ЖАС ЖЕСІР Әңгіме
06.11.2022
5230
1

Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына орай ұйымдастырылған қаламгерлер арасында өткен «Ақиқаттың ақ туы» атты байқаудың бас жүлдесін алған әңгіме.

Етегіне оралған алды бес жаста, кенжесі емшекте үш баламен жиырма тоғыз жасында Алмагүл жесір атанды. Өң мен түстей миша араласқан сол күндерді қанша еске алғысы келмесе де, алақандай ауылдың отқа май құя түсетін сөзінен бұрын небәрі отыз бес жасында көлік апатынан тіл тартпай кете барған Айбардың өліміне сенбейтіндей күй кешті. Бәрінен де қыршынынан қиылған жасы жанына батса да «қойшы, әйтеуір артында қалып мына балаларына бас көз болып тірі жүрмін ғой…» деп тәубесіне келіп қоятын.
Алғашқы жылдары анасы қасында болғандықтан ба, жалғызіліктің ауыртпалығын сезіне қойған жоқ. Айдың-күннің аманында таңертең ғана «жолың болсын, аман-есен барып қайт» деп ауданға аттандырып салған Айбарынан найзағай ұрғандай қас-қағымда айырылып қалады деп кім ойлаған. Жүрегі қан жылап, көздің жасына ие бола алмады. Ал жаназасын шығарып, сүйекті жер қойнына тапсырған соң, тіпті өмірден түңіліп, ешкімді көргісі келмей, ешкіммен тілдеспей, сүлесоқ отырған да қойған. Меңіреу қалыпта тапжылмай отырған қызына тек шешесі ғана жалтақ-жалтақ қарайтынына тіпті селт етіп қоймады. Мына түрімен күйігі ішке түсіп, ауру болып қалса, балаларына кім ие болады деген ой шешесі жазғанды түрткілеп маза берер емес. Жесірлігі құрғырды өз басынан өткерген, біледі ғой. Мұндайда аяушылықтан гөрі, қаттырақ айтып есін жинататын, намысын жанитын есті сөз пайдалырақ екенін жақсы түсінеді. Осы ойдың жетегінде қызына жақындап отырды да, жайлап сөз бастады.
–Е, соры бесбатпан сорлы балам-ай! Жесірліктің қамытын тым ерте кигенің-ай… Бірақ жесірлік атаулы тек сенің, болмаса менің ғана емес, әр әйелдің босағасынан сығалап тұрады. Бұл да өмірдің бір өткелі, үлкен сынағы. Еш әйел жесірліктен құтыла алмайды. Басыңа түсті, көнгеннен басқа амалың жоқ, Алла Тағаланың маңдайыңа жазуы сол. Бірақ үлкен өкінішіміз бұл сынақтың саған тым асығыс, төтеннен келуі. Тірі адам тіршілігін жасайды ғой, айтары жоқ өлім… Айбар баламның өзіне обал болды-ау. Қайтеміз… Бізде не қайран бар дейсің. «Жол үстінде кеткендер, иманын серік еткендер» деген, иманы саламат болсын, айналайын-ай… – деп бетін сипап қойды да: – Алмашым, сен енді мені жақсылап тыңда. Мен ғой, әкеңнен елу жасқа келгенде оң мен солымды біліп, сендер есейгенде айырылып, жесір қалдым. Ал жас жесірдің жолы одан да қиын, одан да ауыр. Мөлдіреп тұрған кезің, аяғыңа оралған үш баламен не жастың есебінде, не егде әйелдің есебінде емессің. Енді тура жолмен қанша жүрем десең де, қисайған көлеңкеңнен кемшілік тауып табалайтындар табылады. Ақылың жетсе – түнде жылап, күндіз күлесің. Ауырсаң – шыдайсың, қиналсаң – төзесің, құласаң – қайта тұрып, көзіңнің жасын сүртіп тастап, өзіңді сабырға шақырғанда ғана, түптің түбінде барлығын жеңіп шығасың. Осы сөзімді қашанда жадыңда сақтарсың, балам, – деді де құшағына алып, сөзін әрі қарай жалғады. – Қарағым, сенің Айбармен өткен бақытты күндерің келмеске кетті. Енді мына көзге көрінген шырақтарың үшін болған іске болаттай берік болмауға хақың жоқ. Менен туған қыз болсаң, беліңді бекем бу! Қатал тағдырдың сынына төтеп беруге дайындал! Кейде топырақты өлімнің де қайратқа шақырып, намысыңды жанитын кездері болады… Жинал… Есіңді жи… Етек-жеңіңді түр…
Анасының бұл жұбатуына еш ишара білдірмеген Алмагүл мелшие түксиген қалпынан танбады. Сол мезетте сырт­тан қолды-аяққа тұрмай, шырқырап жылаған кішкене бөпені көтеріп көрші қыз кірді. Баласының дауысын естісе де Алмагүл селт етпестен бір нүктеге қадалып алған. Кіші абысынының: «Тағдырдың ісі ғой, Алмагүл, баланың не жазығы бар, емізсеңші», – дегеніне де еш әрекет білдірмеді. Диванда жағалай отырған жақындары болса да бір ауыз сөз айтуға бата алмай үнсіз бақылауда. Баланың шырылдап жылағанына қарамастан, тапжылмастан қатып қалған қызына не істерін білмеген анасы жәймен, мәймөңкелеп айтқаннан нәтиже болмайтынын сезіп, даусын одан әрі қатқылдатып:
–Жетер енді, Алмаш! Жалғанда сенің ғана байың өліп, жалғыз сен ғана байдан айрылсаң да. Айтқанға көнбейтін болсаң, онда қазір асылып өл де, Айбардың артынан кет. Ақыр саған бала керегі жоқ екен, біздер адам емес екенбіз… – деп айқай салды.
Алмагүл оған да селт етпеді де, қадалған көзін тайдырмаған қалпынан айнитын сынай байқатпады. Осы сөздерінен кейін де еш әрекет байқамаған ашуға булыққан анасы шырқыраған бөпені алды да, қызының алдына екпінмен тастай салып, омырауын жұлқи аша бастады. Сонда ғана қызы басын көтерді. Қолындағы баласына үрпие қарап, мылқау адамша еш жауап қатпастан ықылассыз қолымен омырауын ашты да, бөпесін емізуге ыңғайланды. Шырқыраған бала аузына емшек тиісімен «жеттім бе» дегендей ашқарақтанып, емуге кірісті. Үйдегілердің бәрі Алмагүлдің іс-әрекетін бақылап тым-тырыс отыр. Сол үнсіздікті кішкене бөпе қайтадан бұзып, мазасыздана бастады. Үш күнгі қайғының ішке түскені шығар, бала қара терге малынып, қанша борпылдатып емгенімен, сүт шықпады-ау шамасы, амал іздеп қайта шырқырады. Мұны байқаған анасы: «Еміреніп, иіп емізсеңші-ей… Жүрегің қара тасқа айналып кеткен бе? Саған не болды сонша!» – деп езіле айтқанда қатқыл дауысында діріл бар селкілдеп кетті.
Шешесінің бұл айғайына да пысқырып қарамаған Алмаш қолындағы баланы алды да, жанында отырған әйелге сүлесоқ ұстата салды. Қимылы шалт. Бедірейіп алған. Құлағы таскерең. Мына әлемнен байланысы үзілген.
Отырғандар да көз алдында өтіп жатқан жағдайды байқастап, әрқайсысы өз ойымен әлек. Қайтсін-ай, бір ауылда көрші тұрып, кішкентайынан тай-құлындай тебісіп, бір-біріне бауыр басып, ержете келе сүйіспеншілікпен үйленген бақытты ерлі-зайыптының отбасылық ғұмыры осылай қайғы-қасіретпен аяқталғаны бәрінің де жанына батып-ақ отыр. Алмагүл тағдырдың осы «ащы сыйын» қабылдағысы келмей іштей арпалысып, қарсылық көрсетіп-ақ бақты. Сыртқа шығарып жылағаннан да, әркімнің жұбату сөзінен де ештеңе өзгермейтінін, ешкімнің қолынан енді ешнәрсе келмейтінін білгендіктен де дүниеден баз кешіп, түңілісі тереңдеп барады. Өзін де, өзгелерді де көргісі келмейді. Сөзге құлақ асудан ада. Кім кінәлі… «Неге мен… неге бұлай…» деген сөздердің арбауына ілініп, иірімнен шыға алар емес.
Ойлап отырса, содан бері қаншама жыл өтсе де, жесірлік дегеннің көзге шыққан сүйелдей көрінетініне көзі жеткен жоқ па еді. Бәрі айтқанға ғана оңай. Қаншама түн ұйқысыз, қаншама күн күлкісіз өткені тек өзіңе ғана аян. «Мына қатын жетісіп қалыпты» деп біреуі ернін шошайтса, біреуі алдыңнан өңменіңнен көзін өткізіп тұрып «мынаның жарқырап киініп жүргенін-ай», «мынаның ахахалап күлгені-ай» дегендей мысқылдап өтері бар. Ары тартсаң – ары, бері тартсаң – бері жетпейтін баяғы қу дүние қолын да, жолын да байлағанда өмірге налып, кей күні балаларына ренжіп, оларды да жек көріп, кейде екі қолын төбесіне қойып, дүние­нің түбі болса кетіп қалсам ба дейтін.
Кейде «баяғыда қазақ сорлы неге жесірін бір жылға дейін қара жамылдырып отырып, артынша қайнысына, болмаса қайнағасына қосып жіберген десем, осындай артында шуын шұбыртып қоятын жаманаты бар екен-ау. Сол дұрыс та шығар…» деп ойлап қоятын. Бірақ бүгінде бір жыл қара жамылып, қайнысына қосылатын қатын қайда?!. Байлары өлсе көп ұзамай-ақ киініп-ішініп, жасанып, боянып, қыздай болып шыға келеді. Оларың бір жыл қара жамылып отырып, басқа біреуге қосылмақ түгілі, тірідей байларын жібере салып, тірі жесір болып жүргендері қаншама. Қайтеді, бұл да заманның сұрқылтай өзгерісі шығар дейтін.
Қазір барлық ауыртпалық артта қалып, заманның да жақсылығы ел қатарлы балаларын жеткізіп, қызын ұзатып, Айбарының атынан ерген ұлын үйлендіріп, аузын толтырып немере сүйіп отыр. Жаман атын шығармады. Сызып қойған сызығынан аттамағанның арқасында өзі де жақсы атқа ие. Ауылдастары да, Айбарының аға­йын-туғандары сыйлап, алдынан қия өтпейді. Өмір ғой, бәрібір жесірліктің бір шикілігі қылаң беріп қоятыны бар.
Бірде Айбардың құрдасы сыныптастарын түгелдей Алматыға қонаққа шақырды. Өзі сияқты жастай жесір қалған Қалдыгүл екеуі «барсақ па, бармасақ па» деп көп ойланған. Жеме- жемге келгенде баратын болып шешті. Жол-жөнекей келе жатып жесірлікті бір адамдай татқан Қалдыгүл құрбысының: «Алматай, енді екеуміз шақырған жерге барғанда ентелеп төрге шығуға ұмтылуды қоюымыз керек. Қанша рет байқадым, жоғары жаққа көбіне ерлі-зайыптыларды отырғызып жатады. «Зады, қатын – ер тұсында» деген рас шығар», – деп айтқан сөзі әлі көкейінен кетпейді. Қонақтарды сол жолы да дәл Қалдыгүл айтқандай жайғастырды. Бұрын «Оу, сегіз қырлы, бір сырлы, атақты мергеніміз, сыныбымыздың мақтанышы» деп, Айбар екеуін қоярда қоймай төрге шығаратын. Қалдыгүл айтпаса қалай байқамаған, төмендей бастағаны рас. Жас келе төрің не, әйтеуір ортадан қалдырмай шақырғанына риза. Қош, содан үзілісте қаланың көп қабатты үйлерінің бөлмелері белгілі ғой, адам көп, терін басайын деп балконға шықса, Айбардың жақын досы Кемел темекі тартып тұр екен. Ойында ештеңе жоқ, салдырлап әңгіме бастап айтып жатқан. Бір кезде Кемалың:
– Алмагүл, сен кешірші, егер екеуміздің балконда оңаша тұрғанымызды Шәмшия көрсе, қызғаныштан ұрыс шығарудан тайынбайды. Мен кетейін… кейін… – деді. Төбесінен біреу қос қолдап ұрғандай есеңгіреп қалсын. Сәлден кейін сасқанынан:
– Иә, иә, әрине, әрине, – деп қала берген. Міне, жесір әйелдің «жүні қызыл» дегені осы да.
Зымыран уақыт-ай десеңші, Айбардың да дүниеден өткеніне жиырма жылдың жүзі болыпты. Уақыт емші деп жатады. Қайдан емші болсын, ерінен көңіл қалмаған да қиын көрінеді. Не сөзге келіп, не бет жыртысып ұрсысып көрмеген соң, еске алып көңіл сөндіретін жаман қылығын таппай әуре. Дүниеден ерте өтеріне көрінді ме, ең болмаса бетіне бір жел болып тиіп, шәйіт демепті. «Алмаш, Алматай» деп өтті. Кейде жолдастарының: «Осы сен неге әйеліңнің айтқанынан шықпайсың? Бір нәрсе айтсақ, «Алматай біледі» деп отырасың. Еркексің ғой, өзің-ақ шеше салмайсың ба?» дейтіндерге де жауабы дайын еді. «Мен осы сендер сияқты әйелдерімен айтысып, тартысып жүретін ерлі-зайыптыларды түсінбеймін. Оу, әйелің сенің айтар жөн сөзіңді айтып, әйелдік, келіндік міндетін қамшы салдырмай атқарып, ағайынға да, досқа да сенің абыройыңа абырой қосатындай іс атқарса, аузымыз, не қолымыз қышып несі бар. Кейде менің Алматайым анамның рөліне кіріп, баласындай өбектейтіні бар. Мұндай әйелге не айтасың…», – деп қоюшы еді. Содан да шығар Алмагүл кешғұрым ұйықтар алдында күндіз біреу, түнде екеу болып азапқа түседі. Алматайының да Айбарға адалдығы шығар, құдай қосқан қосағының қара шаңырағы, қара орманының түтінін өшірмей, артында қалған ұрпағының жаман атын шығармай бүгінде қоңыр тіршілігімен біреуден кейін, біреуден ілгері өмір сүріп жатыр…
Кейін ғой, Айбарының жан жарасы жазыла бастағандай, өз-өзіне келіп, ес алып, етек-жеңін жинағандай болғанда, жанына аяздай батқаны, қолаң шашы тобыққа жететін, өзі реңді, көркіне ақылы сай әпкесінің, көп уақыт өтпей артынан ерген інісінің көкпар тартып келе жатып электр бағанасына соғылып, айдын-күннің аманында мерт болғаны, бертін келе үлкен ағасының әйелі, келіндігімен бүкіл ауылға жаққан мұғалім жеңгесінің қазасы біразға дейін есеңгіретіп тастаған. Енді олары аздай, сол үлкен бауырының ортаншы ұлын Алматыдағы қанды қаңтар оқиғасында қаңғырған оқ па, әлде әдейі атылған оқ па, қыршынынан қиып түсті. Айбары мен інісінің өлімі оқыстан, әпкесі мен жеңгесін айналдырған ауру алып тынды деп көңіл сендірсе, мына бауырының қазасы жанын жеп, жасы келіп жетпістен асқанда құдай қосқан қосағынан бір, бауыр ет баласынан екі айрылып, аңырап қалған ағасының жағдайы жанына қатты батты.
Өлімнің бәрі өкінішті ғой. Бірақ бұрын туғандар бұрын кетсе дейсің де. Қаңтарда шейіт болған қаншама өрімдей жастардың қаны кімнің мойнында? Екі жыл бойы бүкіл адамзатқа келген тажал індеттен ел шошынып, үрей билегені аздай, мынасына не жорық. Қаншама ата-ананың арманы үзілді, қаншама бала жетім, қаншама әйел жесір қалды. Өлімге араша тұра алмайсың. Өлім айла таптырмайды, білеміз. Алайда, ата-ана үшін бауыр ет баласына өз қолымен топырақ салып, қара жер қойнына табыстағаннан ауыр қасірет жоқ шығар. Әкесі кетіп, баласы «атам-ау» деп жылап тұрса жарасар еді. Аллаға қалай жөн болғанын да білмейді. Ажалға себеп болды. Ағасының ошақтың үш бұтындай үш ұлының біреуі құлады. Бір кем дүние жасайды ма, қайдам. Еркек адам осал келеді емес пе, бәрінен де екі қолынан әл, екі аяғынан дәрмен кетіп қартайған шағында бір үйде жәутеңдеп нағыз жетім қалған Қадырқұл ағасына қиын болмақ.
Ер азамат бәрібір ұстамды ғой, жұрттың жүрегін ауыртып, сыздатқан әкесінің қайтыс болғанын түсінбесе де «әкелерімен қоштасқан сәт естерінде қалар ма» деп бірі қолында, бірі етегіне оралған үйелмелі-сүйелмелі бейкүнә бөпелерін құшақтап артында аңырап қалған жас келіннің зарын есту ешкімге оңай тимеді. Әсіресе Батыржанмен қош­тасып, сүйекті алып кетердегі ақы иелерінің жан айғайы ғана емес, жиналған жамағаттың күңіреніп жылағанынан жер теңселгендей болды-ау…
…Ең ауыр соққысы құдай қосқан қосағынан айрылғанымен қоймай, мәйі­тін таба алмай, мәйітханаларда неше күн сарсаңға түсіп, аласұрып іздегені өтіп кеткен. Үш күн дегенде сыныптастарының біреуі орталықтағы мәйітханадан Батыржанды таниды. «Айзада, келіп көрші, Батыржан ғой деймін, ұқсайды…» деген соң, жанұшырып барса, рас – Батыржаны. Денесі тілім-тілім, тиген оқтарын алып тастап, көктеп тіге берген. Сол кезде қолдарында құжаты болмағандықтан, сүйегін келесі күні әкетуге уәделеседі. Ертесіне көлік тауып барса, қойып кеткен жерінде Батыржаны жоқ. Күйеуінің қазасы аздай, енді денесінен айрылғанда Айзада қан жұтты-ақ.
Ой деген жүйрік, не ойламады. «Биліктің қылмыстарын жасыру үшін іздеуі-сұрауы аз болсын деп бір жерге апарып көміп тастаса қайтемін. Сонда ақ жауып арулап көміп, көңіл сендірудің өзі арман болып қалмақ па?! Ал атама не бетімді айтамын, баласын қайдан тауып беремін…» деген ойдың тұтқыны миын айналдырып, дамыл таптырмады. Мәйітхана қызметкерлерімен айтысып-тартысып жатып, қайтадан мәйіттерді қарап шығуға рұқсат алады.
Түнімен көз ілмей шыққан Айзадаға енді ол жаққа қайта кіру ақырет. Не істемек. Мәйітханаға бір-ақ адамға ғана кіруге рұқсат. Ешкімнің басына бермесін, күні кеше бүкіл мәйітхананы аралап жүрегі шайлығып, шошынып қалған Айзадада басқа амал жоқ. Өзін қолына алып Алла тағаладан: «Жаратқан ием, Батыржанымды табуға көмектесші, мына сойқанды аралап шығуға күш бере гөрші…» деп жалынып-жалбарынсын. Қайтадан мәйітхананың қара суық бөлмелерінде қатып, серейіп қуыршақ секілді үйіліп жатқан жас мәйіттердің бет-жүзін көру үшін әрқайсысының шашынан тартып іздейтінін ойлағанда, жаны түршігіп, селкілдей бастады. Қайтеді, өзін ұстап, іштей «бисмилләсін» айтып, Батыржанын іздеуге кірісті. Аралап келеді. Іздеген жоғы табылар емес. Екі үлкен бөлмені аралап қарап шықты. Жоқ. Соңғы үміті қуыстағы бөлме. Көзінен сорасы аққаны аздай, мұздатылған суықтан қалтырап-дірілдеп келе жатып бір мәйітке жақындағанда жүрегі өрекпіп, өзіне ие бола алмай отыра кетті. Мәйітхана қызметкері серейіп жатқан сол мәйіттің шашынан жұлқи тартып көрсетіп еді – Батыржаны. Мәйіт­ті көргенде, Батыржаны тіріліп келгендей «уҺ» деп терең демалып, артынша өкіріп жылап жіберсін. Содан бар күшін жинап, сырттан адам шақыртып, кілемге оратып алып шығады.
Айзада келін осындай сұмдықты басынан өткізгенін ел аяғы басылып, ет жақын туыстары отырғанда айтқанда, Алмагүл жағасын ұстап, кіп-кішкентай құйтақандай келіннің өжеттігіне қайран қалған. Орнынан тұрып келінді құшақтап, қайтадан көз жастарына ерік берді. Біраз уақыт өткен соң, отырғандардың арасында жасы үлкені де, Батыржанның ең жақын әпкесі өзі болғандықтан келінге жұбату айтуға ыңғайланады. Жөні де сол еді.
– Кішкене кезімізде әжемнің: «Е, Алла, Жаратқан ием, «аз ауру, азат өлім бер», «ақыр алады екенсің, ешкімге күнімді қаратпай, балаларға салмақ салмай, қинамай ақ өліміңді қи. Біздер асарымызды асадық, жасарымызды жасадық, жастар аман болып, баланың қайғысын көрсетпесін» деп отырғанын естуші едім. Алла-ай десеңші, жасы жеткен кемпір-шал емес, өрімдей жас боздақ кетіп жатқанда не айтарыңды, қалай жұбатарыңды білмейді екенсің. Айтары жоқ өкініші таудай өлім, айтары жоқ… – деп ойларын жинақтап алған Алмагүл келіннің арқасынан сипап отырып, сөзін әрі қарай сабақтады. – Айналайын, Айзада қарағым! Кімнің дүниесі түгел дейсің. «Тұяғы бүтін тұлпар жоқ…» деген. Қазір осында отырған әрқайсымызды сайратып, жоғалтқан жақын-жуықтарымызды түгендесек, қайғыдан сау адам жоқ. Батыржаныңмен ыстық-суығын басылмай жатып, жер құшып отырғаныңды бәріміз түсінеміз. Алланың әмірі солай. Жазым дегенге не шара. Сол қаңтарда қайтыс болғандардың қаны кімнің мойнында екенін біз білмейміз. Естіп жатырмыз, біреу жалғызынан, біреу бауырынан, әке баласынан айрылып шерменде күй кешуде. Батыржанның да татар дәмі таусылды. Болар іс болды-ау. Көңілге медет – ұрпақсыз да кетіп жатқандар бар ғой, оған қарағанда шүкір, артында екі құлыны – екі тұяғы қалды. Алла өмір берсе әлі-ақ ержетіп, бір жағыңа қолқанат болар, – дей беріп еді Айзада сөзге киіп-жарып араласа кетті.
– Әпке, Батыржан әлі жас еді ғой. Жұмбақ өлім болды. Кішкентайымыз науқастанып, дәріханаға жібергенмін. Ар жағының қалай болғанын білмеймін. Өзі қызуқанды еді ғой. Біреудің айдағына ілесті ме, әлде өзі қызық көріп барды ма, ол жағы бір Аллаға аян. Батыржан енді сөйлей алмайды. Рас айтасыз, болар істі болды, бояуы сіңді дей ме… Басымды тауға да, тасқа да ұрайын, бірақ әділдігін іздеп, әкелерінің құнын даулауға дейін барамын. Мен мыңқиып отыратындардың қатарынан емеспін. Әлі ізденемін, – деді. Соңғы сөзін өрекпіп айтты.
– Иә, айналайын келіншырақ, іздеуі, сұрауы жоқ дегізбей, ізден. Ауылдағы бізге қарағанда көзің ашық, көкірегің ояу ғой. Бірақ менің айта­йын дегенім, ертең Алматыңа барасың, қазір көпшіліктің ортасында ештеңе сезінбей отырсың, енді Батыржансыз реңі басқа өмір басталады. Оның аты – жесірлік. Жесірлікті мен де жақсылы-жаманды басымнан өткізіп келемін. Бірақ мен ағаңнан жиырма тоғыз жасымда қалып, жалғыздықтың сүрлеуінен өттім. Құдайым-ау, жиырма үш жас деген не тәйірі… Бұл не деген жесірлік, бейкүнә баланың бірі үште, бірі жасқа да жеткен жоқ – бұл не деген жетімдік десеңші… – деп беторамалын алып, көзінің жасын сүртті. –Тағдырдың маңдайыңа жазғаны, қалқам, енді сенің мойныңа екі қоржынды артып, сол сүрлеу жолға салғалы отыр. Ол екі қоржының зіл батпан, етегіңде екі балапаның. Міне, сол сүрлеуден екі көзің соқыр болып адаспай, тұманды суық күнде тонбай, қажымай жүріп өтуің керек. Одан басқа амалың жоқ. Мені де елдер сүйемелдеп, жан-жағымнан алып, осы жолға салып, артымнан туын байлап жіберген. Сол туымыз желбіреп, «оу, мынау жесір қатын өйтіп жүр, жесір қатын бүйтіп жүр» дегізді. Жесір қатын ағайынға да, тіпті құдайға да жақпайды екен. Сол үшін өзімнен кейінгі ерген келіндердің жесір қалғанын естісем, жүрегім ауырады. Кезінде мені Айбардың қырқына дейін қорғанның басына жібермеді. Өйткені, қатты есеңгіреп қалдым. Қайғыны көтере алмай, ішкі жандүнием өртеніп, жанып кете жаздағанда қорғанға барып, мүрдені құшақтап жылағанда ғана, кеудемдегі өксігімді басқандай басымды көтердім. Сонда ғой, Айбардың жақын ағалары болып келеді, ақындығы бар еді, «Есіл бауырым-ай…» деп жеті шумақ өлең жазып әкеліп жұбатқаны есінде.
– Алмагүл әпке, дұрыс айтасыз, бәрін түсініп отырмын. Әлі көресіздер, мен Батыржанның атын да, отын да өшірмеймін. Ол балаларының алдында орындай алмай кеткен әкелік парызын, қарызын жер басып тірі жүрсем, мен жасаймын. Балаларды қор етпеймін. Әкесі жоқ дегізбей, екі баламды өсіріп, ер жеткізіп, амандық болса алтын табақтан ас беретін боламын, – деп Айзада келін жұлып алғандай сөзін әрі жалғады. – Жұмысқа шығамын, бар күш-қайратымды қайрап, жанып өмірмен күресемін.
–Айналайын-ай, дегеніңе жет. Батыржан бізге арман, мұңын айтқан жоқ. Айтатын анасы да жоқ, сенімен сырласқан шығар. Оның анау көкжиектің жиегінде жете алмай кеткен арманы қалды. Сол арманға, шыға алмаған шыңдарына енді сен шық, сен жет. Жалғағаның үзілмесін, толтырғаның ортаймасын, айналайын. Жәй ғана ақылым ғой, балалар өз қолдары ауыздарына жеткенше ауылда болсаңдар қайтеді, – дегені сол екен, қазіргі келіндер мықты ма:
– Шығамын әпке, шығамын… көресіздер… Бірақ ауыл дегенді атамаңыз. Қаладан алыс, оның үстіне мұнда жағдай жоқ қой. Күнімізді көре алмай тентіреп кетпейміз бе? Жо-жоқ, мен балаларымды қалада оқытамын, кейін шетелге жіберемін. Батыржанның қырқы өткеннен кейін Астанаға кетсем бе деген ойым бар, – деп қойып қалды.
Алмагүл болса келіннің төбеден түскендей мынандай кесек те кесімді сөзінен кейін тартынып қалды. Болмаса тілінің тікені сояудай, талай нәрсені айтуға болар еді. Қара жамылып отырған келініне артық сөз айтып қоймасам екен деп, өзін «саф-саф» деп сабырға шақырып, тілін тістеп отырды да:
– Иә, қарағым, өзің білесің ғой. Қиналып қалмайсың ба деп жатқаным ғой. Болмаса атаң да даңғарадай үйде жалғыз. Доскен малда. Балалар аяқтанып алғанша дегенім ғой… Арманыңа жет, алдыңнан жарылқасын, – деген сөздерді дауысын баяулатып, түсі бұзылыңқырап көңілсіз жеткізді.
… Иә, мына келін шырақ қалай-қалай сөйлейді-ей. Жақсы білмейді екен, өзін қалай тез жинап ала қойған. Соншалықты сенімді етіп отырған қандай күш?! Бірден көз алдына Айбары қайтыс болып, дәл осындай жағдайда қалғандағы жап-жас Алмагүл жүгіріп өтті. Алмагүл де ол кезде жас еді. Бұлай жұлқынып сөйлемек түгілі, дүниенің бар қызығы Айбарымен бірге кетіп, қара түнекте қалғандай тілі байланып, баз кешіп кете жаздады емес пе. Өзін ойласа, қазір де жетісіп жүрген ештемесі жоқ. Жалғыздықтың аты – жалғыздық. Қырық-шұрық жаны бар. Оның өзіне бір риза болатыны, денесіне еркек шыбын қонса қонған шығар, бірақ бір еркекке терезесін қақтырмай, білегінен ешкімге ұстатпай, балаларына адал ас берді. Қазір ұл-қыздарының да, басқаларының да беттеріне тура қарай алады. Аз ғұмыр кешсе де, Айбарымен бірге болған қызықты да бақытты шақтарын әлі күнге аялап келеді. Өмірінің мәні де, сәні де бауырындағы балалары, бірінен-бірі өткен тәтті немерелері. Солардың амандығы – бүкіл өміріне медет, нығмет.
Алмагүлді қазір ойландыратыны, жарайды, жасырақ кезінде берген қиындығы, бейнеті ұмытылып, білінбей кетті ғой. Ал ендігі өмірінің соңы қалай аяқталады, балалар еңбегін ақтап, қабағына қарай ма, беретін сорпа-суын ықыласпен бере ме?! Міне, сол ой көбірек толғандырады.
Дәл қазір жиырма жыл жинақталып қалған шемен шердің шетін шығарып еске салған мына жас келінге кінә артпағанмен, ауылды кемсітіп, місе тұтпай тұрғаны қытығына тиіп кетті.
Өзі де аспаннан түспей, сол ауылдан шықты ғой. Сонда құдайдың басына салған ауыртпалығын ауылдың жесір әйелдері көтере алмайды дегені ме. Ау, отыз жетінші жылдары қазақтың арыстарын баудай қырғанда артында іздеушісі, сұраушысы болған шешелеріміз емес пе еді.

Артынша соғыс басталып, қаншама қазақ – Отан үшін соғысқа аттанғанда елге де, жерге де ие болып ғана қалмай, өздерін аямай жұмысқа салып, майданға көмегін жасаған да сол әйелдер ғой. Тіпті күйеуі бар болсын, жоқ болсын қазақ әйелінің жүгі еш уақытта оңайға түспеген. Марқұм анасы айтып отыратын, сол жылдары айналаң жесір тұл қатын. Бір совхозда ересек еркек атаулы қалмай, жесір ауыл атанған жағдайымыз бар деп. Сондағы жасы бар, жасамысы бар күйеулерін майданға жіберіп, олардың не өлі, не тірі екенінен хабар ала алмай, сарыла күте жүріп бәріне көнді, бәріне шыдады емес пе?! Арды ойлаған сол аналарымыз ғой, шермен көкірекпен жалғызілікті жүріп-ақ, айғайламай-ақ үн-түнсіз отағасыларының жаққан отын сөндірмей, ұрпақтарын өсіріп аман алып қалғаны. Соғыстан аман-есен келгені келді, келмегендерін байғұс әйелдер көздері жұмылғанша күтіп, үміттерін үзбей, ақыры сол армандарымен жер жастанды. Ол жылдары қазақтың дені қалада емес, ауылдық жерлерде тұрды. Міне, сол қазақтың көмбіс, қарапайым, момын әйелдері, аналары ел басына күн туған шақта қиындыққа төзгендіктен ғана бүгінде жалғасып жатқан ұрпақты сақтап қалды. Қазақ деген халықты сақтап қалды…
…Ойды ой түртеді демекші, Алмагүл сол күні осы әңгіменің жетегінде жүріп, екіұдай күй кешті. Болмаса соңғы кездері өткенді өкіну үшін емес, сабақ алып, шүкіршілік ету үшін еске алу керектігін түсінгеннен кейін бе, бойы сәл де болса жеңілдеп қалғандай әсерде жүрген. Ойлап қараса, Айзада келіннің бұл шешімі, әрекеті де дұрыс шығар. Қазір заман басқа. Уақыт өзгерді. Қажет жерінде қаталдық танытып, жігеріңді жанымасаң, қатыгез қоғам таптап өте шығатын заман емес пе? Байғұс бала жетісіп отыр дейсің бе, қу жанын шүберекке түйгендей өлілердің үстінен жүріп қаншама мәйітті аралап, құдай қосқан қосағының денесін тапқанша, жүрегі мұз боп қатып қалды ма екен.
Бұл болса, қасірет пен қайғы, мұң мен шер, қатігездік пен қаталдықтың бәріне қарсы дәру – әйелдің жүрегіндегі жылу деп ойлапты. Әйел бойындағы мейірім шуағының жеңбейтін қиындығы мен зұлымдығы жоқ, ол қара тасты да ерітеді депті…
Әлде, жап-жас мөлдіреп отырған қаралы сұлудың басына түскен қасіретті көріп, қанша жаны ашыса да, оның «Мен мыңқиып отыратындардың қатарынан емеспін. Әлі ізденемін…» деп ашынғаннан есін тез жиып, қаза үстінде-ақ мақсатын қойып алғаны Айзада келінге ғана тән мінез бе екен. Әлде, даланың жесір әйелі мен қаланың жесір әйелінің айырмасы болғаны ма… Алмагүл түні бойы осы ойдың жетегінде шырмалып жатып, бір шешімге келе алмай, көзі ілініп кетті…

Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ

ПІКІРЛЕР1
Қонақ 17.02.2024 | 19:45

Өте қиын жағдай, өзімде 25 жасымда сүйгенімнен айрылып, 2 баламмен калдым, болашагым Аллахка аманат

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір