АЙТЫП КЕЛЕТІН АЖАЛ
15.02.2019
901
0

Қуаныш ЖИЕНБАЙ

(әңгіме)

Өзі кінәлі бәріне, өзі! Ендігі жер­де: «Жиналыс, отырыс атаулыға қа­тыс­сам, асылып өлейін», – дейді де, екі-үш апта өтер-өтпесте міне, өс­тіп, бір нәрседен құр қалғандай қос өкпесін қолына алып, ентіге жүгі­ріп келе жатады. Жан-жағына қа­рамайды. Қарамайтын себебі – әлдекімдер танып қалып, әлденені сұрап, жолдан қалдырама деп қауіп­те­неді. Бүгінде Биғали Айтуаровты білетіндердің қарасы жыртылып айы­рылады. Жә, онда тұрған не бар, білсе біле берсін, сол абырой-атақты сұрап алып па біреуден. Пешенесіне жазылған бұйырмастан қайда қа­ша­ды. Осы тірлігіне де дән риза. Деген­мен мұның да пенделігі ұстап кете­ті­ні бар ара-тұра. Оу, Биғалидың бая­ғы Биғали құсап, көнетоз пальто­сының қырқылған жағасын көтеріп алып, малақайын көзіне түсіре киіп, тротуардың бойымен қарсы келген­дер­ге дәп бір жүрдек пойызды кезек­сіз өткізіп жіберетін тауарный секіл­ді ығысып жол беретіні қалай? Тіке­лей тарта берсе, біреу шалғайына жабысып, ұстап қала ма? Ұстап қал­ғанда екеуара әңгіме қай тақырыпта өрбімек? Орта мектептің математика пәнінен дәріс берген бұрыңғы оқыту­шысы жайлы естелік ұмы­тыл­ғалы қаш-шан.
Дүние өзгерді ғой бүтіндей. Осы күн­дері Биғалидың өмірбаяны тасқа басылып, газеттердің бетінде, теле­ди­дар экранында қаптап жүр. Шә­кірт­тері де атақты математиктің аты естілген жерде құрақ ұшып, қолын алу үшін университеттің кіреберісін­дегі емен есіктің алдында қаздай тізіліп тұра қалады. Оқу орнының бас­шылары да ешбір жиналысты Биғалисыз бастамайды, кейде үйіне арнайы адам жіберіп шақыртып ала­ды. Алғашқы сөздің иесі осы жағ­даяттарды байқаса да байқама­ған­сып, биік беделіне шаң жуытпай, әрбір қадамын нығарлай басып, өзін тағатсыздана тосып отырғандармен бас изеп қана амандасып, кең ау­ди­то­рияның арғы бұрышындағы мін­бе­ге жеткенше бәкене бойын тік ұстап баруына болады ғой. Пах, Би­ғалиға қандай жарасар еді осын­дай жүріс-тұрыс! Әлем оқымыстыла­рын таң қалдырған мың жылдықтың жеті есебінің бірін шешкен тұңғыш қазақтың тұлға-бітімін көріп алсын өзгелер! Көрсін де іштерінен тәубе­лері­не келіп, Биғалимен бір топы­рақ­ты басып, бір ауамен тыныстап жүргендеріне шүкірлік айтсын. Жеті күрделі есеп… Бір теңдеудің таса­сын­да дүниежүзінде әлі күнге түйіні тарқатылмаған қаншама әлемдік түйткілдер тығылып жатыр десеңші! Тайфун, цунами, сұйық пен газдың қозғалысы… яғни, табиғаттың тыл­сым күші адамзат ақыл-ойы мен қия­лына дес бермей келеді әлі де. Ұзақ уақыт қарын тойдырып, манау­рап ұйқыға кеткен кәрі арыстандай жуық маңда тұяқ серпімейтін жанар­тау бір тұстан, тіпті күтпеген жерден бұрқ ете түседі. Бейқам ел, алаңсыз тірлік кешкен халықтың тайфун мен цунамиден соңғы қал-ахуалын көзге елес­тетудің, сөз қылудың өзі қорқы­ныш­ты. Аянышты. Осы күрделі қауіп-қатерді ауыздықтау Клей мате­матика институты ұсынған аса қиын жеті есептің шешіміне тікелей бай­ланысты әм тәуелді. Пуанкаре құпиясын шешкен ресейлік Григо­рий шалды көре алмайтындар бая­ғы­да-ақ жындыханаға жөнелткен. Мейлі, алтынның қадірін білмейтін­дер­ге сырттай тон пішіп, не басы­мыз­дың іскені. Өзіміздің Биғалиы­мыз аман болсын, ауру-сырқаудан, ав­томобиль апатынан аулақ жүргені абзал атпал азаматтың. Әлем адамы, иә әлем адамы жүр ғой жанымызда – бетекеден биік, жусаннан аласа боп.

(Толық нұсқасын газеттің №7 (3641) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір