Сенім үшін мына әлем жаралғандай…
01.02.2019
998
0

Үстіміздегі жылдың ақпан айының 6-7 күндері Беларусь республикасының Ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен «Жазушы және уақыт» атты V Халықаралық әдебиетшілер симпозиумы аясында XXVI Халықаралық кітап көрмесі өткізіледі.
Жыл сайын өтетін бұл шараның ауқымы кеңейіп, алыс-жақын шетел қаламгерлерімен де әдеби байланысты нығайтуда.
Осыған орай біз бүгін бір топ беларусь ақындарының жырларын оқырман назарына ұсынып отырмыз.


Виктор Гордей

Жаратылыс жанынан сыр ұққандай,
Жапырақтай тұрдым мен
күліп таңда,
Жалынымен жайқалған сары даланың,
Жасқанбастан жүземін жырақтарға.

Маңдай термен тапқанға не жетеді,
Көктем еді көңіл де өжет еді.
Жайылатын көл-көсір дастархан да,
Шіркін,өмір, құйындай тез өтеді.

Білем,білем көп көздер күлімдеді,
Күлімдеді соқпақтан сүрінбеді.
Жүлдыздардай самсаған
нанның иісі,
Оятады ұйқымнан бүгін мені.

Əр кезеңнің бар екен өз жылғасы,
Күрмеуі мол есімде кездің басы.
Мен ойлаймын:
ешқашан нан ішінен,
Көрінбесін ұрпаққа көздің жасы!

Аударған
Нүркен Нұрғазы


Мария КОБЕЦ

КҮН

…Иә, жалғыз тек күн ғана көріп біледі,
Алтын жалды қауырсын құстың ұясы мен жолдарын.

Сақтап әулет орманын,
Жасырады әлемнен құс боп ұшар жолдарын.
Өткен-кеткен жолаушы, үрейлі жыртқыш әңгіден,
Ауыр соқпақ кешеді,
Жол іздейді мәңгіден.
Тапса табар мыңнан бірі сол жолды,
Миллиондаған жалған жолдар сор болды.
Тапса мәңгі қалады, ар-ұяттың алдында,
Жап-жарығы болады, ішкі жүрек жанның да.

Мүмкін менің аяғымның күші жетпей қалды ма,
Бір жеткізбей, аяқталмай қойған мақсат алдыма,
Осы жолды жеңе алмадым, жеңбедім,
Жолымды бір кескендейсің сен менің.
Содан болар бүгін де, жарық сәуле күнімде,
Жиіркенішті улы исін шашыңның,
Жұта-жұта ашындым.
Амалсыздан араласып басылдым.
Әзер-әзер көніп келем, тірімін,
Мен болсам сондай,
Жүздеген жанның бірімін.

Аударған Шөмішбай Сариев


Наум Гальперович

***

Жас дәуреннің мұзынан жерінбеген секілді,
Жасыл аспан ізінен жерінбеген секілді,
Жел өтсе де басыңнан, сел өтсе де не түрлі,
Жеңілмегін ешқашан, жалынға тос бетіңді!

Жылдым-жылдым минуттар қашады екен боз өкпе,
Салған сұлу бейнедей жарқын жылдар тез өткен,
Таң қурайдай ашылған, бұлың-бұлың ғасырлар,
Көкжиекке сіңіп ап жоқ болады кезекпен,

Жанартаудай құрбының жанған көзі есімде,
Өкінбестей жанардың арман кезі есімде,
Жан шуағы себілген жылы сөздер есімде,
Шұбатылып сан мезет қалған кезі есімде,

Мәңгіліктің достар да кеткен өтіп еліне,
Неден безіп,
неге қаштық молшылықтың төріне,
Әрбірі де байлығым, жан қалауым, ардағым,
Құтқарушым секілді тұрады есте бәрі де!


Татьяна СИВЕЦ

***

Бірге жортқан балықпен су перісі,
Күлкілідей қимылы, жүрген ісі,
Еститін де секілді әр дыбысты,
Саусақтарын келеді сермегісі,
Сыңғырлайды білектің алыс тұсы,
Қателесе алмайды анық кісі,
Тек қызығы –
күндейін күлімдесе,
Жерге құлап түседі шанышқысы,
Ешкімнен де ықпайды бөлінгенде,
Қақпандардың бақылап бәрін көрген,
Еш адамға білмейді күш салуды,
Еш адамды батпайды жәбірлеуге,
Жаны сараң ортақ ой, ортақ үнге,
Жете алмастай бөтен қол жорта білген,
Бұлдыраған сағымдай мына өмірдің,
Түс болуын тілейді ол Тәңірден!


Алесь БАДАК

Жылқы

Маздап жанған сезім бе, сетінеген,
Көз жас көрдім…
көктемі жетілмеген,
Кетер емес санамнан сартап болып,
Жүйрік жылқы жанары мөлтілдеген.

Қасаң мұңға иесі тап болғандай,
Жауыр еткен жылқысын шоқпар маңдай,
Қос мұңлықтың бар ойы жануарда,
Жұбанышы өзге ешбір жоқ болғандай.

Табиғаттың тылсымы, кеңшілігі –
Құдіретіне,
күшіне сенші, күнім,
Ғұмыр кешті жапанда жалғыз олар,
Күзеткендей қоп-қоңыр тіршілігін.

Көрінетін көктемнің егізіндей,
Егізіндей сәуірдің лебізіндей,
Қапияда бір түні бурыл қарттың,
Мәңгілікке жалғаннан демі үзілді…

Жесір әжей өмірден нені білсін,
Нені білсін сыңарлы серігінсіз.
Қаралы үйде қараусыз қалды жылқы,
Кәрілік те, тұр, міне, төніп үнсіз.

…Түкті қолды саудагер сарайға енді,
Саудалады жылқыны, қынай белді,
О, құдірет!
жануар жерді тарпып,
Айналсоқтап әжейге қарай берді..

Жоқ шарасы,
жоқ сөзі,
жоқ талабы,
жесір әжей жасаурап көп қарады,
Қайран уақыт!
қайратты ері артынан,
Жылқысы да сағымдай боп барады..

Жарқын күнмен жануар жол алғандай,
Жол алғандай үміті тоналғандай,
Мейір үшін,
Сұлулық,
Сезім үшін,
Сенім үшін мына әлем жаралғандай!


Юлия АЛЕЙЧЕНКО

***

Қиыршық тас себуге тиістімін,
Арындаған тірліктің масағына,
Жалындаған жүректің ошағына,
Тұтанса егер лап етіп олар бір күн,
Күл қылғанша өртейді жас өмірді.

Араластыруға тиістімін,
Жарқын күнмен құбылғы көктем даусын,
Көктем даусын, себезгі өткен даусын,
Естілуі мүмкін ғой ол әйтпесе,
Зұлымдықтан үй тігіп жатқандарға.

Ұмытуға тиіспін,
Опа жаққан ерінді, ойды мұңлы,
Құшқан қолды,
күдікті,
қайғыруды,
Түс ішінде кезгенде, бірде ол менің,
Буындырып жатады мойынымды.

Ғұмыр кешуге тиіспін,
Ештеме де болғандай, болмағандай,
Жарық гүлі жанымның солмағандай,
Әлсіздерді жағаға лақтырады,
Толқын өмір бораны жалмағанда.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір