КИНО ӘЛЕМІНДЕГІ ЖАҢА ЖҰЛДЫЗ
08.03.2019
1380
0

Бізде жыл сайын мол ақшамен түсіріліп жатқан кино-фильмдер көп. Жұрт разылығын білдіріп, мақтауын асырып жатқандары да баршылық. Бірақ солардың көбі көрермендер тарапынан жақсы баға ала алмай, сынға да ұшырауда. Біздің режиссерлар нені түсіруді білмей ме? Әлде көрермендеріміз аса талғампаз болып кеткен бе, бұған әзірше бірдеңе дей алмаймыз. Өткен жылдан бері Шымкенттің тумасы Сергей Дворцевой режиссерлік еткен, қазақ қызы басты рөлде ойнаған «Айка» фильмі жұрт назарына ілініп, актриса Самал Еслямова Канн Халықаралық кинофестивалінде марапатталды. Осыдан кейін көрермендер «Айка» фильмін көруге асықты. Жуықта, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ұйымдастыруымен «Айка» фильмін режиссер және басты рөл алған актирсамен бірге отырып тамашаладық. Біз фильмді көріп болған соң, әсерлі көңіл ауанында тұрып, Самал Еслямовадан блиц-сұхбат алдық.

– «Айка» фильмі сәтті түсірілген туынды ек­ен. Бірақ маған фильм аяқталмай қалғандай сезілді. Құшағында баласы, мойнында қа­рызы, ойында арманы бар эмигрант әйел Мәс­кеуде жападан-жалғыз қалды. Режиссер фильмнің соңын не үшін осылай қалдырды деп ойлайсыз?
– Әр фильмнің өз финалы болады. Бас­ты кейіпкер соңында баласын құшағына алып, бауырына басты. Бұл сюжетті ол ба­уыр еті баласын ендігәрі ешкімге бермейді деген оймен қортындылауға болады. Қандай қиындық болса да енді ол баласымен бірге көргісі келді.
– Осы фильм Франциядағы кинотеатр­ларда қойылып жатыр деп естідік. Ол жақ­тағы көрермендер «Айканы» қалай қабылдау­да?
– Жақсы қабылдап жатқан сыңайлы. Фильмді көргендердің біразы бізге хабар­ласып, ризашылықтарын білдіруде. Себебі, бұл фильм ана мен баланың арасындағы өмір туралы болған соң, ондағы басты оқиғалар әрбір елде қордаланған қоғамдық мәселе. Фильм 6 жыл түсірілді. Себебі, режиссер мен фильм тобы осы туынды сәтті шығып, елге ұнаса деген ізгі ниетпен жұмыс істеді. Шүкір, жұрттың пікірі жаман емес. Еңбегіміз өтелді деуге болады.
– Фильмге түсу үшін режиссердің тала­бы­нан қалай шықтыңыз?
– Ол кісі менің жұмысқа тиянақты еке­німді бұрыннан білетін. Сол үшін сенген болу керек.
– «Айка» фильмі Оскар сыйлығына ұсы­нылған, бірақ сыйлыққа ілінбей қалды. Бұның себебі неде?
– Оскарға үлкен дайындықпен бару керек екен. Былайша айқанда, фильмнің жарнамасын жасау, кино мамандарына туын­дыны бастан-аяқ көрсету, ірі көлемдегі жарнамалық жұмыс істеу сияқты өткелдер­ден өтуіміз қажет екен. Ондай дайындық бізде кемдеу болды.
– «Айка» арқылы елге танылсам деген ойыңыз болды ма?
– Ондай ойым болған емес. Мен тек фильм сәтті түсірілсе, өзіме жүктелген мін­дет­ті жақсы нәтижемен, абыроймен орын­дап шықсам дегенді ғана ойладым.
– «Айка» фильмінде әйел адамның жан­та­ласқан өмірі, басына түскен қиындықты жеңіп кет­сем деген талпынысы баяндалады. Түсірілім барысында қандай қиындықтар болды?
– Қимыл, іс-әрекеттер өте қиынға түсті. Фильм басталарда жас босанған әйелдің күнделікті өмірі, істеуге тиісті істері, көшеде қыстың суығында жанталаса қашуы сияқты әрекеттерді өз қалыбында, былайша айт­қан­да, табиғи түрде келтіру қиын болды. Өзім ана болмаған соң, перзентханаға ба­рып, ондағы жас аналардан бала туғаннан кейінгі жағдайды сұрадым, үйрендім. Басты кейіпкер қырғыз қызы болғандықтан қырғыз тілін үйрендім.
– Алда қандай жоспарыңыз бар? Сол туралы айтсаңыз?
– Осы жылдың көктемінде ұстазым тағы бір көркем фильмге түсуге ұсыныс жасады. Ал, жазда Қытай мен Моңғолия бірлесіп түсіретін киноға шақырып жатыр. Алла қаласа, жаз бойы сонда болатын шығармын.

Біздің сөз: Егер «Айка» фильмі шынайы­лығымен өнер биігінде мәңгі қалатын болса, актриса Самал Еслямованың есімі де сол биікте қалмақ. Актрисалық қыры мен бітімі бөлек, ең маңыздысы өз өнеріне таза­лықпен, шынайы махаббатпен қарайтын Самал Еслямованы кино саласының жаңа жұлдызы деп атайтын уақыт жетті.

Сұхбаттасқан  Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір