Әр жүректе жылап жатыр бір жалғыз…
01.03.2019
1174
0

Динара Мәлік

***

Бұралаң жолдар бұралаң,
Ес жиып талай құлағам.
Өмірді қойшы өң мен түс,
Күйімді кім бар сұраған?!

Белгісіз мұңға түнегем,
Сенгісіз ғұмыр сүрер ем…
Тыйылмай жүрсе көз-жасым,
Бұйырмай жүр де бір өлең!

Үндемей жүріп сөйледім,
Күлімдеп тұрып күйредім.
Тағдыры бөлек о, тоба,
Жолыққан жалғыз сүйгенім…

Ашылса таңмен есігім,
Сыбырлап сүйдім есімін.
Түннен де тығам сол жанды,
Күннен де сұрап кешірім.

Ақ пенен қара арасын,
Аралап нені табасың?
Алладан түскен шыбын-жан,
Шырылдап қайда барасың?!

Тұтанбас қайта сөнген-шоқ,
Түңілгем ажал төнген жоқ.
Ойға да баттым тұңғиық,
Ақылды болып көргем жоқ!

Қалжырап қалған қаладан,
Тұнжырап ауып бара ма ән…
Түнектен жырмен тіріліп,
Жүрек боп қайта жаралам!

***

Көгершін-ау, бүлкілдеген тамағы,
Мынау тағдыр қайда ұзап барады…
Жем іздеген тіршілікпін менде бір,
Болмайды ма жүректердің қалауы…
Есеюге Өлең бе екен асыққан,
Есеюге Өмір ме екен жасытқан.
Сөмкемдегі түйір дәнім таусылып,
Мен өзіңді бақылаймын алыстан…
Түймедейін көздеріңе түйреліп,
Түрлі өмір жатқан шығар иленіп.
Бейбіт әлем нұрын төге салса ғой,
Жердің үсті бір ғажайып күйге еніп.
Күн сәулесін көпсініп те аласың,
Қанатыңды әлсін-әлсін қағасың.
Секем алып селт еттің ғой сеземін,
(Сен де бәлкім бір «сәбиге» анасың.)
Өзімде үйде қос көгершін қонақтап,
Отырады ошағымда алақтап.
Жел тигізбей жүздеріне жүрсем ғой,
Тонар болсаң, дүние мені тонап бақ.
Аңсағаны болар бір күн құлдың да,
Шөлім қанып жүре бермес бұл-мұңға.
Жылап жүрмей, жырлап өтсем деп едім,
Құлап кетпей жүрген кезде құрдымға!

(Толық нұсқасын газеттің №9 (3643) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір