Қабірден табылған асықтар
01.03.2019
1036
0

Асық барлық түркі-моңғол халықтарында кездесетін сүйек ойыны ретінде белгілі. Ғалымдардың айтуынша, асыққа ойын құралы ретінде ғана қарамаған жөн. Оның көне дәуірлердегі функциялық қызметі сан қырлы болған. Бұл жайында ғалым Ұлан Үмітқалиұлы былай дейді:

– Еуразияның кең-байтақ дала­сындағы қола, ерте темір жә­не түркі дәуірі ескерткіштеріне жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде жерлену­шімен бірге қабірге асықтардың салынғаны өте жиі кездесті. Л.Н.Гумилев атындағы Евразия Ұлттық университетінің ректоры Ерлан Бәтташұлы Сыдықовтың бастамасымен Археология және этнология кафедрасының мамандары 2014 жылдан бастап Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданында қазба жұмыстарын жүргізіп келеді. Археологиялық жұмыстар нәтижесінде б.д.д. 2 мыңжыл­дық­қа жататын қола дәуірінің ескерткіштерінен 140 асық табыл­ған болатын. Асықтар жерленген адам мүрдесінің аяқ жағына қойылған. Барлығының бояуы оңып кетсе де, қызыл түсті қына­мен боялғаны анық байқа­ла­ды. Олардың ішінде арқар құл­жасының асығы, яғни, «сақа­мен» қатар егелген асықтар да бар. Бізді асықтардың көпшілі­гінің бір шетінде мұрындық те­сік­тің бары таңғалдырды. Кезін­де тұмар ретінде тағылған сияқ­ты. Соған қарап, жерлеуге кел­ген туыстары мен жақындары мойындарына тағып жүрген асықтарының жібін үзіп, қайтыс болған туысының немесе жақы­нының қабіріне тастаған деп айта аламыз. Сол дәуірлердегі түсінік бойын­ша, жерлеуге қатысатын ер-азамат міндетті түрде өзімен бірге асық апарған болуы мүмкін. Кейіннен, жерлеуге тек ер адам­дардың баруы сақталып қалып, асық орнына топырақ салу жосыны пайда болуы ғажап емес. Асықтардың көпшілігінің екі жа­ғынан да егелуі олардың белгілі бір мақ­сатта қолданыл­ғанын көрсетеді. Мәселен, қолө­нер шаруашылы­ғында. Қазақ халқының ұлттық музыка аспап­та­рының бірі – жетіген аспабында да тиек ретінде екі беті егелген асықтар кездесеті­нін айта кеткен жөн. Жалпы, түркі жұртының қара шаңырағы саналатын қазақ халқында асық жайында айтылмай жүрген деректер мен мысалдар жетерлік. Сондықтан, халқымыздың әдет-ғұрыптарын терең зерттеп, тұжы­рым­дар жасау болашақ зерттеу­леріміздің өзегі болмақ.
Қорыта айтқанда, «кейінгі жылдары табылған тарихи жәді­гер­лер біздің бабаларымыздың өз заманындағы ең озық, ең үздік технологиялық жаңалықтарға тікелей қатысы бар екенін айғақ­тайды. Бұл жәдігерлер Ұлы дала­ның жаһандық тарихтағы орнына тың көзқараспен қарауға мүмкін­дік береді».

Мәдина Серікқызы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір