АРШАКИЕ (әңгіме)
02.12.2022
3511
0

Кеше ғана келместің кемесіне аттанған Мархабат Байғұт – қазақ әдебиетінің қоржынын қоңыр әңгімеге толтырған майталман жазушы еді. Қаламдастарына және қалың оқырман қауымға көңіл айта отырып, жазушының жылы туындыларының бірін ұсынамыз.

Шен-шекпеніңізді шешесінен әкім боп туған деп, кекеткісі келетіндер бар. Сөйтерліктей себептер де аз емес. Әкімдік жүйеңіз жиырмасыншы ғасырыңыздың тоқсан екінші жылында екпіндей енді ғой. Мінекейіңіз, содан бермен қарата Ақтүбек ауданында үш адам ғана кезек-кезек тағайындалады. Қайта-қайта қойылады. Әкімдікке.
Әсіресе Шеншекпеніңіз хақындағы әңгімелер көбірек. Әуелгіде екі жылға жетер-жетпес істеген. Содан соң алы­сырақтағы ауданға ауыстырылған. Үш күз өткенде кері оралған. Ақтүбегіңіздің төрт қысын артқа тастап, көктем шыға бизнесіне кеткен. Аралықтарда анау екеуі бір-бір мәртеден бе, әлде екі-екі реттен бе, атқарысты-ау. Ауданның әкім­дігін. Үшеудің қайсысы қанша жыл басшы болғанын, оралып қайта, айналып тағы Ақтүбегіңізге жетекшілік жасағанын дөп басып, түгендеп бере салатындар жоқ. Жұртыңыз жадынан жаңылыңқырады.
Кейінгі кездеріңізде тағы да Шеншек­пен ұршықша үйіріп отырыпты. Ақтү­бегіңізді. Шеншекпен атанғалы қашан.
Ойланады. Оқтын-оқтын. Күрсінеді. Кей-кейде.
Өзі жөнінде өсек-аяңның өршіп-өршіп барып басылатынын біледі. Білгенде қандай. Жалпы, қазекең қызық қой. Әкім-қараларыңызды, бар-барша басшыларды сырттарынан сан-саққа жүгіртеді. Бықсыққа батырып, ғайбатқа тұншықтырып тастайды. Шенеуніктер деп, ерін шүршитіп, мұрын шүйіреді. Шекелері шибарқыттанып, құлақтары қайшыланады.
Ал енді сондай-сондайларыңыз ке­нет әкімдерді көрсе, осы Шеншекпендей басшыларды байқаса, деп-демде бас­қашаланып шыға келеді. Көпшілігі ләп­пай-лыпыл күйге түлкідейін аунап түсер. Қол алып қалмаққа қапылар. Жыл­маң жылпыл жиілер. Сүрініп-қабынар.
Байқайды. Бақылайды. Бұл-дағы. Әншейінде әкімдеріңізді ғана емес, ірілі-майдалы шенеунік атаулыны, билік бунақтарында жүргендердің бәрін жек көретіндей кергіп, мінеп сөйлегендерімен, бәрібір, басым бөлігі бала-шағаларының, немере-шөберелерінің шенеунік болғанын шеккі санамайды. Армандайды-ау қайта. Баталары мен тілектеріне әкім болмақты һәм қосып жіберетіндер жетіп артылар.
Осылайша ойланып жатып, кірпік іліндіре алмады. Ұйқысы қашып жөнелген. Теледидарды қосқан. Таныс саясаткеріңіз сайрап тұрыпты. Сай­­ла­­­у­ы­­ңыз бар. Тағайындауыңыз бар. Сайлау дейтін дүниеңіздің өркениетті жақтары жеткілікті. Алайда, алашыңыздың тағдыры тұрғысынан талдағанда, қызық та қиын халық санатындағы қазекең қамынан қарастырғанда, қандай сайлауыңыз болса-дағы, жағымсыз жақтары, зиянды зардаптары басымырақ. Ағай-е-е-ен. Кеселдерді қоздырар.
Жүй­келерді тоздырар. Тайпашылдық-тай-палмашылдық тайраңдар. Рушылдық-бұрушылдық сайрандар. Жүйріктерді жығылтып, саңлақтарды сүрінтіп, жабыларды оздырар. Кезеңдері кездесер. Сонда-дағы, сайлаудан асқан айланы, сайлаудан әділ әдісті, сайлаудан гөрі жетілген, «жеті өлшеп, бір кесілген» тәсілді таба алмай отыр адамзат. Адами заттың баласы, нешеме ойшыл данасы сайлауға ғана жүгінер. Әзірше солай, ағай-е-ен… Деп барып, әзер кідірген. Көсем де шешен тұлғаңыз. Қазекең үшін қазірше әкімдерді сайлағаныңыз емес, тағайындағаныңыз жарасар. Біз жүргізген әлеуметтік зерттеулердің бар­лығы тек тағайындау жағында. Тек тағайын­дау! Деп, үстемелей түйіндеп, сөзін тауыс-тәмам еткен. Сұңғыла саясаткеріңіз.
Аунап түсті. Аудан әкімі. Шеншекпеніңіз. Әйелінен төсек ажыратқалы бірер жыл боп қалды-ау. Үһіледі. Аһылады. Ақтүбекті айналшықтап жүре бермек пе? Уа-а-а-ау…
Әрекет керек.
Өздері де білер. Сезер. Дейтін. Бұл. Өзді­гінен өңмеңдемейтіні рас. Шатасып, шалыс басқаннан жаман не бар. Сақтанады. Әкім ұғымының өзі, шынтуайтында, билеп-төстеуші дегенді білдіреді. Ақтүбекті үшінші мәрте билеп отырыпты. Төстеп келе жатыпты. Әл­дебіреулердей әкімдік қызметті сыңар­жақ сезінбекке жол бермеді. Аудан-аймақ жұртының айрықшалығына, ақсақал-қарасақалдарының ауанына, жастарының сыңайына дейін сезгірлік пен құлақ қоймақтан қайтпас. Әккілікті әбден-ақ сүйексіңді еткен. Көршілес әкімдердің бір-екеуі мансаптарының буына мастанды. Қара бұқараны менсінбеді. Қоғамдық пікір дейтұғын құбылыстың қауіпті жақтарын елемеді. Сауналық сипаттардағы сауыққұмарлыққа көрбілтеленіп көмілді.
Күйреп тынды.
Бұл елікпеді. Ермеді. Желіккенін жасырын жүзеледі. Айналасын абайлады. Командалық әдісіңіздің өзін әк­кілік­пен әдіптей білді. Жымдарынан дым сездірмеді. Алыстан айнала орағы­тып барып, алдындағыны болжап барып әрекеттенер әдет-әдісінен танбады. Алдына келгендердің арқасынан қақты. Жылы сөзбен жұбатып бақты. Алдап-сулап, ара-арасында сұрағандарының біразын бермектің де жолдарын тапты. Кейде өзіне-өзі қайран қалып, екі иығына кезек-кезек тіпә-тіпәлар еді. Әрине, әкімдігін әрлейтін, демейтін де жебейтін өзгеше өрістеп кеткен өзінің өнікті бизнесі ғой.
Уау-у-у. Уау-у-у-у. Деді. Шеншекпені­ңіз. Ыңырсуы ма, әлде есінеуі ме, ажы­рата алмады.
Әкімдік жүйелеріңіздің жық­пыл-жықпылдарында жымысқылар ғана жол­барыстарша жортар. Талай-талай буын­дар мен бунақтарыңыз да өздеріне өлердей берілгендер мен астау-арандардың асау тасқынды ағындарына науадайын құйып тұрар құлқындыларыңызды ғана ескеріп-елейтін, өрмеле­тіп-өсіретін дертіңіздің дендегені рас. Құйыл-төгіліңіздің қат-қабат қатпарла­рын шебер меңгергелі қаш-ша-а-ан. Бә­рін біледі. Терең түсінеді. Ал енді …
Төсе­гінен ыршып тұрды. Терезеге таяп барып, тау сұлбаларына тесіле үңілді. Ақтүбек қарауыта көлбеп көрінді. Арғы жағындағы ай жарығы жарытымсыздау сияқты.
Қаш-ша-а-ан… Қаш-шан-ғы-ы-ы… Деп тістерін шықырлатты.
Ең-ең сенімді, ең-ең ерекше Майтал­ман-Май­дангерінің, бас қолдаушысының көз­қарасы өзгермес. Өле-өлгенше өзгере қоймас. Оған сенеді. Бірақ басқалар да бар ғой. Майталман-Майдангерінің, бас қолдаушысының басқаланбасын біледі. Бұл. Ал оның айналасында­ғы­лар ше? Төңірегіндегілер ше? Жо­ға­рылы-төменді жылмаң-жалмаңдар ше? Олар Ақтүбекті айналшықтап, ширек ғасырға жуық уақыттан бері жер­гілікті жерде жүрген Шеншекпеніңіз­ді ғана ойлайды, күні-түні күйттейді деп кім айтты? Кім айтты саған?
Те­резе­нің оң жақтауын айқара ашты. Деп-демде демі тарыла тұншыққан еді. Ақтү­бектің асуы тұстан салқын самал саулады.
Ендігі екі-үш көктемнен кейін кешігер. Шау тартары тағы бар. Майталман-Майдангері мен оның командасы бүкіл байтағыңыз бойынша болмаса-дағы, жартысына жуығында жүйелі жұмыс жасап-ақ жатыпты. Тамырлары тереңдерге таралған. Тарамданған. Жуық жылдарыңызда жүдеңкі тартпас.
Тарамыстана түсер.
Ақтүбектің биігіндегі бір жұлдыз жы­мыңдағандай. Арғы беттегі көрінбейтін айыңызбен тілдескендей. Сезілді. Кенеркөк кенет сәулеленіп кеткендей.
Иә-иә. Уа-уау-у-у… Шеншекпеніңіз, яки Астанаңыздан алысырақтағы біршама аудандарыңыз бен бірқатар қалаларыңыздың, бірер уәлаятыңыздың басынан табандары тай­мас тұрақ­тыларыңыз – Майдангер-Майталманның және оның жүргізер жүйе-жүлгелерінің жауынгерлері. Қор­жын-қосқалаңдарын нығайтар қаржы-қаражат қалталары. Ақтүбек секілді шет-шелшеңдеу аймақтардың тілімен бәдіздесеңіз, наубайхана-нанханалары.
Тоңазытқыштың есігін шөліркей тартты. Мұздай сусынды ұзақ сімірді. Ішіндегі лапыл шашқан ыссы леп басылмады бәрібір. Күйдіре, күйіндіре түсті. Төсегіне қайта көмілген. Сәуірдің басында сай-салалардан сызашақтанар сансыз жылғалардан жылап аққандай сан-сапалақ ойлар құйылады-ай кеп-кеп. Бурылдана бастаған бас шіркінге. Уа-уау-у-у…
Басқалардың да жүлге-жүйелері, тарам-тарам тырмысар тегершіктері, өзгелердің де Майдангерлері мен Майталмандары, қолдаушылары бар. Өсіргіштері мен өшіргіштері жетеді. Жылмаң-жалмаңдары қаншама?! Десеңізші. Бәрі өжеңдер. Өршеленер. Өзара да, өзгелермен де қырқысар. Қырылысып та қалар. Құбылыстар – қатпарлы. Қиындықтар қат-қабат. Ешкімді ешкім аямас. Өрелеріңіз өзгерген. Өсетіндердің өшіп, өшіккендердің өсіп кететіні осындай-осындайлардан. Сондай-сондайлардан. Қаржылық қалталардың қабынуы һәм қатерлі. Тайқымаңдай тақырдан, тақыл-тұқыл қоғамнан шыққандар үшін. Белгілі бәрі. Өзі ше? Өстіп жүре бере ме? Өсе ме? Өше ме, әлде? Уа-уау-у-у-у…
Қайтадан тұрып отырды. Төсегінің жиегіне. Майталман-Майдангерінің қоржынын, ең-ең етенелерінің қосқалаңдарын қалыңдатпақтан қайтқан жері жоқ қой. Жо-о-оқ! Қаш-шан-ғы-ы-ы… Жо-жоқ! Қайтпас та, қашпас та. Қалған кадрлар қарап жатпас. Қарап жатыпты деп кім айтты саған? Кім айтты? Әрекет керек-дүр!
Таңғы сағат төртте шұғыл шешімге келді. Ет пісірімде Ақтүбек асуының жасыл жібек желіне көкірегін тосып тұрды. Түске дейін Аршалы шатының түгін қоймастан тіміскілей тінткіледі.
Арада апта сусыған. Сәуіріңіз жы­лып-жылжып жылдам жеткен. Кеңестік кезең күйрей бастаған бартерлік барымта жылдарында темір көлігінің жүргізушісі болған, бүгінде бурыл шашты бураға айналып, Көкшулан атанған сенімді серігін ертіп, таудың ішін тағы пысықтады. Түбегейлі тапсырмалар түзіліп, шешімдер бекемделді.
Шеншекпеніңіздің әрбір ымын қағып алып, қалт жібермейтін, әр шарасын түптеп тәртіптейтін кәнігіңіз Көкшулан аймақта жоқ арнайы бүркеншік мәшинемен жеті адамды жеткізді. Асудың аузындағы Тышқанды беткейі бауырынан, бұлақ бойынан шағын шатыр тігілді. Жертөле қазылды. Алты адам – алыс шетелдіктер. Жапон ба, қытай ма, тай ма, түсініксіздеу екен. Жетіншісі де жұмбақтау. Таяу шетелден-ау. Көккөз сары. Үш-төрт тілде сөйлейді. Жетекші. Тілмаштығын қоспағанда.
Әуелгі тапсырма асу алдындағы қалқоздан қалған қораның қонақтар өтер жағын жөндеп, реттеу-тұғын. Ежелден келе жатқан ескі мекенде әрі тау қара­уыл міндетін атқаратын, әрі уәлаят ор­талығындағы пысықайлау бір бел­гілі шенеунігіңіздің жылқысын бағатын шаруа отбасы отырар еді.
Көк­шуланыңыз барлап қараса, асуға ұласар қыраттың бергі беткейі түп-түгел таутышқанның індері екен. Аты Тышқанды ғой. Жыпырлаған топырақ үймелері қымбатты қонақтардың көңіл күйлеріне кірбің түсірер. Тып-типыл етіп, бүкіл беткейіңізді көркейтіп, көгалдандырмақ керек. Мәшине-мәшине шымыңыз төменгі тоғайдан тасыла бастаған. Көкшуланыңыз тышқанның індеріне жанармай құйғызды. Таутышқандардың талайы атып-атып шығысқан. От қойғызды. Көк тебіндеп үлгермеген. Жер жарықтық бусанулы. Өрт қаупі жоқ еді. Кенет қалқозыңыздан қалған қора-қопсының қасындағы биік пішен маясы Орман-тау қарауылы қырқаның арғы тасасында жылқы жайып жүріпті. Жапон ба, қытай ма, тай ма, түсініксіздеу тұрпаттағы шеберлеріңіз шетелдіктер бола тұра сасқалақ қаққан. Көкшулан бураңыз аузынан ақ көбік шашқан. Сөйтсе, өзі кінәлі екен. Беткейіңіздегі тышқан індерінің бірқаншасы пішен маясына барып жалғасатын көрінеді. Жанармайға малшынып, одан соң отқа оранған сормаңдайлар алты ай бойы малға азық болған, тағы бір қысқа жарарлықтай, жоталана жиналған шөп астынан шығысқан дә-ә-ә. Тек мая ғана емес, қора-қопсы түгел өртеніп, төңірек тұтас тазарған.
– Ісіміз сәтсіздеу басталды-ау. Қалай қыламыз? –деген Көкшулан көк желкесін тырналай қасып. Қиналып.
– Басы қаттының аяғы тәтті. Алған беттен қайтпаймыз, – деді Шеншекпеніңіз. – Есептесеміз. Егелерімен. Жаңадан жер берсек, бөріктерін аспанға атады әлі.
Есептесті. Егелерімен. Ту-у биіктегі буын-бунақ басынан, биліктен Ақтүбектің асуын тазартпақ мәселесі қойылған. Делінді. Уәлаят орталығындағы пысықай шенеунігіңіз жаңа жерден жылқы қорасын жаңашалап салмаққа құмбыл кіріскен.
Сәуіріңізде Ақтүбек асуының арғы жақ, бергі жағы көркемделе көріктеніп, Аршалының шатындағы күллі жұмыс тап-тұйнақтай тәмамдалуы тиіс-тұғын. Мамырыңыздың ортасы ауа Майталман-Майдангеріңіз қысқа мерзімді демалысқа келмек. Бәрі алдын ала келісілген. Жасырындау жағдай-да. Өзі жеке жолыққан. Шеншекпеніңіз. Сол-ла-ай. Ешқашан, ешқайдан кездестірмеген кереметін көрсетпек керек-дүр. Еш жерден, еш елден алмаған ләззаты мен рәһатын сезіндіруі ләзім-дүр. Бас қолдаушысына.
Жоспар белгілі. Жоба аян. Жұмыс қайнаған. Әрекет қызған. Арша ағашының мың шақты түбі қырқылып, боршаланды. Алты қанат ақ үйлердің ара-аралары да, іштері де, күн сәулесінен ванналар қабылдауға арналған құрылғылар да, марал мүйізінің шырынынан шипаланар дүниелер де, ас-ауқат ішетін, тынығып отыратын және жатып ұйықтайтын, тағысын-тағы тақталар да тек аршадан жасалды. Қысқа мерзімді демалысында, яки Ақтүбек тауының Аршалы шатындағы Ұларұя мүйісінде Майталман-Майдангер сынды саңлағыңыздың табаны жерге тиместен, тек арша ағашы төселген соқпақтармен жүрмегі жөн.
Қайран-ай.
Аршаларыңызды боршалағаннан кейін шетелдік шеберлеріңіздің әрқайсысы өз құдайларына жалбарынып, кешірім сұрайтынын, аман тұрған жас өскіндерге бас ұрып жылайтынын кәнігіңіз Көкшулан да көрмейтін. Білмеген. Аршадайын ағашыңыздың мың шақтысын бірден қырқып, қырып тастай салатын қазекеңіздің қандай халық екендігіне шетелдіктердің түк түсінбей дал болатынын сезбейтін. Ешкім. Жапоныңыз жасын жұтатын. Қытайларыңыздың қолдары қалтырайтын. Тайыңыз тәлтірек қағатын. Көккөз сары жетекшіге бәрі-дағы нәніпәтір.
Тапсырмалар толық тындырылған. Жоспар-жоба жоғары сапада жүзеленген. Шеншекпен әкіміңіз үш-төрт нөкерімен бірге соңғы тексерістерін тәптіштеген. Алдағы міндеттер мәністелген. Тізбелер түзілген. Қымбат қонақ пен қасындағыларға қызмет көрсететіндерге сабақ жүргізілген. Сынақ өткізілген.
Шетелдік шеберлер жиналып-терініп, кешқұрым қайтпақ болған. Шеншекпеніңіздің Лондонда оқитын студент ұлы Көкшуланның қасында қалған.
Аймақта жоқ арнайы бүркеншік мәшине тау-тасыңыздың арасымен де, шоқылардың қия беткейімен де жосып жүре берер. Аршалы шатынан шығарда студент ұл темір көліктің тізгінін сұраған. Асудан асқанша ала алмаған. Бірнеше мәртелеп тотайлана торсаңдаған. Шетелде оқитын студент. Лажсыз орнына отырғызған. Көкшулан көкеңіз.
Тышқанды беткейдің шым төселген қиясымен тікелей тартқан-тұғын. Әкімнің еркесі. Кенет. Көздер жыпылық қақты. Жарқ-жұрқ жиіледі. Тышқанды қырқа төңкеріліп бара жатты. Қайта-қайта қайталанды-ау. Бүркеншігі бөлекше, бүкіл бітімі ерекше бола тұра аунады кетті, аунады кетті. Мәшинеңіз.
Сәл-пәл майырыла майысқан күйде төрт доңғалағынан тік тұрды. Біржарым айдай бұрын биік мая мен қора-қопсы өртенген ойпаңның үсті еді бұл.
Қас қарайған. Көкшуланыңыз есін жиды. Бірінші болып. Байқап көрді. Тексеруге кірісті. Әкімнің тотай-тәттісі дін аман. Аздап шошыңқыраған сияқты. Өзінің аяқ-қолы, омыртқа-қабырғалары ауырмайтынына, бурыл басының сап-сау екендігіне шүкірленіп, шырт қараңғыда сыртқа шықты. Мәшинені сипалап, онша бүлінбегенін байқады. Бүркеншіктің ішіне үңілді. Түк көрінбеді. Қалтасындағы ұялы телефонын абайлай алып, жарығын жақты.
Жүрегі су ете түсті. Бәрі қимылсыз. Алыс шетелдік десетін алты ұста да жансыз секілді. Жетіншісін, жетекшілерін қалқалай қоршап, қорғаштап жатқандай сезілді. Түртіп көрмекке қорықты. Қол тигізбектен қаймықты. Қалтыраған күйі кабинаға қайтты. Мәшине жүрмекке жарай ма? Жарамаса, ұялы телефонға жүгінер. Шеншекпеніңізге, әкіміңізге не бетін айтар?! Қалай сөйлесер?!
Бүркеншік көліктің бөлекшелігі шын екен. Гүр ете қалды. Жүріп кетті. Студент бала ықылықтап отырды. Көзің аққыр. Деді. Көкшуланыңыз. Ішінен.
– Бәрі сеспей қатыпты, білдің бе-е-е?! – деді қырылдай айқайлап. – Қырылып қапты. Қаяқтан ғана құтыра қойып ең… Пәдеріңе нәлеті!
Әкесін, әкіміңізді балағаттай алмайды. Баласы ғой кінәлі. Өзі ғой мәшинені берген. Сенген. Шеншекпеніңіз әлі керек қой. Бұрынғыдан бетер. Сотталып кетсе де…
Мәшине мүлтіксіз жүріп келеді.
– Тоғыз баламды сен күшік бағасың енді. Баққызасың! – деді Көкшулан. – Мені соттайды. Атуы да мүмкін. Қап, атаңа ғана нәлеті ит-ай! Неге ғана буынымды босатып… Былжырап… Елжіреп… орныма отырғыза қойдым екен?! Сені…
Әкімнің ұлы солқ-солқ етеді.
– Үшеуін әзер-әзер үйлендіріп ем. Бар күш-жігерімді Шеншекпенге жұмсаумен жүрмін ғой, ойбай! Анамнан туғандағы атым ұмытылып, Көкшулан атанып ем… Құладым… Қирадым… Қызым тұрмысқа шықпақшы еді-ау. Төсек-орнын, жасау-жабдығын дайындап қойып ек. Қап! Ойбай-ай! Ойбай-ай! Ойбай-ай!
Шеткі ауылдың жарығы көрінді.
– Ел-жұртқа масқара болдық-ау! Түрмеде шіримін-ау. Әй, әкеңе неге телефон соқпай отырсың? Соқсаңшы, көксоққан! Құрыдық де. Құдай, төбеден ұрды де. Қос қолдап тұрып. Бол тез! Ойбай-ай! Халықаралық шатақ шығатын болды-ау, ойбай-ай. Шетелдіктердің жетеуін бірдей жайратып тастадық-ау, ойбай-ай. Айтсаңшы тез! Ақтүбек асуы мен шеткі ауылдың ортасында күтіп тұрмыз десеңші! Қырылып жатыр де…
Әкіміңіздің баласы жерге түскен. Сөйлескен. Әкесімен.
Жедел жәрдемдер жеткен.
Сөйтсе-е-е. Түк те болмапты. Алыс шетелдікпіз десетін алтауыңыз әлдебір әдіс арқылы демдерін іштеріне тартып, түсініксіз тәсілмен тәндерін түрленте жиырылып, темір көлігіңіз аунаған сайын аунақшып түсіп, өздерін де, жетекші тілмашын да қорғап қалған. Бәрі бүп-бүтін. Сап-сау. Әлгіндейін әдіс-тәсілдерді бастан кешкеннен кейін жарты сағат шамасында қимылсыз жатады екен дә-ә-ә.
Көкшуланыңыз ешкімнен ұялмай-ақ, тартынбай-ақ қуаныштан еңіреген. Тау мен даланы жаңғыртып.
Мамыр айының айқындалған аптасында Шеншекпендеріңіздің Майталман-Майдангері, бас қолдаушысы Ақтүбек тауының Аршалы шатында шат-шадымандана демалды. Табаны жерге тимеді. Тек аршаның үстімен жүрді. Арша үстінде отырды. Арша үстінде тынықты. Арша үстінде ұйықтады. Аршадан жасалған құрылғылар мен жасау-жабдықтар арқылы емделіп, демделді.
Қайтар сәтінде:
– Рақмет! Ризамын! Ризамын!–деді Майталман-Майдангеріңіз мап-майда күлімсіреп.–Мұндай мәністерді ешқашан, ешқайдан көрген емен. Еш жерден, еш елден сезінбегем. Өзің, бауырым, құйыл-төгіл ғана емес, ағыл-тегіл де азамат екенсің. Көзім жете түсті. Бұрынғыдан бетер. Ризамын!
Ризамын деген емес-ті. Айтты оны да. Шеншекпеніңіздің іші ысып жөнелді. Көкөзек көктем басындағыдай, төсегінде ұйқысыз аунақшығанындай күйдіргі ыстық емес. Аса жайлы, жылы-жұмсақ, майда-мақпал ыссылық-тұғын. Уа-уау-у-у…
– Өзіңізге ұнаса. Аздап энергия алсаңыз. Табиғат-анаңыздан. Біз үшін басты қуаныш – сол, – деді. Бұл.
Қимай-қимай қоштасты. Екі жақ. Бір жүлге-жүйенің бір бунағындағылар.
Аршалы шатының Ұларұя иініндегі инеліктей діріл қаққан қоңыр-қошқыл тікұшаққа сергектене секіріп мінген Майталман-Майдангеріңіз ықыластана қол бұлғады. Тікұшағыңыз тепсеңнен серпіле көтерілді. Биіктеңкіреп барып, теріскейге кілт бұрылды.
Мамырдың соңына таман мыңшақты арша діңдерінің аяусыз араланған, балта шабылған тұқылдарынан қайғы-қасірет жасындай тынымсыз сорғалаған тамшылар тиылған. Көп ұзамай-ақ текті тамырлар құрғап, қурап тынар.
Алайда. Олардың обалдары топырағыңыздың астында ма, жеріңіздің үстінде ме, әйтеуір әрекет жасайды ғой. О дүниеге озар, бәлкім. Адамдарыңызбен араласып. Дегендейін үш-төрт ұлар мұңайысып отыратын еді.
Зерттеушілеріңіз бұл өңірде аршаңыздың азайып, ұларыңыздың жойылып бара жатқанын жазып жүретін.

* * *
Екі айыңыз өтер-өтпесте Майталман-Майдангердің негізгі, сенімді көмекшісі хабарласты. Алғаш аздап-аздап ақпарат алмасқан сыңайланды. Салқын ғана. Оның селқостығы мұның ішін солықтатты. Самайын солқылдатты.
– Шұғыл түрде жетуіңіз керек, – деді сәл-пәлден соң.
– Таңертеңгі ұшақтан қалмаңыз.
Жүрегі онша алып-ұшпады. Атқақтамады. Сонда-дағы үміттенген. Шеншекпеніңіз. Қай уәлаят екен?! Әлде-әлде… Өзіміздің үлкенірек шаһар ма? Сол да жетер әзірше. Мынаусы менің шынымен өсетінімді көре алмай, көтере алмай сүлесоқтанады-ау, сірә. Ойын осылай түйіңкіреген. Ақтүбегіңіздің әкімі.
– Қолдаушымыз… Құлап қалды… Кеше кешкісін, – деді көмекші. – Жағдайы қиындау. Сіздің атыңызды айта береді. Сосын… «Арша-арша» дегенді жиі қайталайды. Есі кіресілі-шығасылы. Өзіміз дегендер ғана біледі. Өзіңіз келген соң ақылдасармыз қалғанын. Көріскенше…
Көз жиектері ашып-қышып қоя берген. Қиналыңқырап басын бұрған. Терезеге қарай. Жаздың ап-ашық күнінде бұлдырай алыстап, буылтықтана буалдыр тартып, анық көрінбеді.
Ақтүбегіңіз.

 

 

Мархабат БАЙҒҰТ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір