тастап, асық­пай байыппен түскен екі ұзын жолақ әжі­мі бар тар маңдайын бір тыжырайтып, бір жа­зып, Хабес үйдің әр бағанасын тарамыс қолдарымен итеріп, сылағы түскен тұстарын тексеріп тұратын әдетінен жаңылмайды. Босаңсыған бағана көрсе, кебісі күнге шағылы­са аяғын тез-тез басып, құрал-сайман салынған сарайына қарай шабады. Күрек, балғасын сүйрелеп жүріп дереу жөндеуге кірісіп, үйі дәл қазір опырылып түсердей аяқ астынан әбігерлене қалатын әдеті бар.
«Бұл үйді заманның атақты кәмерсәнті Шұғайыптан сегіз өгізге ауыстырып алғанмын. «Сегіз өгіз» дейді сегіз санын көрсетуге үйреніп қалған саусақтарының екі бармағын ішке қарай бүгіп көрсетіп: «Тастамалары қызыл еменнен салынған. Іііі… Қызыл еменнен, ақ емес! Емендерді сона-а-ау Ресей орманынан бір жаз, бір күз бойы тасытқан көрінеді, жа­рық­тық», – дейді дауысын Ресей жеріне жетердей етіп ұзаққа созып, келген адамға үйдің хи­каясын осылай айтуға кірісетін. Тыңдаушы әңгімеге қызығушылық танытса Хабестің тиегі ағытылады. Аппақ орамалы самаурыннан шыққан бурыл түтіннің арасынан ағараңдап кемпірі шай қайнатумен болады.
Жеті-сегіз үй жайлаған бұл маңда Хабестің қоңыр үйі паңданып, еңсесін көтеріп тұрғанда өзге қоржын тамдар өзді-өзінен қораштанып шыға келетін. Хабестің өзінің бе, әлде үйінің мысы баса ма белгісіз, айналадағы өзі құралпы шалдар мұның ығына жығылып, төменшіктеп келіп, өздері қос қолдап амандасатын. Дор­бадай аузымен арп етіп бір үріп қалатын итінің бетіне де ешкім қарсы келіп: «Кет, жоғал!» – деп айтып көрген емес.
Сол Хабес суық жаңбыры сыздықтап, біресе сіркіреп, үскірік желі ысқырып жеткен көңілсіздеу бір күзде үйдің табалдырығынан аттай берісімен сылқ етіп құлап түсті. Шағын, жұп-жұмыр денесі айналасын жайпамай-ақ, алдын ала дайындалғандай жеп-жеңіл құлады. Үнемі сабыр мен үнсіздік тұнып тұратын көздерінен үрей шашып, ақ жаулықты кемпірі көршілерге қарай құлдыраңдады. Аудан орта­лы­ғындағы жалғыз ұл мен дәрігерге хабар жіберілді. Ұлдан бұрын шынылары сыңғырлап, темір-терсек құралдары сылдырлап дәрігер жетті.
Сығыр көздері тарс жұмық күйінде сіресіп жатқан шалының бетіне «Мүмкін қырсығып жатыр ма?» дегендей кемпірі сенімсіздікпен қарап қояды. Дәрігер басын шайқады, жиыл­ған көршілер көздерін төмен салды. Ақсандық кемпір шынымен сасайын деді. Әйнектері айғызсыз, тап-таза, мөлдіреген терезеден көзі жасаурап аудан орталығына апаратын жолға қарай береді. Ондағы ойы ұл келсе, аяқ асты­нан жеткен кесапаттан құтқаратындай көрінеді.
Ірі денесіне сай келмейтін тар былғары курткасы сыртта жауған жаңбырға айғыздалып, ұл кешігіп болса да жетті. «Хабекеңе не болды? Тыныш па?» Бірінші сөзі осы болды. Ата-әжесінің қолында өсіп, кейін үлкендердің көзі кеткен соң ауданда интернат жағалап өскен ұл әкесін «Хабекең» дейтін.
Көзілдірігін шешіп, көзін уқалай отырып дәрігер аурудың жайын түсіндіре бастады. «Инсульт соққан. Қан тамырлары қысымға шыдамаған. Оң жақ қол, аяқ, дененің жаны жоқ. Есін жиғанның өзінде адамдарды тануы, сөйлеуі бұрынғыдай болмайды. Уақыт керек, кейде мұндай аурудан жазылып кететіндер де болады» – деп қасын керіп жоғарыға қарады. Дәрігерді аурудың жайынан бұрын үйдің төбесіндегі араларын жиілетіп салынған жуан қызыл ағаштар қызықтырып, алаңдатып отыр еді.
Пешке арқасын сүйей отырған Ақсандық кемпірдің көзіне жас толды, мөлдіреп барып, жылтыр жібектен тігілген жилетінің өңіріне тырс-тырс тамды…

(Толық нұсқасын газеттің №10 (3644) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір