Шай үстіндегі әңгіме
08.02.2019
2102
0

Қазақ халқының көп мәселесі дастархан үстінде, шай үстінде шешімін тапқаны белгілі. Қонақжай ұлтымыздың ұлағаты қадым замандардан бері сақталып келеді. Осы орайда, ақын Мұхтар Шаханов пен жазушы Құдияр Біләлдің дастархан басындағы әңгімесін назарларыңызға ұсынамыз.

***

Біздің жұмыс орнымыз бас мешіттің маңында орналасқан. Түскі шайға отырған кезімізде азан шақырылады. Күнде солай. Кейде, кейде емес, құдайдың құтты күні десе де болады, М.Шаxановқа сәлем бере келгендер де бізбен бірге шайланады. Азан даусы басылған кезде Мұxаң соларға қарата: «Мына Ярқұди дін көсемдерінің бірі, шіл­би» дейді. Мен айтылар әңгіме нобайын іштей сезіп отырамын. Қонақтар болса, Ярқұдидың кім, шілбидің кім екенін онша қаға бермейді. Мұxаң көңілі қош кезде ме­нің есімімнің соңғы буынын алға шығарып, осылай Ярқұди деп атайды. Ал шілбиі – член бюро дегені. Оның солай екенін қонақ­тарға өзі түсіндіреді. Сосын: «Бұл Ярқұди мына дінді басқарып отырған алты көсемнің бірі» деп менің салмағымды арттырып қояды. Енді көсем болмасақ та Діни басқарманың алқа мүшесі болғанымыз рас. Ол алқаның менен басқа бес мүшесі де аттарынан ат үркетін ығай мен сығайлар. Алды – академик, соңы – сенатор дегендей. Бұл алқа мүшелері Әбсаттар қажының кезінде белсенді болатын. Кейін сиыр­құйым­шақтанып кетті. Жә, ол бөлек әңгіме. Осы жәйттарды жақсы білетін Мұxаң: «Қазір осы Ярқұдилар дінді бетімен жіберді» деп маған тиіседі. Сосын: «Бұлар тамаша бір әдіс тауып алған. Қазір қай мешітке барсаң да қара киімге оранып алған қыз-келіншек­тер қаптап жүр. Тіпті беттеріне дейін тұм­шалап алған. Солармен діндәрмын деп жүргендердің бәрі әмпей-жәмпей болады да сосын ( Осы жерге келгенде менен не дейтін едіңдер деп сұрайды. Мен «талақ» деймін) иә, «талақ», «талақ», «талақ» деп үш рет айтады да тайып тұрады» дейді. Одан кейін: «Бұл не сұмдық? Дінді осыншалықты қорлауға бола ма?» деп, бүкіл діндарларды біраз жерге апарып тастайды. «Соны мына Ярқұдиға шілби ретінде тоқтатыңдар десем, өзінің сол қара киімділерге байланысы бар ма, қайдам, әйтеуір аттап баспайды» дейді. «Болмаса сол қара киімділердің мешітке топырлап кіріп бара жатқанын күнде көремін» деп әңгімесін одан әрі тұздықтай түседі. Әзіл емес, ынта-шынтасымен, жаны күйіп тұрып айтады. Мен: «Олар мешітке намаз оқуға барады» деймін. «Намаз оқитын адамды тапқан екенсің» дейді Мұxаң. «Оларды сол жерде бөліп-бөліп алып кетеді» деп Мұxаң жеңістік бермейді. Сосын мен әзілге баса­мын. «Солардың қайда кететінін білу үшін екеуміз қара киімге оранып барайық та» деп қоямын. «Барсақ барайық. «Мына ұзыны дұрыс екен» деп сені бірден қағып кетеді» дейді Мұxаң. «Сіз қай жерде де өтімдісіз ғой» деп қоямын мен. Содан қара киімділер туралы әңгімеге қонақтар да араласады. Сондайда «Өз көзіммен көрдім…» деп басталатын кей әңгімелерге жаның түрші­г­е­ді. Мұxаң да бекер байбалам салып жүрген жоқ. Нақтылы ақпар беру­шілер бар. Кешегі күн шай үстінде осындай әңгіме тағы да өрістеді. Сонда мен: «Осы біздің ғимараттан да «Хәлал су» деген сауна ашылыпты. Бір-екі қара киімділердің сол жерге кіріп-шы­ғып жүргенін байқап қал­дым» дедім. «Жеңіл жүрістілердің қор­ша­уын­да қалдық» десей­ші» деді Мұxаң. «Жоқ, ол жер xәлал» дедім мен. Мұxаң маған жын­ды адам көргендей ежірейе қарады. «Ендеше сол жерге барып буланып қайтайық. Бір жағы қара киімнің ішіндегілердің кімдер екендігін біліп қайтамыз…» дедім мен. Мұxаң: «Өзің бара бер. Оранғандарға сенің көзің үйреніп қалған ғой» деп маған күле қарады. «Қалды­рып кеттің деп қапа болып жүрмесеңіз болды ғой…» деп қойдым мен. Менікі әзіл. Ал Мұxаңдыкі – шын. Әзірге шай үстінде айтып жүр. Бір күні бұл мәселені дауылдата көтерері күмәнсіз. Күнде мешіт қасынан өтемін. Қара киімділер көрінбес пе екен деп аула ішіне мойын соза қараймын. Бөліске түсіп жатқанын көрсем, артынан бар­мақ ойым бар. Жәй, тексеріп көрмек үшін.

Құдияр Біләл

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір